Тасқараева Айжан

 Б.Момышұлы атындағы № 45 классикалық-гимназия, Тараз, Қазақстан

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ МЕН ДАМУЫ

 

 

Бүкіл адамзат қоғамның, XXI ғасырдың алғы шебіне, яғни ғылыми-техникалық прогресс пен өркениетті даму дәуіріне бет бұру кезеңінде жаңа қоғамға лайықты сапалы білімді, жетілген жеке тұлғаны қапыптастыру бүгінгі мектеп алдында тұрған негізгі міндет болып отыр.

Бастауыш білім - үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы.

Бастауыш сатыда оқушыны бұрынғыша пәндік білім, біліктерінің белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқу әрекетін қалыптастыру негізінде жеке бас тұлғасын тәрбиелеу мәселесі қойылған. Белгілі бір көлемдегі білік дағдыларды меңгерумен қатар табиғат, қоршаған орта туралы түсініктері кеңейте отырып, оларда шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Оқушылардың білім, білік дағдыларын дамыту, оларды үнемі бақылау, әрине қоғам талабынан туындайды. Қоғам қашанда дарынды, қабілетті адамдарға мұқтаж болып келген. Қазіргі кезде мамандық атаулының барлығы білімділікті, ептілікті, ерекше ой қызметін, белгілі бір білім дағдыларының қалыптасуы, оларды керекті бағытына жаңаша ізденіспен бұра білу қабілеттілігін қажет етеді. Баланың қабілетін өрістететін, дамытатын тек мектеп қана.

Қазіргі кезде республикамызда білім беру ісін жаңғыртудың негізгі ұстанымдары ретінде демократияландыру, ізгілендіру ұстанымдары анықталды. Олардың талабы бойынша оқытудың басты мақсаты өздігінен білім алып, дами алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Сондықтан теориялық материалдардың мазмұны, оқушының өздігінен жаңа тақырыпты меңгеруіне қолайлы және қызықты мазмұндалуы қажет. Ең алғашқы білім бастауыш білім болғандықтан, бастауыш саты - үздіксіз білім берудің алғашқы басқышы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік, дағдыларды меңгерумен бірғе табиғат, қоршаған дүние   туралы   түсініктерін   кеңейте   отырып,   оларды   педагогикалық бақылаудың бір түрі - тестілеу бағытында жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы. Осы талап тұрғысынан алғанда, оқу-тәрбие үрдісін ұйымдаструдың сан түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіру, жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың маңызы ерекше.

«Даму - болып жатқан өзгерістердің сипаты мен бағытын білдіретін ұғым. Даму идеясы - адамтану ғылымдар тарихының, соның ішінде педагогиканың ең басты идеяларының, педагогикалық категориялардың бірі. Даму идеясын тұңғыш ашқан ескі ірек филосфы Гераклит болды. Дамудың негізгі қайнар көзін, сипатын және бағытын ашатын диалектика заңдары болып табылады. Даму дегеніміз - қарама-қарсылықтардың, жаңа мен ескінің күресі. Даму процесі алуан түрлі қоршаған жағдайға байланысты эволюциялық жолмен жүреді. Даму күрделі жан-жақты процесс.

«Даму- индивидтің тұқым қуалау арқылы берілген және өмір барысында қалыптасқан қасиеттерінің сандық және сапалық өзгерістерге ұшырау процесі».

Адамның дамуы мен қалыптасуы жайында осы уақытқа дейін әр түрлі пікірлер мен теориялар әдебиеттерде орын алып келеді. Атақты грек философы Платон мен Аристотель адамның дамуын, алдын-ала тағдыр белгілеген тұқым қуалаушылық табиғатынан деп дәлелдеді.

Көптеген ғалымдар жеке адамның дамуында тұқым қуалаушылық факторын жетекші роль атқарады деп таниды. Америка психологы Эдуард Торандайк (1874-1949) баланың дамуын геналарға байланысты, бала геналардың ерекше батериясы, ондағы «гена саймандары» өзгермейді, егер баланың дене қасиеттерін, ақыл-ой ерекшеліктерін және қабілетін белгілейді, деп өз ойьга дәлелдейді, Ол адам санасы да өзінің шыққан тегіне байланысты деп тұжырымдайды.

Америка философы, педагогы Джон Дьюи (1858-1925) Өзінің даму теориясын баладан туа пайда болған инстинкт және қабілеттермен дәлелдейді: Дьюидің пікірі бойынша адамда туысымен-ақ дайын талаптар мен қабілеттер және эмоциялар болады. Сондықтан Дьюи адам табиғатын тәрбие арқылы өзгерту мүмкін емес дейді. Австрия дәрігері Зигмунд Фрейд адам мінез-құлқының қозғаушы күштері оның биологиялық тегіне байланысты деп түсіндіреді.

