История/1

Садуахасова М.Б., Қазбекова Ш.И.

Тараз Мемлекеттік Университеті

Қазақстандық патриотизмнің қалыптасу құндылықтары

        

Тектілік пен рухтылық, Отан сүйгіштік пен патриоттық...Осынау жақсы қасиеттерді бойына қуат, өмірлеріне мұрат еткен бүгінгі ұрпақ. Өз отанының патриоты болу,  – бұл -  өз елін жүрегінде сақтау.

         Қазақтың ұлтжандылығы, отансүйгіштігі ежелден қалыптасқан.

«Туған жерге туың тік», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» - дейді дана халқымыз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінен ұғынарымыз көп екені хақ. Әуелгісі, туған елдің қадірі болса, кейінгісі, елге, жерге айналудың негізгі фактісі – ұлтжандылық екендігін ұғындырады.

         Қатпар- қатпар тарих беттерін ақтарар болсақ, ел қорғаған ерлер, дау бастаған шешендер, тіптен келгенде жыр жарлаған жырау, ақын, жазушылардың өзі де жоғарыдығы айтқан сөздерімізге айнымас дәлел.

Немесе қазақ халқының өз елін шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Сырым , Исатай сынды батырлар жастайынан  халық тәрбиесінің бесігінде тербеліп өскен. Батырлар жыры да қазақтың елін, жерін, отанын сүюдің негізі болып табылады.

         Осыған қоса бабаларымыз, ел қорғаған азаматтырымыз: Бәйдібек баба, Қойгелді, Сыпатай, Көшек батыр іспеттес тарихи тұлғаларымыздың істеген ерліктері бүгінгі патриотизмге негіз бола алады.

Сондай-ақ, сұрапыл соғыстың қан майданына 1миллион 200мың отандасымыз аттанған болса, соның тең жартысы елге оралмады. Мерт болды. Соғыстың алдыңғы шебі Брест қамалын қорғауда ерлік көрсеткен қазақстандықтар: Ш. Сүлейменов, Қ. Иманқұлов, Сатыбалдин, Сыдықовтар болса, 500 ден аса қазақстандықтар Кеңес Одағының батыры атағын алды. Соның ішінде Бауыржан Момышұлының ерлік тарихы ерекше.

         Қазақстандықтардың Отан соғысындағы ерліктері туралы белгілі ғалым-тарихшы М. Қозыбаевтың еңбегі елеулі. Ол сұрапыл соғыс жауынгерлерінің ерліктерін дүниежүзіне паш етті.

         Міне, өткенімізді, оң мен солымызды өнді танып, тарихымызды бұрынғы еуроцентристік, ұлыдержавалық қоқыстардын енді-енді тазартып жатырмыз. Биыл туелсіздігімізге тәу етіп, елдігімізді жариялағанымызға 20 жылдан асып отыр. Ата-бабамыз арманға қол жеткізген қазақ елі үшін қашанда қастерлі ұғым – тәуелсіздік. Осы сөзді ұран етер болашақ ұрпақ, әрқашан ұлтжанды болмақ.

         Болашақ – бүгіннен басталады, яғни бүгінгі жастар – ертеңгі елдің қазынасы. Егеменді еліміздің ертеңгі  ұрпақтары әдепті, жоғары болып өссін десек, Қазақстандық патриотизмнің құндылықтарын барынша бойына сіңірту шарт.

         Білім мен тәрбие тетіктерін ұрымтал іске қоса отырып,  ұрпақ бойына отаншыл болатындай асыл қасиеттерді дарыту, түптеп келгенде, Отан әлеуетін нығайтудың ең сенімді кепілі. Бұл мәселені Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бір сәт қаперден тыс қалдырмай, тіптен жеке басының қадір-қасиетімен отаншылдықтың, елжандылықтың тамаша үлгісін көрсетіп келе жатқанына куәміз. Тәуелсіздік жылдарында Елбасының қаламынан туған «Ғасырлар тоғысында» , «Тарих толқынында», «Қазақстан – 2030», «Сандарлы он жыл» сияқты терең мазмұнға толы еңбектерінде шын мәнінде Отанын шексіз сүйген, сол жолда қажыр-қайраты мен білім-білігін жан тәнімен жұмсай білген жанның отаншылдық рухы айқын аңғарылады. Содан да болу керек, Н.Ә.Назарбаевтың  Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде айтқан мына ойлары біздің әрқайсысымыздың жан-жүрегімізді отаншыл  болуға үндеген өсиеттей баурады: «Біз Отанымыздың қасиетті байтақ даласын қантөгісті шайқастарда қорғаған батыр бабаларымыздың рухына лайық болуымыз керек. Олар тәуелсіздікті аңсады, біртұтас, қуатты мемлекет құруды армандады. Осы ұлы мұраттың жүзеге асырудың асқақ абыройы біздің ұрпақтың пешенесіне жазылды. Біздің тарихи міндетіміз елімізді әлемнің дамыған мемлекеттердің қатарына қосу, сөйтіп келер ұрпаққа өркенді де өршіл Қазақстанды табыстау».

         Жас әрі тәуелсіз еліміз алдына жаңа мақсаттар мен талаптар қойып отыр. Солардың бірі : - азаматтардың бойына патриотизмді қалыптастыру.

         Халқымыздың патриоттық үлгісін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Ақтамберді, Бұхар жырау және XX ғасырдың басында қалыптасқан Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмут Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ қайраткерлері жасап берді деуге негіз бар.

         Әйтеке би «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі» деп, халыққа қызмет етудің, патриотизмнің айнасы бола білді. Тәуке хан заманынан бері қазақ қоғамында патриотизм байлықтан да жоғары бағаланады.

