ӘОЖ 338.43

 

Ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі және оның көрсеткіштері

 

Керимкулова Э.З., магистр, Тойшибекова Н.М. магистр

 

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

 

Аграрлық рынокта бәсекелестіктің пайда болуы бәсекеге қабілеттілік түсінігімен тығыз байланысты. "Бәсекеге қабілеттілік – елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси немесе тауар өндірушілерінің ішкі және сыртқы рыноктағы жағдайы себептерінен пайда болады" – деп профессор А.Я.Селезнев атап өтеді.

"Бәсекеге қабілеттілік" термині жиірек  тауарға қатысты айтылады, яғни "бәсекеге қабілеттілік" өнім позициясы тұрғысынан қарастырылады. Бірақ мұндай анықтаулар А.И.Яновский [1] пікірінше біржақты болады, бұл өнім өндіруші және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің нақты позициясын көрсете алмайды.

Аталған сұрақ батыс Еуропа, АҚШ авторларының еңбектерінде кең көлемде жазылған, мұнда бәсекеге қабілеттілікті жекелеген елдердің экономикасымен немесе тауармен, фермалармен байланыстырады. Американдық экономистер М.Эрлих және Дж.Хайн халықаралық бәсекеге қабілеттілікті "елдің немесе фирманың өзінің тауарын сату қабілеттілігі" деген анықтама береді.

"Бәсекеге қабілеттіліктің" рыноктык категориясына анықтама беретін болсақ, тауардың бәсекеге қабілеттілігі – бұл рыноктың талабына сәйкес тауар сипатының жиынтығы, оның бәсекелестің тауарынан айырмашылығы,  қоғамдық тұтынудың нақты сәйкестік деңгейімен және қанағаттандыру шығындарымен анықталады [2].Тауардың бәсекеге қабілеттілігіне негізгі талап, тұтынушылардың нақты топтарының талаптарынан төмен болмайтын деңгейін қамтамасыз ету үшін өнімнің сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету.

Сатып алушыға тауар өндірісінің қасиеті, еңбек, материал және энергия сыйымдылығы мүлдем керек емес. Оған керегі сапасы және бағасы. Сондықтан да "бәсекеге қабілеттілікке ие болатын сол тауар, тұтыну және бағалық қасиеттерінің кешені коммерциялық жетістікті қамтамасыз етеді".

Тауардың бәсекеге қабілеттілік индикаторы болады:

- тауардың қасиеті (пайдалылығы);

- тауардың сапалық сипаттамалары;

- тауар бағасы.

Өнім өндірушінің алатын нәтижесі – бәсекеге қабілетті тауарды алу, бірақ оның қалыптасуы өндіріс деңгейінде жүзеге асады, мұнда рынокқа әртүрлі тауарларды ұсынатын ауыл шаруашылғының әртүрлі салалары бар.

Ауылшаруашылық саласын өндірісінің бөлігі  ретінде түсінуге болады,  ол белгілі өнімдерді шығару сипатына ие және басқа салалардың өнімдерінен өндіріс құралдарының ерекшелігімен, өндірістің ұйымдастырылуы және технологиясымен, мамандандырылған кадрларымен ажыратылады [3].

Бәсекеге қабілеттілікті артықшылық, салыстырмалы шама ретінде анықтай отыра, бәсекеге қабілетті сала – бұл жоғары сапалы өнімдер өндірісіне негізделген,  сол салаға бейімделген технологиясы,  оңтайлы машина жүйелері бар, жоғары білікті еңбекті пайдаланатын сала.

Қазіргі кезде ауыл шаруашылығының барлық салалары келтірілген параметрлерге жауап бере алмайды. Әсіресе мал шаруашылығы, салааралық бәсекелестікте анағұрлым ұтылысқа ұшырауда, соңғы жиынтығында абсолютті түрде бәсекеге қабілеттілігі жоқ болып отыр. Тұтастай  ауыл шаруашылығын алғанда, халық шаруашылығының жүйесінің біртұтас саласы бола тұра, өнеркәсіптің салаларымен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігі өте төмен.

Интенсивті технологияны қолдану, механизацияның жоғары деңгейі – бұл шығарылған өнімдерден табыс алу үшін қажетті жағдай болып табылады. Сондықтан да, саланың бәсекеге қабілеттілігі ішкі, сондай-ақ сыртқы бәсекелестік көзқарасымен бағаланады.