Адамның жан-жақты дамуының әлеуметтік жағдайларға тәуелді екендігін XVI және XVIII ғ.ғ. алғашқы рет байқаған гуманистер социал-қиалшылдар Томас Мор және Томмазо Кампаннелла. Мор жеке адамды дамытудың негізі-жалпыға бірдей және міндетті оқу, оқуды ана тілінде жүргізу, балаларға ғылымның әр түрлі салаларынан теориялық білім беру, оны еңбекпен ұштастыру деп өзінің бұл пікірін «Утопия» кітабында сипаттайды.

Кампанелла адам баласының дамуы, жарасымды қалыптасуы, оның баққытты өмір сүруіне байланысты, сондықтан тәрбие процесінде балалардың ақыл-ойын, қабілетін дамыту үшін игілікті, қажетті жағдайлар жасау керек дейді.

XIX ғасырдың басында қиялшыл социализмнің ілімін жасаушылар Ш.Фурье, Роберт Оуэн және Сен-Симон балаларды жан-жақты қабілетті дамыту, яғни, оларды біліммен қаруландыру, өмірге, еңбекке даярлау тәрбиеге байланысты деп түсінеді. Олар капиталистік қоғамды, ондағы тәрбие жүйесін батыл сынап, жеке адамның жан-жақты дамуына толық жағдай жасау үшін, халыққа білім және тәрбие арқылы таптық қоғамды бибітшілІк жолмен жаңа қоғамға айналдыруды арман етеді.

Жеке адамды жан-жақты дамыту және тәрбиелеу жайлы мәселелерді ең алғаш рет ғылыми тұрғыдан дәлелдеген К.Маркс пен Ф.Энгельс болды. Олар даму заңдарын ашып, адам баласының прогресс жолымен алға басуының мақсаты - бақытты өмір сүріп, жан-жақты дамуына игілікті жағдай жасайтын жаңа қоғамды орнату керек дегеы қорытындыға келеді.

«Даму - жеке адамды жетілдірудің өте күрделі және диалектикалық процесі. Балада осыдан туа біткен идеялар мен түсініктер және өжет, жұмсақ немесе байсалды мінез болмайды. Баланың адамгершілік, әуестік, белсенділік және батылдық сияқты қасиеттері даму үстінде қалыптасады, -  дейді Ж.Б.Қоянбаев.

И.В.Павловтың ілімі бойынша, даму - ішкі жүйке жүйесі қызметінің және сыртқы жағдайларының өзара әрекеттесуі, айналадағы шындықтың адамға ықпал етуі.

Баланың дамуына ықпал ететін факторларға тұқым қуалаушылық, әлеуметтік орта, тәрбие т.б. жатады.

Жеке адамды дамытудагы басты факторлардың бірі - тәрбие. Тәрбие балалардың жас және дербес ерекшеліктеріне, дайындығы мен даму дәрежесіне лайық іске асырылады. Тәрбие арқылы адамдардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру үшін, тәрбиеші тәрбиенің құралдары мен әдістерін және формаларын іздестіреді, оларды тиімді етіп пайдаланады. Демек, тәрбие алдын-ала жасалған арнаулы жоспар бойынша мақсатқа бағыттала және ұйымдастырыла жүргізіледі.

Джон Локк адамның көзқарастары мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудағы тәрбиенің шешуші ролін мойындай келіп, адам тәрбие арқылы жетіледі деген сыңар жақ қорытындыға келеді. Локк бойынша, бала жаны табиғатынан - ақ тақта сияқты тап-таза болады, сондықтан тәрбиеші нені қажет деп тапса, соны сол ақ тактаға жазуы тиіс. Бұл жерде Локк тәрбиенің жолын аса дәріптеп, әлеуметтік орта мен тұқым қуалаушылық факторларының адамды дамытудағы ықпалын жете бағаламайды.

В.Г.Белинский бала жаны не болса, соны жаза беретін ақ тақта емес, оған өмір жазатын әріптердің мәні тәрбиеші мен жазу құралына және сол тақтаның өз сапасына байланысты деп жазды. Белинский тәрбиенің ролін жоғары бағалай келіп, адамның дамуына тұқым қуалаушылық пен ортаның әсерін де ескрген жөн дейді.

