Т.ғ.к., Алипбаев
А.Р., т.ғ.к., Бюжеева Б.З.
Әл-Фараби
атындағы Қазақ Ұлттық Университеті,
Қазақстан Республикасы
Қазақ дипломатиясының даму тарихы
Қазақ
халқы қазақ атымен мемлекет болғаннан бастап
көрші елдермен қарым-қатынастар орнатты. Сол кезден бастап қазақтың
Ұлы дала дипломатиясы бейбітшілік пен жарасымдылықты негізге алып,
қазақ халқының ұлттық сипатын
жарқырата ашып көрсете алғаны тарихи ақиқат.
Сонау Керей хан мен
Әз-Жәнібек ханның Әбілхайыр хан үстемдігіне
қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап, шығыс
Дешті Қыпшақтан 1456 жылы батыс Жетісу жеріне қоныс аударуы
қазақ хандығының құрылуына
мұрындық болған маңызды тарихи оқиға еді.
Бұл жаңа аймақта шектесіп жатқан ел билеушілерімен
өзара тиімді ымыраға келе алғанның нәтижесі еді.
XVI-XVII
ғасырларда қазақ хандығының шекарасы едәуір
ұлғая түсті. Өз кезінде “Жерді біріктіру” үрдісін
жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен
қазақ хандарының бірі – Жәнібек ханның ұлы
Қасым ханның тұсында (1511-1523 ж.) аса ауқатты, ірі
бай ақсүйектердің қарсылығы әлсіреп,
әскери қуаты артты. “Тарихи – Рашиди”, “Шайбанинама”, т.б.
деректерге қарағанда, қазақтардың этникалық
аумағының негізгі аудандары қазақ хандығына
Қасым хан тұсында біріктірілген [1]. Хандықтың шекарасы
батыста Жайыққа, оңтүстік – батыста Сырдың
оң жағалауына, Аралдан Маңғыстауға дейінгі
жерлерді алып жатты. Оған Сыр бойындағы қалалар қосылып,
солтүстікте Қасым ханның қол астындағы
қазақтардың жайлау қоныстары Ұлытаудан асты.
Оңтүстік – шығыста оған Жетісудың көп
бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады. Бастапқы
кездерде қазақ хандығының саяси-әкімшілік
және сауда-экономикалық орталығы Сырдария бойындағы
Сығанақ қаласы болды.
XVI
ғасырдың екінші жартысында әлсіреген хандықты
біріктірерде Қасым ханның баласы Хақназар да (1538-1580 ж.)
өз үлесін қосқаны белгілі. Хақназар хан –
таққа отырған соң хандық үкіметінің
билігін нығайтуға қажырлы күш жұмсады.
Өзінен бұрынғы Таһир хан мен Бұйдаш хан
тұсындағы бытыраңқылықты қайта
қалпына келтірді. Бұл ішкі және сыртқы саяси
мәселелерді қазақ елі үшін тиімді шеше білуінің
нәтижесі екендігі айқын. Ол билік құрған кезде
сыртқы саясатта аса ірі тарихи оқиғалар болды.
Шығай
ханның орнына отырған Тәуекел хан (1586-1598) тұсында
Ресей мемлекеті мен қазақ хандығы арасында
дипломатиялық қатынас күшейе түсті. Тәуекел хан
Орта Азияның сауда орталықтарына шығу үшін белсене
күресті. Тәуекел алғаш рет 1594 жылы Мәскеуге
достық қарым-қатынас орнату мақсатында
Құлмұхаммед бастаған қазақ елшілігін
жіберді [2]. Елшілік алдында Ресеймен саяси қарым-қатынастар
орнату, онымен әскери одақ құру және
сауда-саттық мәселелерін шешу міндеттері қойылды. Бұл
екіжақты саяси қатынастардың нығаюына әкелгені
хақ.
Ал
Жәңгірдің баласы Тәуке хан (1680-1718) тұсында
қазақ хандығының бірлігі әлдеқайда
күшейе түсті. Ол қазақ тарихында «Әз
Тәуке», «адамзаттың данасы» деп аталды. Ол бір
орталыққа бағынған қазақ хандығын
құруға күш жұмсады. Феодал шонжарларының
өкілдері мен билерден құралған «хандық
кеңестің» және «билік кеңесінің» рөлін
арттырды. Жыл сайын Ташкент қаласының түбіндегі
Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан
құрылтайын ашып отырды. Тәуке хан беделді билерге арқа
сүйеп, феодал ақсүйектерді, сұлтандарды
әлсіретуге тырысты. Жүздер мен ұлыстар арасындағы үлкен
даулар билер кеңесінде, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке
билер алдында шешілетін болды. Тәукенің тұсында «Жеті
жарғы» деген атаумен әдеттегі құқық
өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда сол
кезеңге тән құқық тәртібі мен
мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Қазақ
жүздерін басқаруды реттеу ниетімен Тәуке хан Ұлы
жүздің биі етіп Төле биді, Кіші жүзге Әйтеке
биді, Орта жүзге Қазыбек биді тағайындайды. Қазыбек би
Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық
мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші
мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып
отырған. «Елдестірмек - елшіден, жауластырмақ - жаушыдан» деп, ол
елшілік қызметті де мінсіз атқарған алғашқы
қазақ дипломаттарының бірі деп айта аламыз.
