А.Р.Минасипова

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

БАЛАНЫ МЕКТЕПКЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒЫНАН ДАЯРЛАУ МАҢЫЗЫ

 

 «ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020 жж арналған Мемлекеттік бағдарламасы» мен Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңының талаптарына сәйкес, мектепалды даярлық мәселесі қайта   жандандырылуда. Бұл игі шараның үлкен жетістігі баланы заманауи талаптар тұрғысынан дамыту ісінің мақсатты түрде, жоспарлы әрі қарқынды жүргізіле бастауында. Мектепке даярлық деңгейін анықтауда басшылыққа алынатыны, көбінесе, оқу және жазу іскерліктерінің шамасы. Ал, баланың жаңа ортаға түсуіне байланысты көңіл-күйінің сипаты; сынып-сабақтық жүйеге төзімін білдіретін еріктік қасиеттері; жазба білімдерді қабылдап, игеруге қажет таным процестерінің даму деңгейлері тексеріле бермейді. Бұдан шығар қорытынды - баланың мектептегі оқуға даярлық көлемінің педагогикалық тұрғыдан қарастырылатындығында.

Психологиялық сөздікте "мектепке психологиялық даярлық" ұғымын былай анықтайды: баланың мектептегі оқуды табысты бастауы үшін қажетті психикалық сапалар кешені. Ол мектеп пен оқуға жағымды қатынастан (мотивтік даярлық); мінез-құлықтың ырықтылығының барынша жоғары деңгейінен (еріктік даярлық); білім, іскерлік, дағдының белгілі бір қоры мен таным үрдістерінің даму деңгейінен (ақыл-ой даярлығы), сондай-ақ үлкендермен және кұрдастарымен өзара қарым-қатынас орнатуды, сынып ұжымы өміріне араласып кетуді, бірлескен әрекетті орындауды қамтамасыз ететін адамгершілік сапалардың қалыптасуынан  тұрады. Баланың мектепке даярлығы оқып-үйренуді құрайтын біртұтас сапалар жиынтығынан тұрады деген тұжырымды қуаттайтын психологтар А.В.Запорожец, А.Н.Леоньтев, В.С.Мухина, Л.А.Венгер мектепке даярлық ұғымына баланың оқу тапсырмасын түсінуін; орындау тәсілдерін меңгеруін; өзін-өзі бағалай және бақылай алуын; мұғалімді тыңдап, материалды еске сақтау қабілеттерін жатқызады

Х.Т.Шериазданованың «Мектепке дейінгі білім беру жүйесі педагогтары мен психологтарын кәсіби даярлаудың психологиялық негіздері» зерттеуінде: "Оқытудың теориялық негіздерін жасаған Л.С.Выготский, П.Я.Гальперин, В.В.Давыдов, Л.В.Занков, Л.Н.Леонтьев, Н.А.Менчинская, Д.Б.Эльконин зерттеулеріне сүйене отырып, оның, балалардың танымдық әрекетіне, сондай-ақ эмоциялық, еріктік, мотивтік салаларына ықпалын көрсетіп, біз, басты өлшемі «мектептегі оқуға  даярлық болып   табылатын,   өтпелі кезеңге   көңіл бөлдік». Баланың мектепке танымдық даярлығын аса маңызды үш тұрғыда: зейіннің даму деңгейі; естің даму деңгейі және ойлаудың қарапайымнан жоғары формаға дейінгі даму деңгейі қарастырылды. Олардың әрқайсысының көріну жолдары қарым-қатынастың түрлі стильдері арқылы сипатталынды. Мәселен, зейін қасиеттері мен түрлері: көлемі, тұрақтылығы, алаңдағыштығы, шашыраңқылығы, шоғырлануы және ырықтылығы өктемдік, тәуелсіздік, ымырашылдық стильдерінде қалай көрінетіндігі; есте сақтау мен қайта жаңғыртудың көрнекі-бейнелік, қозғалыс, логикалық ойлау түрлерінің жоғарыда аталған қарым-қатынастың 3 түрлі стилінде көріну жолдары зерттелді. Х.Шериазданованың мектеп жасына дейінгі баланың психикалық дамуындағы қарым-қатынас рөлі тұжырымдамасы ресейлік ғалымдар Е.О.Смирнова, М.И.Лисина, Е.Е.Кравцовалар зерттеулерімен үндес; сондай-ақ баланың мектептегі оқуға психологиялық даярлығымен байланысты қарастырылды: «Мектепте жақсы оқуы үшін балада қарым-қатынастың формалары қалыптасқан болуы керек. Ол оқушыдағы жетекші әрекет-оқу ісінің міндеттерін игеруге керек».