Экономикалық әдебиеттерде саланың бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіштері  қалыптасуының реттелген жүйесі жоқ. Оларды тауар және фирманың басты сипаттамаларына әкеліп тірейді. Біз көрсеткіш ретінде пайда, жалпы табыс сияқты көрсеткіштерді қарастырамыз.

Пайда – бұл рынок категориясы,  айналым сферасында пайда болады және ауыл шаруашылығында өнімді сатқаннан түсім-ақша мен оның өндірісіне кеткен толық шығын айырмашылығымен анықталады. Пайда ресурстарды ауыл шаруашылық өндірісі процесінде қолданудың тиімді нәтижесінде, сонымен қатар тиімді алмастыруда болады.

Саланың бәсекеге қабілеттілігін бағалауда жалпы және таза пайданы бір-бірінен ажырату қажет. Жалпы пайда – бұл  салық салымдарын және бюджеттік аударымдарды төлегенге дейінгі алынған пайда. Кейбір әдебиет көздерінде бұл көрсеткішті шартты таза пайда деп атайды және есептейді, бұл барлық елдердегі жұмысшылар және қызметкерлердің сыйақы қорын анықтауға негіз болады.

Басқа экономикалық көрсеткіш – жалпы табыс (таза өнім). В.А.Добрынин таза өнімді жалпы өнімнің нақты өткізу бағасы және  өндірістің тұтыну құралдарының арасындағы айырмашылықпен анықтайды [4].

 Саланың бәсекеге қабілеттілігін сипаттауда басқа да категориялар қолданылуы мүмкін, мысалы коммерциялық табыс, бұл өткізгеннен түсім-ақша және оның өндірісіне кеткен ресурстар (сатып алынған материалдар, амортизациялық аударым, қызмет және т.б.) шығындарының айырмашылығымен анықталады.

Жоғарыдағы келтірілген көрсеткіштер абсолюттік, бірақ бәсекеге қабілеттілікті анықтауда салыстырмалы көрсеткіштер де маңызды роль атқарады – салынған капиталдан алынған пайда, рентабелділік деңгейі және басқа.

Ауыл шаруашылығында өндіріс ресурстарын тиімді пайдалану, әсіресе жерді, салаларды байланыстыру негізінде болады. Бұл ерекшелікті ескеру нарық жағдайында ең тиімді өндіріс түрін таңдауда қажет.

 Бәсекеге қабілетті өндіріске жетудің негізгі басты талабы: прогрессивті технологияны қолдану, менеджменттің қазіргі әдістерін, қор жаңартуды өз уақытында жасау, өндірістің икемділігін қамтамасыз ету, тепе-теңдік, өндірістің үздіксіздігі және бір қалыптылығын қалыптастыру жатады [5].

Ауыл шаруашылығында басты және ауыстыруға жатпайтын ресурс жер жатады, мұндағы өндірістің бәсекеге қабілеттілігінің критериі бір өлшем бірлігі жер ауданынан алынған пайда жатады.

Қосымша көрсеткіштер болып: жер ауданының бірлігіне есептегендегі сату көлемі,  өндірістік капиталға есептегендегі таза пайда, жұмсалған еңбек бірлігін, өндіріс рентабельділігі қолданылуы мүмкін.

Бәсекеге қабілеттілік проблемасын қарастыра отырып, біздер әлденеше рет атап өткендей, тауардың, саланың, өндірістің  бәсекеге қабілеттілігінің негізгі жағдайына жаңа технологияны қолдану, еңбектің жоғары механизациясы, жоғары білікті мамандарды пайдалану жатады. Бірақ дамыған техника жетілген ұйымдастырудың формасы мен өндірісті басқарудың әдістерін қажет етеді. Аталған функцияның шешімі бәсекеге қабілетті кәсіпорын (фирма) деңгейінде шешіледі.

  Тауардың бәсекеге қабілеттілігі қысқа мерзімде өзгеріп отыруы мүмкін,  ал фирманың бәсекеге қабілеттілігінің тұрақтылығы ұзақ кезеңдерде қол жеткізіледі. Бәсекеге қабілетті кәсіпорын өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және қамтамасыз ете алады.

