Саяси ғылымдарының кандидаты Насимов М.Ө.,

философия магистрі Паридинова Б.Ж.

«Болашақ» университеті, Қызылорда, Қазақстан

Журналистика ғылым нысаны ретінде

 

Қазіргі қоғамда ақпарат тауарға айналғаны белгілі. Өркениет дамуындағы дағдарыс үдерістері мен құбылыстарының өршуі еліміздің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларының өзгерістеріне ұшыратуы заңды құбылыс. Бұл тұста әлемдік мәдениеттің және қоғамдық қозғалыстың бөлігі болып саналатын журналистиканың қоғам үшін орны ерекше. Ол шығармашылық пен саясаттың да феномені. Сонымен қатар, қазіргі өркениеттің маңызды құбылыстарын қамтитын жиынтық. Журналистика бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер қатарын оқиғалар, бағалау және түсініктемелер арқылы әлеуметтік топтар дүниетанымына ықпал жасайды.

Гуманитарлық ғылымдар саласындағы журналистиканың маңыздылығы ерекше және жас ғылым саналады. Елімізде журналистиканың ғылым ретінде қалыптасуы ХХ ғасырдың аяғында басталды. Осы кезеңде журналистиканың теориясы мен тәжірибесі, тарихы, қазіргі қоғамдағы орнын анықтауға бағытталған еңбектер пайда бола бастады. Десек те, жас ғылымның терминологиялық аппараты толық қалыптасып біткен жоқ. Саясаттану, әлеуметтану, психология секілді басқа да ғылым салаларында кеңінен қолданылатын термин сөздер жиі пайдаланылады.

Десек те, төртінші билік саналатын журналистиканың тарихы тереңде жатыр. Ұғымның негізі ақпарат болғандықтан, ал мақсаты сол ақпаратты көпшілікке жеткізу саналғандықтан, оның ежелгі түрлері ауызша таратылды. Жарлық пен жаңалықтарды жеткізу Еуропада глашатайлардың [1] жұмысы болса, қазақ қоғамындағы хабар жеткізу жаушының міндеті еді. Ғасырдан ғасырға журналистиканың маңыздылығы жоғарылады. Бүгінде ол әлеуетті идеологиялық күш саналады. Аталмыш сала имидж бен брендтер қалыптастыруға [2], қоғамдық ойдың эволюциясына, экономикалық дамуына ықпал жасайды. Мәдениеттің ерекше бөлігі саналатын журналистика рухани және материалдық мәдениеттің дамуына әсер етеді.

Ғылыми журналистика ұғымы ғылым мен технологиялар процесінде өңделген нәтижелер көрінісін білдіреді. Оның негізгі белгілері журналдардағы мақалалар мен конференциялар баяндамаларында айқындалады. Ғылыми хабарлама міндетті түрде ғылым жүйесі қажеттіліктерімен байланысты болмауы мүмкін. Көптеген журналистер ғылыми мақалалардан тыс қызмет жасайтындықтарын мойындағандықтан, ғылыми журналистика саласын қалыптастырып жатқандығын ұмытып кетеді. Десек те, кез келген журналистік зерттеуде сараптамалық жұмыстар жүргізіледі.

Журналистиканы жүйелік талдауға байланысты ғылым нысаны ретінде қарастырылуы мүмкін: әлеуметтік институт, мамандық жиынтығы; шығармалар жүйесі, мәтіндер құру; бұқаралық коммуникациялар жүйесін басқару; медиа индустриясының бөлігі.

Тақырып бойынша өзекті саналатын мәселелер қатарында төмендегі түсініктер бар: журналистикадағы әлеуметтік механизмдер және білімді өндіріске енгізу мәселелерін зерттеу; бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұсынылатын ғылыми білімнің дамуы және таралуы, әлеуметтік шарттарын анықтау; адамзаттың күрделі оқиғалардан шығу жолдары мүмкіндіктері нұсқаларын ұсыну және бұл үрдістегі журналистиканың орны; бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылатын тақырыптарға БАҚ қызметі бағыттарының назарын аудару; заманауи ғылымның өзекті мәселелерін шешудегі БАҚ-тың жағымды тәжірибелерімен танысу; қазіргі заман қатерлерін шешуге бағытталған ізденістер жолындағы БАҚ рөлін түсіну; отандық бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің ғылым нәтижелерін ұсынудағы жағымсыз тұстарын анықтау.

