әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Халықаралық қатынастар факультеті
Халықаралық құқық
кафедрасының
магистранты Кабидолданова Ж.А.
ДСҰ шеңберінде
қызмет саудасын
халықаралық-құқықтық реттеудің
қалыптасуы және дамуы
Халықаралық қызмет
саудасы көптеген жылдар бойы мемлекеттердің реттеуінсіз
жүзеге асырылды. Мұндай жағдай нарықта шетел және
отандық қызмет көрсетушілер арасында бәсекелестік пайда
болғанға дейін жалғасын тапты. Қызмет саудасын
халықаралық деңгейде реттеудің алғашқы
үлгісі ретінде ХҮІІ ғасырда теңіз державаларымен
енгізілген шетел теңіз кемелерінің ұлттық
порттарға кіруін шектеуді (кеме туына байланысты әр түрлі
порттық алымдар алу) айтуға болады. Мұндай шектеулердің
пайда болуы мүдделі мемлекеттерді келіссөздер арқылы теңіз
тасымалында қолданылатын шектеулердің бірыңғай
ережелері мен қағидаларын жасауға мәжбүрледі.
Бұл аса күрделі міндет еді. Тауар саудасында реттеу
құралдары барлық номенклатура (импорттық алым, квота,
стандарттар) үшін ғасырлар бойы тұрақты болып келсе,
қызмет саудасын реттеуші құралдар әр сектордың
ерекшелігін көрсетеді, тіптен бұл салада фискалдық және
миграциялық саясаттың құралдары әр мемлекет
үшін әр түрлі түсінікке ие (себебі қызмет
көрсету жеке тұлғалардың кіруі және
капиталдың жылжуына арналған талаптарға тікелей тәуелді
болып табылады).
Халықаралық
экономикалық қатынастарда жаңа реттеу жүйесін
құрудың алғышарттары ретінде АҚШ-тағы
«ұлы дағдарыс» сияқты ХХ ғасырдың 30-40 жылдары
болған әлемдік экономикадағы ірі көлемді
оқиғаларды атап өтуге болады. Сонымен қатар Екінші
дүниежүзілік соғыс зардаптары да әлемді, оның
ішінде экономика саласын да қайта құру қажеттігін
тудырды. Әлемдік қызмет саудасының ережелері мен қағидаларын
жасауға алғаш рет ХХ ғасырдың 40 ж.ж. әрекет
жасалды. Бұл әрекеттер Халықаралық сауда ұйымын
(ХСҰ) құруға дайындықпен байланысты болды. Сол
кездің өзінде ХСҰ Жарғысында халықаралық
қызмет саудасының маңызды элементі қызметтер (көлік,
байланыс, сақтандыру және банк ісі, т.б.) екені, әрі іскерлік
тәжірибенің қауіпті салдары болуы мүмкін екені
айқындалған. Алайда ХСҰ Жарғысы қабылданбады, ал
Тарифтер мен сауда бойынша бас келісім (ГАТТ) мәтінінде бұл
ережелер көрініс таппады (ГАТТ мәтініне тек кинофильмдерді
демонстрациялау және транзит туралы баптар ғана
қосылған). Тарифтер мен сауда бойынша бас келісімге 1947
жылдың 30 қазанында қол қойылып, 1948 жылдың 1
қаңтарында күшіне енді. ГАТТ мәтінінде қызмет
саудасын реттейтін ережелердің болмауын американдық ғалымдар
аталмыш келісімге қол қою сәтінде қызмет
саудасының әлемдік сауда көлемінің аз ғана
бөлігін
құрағандықтан деп түсіндіреді. Әрі
қызметтер жекелей өнім ретінде экспортқа
шығарылмаған еді. Халықаралық қызмет саудасын
реттеу проблемасы 1970 жылдардың басында қайта көтерілді.
Бұл процестің ерекшелігі АҚШ бастамашылық
жасағандығында болып табылады. Мұнда АҚШ қызмет
саудасын реттеуге ғана емес, сонымен қатар либерализациялауға
мүдделі еді. Осылайша АҚШ жеке секторы «Американ экспресс» және «Сити Корпорэйшн» сияқты
қызмет көрсетуші ірі компаниялардың бастамасы бойынша
қызмет көрсету саласындағы әрекеттердің американ
сауда заңнамасымен ресми танылуы үшін күресе бастады. Дәл осы лоббилік топ американ
әкімшілігін осы мәселені Экономикалық
ынтымақтастық және даму ұйымының (ОЭСР), одан
кейін ГАТТ күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
Сәйкес
халықаралық құжат дайындау қажеттігінің
әр түрлі себептері бар еді. Ең алдымен бұл сол кезде
көптеген елдердің ЖІӨ-нің 35-45% құрайтын
халықаралық қызмет саудасының елеулі артуымен тікелей
байланысты еді.
