Минасипова А.Р.
М.Х.Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университеті, Қазақстан
ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕУІ
ЖӘНЕ ӨЗІНДІК ҚҰНДЫЛЫҚ БАҒДАРЫ
Қазіргі
қоғам мемлекетке, атап айтқанда, заң шығарушы,
сот және атқарушы билік органдарына өсіп келе жатқан
ұрпақ мәселесіне ерекше ден қою міндетін артады.
Өйткені кәмелетке толмағандар мәселесі тек белгілі бір
отбасы шеңберіндегі ғана емес, ол мемлекет тарапынан бүкіл
қажетті іс-шараларды қолдануды талап ететтін, қажет
десеңіз дүние жүзілік көлемде талқыланатын
қандай да бір міндеттілікті жүктейтін қоғам
бөлігі. Мемлекет кәмелетке толмағандардың
құқықтары мен бостандықтарын
қорғайды, білім беру және тәрбиелеу сипатындағы
мәселелерді шешеді, жас ұрпақ жаман жолға түсіп
кетпеуі үшін үнемі құқық
бұзушылықтың алдын алу шараларын жүргізіп отырады.
Жасөспірімдік
кезең адамның өз болашағына айрықша
үңіліп қарайтын кезең, яғни
өзімен-өзі ақылдасып, «жан дүниесіне
үңілуге құштар» шағы деуге болады. Адам
өзінің сыртқы табиғатын біліп, оның күшін
өз игілігіне пайдалану үстінде өз жан дүниесінің
жұмбақты сырларын да білгісі келеді. Өзінің ішкі жан
дүниесін, алуан түрлі сырларын адам өзі жақсы білсе, ол
сыртқы дүниеге күнбе-күн жасайтын ықпалын
түсініп, адамзат қоғамына пайдалы істер жасауға
тырысады. Адамдардың өмір сүру құштарлығы,
олардың мақсаттары, бірі адамның өзін-өзі тани
білуімен сабақтас.
Жасөспірімдік
кезеңдегі балалардың психикалық дамуының
қозғаушы күші мектеп пен отбасының қоятын
талаптары мен балалардың психикалық даму дәрежесінің
арасындағы қайшылықты айтады. Бұл қайшылық
өскелең жастардың адамгершілік қасиеттерін,
ақыл-ой және шығармашылық күштерін
үйлесімді дамыту жолымен шешіледі. Әрбір
жасөспірімдердің өзіндік санасын дамыту арқылы
моральдық-психикалық қасиеттерін бағалап толық
түсінуіне бірыңғай талаптар игі әсер етеді. Оқушы
өзінің жеке өміріне; қабілетіне назар аударады,
қойылатын талаптарға мінез-құлығына сәйкес
немесе сәйкес еместігін сезеді. Әртүрлі іс-әрекеттерінің
барысында балалардың кейбір ерекшеліктері еске алынады. Олар:
өзін-өзі тәрбиелеу, келешек мамандықты таңдау,
жолдастық, сезім, достық қарым-қатынас,
алғашқы махаббат сезімі т.б.
Өмірдегі
еңбектің, білім алудың, тіпті өмір сүру
формасының адамгершілік-рухани қалыптасуы ондағы
қарым-қатынас бірлігінің беріктігіне,
тұрақтылығына байланысты. Адамның өз
мінез-құлығын аңғара алуы оның
ар-ұжданына байланысты. Егер адам өз ар-ұжданының
деңгейін біліп, оған кір келтірмей жүрсе оның
көңілі ылғи да көтеріңкі болады,
өзіне-өзі сенімі арта түседі.
Білім
беру саласындағы жаңа идеяларды және тәрбие
бағыттарын жүзеге асыру үшін оларды өзін-өзі
тәрбиелеу идеяларымен толықтырып, сондай-ақ оқу
тәрбие әдістерін жаңарту, оқушы мен мұғалім
қарым-қатынасын өзара ынтымақтастыру арқылы
адамгершілік дамудың жоғарғы деңгейіне жету
көзделу қажет деп ойлаймын.
Осы
кезеңге дейін мектеп оқушысының оқуға,
сабаққа, тәртіпке, жолдастарына, үлкен адамдарға,
ата-анасына деген сияқты қатынастарға жиі көңіл
бөлініп келді. Алдағы уақытта, білім беру
қызметкерлері, тәрбиешілер, ата-аналар баланың жеке
өміріне көбірек көңіл аударып, оларға
көмектесу, дұрыс педагогикалық көңіл,
әсіресе баланың өзіне-өзі көңіл аударуын
қадағалауы қажет. Атап айтқанда, баланың
өзін-өзі дұрыс бағалай білуін, өзін-өзі
құрметтеу және сыйлауы, өзін-өзі реттеуі, т.б.