"Құба қалмақ заманы” деп атанған заманда
қалмақ пен қазақтың ел шабысқан дауларын
бітістіруде Қазыбек үш рет билік айтқан екен. Бір
жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір
жағынан казак-орыс қазақ жерін торлап, шекараға
әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде
Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып, елді,
жерді қорғауға белсене араласқан.
1731 жылы Ресей
Сыртқы істер министрлігінің М. Тевкелев бастаған елшілігі
Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе деген жерде
отырған Әбілқайырдың ордасына келіп, қазақ
ұлысын Ресей құрамына алу туралы келіссөздер жүргізді.
Әбілқайыр 1731 жылғы 10 қазанында Ресей
империясының қарамағына кіргендігі жөнінде ант берді. Бұл
антты 1738, 1740, 1742 жылдары қайталады. Ант беру арқылы ол
Ресеймен тату тұруды, орыс қарамағындағы
башқұрттар мен Еділ қалмақтарының
қазақ жеріне шапқыншылығын тоқтатуды,
Ресейдің көмегімен жоңғарлар басып алған жерлер
мен қалаларды қайтып алуды көздеді деп жазады деректерде.
Қазақтың
Абылай ханы да көреген саяси қайраткер бола отырып,
қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған
елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолды да тиімді
пайдаланады. 1740 жылдың тамызында ол Орта жүз ханы
Әбілмәмбетпен қоса тағы да басқа 120 старшынмен
Орынборға келіп, орыс өкіметінің
"қамқорына" кіруге келісімін білдірді [3]. Сонымен бір
мезгілде қазақ халқының тұтастығын
сақтау мақсатында Шың империясымен де карым-қатынасын
суытпады. Петербург пен Бейжіңге елшіліктер жібере отырып, ол Ресей мен
Кытай империяларының өзара қайшылықтарын
қазақ хандығы мүддесі үшін тиімді пайдаланып
қалуға тырысты. Абылай қазақ елінің
тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдаяттармен аянбай
күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті. Екі
жүз жылға созылған қазақ халқының
жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық
күресінің соңғы жаңғырығы Алаш
жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі.
Бұл 1771 жылы Еділ қалмақтарының
жоңғарға қазақ жері арқылы үдере
көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер
жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы
соққы берді. Балқашқа жақындаған кезде
Абылай бастаған қазақтың қалың қолы
қалмақтарды қоршауға алды. Осы кезде қалмақ
басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел-жұртымен
бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жіберді.
Кіріптар
ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери
кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген
жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін
дәлелдеуге тырысты. Еділден ауған қалмақпен
келіссөзге келіп, тым құрыса олардың
Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру
жөніндегі Абылай түйінінің аржағында
шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы
қарым-қатынасты ойлау жатты. Жоңғардан азат етілген
шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып
түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының
тереңдігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді. Оның
әрбір іс-әрекеті қазақ халқының
бүтіндігін, елі мен жерінің тұтастығын
сақтауға бағытталды.
Кенесары
Қасымұлы - хан, саясаткер, дипломат ретінде
қазақтың үш жүзі руларының едәуір
бөлігін өз туы астына біріктіре алды. Кенесары бастаған
халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII
ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы
азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан
қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды
қамтуымен ерекшеленеді. Кенесары мемлекет құрылымына
көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа
құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен
шығарылған құрылымдарды қайта қалпына
келтірді.
550 жылдық
тарихы бар қазақ дипломатиясы алғашқы Қазақ
хандығынан басталып, Әбілқайыр, Абылай хандардың
дипломатиясымен сабақтаса түсіп, одан беріде кеңестік кезеңде
Хиджазда елші болған Нәзір Төреқұлов сынды қазақ
ұлдарының есімімен өріліп, бүгінгі
Қазақстанның жаңа тарихымен астасып жатыр.
Әдебиеттер:
1. Акимбеков С. История
степей: феномен государства Чингисхана в истории Евразии. -Алматы, 2011.-С.511.
2. Чжен
Кун Фу. Геополитика Казахстана: между прошлым и будущим.-Алматы, 1999.-С.74.
3. Әліпбаев
А.Р. Халықаралық келіссөздер. Оқу құралы. -Алматы,
2012. -Б.9.