Әрі
қызмет саудасының өсуі және әлем
нарығындағы жекелей өнім жеткізушілердің
позицияларының күшеюі сәйкес нарықта нақты
ережелерді анықтау қажеттігін тудырды. Сол себептен де 1950-1970
жылдары бірқатар мемлекет қызметтің әр секторындағы
сауда талаптарын реттейтін көпжақты келісімдер жасасты. Осындай
келісімдер қатарына теңіз көлігі саласындағы келісімді
(1974 ж. Сызықтық конференция жүріс-тұрысының
Кодексі туралы конвенция), әуе көлігі саласындағы келісімді
(1944 ж. «Халықаралық азаматтық авиация туралы» Чикаго
конвенциясы), телекоммуникация саласындағы және тағы да
басқа келісімдерді жатқызуға болады. Қызмет саудасы
саласында бір немесе бірнеше қызмет секторлары шеңберінен
шығатын өзге де көптеген көпжақты және
екіжақты келісімдер бар. Мысал ретінде 1989 жылғы Канада мен
АҚШ арасында жасалған еркін сауда туралы Келісімді атауға
болады.
Алайда
АҚШ сияқты қызмет көрсету саласында кең
экспорттық потенциалы бар бірқатар мемлекеттер тауар
өндірушілер үшін көптеген артықшылықтар
әкелген ГАТТ-тың реттеу қағидаларын сауданың
бұл саласына да таратқысы
келді. 1970 жылдары дәл АҚШ осындай бастамашылық
жасағаны таң қалдырмайды.
Осы
уақытта американдықтарға қызмет экспортын
кеңейтуге мүдделі ірі биртандық кәсіпкерлер
қосылды. 1968 жылдың өзінде-ақ Англия Банкі
көрінбейтін операциялар бойынша британдық экспортерлер (яғни
қызмет экспортерлерін ғана емес шетелден пайыз, дивиденд және
т.б. нысандағы кіріс алушылардың да) мүддесін қолдау
мақсатында Көрінбейтін экспорт бойынша Британ кеңесін (КЭБК)
құрды. 1979 жылы АҚШ-пен тығыс байланысы бар КЭБК
мүшелерінің бірқатары (мәселен «Лойдс оф Лондон»)
американдық компаниялардың жоғарыда айтылған
әрекеттерін қолдады. 1981 жылдың соңында КЭБК сауда
мәселелерін көпжақты қарастыру үшін арнайы
Қызмет саудасын либерализациялау бойынша Комитет құрды.
Бұл мұндай сипаттағы алғашқы орган еді. Одан
кейін 1982 жылдың бас кезінде АҚШ-та Қызмет саласындағы
кәсіпкерлер Одағы құрылды. Бұл жағдай
өзге де мемлекеттерде осындай бірлестіктердің құрылуына
ұйтқы болды. Қызмет саудасы саласындағы саясатты
құрайтын жеке сектор, академиялық бірлестіктер, үкіметтер
мен халықаралық ұйымдар арасында қызмет көрсету
мәселесі бойынша диалог басталып кетті.
Сонымен
қатар АҚШ қысым жасауының нәтижесінде 1982
жылдың қараша айындағы ГАТТ мүше-мемлекеттерінің
Министрлер конференциясында қызмет көрсету туралы мәселе ГАТТ
мүше-мемлекеттерінің министрлерінің қорытынды
декларациясына енгізілді. Бұл декларация мазмұнына сай әлем
нарығында әр түрлі қызмет түрін сатып
алу-сатуға мүдделі мемлекеттерге бұл саладағы
ұлттық проблемаларды зерттеу және өзара әрі
унификацияланған негізде халықаралық ұйымдар арқылы ақпарат
алмасуды жүзеге асыру ұсынылған.
