Шанбаева Л.Р.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,
Қазақстан
ТҮР-ТҮСТІ
БІЛДІРЕТІН КҮРДЕЛІ АТАЛЫМДАРДЫҢ ШЫҒУ ТӨРКІНІ,
ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ тілінің табиғатына
тән бір ерекшелік: көптеген түр-түс атауларының
шығу төркіні бүгінде белгісіз. Олардың кейбіреуін
этимологиялық жолмен анықтауға болса да,
кейбіреулерінің құпия сырын ашу мүмкін емес.
Мәселен, ақ, боз, сұр,
көк, кер, ала тәрізді бір буынды түр-түс атауларын
талдап, анықтап жатудың қажеті де жоқ сияқты
көрінеді. Өйткені бұлар одан әрі жіктеуге,
морфемаларға бөлшектеуге келмейді. Бұл атауларды көне
түркі заманынан бері келе жатқан байырғы ілкі түбірлер
санатына жатқызуға болады. Көптеген түркі тілдерінде
кездесетін бұл сөздердің түстік мағынасы да
көне болса керек. Мысалы: ақ
сөзі түркі тілдерінде ақ//ах//ағ//а:қ
формасында қолданылып, бір-біріне жақын үш топ мағынаны
аңғартады: 1) «ақ»
деген негізгі түстік мағына («белый»); оның
төңірегіне: ақшыл, көздің ағы,
жұмыртқаның ағы, т.б.мағыналар туған; 2) «ақ» сөзінің ауыс
мағыналары: кіршіксіз таза, кінәсіз, ақжүрек, адал; 3)
керемет, тамаша, ғажайып. Ақ сөзінің
этимологиясы жөнінде, оның заттық не түстік негізі
жайында ХХ ғасырдың өзінде-ақ түркологтар
арасында әртүрлі пікірлер қалыптасты. Э.В.Севортян «аға» және «әке» деген туыстық атаулардағы
екі сөздің де негізі «ақ» – «оқ»
(қартаю) етістігінен өрбіген дегенді айтады. Жалпы сүт
тағамдарын білдіретін ақ атауы
(қымыз, сүт, шұбат, құрт т.б.) ақ етістігі негізінен
өрбігенін аңғаруға болады. Оған дәлел «ақ» – ағу, жоғары-төмен жылжу, құйылу»
мәніндегі етістік. Сүттің төмен сауылып, сорғалап
құйылатыны белгілі. Әрі өзі де ақ, басқа
реңкі жоқ, өзгермейтін ақ
түсті ақ атау да
көңілге қонымды. Көне түркі тілінде
«үрүң» атаудың тілден ығыстырылып шығуына
да ақ сөзінің
конверсиялануы әсер еткен. Көне мұраларда кездесетін «таң ағару» тіркесіндегі «ақ» жоғары көтерілу,
«таң көтерілу» мағынасын беретін ақ – етістігінің әр түрлі сапада
жеткендігін ғалым Б.Сағындықұлы дәлелдейді [2,
137 б].
Тарихшы ғалым
Х.Көктәнді «ақ»
сөзінің ежелгі нұсқасы ретінде «су» сөзіне де үлкен мән береді: «Су – ақ деген сөз.
Судың ақ деген
мағынаны білдіретінін көптеген деректер айғақтайды.
Жапондарда да су дыбысталуы ақ мағынасын білдіреді екен.
«Ақ
сунбу – ақ-ақ биік»
болып аударылады. Сырдария өзенінің «Авеста» кітабындағы
атауы – Ардвисур. Бұл
өзеннің ежелгі аты – «таза
ақ құндар өзені» деген мағына берген. «Су» сөзінің «ақ» мәнін білдіретіндігіне
тағы бір мысал: Сурманақ –
жалайыр тайпасының Шыңғыс хан заманындағы бір
тармағы, екінші тармағы – Шуманақ.
Жалайырлар үлкен екі тармаққа бөлінген.
