Т.Б.Сейдімханова

                                                                          әл-Фараби атындағы

                                                                          ҚазҰУ-нің аға оқытушысы

 

 М. Мақатаев поэзиясы

 

        Құдіретті сөз өнері, оның ішінде поэзия XIX ғасырдың екінші жартысында Абай өлеңдері арқылы ең биік тұғырға көтерілді. Ал ХХ ғасырдың бел ортасында әдебиет есігін ашқан жас талап, жаңа буын өкілі Мұқағали жырлары да сол биікке арман сапарына  қол созып, шырқау шыңға жол тартты. Сөйтіп, Абай салған соқпақ ізімен ілгері басты. Мұқағали поэзиядағы парасаттылыққа мән бере отырып, ұлылықтан үйренуге талпынды. Әсіресе Абай  парасатынан  нәр алып, ұлы ақын талабына орай үн қатты.  Мұқағали жырлары  қарапайымдылығымен қасиетті,  дәлдігімен  дәмді, ой-ырғақ еркіндігімен ерекше, “тілге жеңіл, жүрекке жылылығымен” құрметті де  құдіретті.
        Мұқағали өлеңдерінің рухани астарына үңіліп, рухани күші мен құдіретіне талдау жүргізу, эстетикалық, этикалық тәліміне ден қою, поэма, дастан, толғауларының тарихи-танымдық ұстанымдарына, тәрбиелік, тағылымдық мәніне көңіл бөлу, көркемдік–шеберлік иірімдеріне үңілу оңай шаруа емес.
      Өзінің жан дүниесін  ақын: “Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. ... Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек...” , - деп ашса, ол оның поэзияға қаншалықты талап қоя білгендігінің бір белгісі. Шындығында оқырманға күш–қайрат сыйламаған, жан–жүрегін баурамаған, ашындырып–тұщындырмаған өлең түкке алғысыз. Оның бәріне жетекші асқақ та адуынды ақын рухы  деген үлкен тұжырымға келіп тірейді.    М.Мақатаев поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық  мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген.