Нәтижесінде
жиырма шақты ұлттық зерттеулер дайындалды (мысалы, 1983
жылғы «АҚШ қызмет саудасының ұлттық
зерттеуі»; 1984 жылғы «Қызмет саудасы: Ұлыбританияның
ұлттық зерттеуі»). Аталмыш зерттеулер концептуалды және
статистикалық қатынастарда жаңа жұмысты қажет
етті. Зерттеулер өз дайындықтарын жаңа салада
қолданған азаматтық қызметкерлер, экономистер, сауда
эксперттерімен жүзеге асырылды. Бұл көптеген мемлекеттер үшін қызмет саласындағы
проблемалармен танысуға, өзінің жекелей зерттеу және
талдауларын өткізуге, қажетті эксперттер персоналын
тағайындауға және дайындауға мүмкіндік берді.
Қызмет
саудасындағы шектеулерге халықаралық бақылау орнату
мақсатында бас келісім дайындау туралы АҚШ ұсынысы
бастапқыда күрделі талқыға ұшырады.
Американдық бастама көптеген дамыған және дамушы
мемлекеттер тарапынан қайшы қарым-қатынасқа
ұшырады.
Бұл
ұсыныстың оппоненттері (мәселен, Бразилия және Индия)
іс жүзінде жалпы қызмет саудасын реттеу бойынша нақты
анықталған ережелер жасау мүмкін еместігін айтып,
қызметтің жекелеген түрлерін регламенттеу арқылы
үлкен жетістікке жету мүмкіндігін атап өтті. Олардың
пікіріне сай тауар саудасы үшін бірыңғай ережелер жасап
шығару мүмкін (себебі тауардың матеиалдық нысаны бар,
кедендік шекараны өткенде қажетті салықтар мен алымдар
үшін олардың саны мен құны көрсетіліп,
тіркелінеді), ал қызмет саудасы үшін мүмкін емес (себебі
олардың материалдық нысаны жоқ). Әуе тасымалы
(бұл салада көпжақты және көптеген екіжақты
келісімдер әрекет етуде), архитектура (архитектордың кәсіби
сапасын анықтау проблемасы бар), банктік қызмет көрсету
(мұнда әрбір қызмет түрі қатаң
регаменттелген) сияқты қызмет түрлерін ұсынуда
қатаң өзгешеліктер кездеседі.
АҚШ-тың
тауар саудасы бойынша бірыңғай келісімнің болуы (ГАТТ), сол
себептен де қызмет саудасы бойынша ұқсас келісім жасап
шығару мүмкіндігі және қажеттгі туралы аргументі
бастапқыда қажетті шекте негізделмеді.
ГАТТ
ережелер жинағы және міндеттемелер жүйесі ретінде
келістілігімен және реттілігімен ерекшеленбеді. Атап айтқанда ауыл
шаруашылығы өнімі саудасының проблемалары, тоқыма
өнеркәсібі, ГАТТ-тағы сауда дауларын реттеу бойынша
жұмыстағы қиындықтар, антидемпингтік саясатты
қате талқылаудың кең таралуы, қорғаныс
шараларын қолдануға қатысты ГАТТ ережелерін (ХІХ бап) айналып
өту мақсатында екіжақты келісімдерді пайдаланудың
кең таралуы және ГАТТ шеңберіндегі дискриминацияламау туралы
базалық ереженің бұзылуы – бұлардың барлығы
кейбір мемлекеттермен ГАТТ жүйесінің құлдырауына
әкелетін жағдайлар деп талқыланды.
Сондықтан
да АҚШ оппоненттерінде әділ әрі логикаға сыйымды
келесідей сұрақ туындады: тауар саудасын реттеудің
көпжақты жүйесі істен шығып отырса, аса күрделі
нормалар мен ережелер қолданылатын қызмет саудасын реттеуге осындай
жүйе құру ақылға қонымды ма?
Бұл
сын АҚШ-ты тоқтатпады, алайда олардың
көзқарастарын өзгеріске ұшыратты. Қызмет саудасы
бойынша келісім дайындау бастамашылығы ГАТТ-ты күшейту бойынша
нәтижелі шаралармен қатар жүзеге асырылды. Осылайша,
оппоненттер сыни салыстыру мүмкіндігінен айырылды. Дамыған
индутриалды мемлекеттер қызмет саудасы бойынша өз ұсыныстарын
алғаш рет ОЭСР-де тұжырымдаған еді. Кейін бұл
тұжырымдамалар ГАТТ Токио раунды шеңберінде талқылау
тақырыбына айналды.