Тәрбие процесінде оқушы өзінің дамуына қажетті жағдайларды пайдалануы тиіс. Осыған орай, тәрбиеші тәрбие арқылы баланың түрлі іс-әрекеттерін тиімді етіп ұйымдастырады, оның дамып-жетілуіне қажетті материалдарды іріктеп алады, айналадағы табиғи және әлеуметтік ортаға көзқарасын дамытады.

Оқушы организмі мен жүйке жүйесінің даму негізінде, онын психикалық қызметінің (түйсік, қабылдау, ес, қиял, ойлау, тіл, зейін, сезім т.б.) дамуы жетіле түседі.

Оқушының әрбір даму кезеңінде жетекші іс-әрекеті болады. Мұндай іс-әрекет өзінің мақсаттары, мотивтері және орындалу тәсілдерімен сипатталады. Жетекші іс-әрекеті - өсуші индивидтің мұқтаждарын қанағаттандыру мен таным немесе психикалық процестерін қалыптастыруға бағытталған іс-әрекеті.

Таным іс-әрекеттерінің процесінде жаңа мотивтер туады, оқушының түсінігі мен ұғымы, білімі мен тәжірибесі артады, ойлау операциясы да (талдау, синтездеу, салыстыру, абстракциялау, жинақтау, классификация) жетіле түседі. Оқу мен тәрбие процесінде оқушы ойлау операциясы арқылы объективтік шындықтың құбылыстары мен заттарын анықтай білуге, адам баласының бай тәжірибесін үйреніп, үйренуге талаптанады. Әрине, оқушы өз бетінше жаңалық ашпайды, ол мұғалімнің, тәрбиешінің көмегімен беріледі, зерттелген ғылыми мәліметтерді бағдарлама, оқулық және басқа да әдебиеттер арқылы қабылдап, меңгереді.

Ойлау әрекеті негізінде оқушылардың дүниеге көзқарасы қалыптаса бастайды, нақты ойлаудан абстракті ойлауға көшеді. Нақты ойлау - бастауыш сынып жасындағы балаларға тән, абстракті ойлау - жоғарғы сынып жасындағы балаларға тән. Сөйтіп, оқушылардың ой-өрісі кеңиді.

Таным психикалык просецтерінің (түйсік, қабылдау, зейін, ойлау, сөйлеу т.б.) дамуымен бірге оқушының псикихалық қасиеттері де (қабілет, бейімділік, мінез) қалылтаса бастайды. Осыған байланысты ойлаудың қабылдағыштың, бақылағыштық, білуге құмарлық, тапқырлық, ізденімпаздық сияқты болымды жақтары да жетіле түседі.

Іс-әрекет процесінде әр түрлі қиыншылықтарды жеңу үшін жеке адамда шешімділік, өзін ұстай білу, батылдық, табандылық, төзімділік сияқты ерік қасиеттері пайда болады. Ал ерік дегеніміз - адамның белгілі бір мақсатқа ұмтылуы мен белсенділі қимылы.

Жеке адамның психикалық дамуы - бұл оның іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы саналылығының өсіп жетілуі. Сананың дамуы мен адамның қоршаған ортаны жете түсінуін, яғни, оның табиғи, әлеуметтік ортаға көзқарасы мен қатынасын айтады. Ал сана дегеніміз - объективтік шындықты бейнелеуінің жоғарғы формасы .

Сана адамның іс-әрекеті барысында пайда болады. Еңбек және қоғамдық қатынастың нәтижесінде адам өзіне және өзінің әрекетіне қоршаған ортаға жете түсінеді. Оның сана-сезімі дамиды. Дамудың нәтижесінде адамның сыртқы көріністері байқалады. Оларға өзін-өзі бақылау мен бағалау, намыс, өз қадірін сезу, өздігінен жетілуге талаптану т.б. жатады.

Оқушы дамуына іс-әрекеттің ролі өте зор. Ол дамудың негізі. Іс-әрекеттің түрлері: ойын, оқу, қоғамдық пайдалы жұмыстар, көркемөнер, спопрт, оқу және т.б. іс-әрекеттер.

Оқушылардың іс-әрекеттерінің ең басты және жетекші түрі - оқу. Ол алдын-ала жасалған жоспар мен бағдарлама бойынаша мұғалімнің басшылығымен жүйелі түрде іске асырылып отырады. Сондықтан оқу басқа іс-әрекеттерге қарағанда оқушылардың таным таным қабілетін дамытады, дүниеге адамгершілік қасиетін бірте-бірте қалыптастырады. Оқудың барысында сыныптан-сыныпқа көшкен сайын оқушының ой-өрісі кеңиді, білімі тереңдейді, жауапкершілігі артып, өз алдына қойған мақсаттарын орындауға талпынады. Оқушы мектеп кезеңінде даму жолынан өтіп, нақты білім, саналы тәрбие алады.