      Әр кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы аға буынның жеткен жерінен бастайтындығын ескерсек, Мұқағали да Абай мұрасын құран хадистеріндей құлағына құйып өскен өрен. Абай поэзиясының түп тамыры өмірде, ұлттық негізде, тарихта екендігін жете зерделеген Мұқағали оны игеріп қана қоймай дамытты, жемісті үрдістермен жетілдірді. Сөйтіп дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын туғызды. Бұл бұрын да бар, алда да жалғасын табар құбылыс.       Мұқағали поэзиясы – ұлттық сананы сілкіп оятатын қуатты дәру, жан–жүйеңе ізгілік нұрын шашатын энергия көзі. Құт-береке құюшы құндылық. Оны қара өлеңнің қарымы, мол мүмкіндігі арқылы танытып отырады. Қара өлең – Мұқағали үшін - қазына кені. Ананың ақ сүті, әкенің жасындай  арқылдаған жігері, қайрат -күші.
                                      Қалқам!
                          Мен Лермонтов, Пушкин де емен,
                           Есенинмін демедім ешкімге мен.
                          Қазақтың қара өлеңі - құдіретім,
                         Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
        Бұл шынайы елжандылықтың сөзі, асқақ патриотизм үлгісі, кең- байтақ елге  дабысы кетіп, әлемді тамсандырған орыстың поэзия орбитасында күн нұрындай шұғыла шашқан  Лермонтов,  Пушкин, Есениндердің атақ-даңқын ардақтағанмен, абыройын дара қойғанмен, құлдық ұрып қол қусырмайды, табынып тәңіріне баламайды.
Қайта оның есесіне қара өлеңді биік ұстайды, құдіретті рухқа, ұлы ұстазға балайды. Оның түпсіз терең, сұңғыла сыры бар. Ол қарапайымдылығында, бейнелеушілік мүмкіндігінде, шеберлігінің шексіздігінде, даналыққа суғарылғандығында. Қара өлеңнің күйсандығын ойнай білген, сөйлете алған жан ғана даласына тартып туған перзенті болмақ. Бұл әрі ұлттық сананың сырына қанықтырып, сиқырына үңілту. Сондай-ақ көне мұраға деген көзқарас. Қазақ өлеңіне ревизия жасаймыз, өлең өрнегіне өзгешелік ендіреміз, жаңалық ашамыз деп даурыққандарға тойтарыс бере отырып, анайылыққа барудан, тұрпайылыққа ұрынудан сақтандырады. Әр ақынның өлеңі халықтың жүрегіне жол тартатын қара өлеңдей сіңімді, ойға орнықты, өміршең болумен қатар қазақтық қанмен, ұлттық намыспен, ұлыстық нәрлі сөлмен жазылуын нұсқағандай. Өзіндік концептуалды көркемдікті көктен іздемей дәстүрлі жырдың ағысынан табуды көздейді.
                Ақынмын деп мен қалай  айта аламын,
                Халқымның өз айтқанын қайталадым.
                 Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
                Шекпен жауып өзіне қайтарамын.
      Қазақтың қарапайым қара өлеңі - қас шеберліктің үлгісі.
Оның авторы - халық. Ол сан ғасыр жасап, сап алтындай сараланған, сан ұрпақтың елегінен өтіп өңдеуін көрген, сұрыпталған дүние. Ол ақындықтың әліппесі, айтыскерліктің аренасы. Осы қара өлеңнен қанаттанған, халықтық мектептен дәріс алған Мұқағали өзін абыз халқының алдында ақынмын деп айтудан жасқанады, ізеттілік сақтап именеді. Мұқағали өлеңінің нанымдылығы, құпия құлпылануы әсіресе соңғы қос жолда “Күпі кию” – қазақтық белгінің тайға басылған таңбасындай көзге ұрады да ұлтымыздың түр-тұлғасынан хабар береді. Кешегі бітім- болмысы күпімен кескінделсе, бүгінгі түр-сипаты шекпен киген қалыпқа сыйып қазақ табиғатын тануға мол мүмкіндік беріп тұр.
  Ақынның “Отыз бесінші көктемім”  өлеңі бір қарағанда 35 жылдық өмірдің күз, қыс, көктем, жаз белестері мен елестерін шолып өткен есепті түйіндеу болса, екінші жағынан ұлттық сананың алауына ұсталған, шұғыласына малынған өлең.
                     Мені жұрт: “Жақсыдан қалған көз”, - дейді,
                   “Жақсыдан қалған сөз”, - дейді.
                     Ақымақ болсаң төзбейді,
                    “Хайуан” дейді, “ез” – дейді.
                      Қақым жоқ жаман болуға,
                      “Мені жақсыдан қалған көз”, -

дейді деп, әркімнің адамдық менін, тектілігін оятады. Мұнда ата-тектік, ұлттық, асылдық қасиеттерден айырылмауға үндеумен бірге, жеке бастың өнегелік-үлгілік үрдісін эстафета таяғындай берік ұстауға, ген арқылы берілетін қазақтық қағиданы көздің қарашығындай сақтауды міндеттейді. “Болар елдің баласы – он бесінде баспын дейтін” еті тірілікке, қағылездікке, “болмас елдің баласы жиырмасында жаспын дейтін” еркетотай енжарлықты қарама-қарсы қойып, кер і кетушіліктен сақтандырып саналылыққа жетелейді.
             Тіршілікке еніп, өмір көшіне ілескен соң өз ортасында орны бар ірі болуға, білімнің шыңына шығуға, іскерлік пен өнер-ғылым қууға, елінің намысын жыртып тұғырын биіктетуге үлес қосқанға не жетсін? Лирикалақ кейіпкер 35-ті аз ғұмыр деп отырған жоқ, қазақтың ұғымындағы орда бұзар, дүниені дүр сілкінтер, аймағына аты кетер жас екенін ұғынып отыр. Сондықтан өмірден ойып тұрып орын алуға, қашап тұрып жыр жазуға құлшынулы. Өзіне есеп беріп, алды–артын болжауы, өлшеніп берген өмірді қиқымдап, өткізіп алмауға тырысуы саналы жанға ой саларлық. Заңды орнына таласуы. Абай айтқан “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қаланмен” идеялас. Бұл өнер, өлең мұратындағы дәстүрлі жалғастық.
      Мұқағали Мақатаев - жырлары поэзия майданына аттанған жас талапкердің де, өлең әлемінде өз қолтаңбасын тапқан ақын-жазушының да, әдебиет зерттеушілерінің де  назарын көп аудартқан дара суреткер.  Жыл өткен сайын ақын поэзиясына үніліп, оның нәрін сезініп, қуат алушы ұрпақ қатары  артпаса толастамауда. Ақын поэзиясына мұндай қуатты дарытқан жай  жырларының өмірдің өзінен өрбіген шынайы сезім мен шындықтан өрілуі болса керек.