«Танымдық іс-әрекет - мектепке бейімделудің басты факторы» деп аталатын М.Асылханованың зерттеуі балаларды мектепке даярлаудың психологиялық мәселелеріне бағыты жағынан жақын. Автор мектепке бейімдеудегі психикалық факторларға сипаттама бере отырып, басты фактор ретінде танымдық іс-әрекетке тоқталды. Әйтсе де, мектепке даярлау мен бейімдеу екі бөлек мазмұндағы тақырыптар. Даярлық ісі мектепке дейін жүргізілсе, бейімдеу ісі мектепке келгеннен соң жүзеге асырылатын шара. "Мектепке бейімделу - әлеуметтік тәжірибелерді меңгеру үрдісінің тарихи белгіленуі; оқушылардың әлеуметтенуінің бір құрылымы ретінде анықталды". Сыналушының бір әлеуметтік ортадан   екінші   әлеуметтік   ортаға   өту   барысы емес, жаңа әлеуметтік орта - мектептегі психикалық күйі сипатталды. М.А.Асылханова зерттеуінде мектепке бейімделудің басты факторы ретінде танымдық іс-әрекет қарастырылған, ал мектепке психологиялық даярлық диагностикасы мазмұнында танымдық даярлық негізгі өлшем ретінде сипатталады.

Мектепке психологиялық даярлық мәселесінің кезеңденуі осы  мәселенің мазмұнын толығырақ қарастыруға негіз болады. Мектепке    оқуға    қабылданар    баланы    мектептік    болмысқа    ендіру, толыққанды оқу әрекетін қалыптастыру – мектепке дейінгі өтпелі кезеңге тән психикалық дамудың барлық жиынтықтарымен тығыз байланысты. Олар оқу-тәрбие үрдісін осы жастың психологиялық ерекшеліктерімен қатаң сәйкестікте жүргізуді қажет етеді. Сондай-ақ мектепке дейінгі шақтан оқушылық өмірге өту кезеңін зерттеу мәселесі мектептегі оқу-тәрбие міндеттерін нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл істің түпкі мақсаты баланың мектептегі оқуына берік тұғырды қамтамасыз ету. Ол мұғалім талаптары мен мектеп ережесін орындауға баланың ерік күшін бағындыра алу іскерлігінен көрінеді. Екі кезеңнің арасындағы дағдарыстың бала психикасына әсері із-түзсіз жойылып кетпейді.