         Қазақстан Республикасының Ата заңында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және оны азаматтардың ой-санасына сіңіруді мемлекеттік дәрежедегі мәселе ретінде жариялаған. Бірақ бізде патриотизмді қалыптастыруда шешілмеген мәселе көп. Шынына келсек, өте көп күрделенген мәселелер бар. Оның ішінде ұлтымыздың өзінде патриотизмнің деңгейі жоғары деп айту қиын. Осыған байланысты патриоттық тәрбие беру, оның қундылықтарын жете түсіндіру өзекті мәселеге айналып отыр. 

         Тәрбиенің іргетасы қаланатын тұсы – отбасы мен тұрмыс. Сондықтан өмірде жастар арасында кездесіп жатқан ана тілін ұқпау, салт –дәстүрді білмеу, үлкенді сыйламау сынды келеңсіздіктердің пайда болуы, отбасындағы тәрбиенің жеткіліксіздігі, ата-ананың дұрыс тәрбие бермеуі болып отыр. Осы орайда Бауыржан Момышұлының сөзі еске түседі:»тәрбиенің қайнар  көзі –ата-ана. Олардың тыныс тіршілігі, өмірге көзқарасы, рухани өрісі, өзара қарым –қатынасы, қысқаша айтқанда, бүкіл болмысы балаға тәрбие» деген сөзінде , ар, ұят, намыс, имандылық секілді адамның қасиеттерін насихаттауға болады.

         Адамның бойында ұят сезімі қалыптасқан кезде ғана Отан алдындағы парызды орындау үшін саналы түрде қауіп қатерге бас тіге алады. Осы тұста Бауыржан атамыздың тағы бір философиялық ой-танымын тілге тиек еткенді жөн көрдім. «Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс және өз ұлтына  деген терең сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге міндетті» деген.  Сонымен отбасы патриотизмге тәрбиелеуде ерен үлес қосатын аса маңызды әлеуметтік орта деп түюге болады.

         «Халақ кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Шоқан Уәлиханов өте орынды айтқан.

         Патриотизмнің құндылықтарның бірі – тіл. Жоғарыда біраз мысал келтіріп кеткеммен, жеке, жете айта кетуді жөн санадым.     

         Бүгінде қазақ  халқын ойландырып отырған үлкен мәселенің бірі – тілдің, яғни, мемлекеттік тілдің дұрыс қолданылмауы. Жаһандану үрдісі бойынша бұл көрсеткіш өсіп отыр. Міне, «тіл» деп, «діл» деп зарлап келе  жатқанымызға бірталай жылдардың жүзі болды. Осы зарлаудан нәтиже бар ма? Жоқ... Керісінше, біз  жан-жағымыздағы адамдарға «заржақ» атанып, абырой мен мәртебеден айырылдық. Заң керек деді, заң шығарып қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе бергіздік. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дедік. Бірақ қорытынды жоқ. Ұлттың ұлт болып қалыптасуына бірден –бір тірек болушы тіл екені белгілі. Ал, бізде сөз бен істің арасында үлкен үйлеспеушілік бар. Керек десеңіз, қазақ тілін халық арасынан сайланған қалаулылардың өзі өгейсітіп тастады.

          Елбасымыздың өзі айтып жүрген «қазақстандық ұлт жасау» идеясы зиялылар тарапынан көп қолдауларға ие болды. Рас, дәл қазіргі жағдайда бізге қазақстандық ұлт жасау идеясы ауадай қажет. Бұл идея осында мекен етіп келе жатқан, әртүрлі ұлт өкілдерінің татулығы мен достығын нығайтады.

         Жиырма төрт жыл бұрын тәуелсіздік алған Қазақстанда әлі күнге дейін шешімін таппаған ұлттық мәселелер шаш-етектен. Ең арғысы, қазақ тілінің еркін айналысқа түсіп, нағыз мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріле алмауының зардаптары айқын байқала бастады. Бүгінгі таңда қазақтардың өздері «қазақтілділер» және «орыстілділер» болып екіге бөлінңп қана қоймай, «ұлтсыздар», «ұлтшылдар» болып жік-жікке бөлініп, бір-біріне қарсы топта құрып, соғысқа дайындалып жатқандай.

         Қысқаша қайырар болсақ, «Біріңді, қазақ, дос көрмесең, істің бәрі бос» .

         Елінің киесін білмей, өткенін сезінбей, ерлікке толы тарихын, дәстүрін қастерлемей, мәдениетін, әдебиетін, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді ояту мүмкін емес. Ал, отаншылдық, патриоттық сезім әрбір қазақ баласына тән қасиет болуы тиіс.

         Тәуелсіз еліміздің ертеңгі жас ұрпақтары! Жоғарыда айтылған әрбір құндылыққа жете ойланып, еліміздің дамуына, сіздерден кейінгі ұрпақ бойында Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, Жеріміздің байлығын, халқымыздың даналығын, тіліміздің көркемдігін әлем еліне паш етіп, сол құндылықтарды сақтап, Қазақстанның нағыз, ержүрек патриоты атануларыңызға сәл де болса ықпалымды тигіздім деген ойдамын. Сөзімді дана биіміз, төбе биіміз Төле бабамыздың даналық сөзімен аяқтағым келеді:

                   «Бір үйдің баласы болма,

                   Көп үйдің санасы бол.

                   Бір елдің атасы болма,

                   Бар елдің данысы бол»

 

 

Әдебиеттер:

1.     «Ұлттық тәрбие» ғылыми – көпшілік журналы. 1(15) 2013 ж.

2.     «Ақиқат» 1997ж. 2 басылым

3.     «Айбын – ел қорғаны» республикалық әскери-патриоттық журнал.

4.     «Астана хабары» Елорданың республиканың қоғамдық саяси газеті. 12 қазан 2004 жыл