Адам баласының іс-әрекетінде процесс термині жиі кездеседі. Мысалы, еңбек процесі, оқыту процесі т.б. Олай болса, оқыту процесі дегеніміз не?

Оқыту процесі терең, берік және дәл білім алу таным жолындағы оқушылардың қимылына байланысты. Оқыту процесі — бұл мұғалімен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттесуінің барысында шәкірттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесі - тұтас педагогикалық процестің бір бөлігі.

Оқыту процесінде оқушылардың ақыл-ойы, танымы, практикалық шеберлілігі мен дағдысы қапыптасады. Оқыту процесін басқару үшін оның жүйесін, құрылымын, бөліктерін және заңдылықтарын, олардың өзара байланысын жете білу керек. Оқыту процесі жүйе ретінде қарастырылады, ол өзінің белгілі құрылымы және бөліктерімен сипатталады. Олар:

1. Білім беру мазмұны.

2.        Сабақ беру.

3.        Оқу іс-әрекеті.

4.        Оқыту әдістері.

5.        Оқытудың материалдық құралдары,

6.        Оқыту нәтижелері.

Білім - адамзаттың жинақталған тәжірибесі, заттар мен құбылыстарды, табиғат заңдарын тану нәтижесі. Білімді жеке адамнын тиімділігіне айналдыру үшін, оны ойлау операциясы - талдау, салыстыру, жіктеу және жинақтау қажет. Оқушы ойлау операциясына сүйеніп, өз білімін шындыққа айналдырады. Бұл дамытып оқытудың негізгі ережесі, яғни оқушылардың таным іс-әрекетін дамыту, оларды өз бетімен ізденуге, зерттей білуге және жаңа білімді еркін игеруге үйрету.

Іскерлік - алған білім негізінде оқушылардың практикалық әрекеті іске асырылады. Білімсіз қандай болса да іскерлік мүмкін емес. Мысалы, сауатты жазу үшін грамматикалық ережелерді білу керек.

Дағды - бұл қайта-қайта орындалатын практикалық әрекетке машықтандыру. Мысалы, тез оқу дағдысы - жүйелі түрде жаттығу нәтижесі.

Сонымен, оқу процесінде білімнің, іскерліктің және дағдының өзара байланысы, бірлігі оқушылардың таным қабілетінің (ойлау, зейін, ес, қиял т.б.) дамуына қиындық туғызады.

Оқыту екі жақты процесс, онда мұғалім мен оқушылардың ынтымақтастық іс-әрекеттері  мен тәсілдеріне үйретеді. Бұл сабақ беру   процесі. Оқушылар сабақта турлі іс-әрекеттерінің барысында дамиды, олардың ғылыми көзқарастары қалыптасады. Бұл - оқу процесі. Оқу - бұл оқушылар іс-әрекеттерінің, яғни, объективтік әлемді танудың ерекше формасы.

Оқыту процесінің қозғаушы күштері оқытудың барысында қойылатын таным және практикалық міндеттер мен оқушылардың нақты білімі мен іскерлік дәрежесі және ақыл-ой дамуының арасындағы қайшылық. Егер қойылған міндеттерді шешуге оқушылардың шамасы келмесе, онда қайшылық оқытудың және дамудың қозғаушы күштері бола алмайды. Қайшылық қозғаушы күштері ретінде пайда болу үшін қажетті шарт, ол оқушылардың ықтимал мүмкіндіктеріне сәйкес келуі шарт.

Оқыту процесінің өзіне тән функциялары бар. Олар: оқытудың білім беру, тәрбиелілік, дамыту функциялары.

Оқытудың дамыту функциясы. Белгілі психолгтар Л.С.Выготский мен С.Л.Рубенштейн ұсынған тұжырымдамасы бойынша жеке адам тәрбие мен оқыту процесінде жетіледі. Тәрбие мен оқыту дамуды артына салып отырады.

Оқыту дамыта және тәрбиелей отырып, жеке адамның таным-қабілетін мақсатқа сәйкес жетілдіреді. Оқытудың осындай басты міндеттерінің бірі -шәкірттердің таным-қабілетін дамыту.

Дамытып оқыту - бұл оқушылардың таным іс-әрекеттерін барынша дамыту, яғни олардың ой-өрісін дамыту, сөз бетімен жаңа білімді іздеп табуға және оны еркін игеруге үйрету. Дамытып отырудың міндеті.