Қазіргі Қазақстанның индустриалды-инновациялық жағдайында үдемелі ақпараттық даму – білім мазмұнының қолданбалылығын барынша арттыруды міндеттейді. Қазақстандағы білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып табылады. Ерте балалық шақтан бастап адами капиталға қаржы жұмсау қоғам мен экономикаға айтарлықтай табыс әкелетіні бүгінгі таңда дәлелдеуді қажет етпейтін фактор. Адами капиталды қаржыландырудың өзгермелі әлемге жылдам бейімделе алатын, техника тіліне жетік, өнімді жұмыс күшін жасау үшін аса қажеттігі және бүгінгі таңда білім беруге жұмсалатын қаржыны әлеуметтік қажеттіліктерге арналған шығын ретінде қабылдамай, экономикалық инвестиция ретінде түсіну керектігі «ҚР білім берудің 2011-2020жж арналған Мемлекеттік бағдарламасында» айқын көрсетілді. Онда білім берудің экономикалық тиімділікпен қатар, әлеуметтік табысқа да қол жеткізетіні: азаматтық қатынасы берік, қоғамдық санасы жоғары әлеуметтік капиталдың қалыптасуына ықпал ететіні анықталды. Заманауи өзгерістер ағымы балалар психологиясының да қарқынды дамуына оң  ықпал етуде. Жаңа дәуір балалары адамзат тарихындағы бай тәжірибені бойына сіңіре отырып, өзі өмір сүріп отырған заман ерекшеліктерімен бірге даму үстінде. Бұл құбылыс барлық адамтану саласының, әсіресе педагогика, психология ғылымдарының мамандарына жаңа міндеттер жүктейді. Балаларымызды бабалар мұрасынан тыс қалмауға, әлеуметтік ортаның тыныс-тіршілігін ұлттық болмыспен қабылдауға бейімдей отырып, олардың санасын «ұлттық құндылықтарды меңгерген жаңа дәуір балалары» моделіне бағыттай білу қажет. Модель мазмұны жауапкершілігі жоғары, жаңаша ойлайтын, зерек те елгезек, кеңістік заңдылықтарымен қоса, бабалар аманатынан хабардар, салт-дәстүр мен ауыз әдебиетінің озық үлгілерін меңгерген ұлтжанды, ана тілінің нәрімен барынша сусындаған, еркін, дені сау балаларды сипаттайды. Туған халқының ұлттық болмысы туралы білімдер баланың жан-дүниесін, рухын қазақиландырады. Болашақ ұрпақтың ұлтан емес, сұлтан болып қалыптасуы ұлттың ұлылығын ұлықтайтын асқақ, нұрлы, нәрлі білімдерді мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісінің нәзік те, өршіл сезімдермен қалыптастыра білу, баланы иландырып, танымдық тұрғыда жетелей білу іскерлігінде. Сала мамандары мен әдіскерлердің міндеті психология, педагогика мен инновациялық білімдерді интеграциялау арқылы тиімді заманауи-ұлттық мектепалды даярлық тетігін жасау.

Ол үшін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту стандартын (ҚР МЖМБС 1.001-2009) басшылыққа ала отырып, мектепке психологиялық даярлық үрдісін жасауда негіз болатын басты нысандарға шолу жасалды. Мектепке дейінгі мекеме тәрбиеленушілерінің «денсаулық», «қарым-қатынас», «таным», «шығармашылық»,  «әлеуметтену» құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында:

-             мектепалды даярлықтың негізгі аспектісі ретінде тұлғаралық қарым-қатынастарды, баланың өзіне өзінің қатынасын, қарым-қатынастың мәнерлі белгілерін,  қатынас құралы – тіл туралы, коммуникацияның мектепке дейінгі жас ерекшеліктеріне сәйкес жіктелуін, халық ауыз әдебиетінің озық үлгілері арқылы балалардың сөздік қорын дамытуды және қазақ фольклорының кіші жанрларын логопедиялық құрал ретінде пайдалану;

-             танымдық даярлық – мектепке дейінгі мекеменің оқу-тәрбие үрдісінде балалардың ой ұшқырлығын, тапқырлығын, танымдық сергектігі мен елгезектігін дамытуда психологиялық жаңа құралдарды пайдалану; танымдық әрекеттер: қабылдау, есте сақтау, түйсік, қиялды ауыз әдебиеті үлгілері арқылы балалардың жас ерекшеліктеріне қарай, ұйымдастырылған оқу әрекетінде және педагогикалық процессте дамыту;

-             мектепке баратын балаларға ұлттық құндылықтар арқылы әлеуметтік орта нормаларын меңгерту адамгершілік әліппесі, мінез-құлық мәдениеті туралы қарапайым түсініктер беру; адам табыстылығының, саулығының, бақытының кепілі ұстамдылық, ал оның негізі – сабыр екенін ұғындыру; сабырлылық туралы ұлы ойшылдар қазынасымен таныстырудың психотехникалары.

