“Филологические науки”/9. Этно-, социо- и психолингвистика

К.ф.н. Жампейсова Ж.М.

Таразский государственный педагогический институт, Казахстан

«Ақ» - «қара» концептілерінің ұлттық танымдағы оппозициялық ерекшеліктері

Адамзат әлемді, әлемдегі құбылыстарды тану барысында әлемді әртүрлі бөліктерге бөлген. Әлем үлгілері белгілі бір дәстүрдегі әлем туралы танымның қысқартылған бейнесі ретінде анықталады. «Әлем» ұғымы – адам мен орта, олардың бір-бірімен әсері немесе орта мен адам туралы ақпаратты өңдеудің нәтижесі. Өңдеу екі кезеңнен өтеді. Сезім мүшелері арқылы қабылданған алғашқы мәліметтер таңба жүйелері арқылы екіншілік белгіленеді (кодталады). Нәтижесінде әлем моделі әр түрлі семиотикалық мәнге ие болып, бағыты анықталған бір бүтін әмбебап жүйені құрайды. Архетиптік әлем үлгісі мазмұндық тұрғыдан шектік құрылымға құрылған, сондықтан әлем уақыттық-кеңістіктік, себептік, этикалық, сандық-мазмұндық, кейіпкерлік өлшемдерді көріністейді. Бұл күрделі әрі үлкен кешенді тану үшін суреттеудің қарапайым әдісі жасалған. Ол – жұптық (бинарлы) оппозициялар жүйесі. Бұл жүйенің құрамына бір-біріне қарама-қарсы мәндегі 10 – 20 жұп енеді. Оппозицияның сыңарлары бір бүтіндік құрады. Олардың арасындағы қатынас одан да жалпы оппозициялар көмегімен анықталады. Екі жұптан тұратын бұл жүйенің негізінде әмбебап таңбалық кешендер құрылады. Әлем үлгісінің әмбебап таңбалық кешендері әр түрлі кодтық жүйеде жүзеге асады. Сондай үлгілерді «ақ»«қара» концептілерінің оппозициясынан молынан кездестіруге болады.

«Ақ»«қара» бинарлық оппозициясының қазақ халқының дүниетанымдық жүйесінде алатын орнына, олардың ерекшеліктеріне байланысты мәдени концептілер ретінде қарастыруға болады. Себебі, «ақ» пен «қара» концептілерінде көп жылғы халық тәжірибесімен бекітілген білім құрылымы көріністенген әрі осы тілдік бірліктер арқылы берілетін символдар жүйесі халқымыздың дәстүрлі дүниетанымының негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылады. А.И. Белов түр-түс атауларын эмоционалды көңіл-күймен және жағдаяттармен байланысты белгілі бір мәдениет тұрғысынан бекіген өзіндік дүниетанымдық концептілер ретінде қарастыруға болатындығын айтады [1, 55 б.]. «Ақ» пен «қара» тілдік бірліктерінің мұндай қасиеттерге ие болуы олардың көне заманда адамзат дүниетанымында басты да, алғашқы символдардың бірі болғандығына және олардың тереңде жатқан мәдени коннотациясына негізделеді. Тіл негізінде адам тәжірибесі жатыр, осы тәжірибе жалпыланып, дерексіз аймаққа шыққанда, өзінің бақыланбайтын тікелей дүниетанымын құрады. «Ақ» пен «қара» концептілері әлемдегі кез келген қарама-қарсылықтың иерархиясы іспеттес. Біз «ақ» пен «қара» концептілері арқылы әлемдегі жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық сияқты дүниенің негізін құрайтын ұғымдарға бағдар жасаймыз.

«Адам» концептісі – кез келген мәдениеттегі өзекті концепт. Қазақ тілінің когнитивтік кеңістігінде «адам» концептісі сөз тіркестері, фразеологизмдер, антропонимдер, топонимдер сияқты әр түрлі тілдік бірліктер арқылы беріледі. Солардың ішінде «адам» концептін көріністеуде «ақ»«қара» тілдік бірліктерінің алатын орны зор. «Ақ»«қара» тілдік бірліктері арқылы берілетін «адам» макроконцепті адамның жеке басына, сыртқы келбетіне қатысты  оппозициялық микроконцептілерді құрайды.

Тілімізде адам жасына қатысты «жастық» – «кәрілік» концептілері «ақ» – «қара» тілдік бірліктері арқылы көріністенеді. «Ақ» лексикалық бірлігі кәрілік концептін бейнелейді. Э.В. Севортян «аға» мен «әке» туыстық атауларының негізі ақ – оқ (қартаю) етістігінен өрбіген деген пікір айтады. Егер «ақ» түбірінің көне түркі тілінде «қартаю, жан ұлғаю» синкреттік мағынасы болса, онда тілек мағынасындағы «қосағыңмен қоса ағар» тіркесі құрамындағы «ағар» сөзі де жоғарыдағы «ақ» түбірімен төркіндес болуы мүмкін [2, 57 б.]. Мысалы, Ал Еріктің жары Айнаға Қап тауын асып кетсе де бәрібір, күйеуі қайда – бұл сонда, қосағымен қоса ағарудан өзге арман да, мақсат та жоқ (О. Бөкей). «Ақ» – «қара» тілдік бірліктері «сақал» сөзімен тіркесу арқылы «жастық» – «кәрілік» оппозициялық концептілерін құрады. Мысалы, Ауылдың ақ сақал-қара сақалдары түгел жиналыпты (Қазақ әдебиеті). Мысалдағы ақ сақал – қара сақал тілдік бірліктері ауылдың жастары да, кәрілері де жиналыпты деген мағынаны білдіреді. Кәріліктің «ақ» тілдік бірлігі арқылы объективтенуі қартайғанда шаштың, сақалдың ағаруына байланысты. Мысалы, ақ шаш, шашына ақ түсу, самайы ағару. Ал қара шаш тілдік бірлігі жастықты, қайраттылықты сипаттайды. Сонымен қатар адамның балалық шағы қара борбай, қара сирақ тілдік бірліктері арқылы көріністенеді. Мысалы, Біреулер құм елеп, біреулер тас уатып, күйген қыш жонып, су тасып, кесек күйдіруге от жағып, оның үстіне қара май құйып, қойщы әйтеуір, кішкентай қара борбай балаларға дейін тоғай ішінен шөпшек теріп кетті (С. Адамбеков).