Алғашқы тұлғалық атауы Су-ман, кейін Суман
(мәні ақ деген
мағынада), түсініксіз болған соң, алғашқы
мағынасын калькалық тәсілмен көшіре аударып ақ сөзін қосқан,
содан кейін Сурманақ болып шыққан. Шуманақ
тармағы атауы да осындай тарихқа ие. Тұнғыс-манчьжур тілінде «су» сөзі «чуу» дыбысталуында
сақталып, «өте» мағынасын берген. Қазақ
тіліндегі «су қараңғы
соқыр» тұрақты тіркесі
«көзі аппақ болып ағарып кеткен адам» деген
ұғымды білдіреді. Екінші бір мысал: Алтын Орданың Жошы заманындағы
атауы – «Сыр Орда». Көптеген тарихшылар, соның ішінде Рашид-ад-дин,
Вассаф, А.Б.Греков, А. Якубовский сынды ғалымдар Алтын Орданы «Сыр Орда»
деп атаған немесе «Су Орда –
Алтын Орда деген атауға еге» деп жазған», – деген деректер келтіреді
[3, 148 б]. Су – ақ. Осыған
қарағанда Шыңғыс заманында «су» атауы әлі де «ақ»
деген мағыналық мазмұнын жоймаған. Бұл
күндегі тілімізде кеңінен қолданылатын «сүттен ақ, судан таза» деген тұрақты
тіркесіндегі мағынасы да аппақ, мөлдір түске
қатысты айтылып, кінәсіз деген мағынаны білдіреді.
Енді бірқатар ғалымдар
Қ.Ғабитханұлы, Т.Жанұзақов «ақ» сөзінің шығу төркінін «ай» космонимімен сабақтастырып,
оның фонетикалық өзгерісінің схемасы ајаs>аја>ај болуы мүмкін деп
болжайды. Мұның дәлелі ретінде түркі тілдерінде үнемі қолданылатын «ай йузлүк» тіркесінің
мағынасына тоқталады. «Ай» атауын «ақ» сын есімімен байланысты қарауының негізі
бар. Сөздердің тілдегі қолданысы мен оның беретін
мағынасына қарасақ, расында да «ай» атауы о баста заттың сын-сипатын білдіретін сөз
болғанға ұқсайды. Қазақ тіліндегі айдын, айқын сөздері «ай» түбір сөзінің
негізінде жасалған. Демек, «ай»
сөзі о баста «ақ» деген
түстік мағынаны білдіретін сөз болған, осы сөзден
кейін келе қазіргі тіліміздегі сын есім «ақ» туындаған. Түркі тілдерінде й-қ-ғ дыбыстарының
сәйкестігі бұрыннан бар құбылыс екендігін ескерсек,
бұл өзгерісті ай>ағ>ақ
түрінде көрсетуге болады. Сонымен «ақ» түс атауының шығу төркінін
дәл басып айтудың қиындығы «ақ» сөзінің көнелігіне байланысты болып
отыр.
Тіліміздегі ал қызыл, ал қара, ал сары т.б. тіркестер
құрамындағы «ал» сөзі көне
түбірлердің бірі болып табылады. Бұл сөздің
төркіні туралы да біржақты пікір жоқ. Кейбір авторлар «ал» сөзі монғол тіліндегі «гал» («от») сөзімен байланысты
деп қараса, енді бір тобы түркі тіліндегі жалын, ялкун, йалун сөзінің түбірі жал//ял//һал деп қарайды.
Сөз басындағы дауыссыз дыбыстардың (г//ж//й//һ)
түсіп қалу заңдылығын ескерсек, «ал» сөзінің
бастапқы заттық негізі «от»,
«оттың жалыны» болуы мүмкін.
Қазақ және басқа
түркі тілдеріндегі қызыл
мен жасыл сөздерінің
түбірі «қыз» бен «жас»
деген пікір көптен бері айтылып келеді. Сондағы
ғалымдардың дәлелі: бұлардың екеуі де – ыл - іл моделі негізінде бүгінде
жеке-дара қолданылмаса да, бөліп алып қарауға
болатындығы. Ал белгілі топономист Е.Қойшыбаев қызыл сөзін тіліміздегі қысыл (тар, қысылу) етістігімен байланыстырады.