Жасөспірімдердің өзін-өзі бағаламауы немесе
құрметтемеуі өзінің тұлғалық
қасиеттерін немесе құндылықтарын кемітуіне әкеліп
соғады. Мәселен, өзінің бағыт бағдарын
анықтай алмай, өзін құрметтемей, абыройын ойламайтын
дәрежеде ол нашақорлыққа, ішімдіке, жезөкшелікке
салынуына, қылмысқа қол ұруына себепкер болады.
Мұндай жағдайға түсуіне себеп, оның бойында
сенімсіздік пайда болып, қоғамнан немесе ата-анасынан кек
алуға өштеседі. Кейде оларға ешқандай жазалау,
қорқыныш, дәлел әсер етпейді, себебі ол
өзінің болашағына сенбей, пессимисттік, эгоисттік
тұрғыда қарап, өзін-өзі құрметтеуден
қалады.
Сондықтан
да оқушының, яғни жас жеткіншектердің
өзін-өзі құрметтей білуге үйрететін бірден-бір
жол, осы білім беру саласындағы «өзін-өзі тану»
бағдарламасы деп ойлаймын. Жасөспірімді өзін-өзі
құрметтей білуге үйретуді сөзбен немесе үндеу
арқылы емес, тек баланың адамгершілік-рухани қасиеттерін
дамыту арқылы және олардың тұлғалық
абыройын біз үлкендер құрмет ете отырып қалыптастыра
аламыз.
Жасөспірімдердің
адамгершілік-рухани қасиеттер арқылы өзін-өзі реттеу
олардың өзін-өзі тәрбиелеуі арқылы жүзеге
асырылады. Тұлғаның өзін-өзі реттеуі кезінде
сыртқы ортаға, өз міндеттеріне саналы қатынасы
және өз болашағына көз жүгіртіп,
талаптанушылығының негізінде пайда болған қажеттілік –
бұл өзін-өзі тәрбиелеу факторы. Адамның бойындағы
қажеттілік, жауапкершілік, қызығушылық, абырой
сияқты рухани сезімдердің дұрыс қалыптасуы –
тұлғаның өзін-өзі реттеуге толық
мүмкіндіктер береді. Педагогикалық-психологиялық процесте
оқуға зорлау, тәрбиеге күштеу, бағындыру
сиқты әрекеттер баланы ынтасыз, жігерсіз, яғни
өзін-өзі реттеуден безіндіреді. Қазіргі жаңа
оқыту технологиялары мен әдістемелері көбірек
өзін-өзі реттеу жұмыстарына бағытталуы тиіс (В.Шаталов,
И.Волков, В.Краковский).
Жасөспірімдерге
өзіндік жоспар құруға үйрету, яғни ол
жоспар арқылы өзіне-өзі есеп беру арқылы
іс-әрекетін реттеу, болашағын жоспралай, мақсатқа
талпынушылығын арттыра алады, өз бетінше іс-әрекетін
орындауға дайын болып, мүмкіншіліктерді иеленеді.
Ұлы
ойшыл Абай адамның өсіп-жетілуіндегі тәрбиенің
рөліне ерекше тоқтала келе, өзінің он тоғызыншы
қара сөзінде «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп,
көріп, татып, естелердің айтқандарын есте сақтап
қана естелер қатарында болады»,- деп ақыл-естің
тәрбиенің жемісі арқылы жетілетінін ғылыми
тұрғыда дәлелдеп береді. Адам мінезінің түрлерін
адамгершілік, моральдық, имандық тұрғыдан
қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жіктейді,
әдептілікті, сыпайылықты, құмарлықты,
тәуелсіздікті, беріктікті жақсы мінезге жатқызса,
сенгіштікті, арсыздықты, жауыздықты т.б. жаман мінез деп есептейді.
«Егер есті кісінің қатарында болғың келсе,
күнінде бір, болмаса жұмасында немесе айында бір рет өмірді
қалай өткізгендігі жайында өзіңнен-өзің
есеп ал»,- дейді.
Жасөспірімдік
кезеңдегі жастар өз өмірінің тиімді өткеніне
баға бере бастайды және мектепті бітірер алдында өзіне
маңызды сұрақтар қоя бастайды, мысалы «Мен 16 жастамын,
ал мен Отан, мемлекет үшін не істедім?», «Мен кіммін?», «Мен қалай
істеуім керек?», «Отбасының ата-ананың алдындағы менің
борышым неде?» т.б. Мұндай сұрақтар жасөспірімдерді
ойландырып, өз бойларына талдау жасайды. Қайталанбас дара
тұлға ретінде жасөспірімнің өзін-өзі ашуы –
осы адамдар өмір сүруге тиісті әлеуметтік дүниені
ашумен байланысты. Жасөспірімдік рефлекция, біріншіден -
өзінің «Менін» ұғынуы, яғни «Мен кіммін?», «Мен
қандаймын?», «Менің қабілеттерім қандай?», «Мен
өзімді не үшін сыйлаймын?» т.б., екіншіден – дүниедегі
өзінің жағдайын ұғынуы мен өзіндік реттеуі,
яғни «Менің өмірлік мұратым қандай?»,
«Менің достарым немесе дұшпандарым кім?», «Кім болғым
келеді?», «Өзім де, айналамдағы дүние де жақсы болуы
үшін мен не істеуім керек?» т.б. осы сияқты психологиялық
көріністерге ие.