Қолданатын технологиялар мен құралдарға байланысты журналистиканы бөлеміз: газет-журналдық журналистика, тележурналистика, радиожурналистика, Интернет-журналистика, фотожурналистика және т.б. Журналистиканың әр саласы бір-бірімен өзара байланыс орнатуға мүмкіндіктері мол.

Журналистика жанрларға бөлу тәсілдері бойынша ақпараттық, сараптамалық және көркем-публицистикалық салаларымен айқындалады. Оның барлығы тікелей мәтінмен байланысты және оны да бөлуге болады: жедел-ақпараттық (мақалалардың барлық түрі), жедел-зерттеушілік (есеп, репортаж, сұхбат), зерттеушілік-ақпараттық (пікір, корреспонденция, түсініктеме), зерттеушілік (мақала-хат), зерттеушілік-образдық (фельетон, эссе) [3].

С.М. Гуревич бойынша жанрлар бөлінеді: жаңалықтар ақпараты жанры; диалогтық жанрлар, оқиғалық-сараптамалық жанрлар, көркем-публицистикалық жанрлар, сатиралық жанрлар [4].

Классификациялау түрінің көптігіне қарамастан, журналистер мен зерттеушілер жанрларды қарастырудың дәстүрлі тәсілін қолдануды қалайды: ақпараттық: хроника, ақпарат, кеңейтілген ақпарат, мақала, сұхбат, есеп, репортаж, арнайы репортаж, баспасөз сауалы және т.б.; сараптамалық: корреспонденция, түсініктеме, мақала, хат, рецензия, әңгіме, тәжірибе, рейтинг, шолу, мемуарлар және т.б.; көркем-публицистикалық: суреттеме, эссе, очерк, пасквиль, фельетон, памфлет, тарих, некролог және т.б.; шоу-жанр: ойындар, байқаулар, реалити-шоу, ток-шоу және т.б.

Уақыттың өту кезеңдеріне қарай кейбір жанрлар басқа жанрларға үстемдігін жүргізуі мүмкін. Мәселен, Интернет-журналистиканың дамуына байланысты бірінші орынға ақпараттық жазбалар шықты. Көркем-публицистикалық жанрлардың басым көпшілігі тарихта қалды [5].

Сонымен қатар, өзінің негізгі әлеуметтік бағытына қарай журналистика бөлінеді: саяси журналистика, халықаралық журналистика, іскерлік журналистика, корпоративтік журналистика, бульварлық журналистика, музыкалық журналистика, спорттық журналистика, ғылыми журналистика, ресторандық журналистика, журналистік зерттеу, жаңа журналистика, трэвел-журналистика, гонзо-журналистика, мультимедиялық журналистика, азаматтық журналистика, экономикалық журналистика, діни журналистика және т.б. [6].

Қорыта айтқанда, журналистика ғылым саласы ретінде көркем-әдеби, саясатттанулық, мәдениеттанулық, тарихи, әлеуметтанулық ғылымдарды толық қамтитын және қоғамдық процестердің өзгерістеріне ықпал ететін жүйесі болып табылады.  

 

Әдебиет:

1.   Иватова Л.М., Насимова Г.Ө., Насимов М.Ө. Саяси жарнама: терия және тәжірибе. – Алматы, 2008. – 37 б.

2.   Nassimov M.O., Paridinova B.Zh. International image and national brands of the Republic of Kazakhstan // The Strategies of Modern Science Development: International  scientific-practical conference. Science Book Publishing House, Yelm, WA, USA, 29-30 March 2013. P. 199-204.

3.   Кройчик Л.Е. Система журналистских жанров [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://evartist.narod.ru/text5/64.htm

4.   Гуревич С.М.  Особенности жанров газетной публицистики [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://evartist.narod.ru/text10/05.htm#з_05

5.   Журналистика [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://ru.wikipedia.org/wiki/Журналистика.

6.   Прохоров Е.В. Введение в теорию журналистики. Учебник для студентов вузов. - Аспект Пресс, 2009. - 351 с.