Ғалымның мұндағы сүйенетін дерегі –
Жоңғар және Іле Алатауларындағы шатқал аты – Қызылауыз («узкие ворота»
мағынасында). Бірақ та көптеген ғалымдардың
пікіріне сүйенсек, жоғарыдағыдай, қызыл сөзінің түбірі – қыз: бірде етістік («краснеть», «пламенеть»), бірде сын есім
мағынасында («красный», «багровый») екіұдай қолданылған
екен. Сын есім мағынасында қолданылғандығын
дәлелдеу үшін қызар
етістігін алып, боз - бозар, көк -
көгер, ақ - ағар моделі бойынша талдаса да жеткілікті.
Бұл жердегі түбір тек зат есім немесе сын есім ғана болуы
керек. Сонда қазіргі қазақ тіліндегі қызыл сөзінің құрамындағы о бастағы
дербестігін жойған «қыз»
түбірінің төркіні айқындалмақшы. Ол тек қызыл түстің
ғана емес, тіпті алабұртып, қызу қанды, сұлу
реңді мағынасындағы «қыз»
сөзінің шығуына да негіз болса керек.
М.Қашқаридің «Диуани лұғат ат түрік»
сөздігінде бұл қыз
түбірінің тағы бір мағынасы беріледі: Бұ ат қыз алдым –
Бұл атты қымбат алдым. Сонда қыз түбірінің мағынасы: 1) қызыл; 2) қымбат,
соған тағы да -ыл жұрнағы қосылып, тарихи
тұрғыдан
қатыстық сын туғызса, біздің тілімізде сапа сыны
болып қалыптасқан. Жасыл
түс атауының да түбірін жас
деп тануға болады. Мұнда да о бастан заттық не сындық,
мағына болған. Жас
сөзінің бастапқы мағынасы «жаңа шыққан көк, өсімдік» деуге
болады. Кейін бұл
мән жаңа өсіп келе жатқан балаға, одан кейін
кісінің өмір сүру жыл санына ауысқан. Тілші-ғалым
А.Жеңісқызы жас сөзінің
төркінін уақыт өлшемі жыл
сөзімен қатар бағдарлайды. Деректерге сүйене отырып,
мынадай қорытындыға келуге болады: жыл мен жас сөзінің
семантикалық қатарына «ылғал»,
«жаңа туылған», «жас шөп», «көз жасын»
жатқызуға болады. Осы мағыналардың тууына көк өнімдерінің
дымқыл, ылғал болуымен, әсіресе, таңертеңгі
шық түскен кездегі күйімен байланысты «көз жасы» деген мәнге ие болған тәрізді.
Көк сөзінің
көкшіл, көгірек деген түстік
мағыналарына орнығуы адам танымы арқылы танылған
зат пен құбылыстардың танымдық құрылымы
арқылы берілетін бейненің ортақ сипатымен байланысты. Аспанды
көк деп атап, көк тәңірге
табынған, көк бөрінің ұрпағы саналған
түркі тектес халықтардың танымында аспанның түсі
барлық осы түстес белгілерге атау ретінде берілген. Неге аспан деп
аталынбаған деген сұраққа «аспан» сөзінің
өзі таза түркілік емес, әрі қолдану уақыты да
кейін енген деуге болады. Көк сөзі
– түркі тектес халықтарға ортақ сөз. Заттық
мәндегі көк (аспан) пен
түр-түс атауы көкті синкретикалық
түбір деп қарастырып жүр.
Аспан мағынасындағы көк
сөзі мен онымен түстес нәрселердің салыстырмалы
түрде көк аталуы
әбден мүмкін. Көне түркі тілдерінде «көк» сөзінің бір
мағынасы «тамыр», «көкяң» қазіргі түркі
тілдерінде «тамырлас» ұғымын береді. Бұл «көкең»
туыстық атауымен де байланысты.