ОЭСР
мемлекеттері үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалар
тобы сауда келісөздері шарттарын өзінің 1972 жылғы
есебінде (Рэй есебі) анықтап жазды. Осылайша ОЭСР қызмет саудасын
көпжақты реттеуге қажетті негіз дайындады. Топ өз
есебінде сақтандыру операцияларына дискриминациялық шектелулерді
алу қажеттігіне аса қатты көңіл бөлді. Сонымен
қатар ақша құралдарын аударуға шектеуді
қолдану арқылы мемлекеттерге шетелдік қызмет
жеткізушілердің қызметін шектеуге мүмкіндік беретін
ОЭСР-дің ағымдағы «көрінбейтін» операцияларды
либерализациялау Кодексіндегі кемшіліктерге нұсқады. Топ
үкіметтер ұлттық әуе жолдарын қорғау
бойынша шараларын тоқтатпайынша әуе тасымалы саласындағы
көпжақты және халықаралық бәсекелестіктің
болашағының болмайтынына көңіл аударды. Сонымен
қатар топ шетелл сауда флотын дискриминациялау
сақталғандықтан АҚШ-тың Теңіз тасымалдары
туралы Кодекстің Қосымшасына қол қоймағандарын
атап өтті.
Нәтижесінде
топ дамыған мемлекеттер қызмет саудасы саласын
либерализациялауға және дискриминацияны жоюға
бағытталған әрекеттерді жүзеге асыруы тиіс деген
қорытындыға келді. Сол кезде топтың ұсынысы
қабылданбаған еді. Мемлекеттер санының басым
бөлігінің пікірі бойынша топ қызметтер секторының
барлығына қатысты қолданылатын реттеу шаралары бойынша
ортақ шешім таба алмады. Дегенмен топ халықаралық
сауданың аса күрделі элементтерін анықтау арқылы
қызметтер бойынша болашақ келіссөздер үшін
маңызды негізге айналды.
1977
жылдың шілдесіндегі ГАТТ шеңберінде өткізілген
көпжақты сауда келіссөздерінің Токио раундында
қабылданған резолюцияға сай ОЭСР Хатшылығы қызмет
саудасындағы шектелуерді жүйелеуге кірісті. Осы жүйелеу
шеңберінде ОЭСР-дің жалпы қызметке және ақыша
қызметіне қатысты қолданылған түрлі реттеу
құралдарының функционалды тиімділігі талданды. Қызмет
көрсетудің жекелей секторыларын зерттеу нәтижесінде
нақты секторларда қолданылған (банктер, сақтандыру
және т.б.) қызметтің жекелеген түрлерінің
саудасындағы ерекше шектеулердің ұқсастығы
табылды. Сонымен қатар ОЭСР Хатшылығы субсидиялар,
салықтық және өзге жеңілдктер, эксклюзивті
және монополиялық құқықтар беру
арқылы ұлттық өндірушілерді қолдаумен байланысты
қызмет саудасының ерекше талаптарын анықтады.
1981
жылы сауда саясаты және сауда даулары бойынша Халықаралық
сауда палатасының (ХСП) Комиссиясы «Қызмет саудасын
либерализациялау бойынша ХСП позициясы» деген құжат шығарды.
Құжатта ХСП төмендегідей ұсыныстар жасады:
а) қызмет саудасы адал және
ашық халықаралық
бәсекелестік қағидаларына сай жүзеге асырылуы тиіс;
ә) қызмет саудасын қолдау
транспарентті және алдын ала болжанбалы негізде жүзеге асырылсын;
б) шетел субъектісімен ұсынылған
қызметті сатып алудағы шектеуді өзара түсіністік
негізде мүмкіндігінше төмендету;
в) шектеулерді төмендету негізді болуы
және келіссөздер процессінде жасалуы тиіс;
г) жаңа шектеулерге жол бермеу керек,
өзге шешім табылмаған жағдайда шектеулер негізді және
келіссөздер процессінде жасалуы тиіс, әрі уақытша сипатта
болуы керек;
ғ) ГАТТ-тағы қызмет саудасы
бойынша ережелер қатарына қосылуы тиіс;
д) жеке секторлар бойынша келіссөздер
біріктірілуі керек;
е) мемлекеттік сатып алу шеңберіндегі
қызметті сатып алу-сату шарттары Токио раунды келіссөздерінде қабылданған Үкіметтік
сатып алулар туралы Келісімге сай ресімделуі тиіс;
ж) шетел кәсіпорындарына қатысты
ұлттық режим беру саясаты қолданылуы керек.