  Мектепалды даярлық сауатты ұйымдастырылған жағдайда баланың жаңа әлеуметтік ортаға жылдам бейімделуі арқылы жетекші әрекеттің нәтижелілігінің артуына ықпал етеді. Мектеп жасындағы баланың дамуы түрліше жүреді, мәселен, бір бала тәрбиешінің түсіндіргенін ары қарай өзі жалғастыра алса, келесілеріне өз бетімен жаңа білімді меңгеру қиындық келтіреді. Қазіргі таңда жобаланып отырған білім беру – баланың жеке тұлғалық қасиеттерін, танымдық қызығушылықтарын арттырып, алған білімін өмірде қолдану икемділігін қалыптастыруды көздейді, сондықтан білім мазмұнын дамыту сипатында құру негізгі білім беру әдістері ретінде анықталады.

Мектепке дейінгі жас бала дамуының жаңа әлеуметтік ситуациясының пайда болуымен сипатталады. Мектеп жасына дейінгі баланың айналадағы адамдар арасынан алатын орнының ерте сәбилік шақтағы балаға қарағанда елеулі айырмашылықтар болады. Баланың қарапайым міндеттер өрісі пайда болады. Оның үлкендермен байланысы жаңа формаға ие болады, бірлескен іс-әрекет ересек адамның нұсқауларын дербес орындаумен алмасады. Тұңғыш рет баланы белгілі бағдарлама бойынша біршама жүйелі оқыту мүмкін болады, бірақ Л.С.Выготскийдің айтып көрсеткеніндей, бұл бағдарламаның жүзеге асуы оның қаншалықты дәрежеде баланың өзіндік бағдарламасына айналуына тығыз байланысты. Дене дамуы баланың дербестігінің арта түсуі үшін, тәрбие мен оқыту процесінде қоғамдық тәжірибенің жаңа формаларын игеруі үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Мектеп жасына бейінгі баланың басқа адамдарға қатысты өзіндік ішкі позициясы өз «менін» және өз қылықтарының маңызын аңғарудың арта түсуімен, үлкендердің ішкі дүниесіне, олардың іс-әрекеттері мен өзара қарым қатынасына ерекше қызығуымен сипатталады. Мектеп жасына дейінгі баланың жетекші іс-әрекеті ойын болып есептеледі. Оның жетекші іс-әрекет болуы, қазіргі баланың өзінің көп уақытын ойынмен алданып, үлкендердің еңбек әрекетіне аз немесе мүлдем араласпауына байланысты емес. Ойын баланың психикасында сапалы өзгерістер туғызады: онда мектеп жетекші болатын оқу әрекетінің негіздері қаланады.

Баланы тәрбиелеу, дамыту және білім беру мәселелерінде отбасы мен балабақша ұжымы бірлескен өзара тығыз байланыста болуы қажет. Білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту. Бұл мақсаттар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нәтижелі болады. Баланы өмірге дайындау үшін дамытудың маңызы ерекше. Мектеп жасына дейінгі кезеңде баланы дамыту барысы:

1. Зердесін дамыту

2. Эмоциясы мен сезімдерін дамыту

3. Күрт қиыншылықтарға төтеп бере алуын дамыту

4. Өзіне-өзінің сенімділігін, өзін-өзі қабылдау, жақсы көруді дамыту

5. Танымдық үрдісін дамыту

6. Өзін-өзі алып жүре алуын, дербестігін дамыту

7. Өзін-өзі көрсете алуына, өзін-өзі жетілдіруге ынтасын дамыту.