 Қырық бес  жыл өмір сүріп, артына өшпес із қалдырған ақиық ақынның мұралары  әр ұрпақ келген сайын, заман алмасқан сайын таңғажайып дара тұлға жаңарып, түлеп келе жатқандай.  

Мұқағали – қазақ халқының әлеуметтік, ұлттық психологиясын жақсы білгендіктен ол әрдайым саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты тез өзгеріп отыратын қайшылықты, қарама-қарсы қоғамдық құбылыстардың куәгері болған. Өйткені ол халықтың қалың ортасында тәрбиеленген, халықпен етене араласқан үлкен азамат. Жақсылық пен жамандық, барлық пен жоқтық сықылды бір-біріне ымырасыз күштер текетіресе түсіп, тайталасып, арпалысып жатқанын көрген ақын оны жырларында шынайылықпен көрсетті. Ол өз ұлтының қасиетті тамаша дәстүрін, ұлттық психологиясын, өзіндік өрнек-бояуымен ерекше жырлады. Ақын өнерімен  халық өмірінің арасында нық байланыс бар екені оның өлеңдерінен анық көрінеді.

Шын мәнінде ақынның өнерінде халық даналығының таңбасы бар. Демек, өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. өз шығармалары арқылы ақын әдебиеттің халықтығын ту ғып көтерді; поэзия бәрінен бұрын, халық өмірінің айнасы болуын, поэзияда, бәрінен бұрын халықтық мәні бар келелі шындықтардың  суреттелуін көкседі.

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,

Жер иісі жұпардан қымбат маған! –

деп  толғайды бір өлеңінде. Яғни  оның халқын сүюі табиғатынан, қанынан, бар болмысынан туады. Бұл ақынның туған топырағымен тұтастығын танытады.

Қазақ поэзиясындағы дәстүрлі тақырыптардың бірі – туған жер, оның бауырында өткен балалық, атамекеннің тағдыры, оған деген сүйіспеншілік екені белгілі.

Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып-өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр-күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы  бабасы өскен Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан  таңдайына қымыздың дәмі келген.

Жаралған жан емеспін басы бөтен,

Туған жер, топырағыңды басып өтем.

Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар,

Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?!

Ақынның ойы да, сезімі  де  еркін, сыршыл, нәзік  мұңды көңіл-күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді,  ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер  Мұқағалида мол.

«Бесік басында» өлеңі – жастарға беретін тәлімі мен ғибраты мол өлең.

Онда:

Ояту былай тұрсын рұқсат жоқ,

Ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге, - дейді.

Бесік тәрбиесі-бүкіл ұлттық тәрбиенің негізгі арқауы. Халқымыздың атадан әкеге,әкеден балаға мұра болып келе жатқан қасиетті бұйымдарының бірі – бесік. Бесікті киелі деп есептеген. Оны өзге жанның ұстамақ түгіл қол тигізуге дәті бармаған. Ұйықтап жатқан ұлының бесігін тербетуге қарсылық білдіріп, оны қызғыштай қорғауының мәні осында жатыр. Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегені де сол емес пе?!