Бірақ
ХСП ұсынған ережелердің ешқайсысы қабылданбады,
себебі мемлекеттердің ешбірі өзінің қызмет
нарығын шетелдік бәсекелестікке толықтай ашуға дайын
болмады. Алайда ХСП ұсыныстарының пайда болуы қызмет саудасын
реттейтін болашақ келісімнің негізгі элементтерінің
толық және жүйеленген жинағын құру
қажеттігін тудырды.
1984
жылы АҚШ-тың ГАТТ-қа жіберген өтініші сияқты
құжаттар негізінде қызмет саудасы бойынша болашақ
Келісімнің концепциясы қалыптасты. АҚШ «шартты
бірыңғай талқылауды» ұсынды (Қызмет саудасы
бойынша бас келісім (ГАТС) келіссөздер процессінде дайындалған
нақты міндеттемелер жинағын орнату арқылы, нақты
тұжырымдамаларды қолдану арқылы құрастырылуы
тиіс, сонымен қатар міндеттемелерді орындамағыны үшін
санкциялар белгіленуі қажет). Жекелей қызмет категорияларын, атап
айтқанда қажылық қызметтер мен жеке
тұлғаларға ұсынылатын қызметтерді қызмет
көрсету бойынша келіссөздерден алып тастау ұсынылды.
Қызмет саудасының жалпы қағидаларын анықтаудағы
құқықтық шекара жайлы АҚШ-тың ескертпесі өте маңызды еді.
АҚШ ескертпесіне сай аталмыш қағидалар келесі
бағыттардан құралуы тиіс: транспаренттілік,
ұлттық режим, мемлекеттік монополия, нарыққа қол
жеткізушілік. Өз өтінішінде АҚШ стандарттар сияқты
саудадағы тарифтік емес бөгеттермен байланысты ГАТТ-тағы
бірнеше негізгі концепциялар мен қағидаларды қабылдау туралы
ұсыныстан қайтпады. Сонымен қатар, АҚШ көптеген қызмет секторларындағы
сауданың тұрақты дамуы үшін қажетті «интеллектуалдық
меншік» түсінігіне нақты анықтама беру қажеттігін
айтты.
1984
жылдың қарашасындағы ГАТТ сессиясында қызметтерге
қатысты ақпарат алмасуды жетілдіру туралы келісімге қол
жеткізілді. Ол кезде ОЭСР және дамыған мемлекеттердің басым
көпшілігінің осы қозғалыстың жақтастары
екені анықталған еді. АҚШ 1984 жылғы «Сауда және
тарифтер туралы актіге» қызмет саудасы бойынша келіссөздер
жүргізуге мандат және қызмет саудасына қатысты
серіктестердің протекционизміне қарсы шара қолдануға
мүмкіндік беретін ереже қосты. Соңғысы қызмет
саудасы бойынша халықаралық ережелер дайындауға қосымша
аргументке айналды. Осы мәселелер бойынша жұмыс істеу үшін
(ГАТТ шеңберінде) Қызметтер бойынша келіссөздер
жүргізуші топ құрылды.
1981
жылы ОЭСР болашақ келісімнің негізгі қағидасы ретінде
ұлттық режим қағидасын бекітуді ұсынды. Бұл
ОЭСР-мен келесідей
түсінілген еді:
1.
Өзге мемлекет аумағында сауда, индустриалдық,
қаржылық және өзге коммерциялық қызметпен
айналысатын жеке және заңды тұлғаларға
ұлттық режим берілуі тиіс;
2.
Кез келген мемлекетте экономиканың бірқатар ерекше салаларында,
атап айтқанда коммуникация, су және әуе көлігі, банктік
қызмет, сонымен қатар жер ресурстарын пайдалануға шетел
компанияларының қатысу деңгейін шектеу
құқығы сақталуы тиіс. Алайда ешбір
мемлекеттің экономиканың осы салаларында әлемдік экономика
үшін қажет болса, шет мемлекеттің рұқсат берілген
деңгейде өз кәсіпорындарын салуын және дамытуын
шектеуге құқығы жоқ;
3.
Ұлттық режимге қатысты ережелер ешбір мемлекетті
өзге ел аумағында бақыланатын кәсіпорын салуға
байланысты арнайы формалды процедураларды сақтаудан босатпайды. Алайда
бұл процедуралар 1-пунктте көрсетілген қағиданы
бұзбауы тиіс;
4.