Адамда әрқилы іс-әрекет түрлерінің пайда болуы мен дамуы күрделі де ұзаққа созылған процесс. Бүкіл өмір барысында бірін-бірі ауыстырып, өзара тығыз байланыста жүріп отыратын үш іс-әрекет түрі бар: ойын, оқу және еңбек.

  Ойын – мектеп жасына дейінгі бала әрекетінің негізгі бір түрі. Ойын арқылы адам баласының белгілі бір буыны қоғамдық тәжірибені меңгереді, өзінің психикалық ерекшеліктерін қалыптастырады. Бала ойынында да қоғамдық, ұжымдық сипат болады. Ойын адам әрекетінің бір түрі болғандықтан, оның да өзіне тән мотивтері болады. Ойынның қозғаушы күші – баланың нақты тілегі мен қызығуы. Еңбек үстінде адамның мақсаты мен мотивінің арасында келіспеушілік болуы мүмкін. Ойында бұл жағы болмайды. еңбектің қандай түрі болмасын одан қоғамдық пайдалы өнім шығуы қажет. Бұл айтылғандар ойыннан талап етілмейді. Ойын арқылы бала өз қажетін қалай қанағаттандыра алатыны, қандай қабілеті бар екенін байқап көреді.

Балалардың ересек адамдармен бірлесіп өмір сүруге ұмтылуы бірлескен еңбек негізінде қанағаттандырыла алмайды. Бұл қажеттілігін балалар ойын үстінде қанағаттындыра бастайды, ойын арқылы өздеріне ересектер ролін алып, еңбектік өмірді ғана емес, сол сияқты әлеуметтік қарым-қатынасты да нақтылап көрсетеді. Баланың қоғамдағы осындай ерекше орны оның үлкендер өміріне араласуының айрықша түрі болып сманалатын рольдік ойынның пайда болуының негізіне айналады. Ойын үстінде сәбиге адамдар арасында болатын объктивті қарым-қатынастар түңғыш рет ашылып, ол әрбір іс-әрекетке араласу адамнан белгілі міндеттерді орындауды талап ететінін және бірсыпыра праволар беретінін біледі.

Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеуде оның жағымды да, жарасымды мінез бітістерін қалыптастыруда ата-ананың қызметі маңызды. Осындай маңыздылықты әрі қарай артыратын мектепке дейінгі мекеме мен мектепке дейінгі орталықтар және мектеп педагогтар мен қызметкелердің басты міндеті. Себебі, ата-аналарға  педагогикалық білім мен педагогикалық кеңес, бағыт-бағдар беретін педагогтар екенін ұмытпауымыз қажет. Яғни, ата-ананың рухани  өсуіне жағдай туғызып отыру қажеттігі туындайды. Отбасындағы тәлім-тәрбиенің мақсаты баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерінің даму өрісін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу.

 Бала үшін отбасы - ең алғашқы да аса белсенді тұлғалық қалыптасу көзі. Отбасында қабылданған көзқарастар, салт-дәстүрлер, ұстанымдар, әрекет-қылық үлгілері тұлға элементіне бастау беріп, оның барша өмірінің сипатын қалайды. Отбасы тәрбиелік қызметтерінің іске асуы оның ұлттық ерекшеліктеріне, әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрлеріне және талап-тәртіп ұстанымдарына тән. Тұлғаның әлеуметтенуінде жетекшілік маңызға ие жалпыға бірдей жағдаяттар болады. Олар туған күннен бастап, балаға болатын үздіксіз де, тұрақты ықпал; отбасындағы қаоым-қатынастың туысқандық, сүйіспеншілік, сенім, өзара жауапкершілік сезімдеріне негізделуі; ұрпақтан-ұрпаққа тәжірибе өткізуге бағытталған әр қилы денгейдегі отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы мен ықпалы. Өз балаларының ерекшеліктерін, қызығулары мен қажеттерін ескеруде ата-ана мүмкіндіктері орасан.