Жасөспірім
өзіне-өзі сұрақтар қояды. Осыған орай ол
өзіне-өзі талдау жасау, әлеуметтік-адамгершілік
тұрғыдан өзін-өзі анықтаудың,
реттецдің элементтеріне айналады. Педагогикалық-психологиялық
зерттеулер бойынша жеке адамның жасөспірімдік шақта
қалыптасатын ерекше маңызды белгісі - өзін-өзі сыйлау,
яғни өзін-өзі бағалау, өзін жеке адам ретінде
қабылдау немесе қабылдамау дәрежесі. Өзін-өзі
барынша сыйлау оның өзгелерге менменсуімен немесе сын
тұрғысынан қарамау емес. Мұның мәнісі адам
өзін өзгелерден нашармын не төменмін деп санамайды,
өзін жақсы көреді деуге болады. Керісінше,
өзін-өзі сыйлаудың төменгі деңгейін – үнемі
көңіл толмаушылықты, өзін жек көруді, өз
күшіне сенбеуді көрсетеді. Өзін-өзі реттеудің
дұрыс жүзеге асырылуына кішкене кезінде-ақ көптеген
себептер әсер етеді (ата-аналарының көзқарасы,
құрдастарының арасындағы жағдай т.б.).
Жасөспірім
кезде бұрынғы ұғымдар жүйесінің
бұзылуына және өзінің жеке қасиеттерін
жаңадан ұғынуға байланысты өзінің жеке басы
туралы түсінік қайтадан қаралады. Жасөспірімдер
көбіне көтерінкі, болмысқа сай келмейтін талаптар
қояды, өз қабілеттерін, ұжымдағы алатын орнын
т.б. асыра бағалауы мүмкін және керісінше. Өзіне деген
осындай негізсіз сенімділік көбіне айналасындағыларды мезі етіп,
көптеген тартыстар мен түсінбеушіліктер туғызады. Жас
жеткіншек өзінің нақты мүмкіндіктерінің шамасын
көптеген сынаулар мен қателесулерден кейін барып, әдетте
мектепті аяқтағаннан кейін біліп жатады.
Тәлімгер-тәрбиешілердің ескеріп жүретін
жағдайлардың бірі – жасөспірімнің өзіне деген
сенімі қаншалықты жағымсыз болғанымен,
психологиялық тұрғыдан өзін-өзі сыйлаудың кемдігі
бұдан анағұрлым қауіптірек. Себебі, мұның
өзі адамның өзі туралы түсінігін
қарама-қарсы қайшылықтарға ұшыратады
әрі орынсыз етеді. Өзін-өзі сыйлауы төмен жас жігіттер
мен қыздар қарым-қатынаста қиыншылықты көп
көреді, жалған бет-перде жасап алып, қоршаған
әлеуметтік ортадан аулақ жүруге тырысады. Олардың
басқа рөлде көріну қажеттігі ішкі
қарбаластықты күшейтеді. Мұндай кезде олар
сынағанды, күлгенді, жазғырғанды өте ауыр алады,
басқалардың өзі туралы не ойлайтынына мазасызданады.
Жеке
адамның өзін-өзі сыйлауы неғұрлым төмен
болса, оның бөлектенуі, жалғызсырап қиналуы
соғұрлым көбірек болады. Өзін-өзі сыйлаудың
төмендігінен барып адамдардың әлеуметтік талаптарының
деңгейі барынша төмен болады, оны жасыру – адам бар іс-әрекет
атаулысынан тартыншақ етеді. Мұндай адамдар көбіне өз күштеріне
сенбегендіктен алға қойған мақсаттарына жетуден бас
тартады. Ал мұның өзі олардың өзін-өзі
төмен бағалауын нығайта түседі. Шығыстың
ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби жаман
мінез-құлық рухани кесел, егер адам өз бойындағы
жоқ нәрселерді өзіне таға беретін болса, онда ол адамда
көлгірсушілік пайда болады.
Жасөспірімдермен
жүргізілген М.Рокич ұсынған «құндылық
бағдары» әдісінің нәтижесін – Сен өз бойыңа
ең алдымен қандай мінез қасиеттерін дарытқан болар
едің?, - Өз бойыңда қандай жаман
қасиеттерің бар, олардан қалай құтылған
болар едің? т.б. сияқты сауалдар арқылы
анықтағанда, олар өз бойындағы қасиеттерін саналы
түрде сезініп, оларға белгілі бір қатынастарын білдірді.