Кез келген мемлекеттің жеке және заңды
тұлғалары, әрі олармен бақыланатын ұйымдары 1-3
пункттерде көрсетілген жағдайларда аса қолайлырақ
режимін қолдану құқығын иеленуі тиіс;
5.
Жеке және заңды тұлғалар өздері бизнес
ұымдастырып жатқан өзге ел территориясына техникалық
эксперттер, бухгалтерлер, орындаушы персонал, заңгерлер және
қажеттігіне орай өзге де мамандарды шақыруға
құқылы;
6.
Кез келген мемлекеттің жеке тұлғасы өз мемлекетінде
кәсіби қызметін жүзеге асыру мүмкін болмаса,
басқа мемлекет аумағында мамандығы бойынша жұмыс
істеуге құқылы; бірақ оларға өзге
мемлекеттердің жеке тұлғаларынан төмен емес лауазымда,
теңдей талаптар негізінде жұмыс істеуге рұқсат берілуі
тиіс;
7.
Кез келген мемлекеттің жеке және заңды
тұлғаларына басқа мемлекет аумағындағы
ғылыми, білім беру, діни және қайырымдылыққа
бағытталған қызметтер атқаруда ұлттық режим
және аса қолайлырақ режим берілуі тиіс. Оларға келген
мемлекетінің заңнамасына сай аталмыш кәсіптер бойынша
ассоциациялар құруға құқық берілуі
мүмкін. Алайда оларға мемлекеттің қандай да саяси
қызметіне қатысуға қатаң тыйым салынады.
ГАТТ келіссөздерінің Уругвай
раундының басталуы қарсаңында қызмет саудасы туралы
болашақ Келісімнің форматына қатысты негізгі
көзқарастар осындай еді. Халықаралық қызмет саудасының
қағидалары мен ережелерін құруға байланысты 1980
жылдардағы АҚШ пен ОЭСР ұстанымдарының логикасын
қазіргі уақытта да қолдануға болады.
ГАТС
тарихын саралау басқа тұрғыдан да қызық болып
табылады. Шетел инвесторларына
ұлттық режимді беру бойынша міндеттемені болашақ
көпжақты кесісім концепциясының негізі деп есептеген
АҚШ та, ОЭСР де соңында бұл қағиданы
ГАТС-қа толық көлемде қосудан бас тартты. Бұл
әлемнің дамыған мемлкеттерінің ешқайсысы
қызметтердің әлем нарығындағы шын мәнінде
еркін бәсекелестікке дайын емес екенін және өзінің
экономикалық мүдделерін қорғау мүмкіндігін
сақтаудан бас тарта алмайтынын көрсетеді.
Қызметтер
саудасының еркіндігі әлемдік ынтымақтастықтың
ұзақ мерзімді мақсаты болып қала бермек. Мұны
қызмет саудасын либерализациялау бойынша халықаралық
келіссөздерге қатысушы мемлекеттердің санының
ұлғаюынан да көруге болады. Алайда ешбір мемлекет
еркін қызмет саудасының әмбебап халықаралық
жүйесін құру үшін өз компанияларының
мүдделерін құрбан етуге дайын емес. Бұдан біз еркін
сауда теориясы мен тәжірибесі арасындағы оңай
түсіндірілетін қарама-қайшылықты көре аламыз.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН
ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Генеральное соглашение
по тарифам и торговле. СПб.: Закон и бизнес, 1994.
2.
Данилова, Е. В. ВТО:
регулирование торговли услугами. М.: Академкнига, 2003.
3.
Почекина, В. В.
Международный рынок услуг / В. В. Почекина, Ю. П. Якубук; под ред. В. Ф.
Медведева. Мн.: БИП-С, 2004.
4.
Почекина, В. В. Услуги в
международной экономике / В. В. Почекина, Ю. П. Якубук; под ред. В. Ф.
Медведева. Мн.: БИП-С, 2003.
5.
Скурко, Е. В. ВТО:
введение в правовую систему / под ред. В. М. Шумилова. М.: Финансы и
статистика, 2003.
6. Остроумова, Н., Мусова, Л. Генеральное соглашение по
торговле услугами // Страховое право. 1999. № 1-2. С. 17—19.
7. Richard H. Snape.
Regulating Services Trade // Trade in Services in the Asia Pacific Region.
2003. Vol.11, P. 79-80.