Балаларды мектеп өміріне тарту бірлескен іс-әрекет барысында жағымды күй қалыптасуын қамтамасыз ету, ата-аналардың қанағаттануын негізгі көрсеткіштері мыналар:

- балалардың мектеп алды даярлық сабағына барғаннан кейінгі жағымды күй;

- балалардың педагогпен және құрдастарымен жақсы қарым-қатынасы деңгейімен қанағаттану;

- педагогикалық процес және оның жағымды бағасына ата-аналардың қызығушылығының пайда болуы;

- баланың өзіндік дамуын ерте бағдарлау қажеттігін ата-аналар сезінуі керек.

Мектепалды даярлық сыныбындағы бүлдіршіндердің ата-аналары мұғаліммен ылғи да байланыста болуы міндетті. Өйткені баланың мектептік оқуға дайындау тек мұғалімге ғана жүктелген ғана іс емес, ол ата-ананың негізгі міндеті болып табылады. Сондықтанда ата-анамен хабарласып отыруы тиіс. Мұғалімнің хабарлары қысқа, нақты, түсінікті болуы керек.Бұл байланысқа «Ата-аналар бұрышы», ата-аналармен жиналыс, пікір алмасу кеші, бала тәрбиесіне байланысты конференциялар, тәрбие мәселесіне байланысты кеңес беру жұмыстарынан көрінуі қажет. «Ата-аналар бұрышында» хабарландыру,балалардың жұмыстары, еңбек, спорт, шығармашылық дағдыларды оқыту іс-әрекетінің нәтижелері жазылған хабарламалар ілінеді. Ата-аналардың балаларына жетістік денгейімен қанағаттануы олардың мектепалды сыныбы ісіне қаншалықты қатысқанымен байқалады.  

 Балаларды мектепалды даярлау олардың психологиялық, педагогикалық  және  физиологиялық  талаптарын  ескере  отырып, бастауыш  мектепке  оқытудың  даярлық  сапасының   жағдайын  жүзеге  асыруы қажет. Алты  жасар  бала  мектеп  жағдайында  оқуға  дайын. Себебі ол қимыл-тірек  қозғалысы  жағынан  саналы  әрекет  етеді. Ол  үлкендер  ұсынған тілек-талаптарды  өздігінше орындай  алады.  Ойын  барысында  да ойлы  әрекет  ету  арқылы  өзінің  не істегісі  келетінін  біліп,  соны  дұрыс  атқаруға  тырысады,  өз әрекетінен  белгілі  дәрежеде  қорытынды  шығарады. Жақсы - жаман  қылықтарды  алып, нені істеуге, нені істемеу керектігін де  біледі,  яғни  белгілі  дәрежеде өздерінің  мінез-құлықтарын басқара алады. Сондықтан  бұл  кезеңде мұғалімдер мен тәрбиешілер  және  ата-аналар,  бала  дамуына  ерекше  мән беріп,  оның   ары  қарай  жетіліп,  дамуы үшін жұмыстар  жүргізетін  болса, 12  жылдық  мерзімді  орта білімге  көшуде  алты   жастан  бастап  оқытудың  саяси  және әлеуметтік  мәніне  ықпал  етуге болады.

Әдебиеттер тізімі

1.                     «ҚР білім беруді дамытудың 2011-2020жж арналған Мемлекеттік бағдарламасы». А., 2010.

2.                     Выготский Л.С. Исторический смысл психологического кризиса. Т. 6., М., 1982.

3.                     Леонтьев А.Н. Психическое развитие ребенка в дошкольном возрасте. М-Л., 1948.

4.                     Подготовка детей к школе в детском саду. // Под ред. Ф.А.Сохина, Т.В.Тарунтаевой. М., 1978.

5.                     Эльконин Д.Б. Психологические аспекты проблемы готовности к обучению в школе. М., 1971., ч. 1.