«Ақ» тілдік бірлігінің «кәрілік» концептін беруі әмбебаптылық сипатқа ие. Д. Заан Африкада қартайған адамдар денесін аққа бояйтынын айтады. Бұл енді олар өмір қиындықтарына, өлім қиналысына көңіл аудармаулары тиіс  екендігін символдайды. «Ақ» арқылы жаңа туылған сәби де бейнеленеді. Халқымыз жаңа туылған сәбиді періште деп, ақ бөпе, ақ сәби, ол жататын бесікті ақ бесік деп ардақтайды. Адамның дүниеге келу шағы мен дүниеден өтетін «кәрілік» шағының «ақ» арқылы объективтенуі туралы Д. Заан мынандай пікір айтады: «Таким образом, люди завершают цикл своего существования, проходя через три цветовые стадии. Белыми они приходят на эту землю, белыми они и возвращаются на небо – туда, откуда пришли» [3, с. 75]. Пікірден «кәрілік» физиологиялық концептінің «ақ» арқылы көріністенуі әмбебаптылық сипатқа ие екендігін көруге болады.

Тіліміздегі «ақсақал» тілдік бірлігі, бір жағынан, «кәрілік» концептін сипаттаса, екінші жағынан, «қадірлілік», «ақылдылық», «құрметтеу» концептілерін білдіреді. «Ақсақал» тілдік бірлігінің «қадірлілік», «ақылдылық», «құрметтілік» концептілеріне ие болуы түркі халықтарына ғана тән идиоэтникалық ерекшелік. «Ақсақал» тілдік бірлігінің бұл концептілерді иеленуі халық тарихымен, салт-дәстүрімен тығыз байланысты. Ертеде ауылды, елді ақсақалдар басқаратын болған. «Ақсақал» тілдік бірлігінің  «қадірлілік», «ақылдылық», «құрметтілік» концептіне ие болуы осындай тарихи жағдайға байланысты болса керек.

Адам өмірінің маңызды қырларының бірі саналатын ізгілік – зұлымдық концептілері, олардың арақатынасы мәселесі қазақ халқының дүниетанымында кеңінен орын алған. Мұсылман өркениетіне дейінгі уақытта бұл мәселеге қатысты көптеген қанатты сөздер мен құнды ой-пікірлер айтылған. Бұған өмірімізге таптырмас серік болар мақал-мәтелдеріміз дәлел.

Ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілері адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, яғни қоғамдық қарым-қатынас негізінде қалыптасатын құндылықтар. Себебі адамның жақсы немесе жаман, ізгі немесе зұлым, адал немесе арсыз екенін қарым-қатынассыз ажырату қиын. Сондықтан бағалауыштық сипаттағы ізгілік – зұлымдық, жақсылық – жамандық, тазалық, адалдық – арсыздық концептілерін «адам – қоғам» макроконцепті құрамында қарастырамыз. Олар тілімізде ақ – қара лексикалық бірліктері арқылы көріністенген. Жақсылық – жамандық концептілерінің ассоциативтік аясы кең. Сол себепті олар ізгілік – зұлымдық, тазалық, адалдық – арсыздық, әділдік, шындық – әділетсіздік, жалғандық концептілерін де өзіне қосып алады.

 Ізгілік концепті ақ тілеу, ақ босаға, ақ жол, ақжолтай, ақ ниет, ақ көңіл т.б. тілдік бірліктері арқылы, ал зұлымдық концепті ұрынарға қара таппау, қара түнек заман, қара күн туу, қара қол, қара күш т.б. тілдік бірліктері арқылы көріністенеді. Сонымен қатар, ізгілік – зұлымдық концептілері құрамына алғыс – қарғыс концептілері де енеді. Алғыс концепті «ақ» тілдік бірлігі арқылы берілсе, ал қарғыс концепті «қара» атауы арқылы көріністенеді. Мысалы, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс, ақ күн тусын, қара күн тусын, қара шашың жайылсын, көзіңнен қара қан ақсын, т.б.  

Әдебиеттер:

1 Белов А.И. Цветовые этноэйдемы как объект этнопсихолингвистики // Этнопсихолингвистика / Под ред. Н.А. Сорокина. – М.: Наука, 1988. – С. 49-57.

2 Қайдаров Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе. – Алматы: Қазақ университеті, 1992. – 248 б.

3 Заан Д. Белое, красное и черное: цветовой символизм в черной Африке // Психология цвета. – М.: Наука, 1996. – С. 47-78.