Мұндай мағына «көгі жақсы», «көгі жаман»
тіркестерінде сақталған. Бұлар көне жазба
ескерткіштерінде де кездеседі. М.Қашқаридың еңбегіндегі
«көгің кім» тіркесінің аудармасы «шыққан тегің қандай» дегенді білдіреді.
Қазақ тілінде де, жалпы
түркі тілдерінде де сары түс атауы сындық
мағынада қолданылады. Жоғарыдағы талданған
түр-түс атаулары сияқты бұл сөздің де
шығу тегін, этимологиясын анықтау қиындық туғызады.
Сары сөзінің негізгі
түстік мағынасымен қатар түрлі-түрлі ауыс
мағыналары да бар Сары
сөзі – жиі қолданыста болатын, көп жағдайда түсті
білдіретін лексема. Бірақ ол да кез келген қолданысында түсті
білдіре бермейді. «Сары» сөзі
жер-су атауларымен тіркескенде «сар»
тұлғасында қолданылатынын байқау қиын емес. Топономист
Е.Қойшыбаев «сар» сөзі
топонимдік атаулармен тіркескенде көбінесе «айқын, кең, негізгі, басты» деген мағынада
жұмсалатынын айтады. Ал Р.Сыздықова «сары алтын» тіркесіндегі сары
сөзінің мағынасы қоспасыз,
таза, ал «сары уайым» дегендегі «сары»
сөзі парсы тілінде уайым,
қайғы екенін айта келіп, «сары
уайым» тіркесі бір мағыналы екі сөздің қабаттаса
айтылуынан пайда болып, бала-шаға, бекер-босқа сияқты бір
сыңары парсыша – уайым (сар),
екіншісі – қазақша уайым сөзінен
жасалған плеонастық тіркес болып табылады», – дейді [4, 106 б]. Сондай-ақ «сары
алтын» тіркесіндегі «сары»
сөзінің негізгі мағынасы «таза»,
«шынайы» екендігінде дау жоқ, ал «сары
уайым» тіркесіндегі «сары»
сөзі түсті білдірмейді, плеонастық тіркес те емес. Себебі, «сар(ы)» сөзінің түркі
тілдеріндегі бір мағынасы – «шын»,
«нағыз». Е.Қойшыбаевтың «сары» туралы «айқын»,
«анық көрінген», «басты» деуі қисынды. Осыған орай «сары уайым» – «негізгі, анық уайым»,
ал «сарыла күту» – «шыдаммен, нағыз күту» дегенге
саяды. «Сары» сөзінің «нағыз,
таза» деген мағынасының барлығын тарихшы ғалым
Х.Көктәнді де сары
сөзіне берген талдамасында анықтайды. Ғалым сары сөзінің түбірін са/со деп бөліп алып, «са»
түбірі дала деген
ұғымды білдіретінін айтады. Кейбір тарихшылар сары ұйғыр дегенді көне
ұйғыр ұғымын береді деген пікір айтады [3, 148
б]. Бұл асылы, таза далалық ұйғыр
деген сөз. Ра – таза, шын деген сөз. Со – дала, со сөзі , салқар (с//ш), сақара деген
сөздердің түпкі буынында сақталған. Сайын сөзі жеке
тұлғасында ұғынықсыз болған соң,
кейін халықтың өзі сайын
дала деп калькалық тәсілмен көшірме аударма
жасаған. Осы күнге дейін бұл екі сөз қосарланып
айтылады. Сондықтан да ұғымға
таңбаланған, түс мағынасындағы сөз – нақты тілдік бірлік, ал оның
нысаны абстрактілі болып келеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.
Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.
2.
Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы
дамуының этимологиялық негіздері (Монография). – Алматы: Санат,
1994. – 168 б.
3.
Көктәнді Х. Аспан мен
даланың арасындағы 4 ұмытылған тарих. М.: Қасиет,
2001. – 462б.
4.
Сыздықова Р. Сөздер
сөйлейді. Алматы: Мектеп, 1980. – 125 б.