Таным - қабілетін дамыту туралы Ресей ғалымдарының (Н.Дайри, Т.И.Махмутов, Л.В.Занков, М.Н.Скаткин, И.А.Лернер, А.Н.Пискунов т.б) тұжырымды ұсыныстары мен пікірлері бар. Олардың идеяларының мәні мына төмендегіге саяды:

1. Таным қабілетінің дамытуы-бұл барлық мұғалімдердің барлық пәндер бойынша оқыту процесіндегі мақсаттылык іс-әрекеті.

2. Оқушыларға білім беру және объективтік шындықты тану мәселелері жайындағы оқулықтың ролі.

3. Оқытудың әдістері мен формаларын жетілдіру.

4. Мұғалімнің теориялық дайындығы, педагогикалық шеберлігі, білімдарлығы оқушылардың таным іс-әрекетін дамытудың шешуші құралдарының бірі.

Оқу - оқыту процесіндегі оқушылардың іс-әрекеті.

Оқыту процесінің логикасы мен құрылымын анықтайды, ал құрылымына оқыту процесінің звенолары - танымдық іс-әрекетінің кездері кіреді:

-   таным міндеттеріне жете түсіну;

-   жаңа материалды қабылдау;

-   ұғыну - жаңа оқу материалдарын түсініп жинақтау процесі;

-   білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру;

-   білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдана білу;

-     оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру,  бағалау.

Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп шешуге тырысады, оқыту процесінің әрбір звеносына жеке-жеке дайындалады.

Ақыл-ойдың дамуына оқу іс-әрекеті ерекше әсер етеді. Әсіресе оқу жүйесінде сөйлеу қабілетін меңгерудің және дамыудың айқындауыштық маңызы зор. Сөйлеу қабілетін бағдарлама бойынша дамыту мақсатында баланы оқытудың және дамытудың мынадай түрлері болады: біріншіден, нормаға сәйкес әдеби тілді меңгеру, екіншіден, оқи және жаза алу. Оқи білу де, жаза білу де- тіл жүйесіне, оның фонетикасына, таңбалануына, лексикасына, граматикасына, орфографиясына сүйенетін сөйлеу дағдылары. Үшіншіден, оқушылардың сөйлеу мәдениетінің белгілі бір тапап деңгейіне сәйкес келуі, яғни, ол оқушы деген атаққа ие бол, сондықтан да сол деңгейден төмен болмауы тиіс.

Қабылдау - адамға тікелей әсер ететін заттардың я құбылыстардың адам санасында бейнелену процесі. Сабақ үстінде оқушылардың жаңа материалмен танысуы түйсіктен және қабылдаудан басталады. Ал түйсік сананың сыртқы әлемімен байланысты. Сезім мүшелеріне әсер етіп, оның мида бейнеленуін түйсік деп атайды.

Оқушыларды жаңа материалдармен таныстыру, бақылау, эксперимент, практикалық жұмыстар процесінде тікелей қабылдау арқылы немесе жанама түрде мұғалімнің сөзі, эвристикалық әңгіме, оқулық арқылы іске асырылады.

Ұғыну - бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау процесі, қорытынды шығару. Ұғыну процесінде оқылатын материал терең ойластырылады, дәлелденеді және бекітіледі.

Бекіту- бұл оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді тәсілі. Сабақта жаңа материалды алғашқы бекіту қолданылды.

Білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдану оқушылардың өзіндік қасиеттерін дамытады. Оқушылардың өз бетімен дамуына ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстарының түрлері мүмкіндік туғызады.

Сонымен оқыту процесінің звенолары сабақ үстінде оқушылардың іс-әрекетінде жүзеге асырылады. Егер олардың іс-әрекетінде мотив болмаса, онда ол бейтарап процеске айналуы мүмкін. Мотив - адамның объективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекетіне ішкі талаптануы. Демек, мұқтаждық пен ынта мотивация негізі болады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Қазақстан   Республикасы   жалпы   орта   білім      берудің   мемлекеттік
жалпыға міндетті стандарттары (жалпы бастауыш білім) - Алматы,
2003 - 135 б)

2. Әбиев Ж., Бабаев С, Құдиярова А. Педагогика. - Алматы , 2004 -443 б.

3. Қазақ   тілі       терминдерінің   салалық   ғылыми   түсіндірме   сөздігі.
Педагогика және психология. Алматы. Мектеп, 2002 -956 б.

4. Жарықбаев Қ. Жантану негіздері. Алматы, 2002. -270 б.

5. Молдағалиев . Педагогика. Сөздік. Орал, 2004ж.