Жоғарыда
көрсетілгендей, «Меннің» бейнелері күрделі, әрі бір
мағынада болмайды. Тіпті толық қалыптасқан жеке
адамның өзін-өзі ұғынуы да
қарама-қайшылықсыз болмайды және өзін-өзі
бағалаудың бірі деп түсініп жатпайды.
Өзін
білу, өзін-өзі сәл басып тану адам жанының
тереңдігін тілейді. «Мен, менен, менікінің» мағынасы екі деп
ұлы Абай айтқандай «мен» дегеннің мағынасы
әртүрлі. Адам бойында «меншіктік мен» және «әлеуметтік
мен» бар.
«Меншік
Мен» - бұл менің отбасым, әке-шешем, олардың
қуаныш-қайғысы, менің де
қуаныш-қайғым болады, сондай-ақ менің кітабым,
менің жан-дүнием, рухым.
Жеке
адамның өзінің ең қадірлі жағы болып
көрінетіні, ол менің ең алдынғы орынға
қоятын мұраттық жағым. Дәлірек айтқанда,
«Дүниеде неге сенемін», «Не үшін өмір сүремін», «Не
үшін жұмыс, қызмет істеймін» т.б. Мұндайда
жасөспірімдерде «болашақ», яғни сол
болашағындағы, келешегіндегі үміт үшін жан
қиюға дейін барады. Өзі туралы өзгелердің
жақсы пікірде болуын күте берсе еріксіз солардың пікіріне
бағынышты болады. Айналадағы өзгелерге қарай,
біздің « әлеуметтік Мен» де сан түрлі болады.
Өзгелердің мысы баса берсе, соғұрлым «Мендік» меннен
айырылып, өзгелердің пікірлерінің ықпалы
күшейеді. Өзгелердің «Мен» туралы пікірі ұшқары
болса, өзімді қалай тануым керек? қалай да болса,
өзіммен-өзім жекеленіп, өзімді білемін? Бұл өте
күрделі мәселе. Осы жағдайда адамның ішкі жан
сырының неше алуан көріністерін еңбектің,
оқудың, білім мен өнердің тұлғаға
тән ынсап, рақым, ар-ұят, сабырлық, ой-талаптық
ортаға, өзіне тигізер пайдасы, әрі ықпалы туралы
Шәкәрім Құдайбердіұлы былай деген: - ынсап, рақым, ар-ұят,
сабыр-сақтық, талапқа алты түрлі ноқта
тақтық... Осылай атай отырып, ол жастардың
қоғамдағы орнын жоғары пайымдай келе оларға
көп сенім артып, мақсат-міндет қояды, олардың
орындалуына қажет шарттарды, жолдарын былай деп нұсқайды:
«Анық па?» деп айтарлық үш нәрсе бар – кірсіз
рақым, мінсіз сөз, адал еңбек».
Жалпы
мектептердегі құқықтану сабағын өткізу мен
мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары
педагог-заңгер болуы міндетті, жоғары оқу орындарында
педагог-заңгерлер мамандығын даярлайтын бөлімдер ашылуы тиіс,
сол бөлімдерді бітірген азаматтар ІІБ-ның жастар ісі туралы
инспектор қызметіне де, атқарушы органдардағы жастар ісі
туралы комиссияның хатшылығына да сұраныс табар еді.
Мектептердегі
«қиын» балалар мен кейбір ата-аналармен де тәрбиелік жұмыстар
жүргізу үшін тек психолог емес, педагог-психологтар да қажет,
ал оларды дайындау үшін жоғары оқу орындарында аталған
мамандарды даярлайтын бөлімдер көбірек ашылуы тиіс. Әр істі
өзінің маманы ұйымдастырып басқарса сол іс
анағұрлым жемісті болатындығы ғасырлар бойы дәлелденіп
келе жатқан тәжірибе емес пе? Заңгер немесе педагог-психолог
мамандарының жастармен неғұрлым көбірек байланыс
жүргізген жұмыстары соғұрлым жемісті болар еді.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Джаманбалаева
Ш.Е. “Социология девиантного поведения”-А.,1999.
2. Степанов В.Г.
“Психология трудного школьника”-М.,1998.
3. Бондура
А.,Уолтерс Р., “Подростковая агрессия”. Изучение влияния и семейных
отношений.-М.,ЭКМО-Пресс,1999.
4. Богомолова
Н.С. “О внутриличностных детерминантах криминальной агрессии.//
Насилие,агрессия, жестокость.-М.,1990.
5. Орсаева
Р.Ә. “Кәмелетке жасы толмағандардың
қылмыстылығымен
қылмыстық-құқықтық күрес
шараларының тиімділігі”.Диссерт.жұмыс.2005.