Экономикалық әдебиеттерде елдің бәсекеге қабілеттілігі түсінігі кездеседі. Профессор А.Селезневтың ойынша елдің бәсекеге қабілеттілігі – бұл елдің ерекше жағдайы, көрсеткіштер (индикаторлар) жүйесі арқылы көрінеді.

Бұл индикаторлар аясында "дағдарыс нүктелерінің" қозғалысын бақылауға болады, бұлар экономиканы реттеуші органдардың үнемі назарында ұстайтын обьектілері болуы тиіс. [6]

Нарықтық экономикадағы ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың экономикалық тиімділігі мен маңызы өте үлкен және жылдан-жылға арта бермек. Әлемдік экономиканың дамуы мен экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ауыл шаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесін алға тартып отыр.

Бәсекеге қабілеттілік бәсекелестік күшке байланысты, олар көптеген факторлардың есебінен қалыптасады және өзара байланысқан блоктар жүйелерінен тұрады: бірінші блок – жер, табиғи жағдайлар, материалдық-заттай және еңбек ресурстар ағыны;  екінші блок - өндірістің барлық факторларын қосатын өндірістік процес; үшінші – дайын өнімді өткізу, оны бөлу, қаржы нәтижелері.

Жалпы республикада ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің рыноктық жағдайға бейімделуінде оңды тенденциялар байқалуда, ішкі шаруашылық құрылымында қызмет түрлерінің бәсекеге қабілеттілік жақтарына ойысуы көрініс табуда. Бірақ бұл барлық аймақ пен ауылшаруашылық салаларында бірдей көрініс тауып отырған жоқ.

Қазіргі кездегі аграрлық сферадағы әртараптандыруды (диверсификациялау) тек дағдарыстан шығудың құралы ғана емес, бәсекелестік қабілеттілігін арттырудың факторы деп қарау қажет. Оны 3 бағытқа бөліп қарастырамыз: өндірістің құрылымын ұтымды жасау, тауар қозғалысы кезеңдерін ұзарту, көрсетілетін және өндірістік емес қызметтің сферасын кеңейту. Болашақта әртараптандырудың  үшінші бағытын кеңейтуді ұсынамыз, атап айтқанда шығарылған өнімді тұтынушыға жақындату, өнімдерді сақтау және тасымалдау және одан әрі сауда-саттық құрылымына айналдыру үшін біріккен материалдық-техникалық базаны құру.

Өнеркәсіпке қарағанда агроөнеркәсіп кешенде өндірісті диверсификациялауға үлкен мүмкіндіктер бар. Ауыл шаруашылық өнімдерін ұн, жарма, ысталған шұжықтар, көкөністі қалбырға салу, қызанақ шырыны, томат, кондитерлік тәтті тағамдар және т.б.,  экологиялық жағынан өте таза азық-түліктерді (саңырауқұлақ, бал, шырындар, балқытылған ірімшік т.б.) өңдіру және өңдеуді жөнге салудың мүмкіндіктері бар, көрсетілетін әртүрлі қызмет түрлерін дамыту, малды сою кезіндегі қалдықтарды пайдалануды жүзеге асыру, құрылыс материалдарын дайындау, жиһаздар жасау, дәрілік шөптерді жинау, асыл тұқымды малдарды асырау, жылқы қылшықтарын жинау,  және орау материалдары, ыдыстар, көлік қызметін ұйымдастыру қызметтерінің болашағы өте зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Как добиться успеха: Практические советы деловым Людам / под ред. Хруцкого В.Е. – М.: Республика, 1992. – 510с.

2. Джумалиева Ж.Г. Формирование конкурентоспособности сельскохозяйственных товаров в условиях конкурентной среды. - Алматы, 2003. - С.96-98

3. Костяев А.И. Внешние и внутренние факторы сельскохозяйственного производства // Экономика сельскохозяйственных и перерабатывающих предприятий. – 2002. - №7. – С. 78-81.

4. Фатхудинов Р.А. Менеджмент как инструмент достижения конкурентоспособности // Вопросы экономики. – 1997. - №5. - С.118-127

5. Основы предпринимательской деятельности / под ред. Власовой В.М. – М.: Финансы и статистика, 1994. – 496с.

6. Джумалиева Ж.Г. Формирование конкурентоспособности сельскохозяйственных товаров в условиях конкурентной среды. - Алматы, 2003. - С.96-98