Акижанова Ш.Б.
Қарағанды қаласы,
№62 ЖББОМ.
Бастауыш сынып мұғалімі
ОҚУШЫЛАРДЫҢ
ТІЛІ МЕН ОЙЛАУЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
«Тіл - ұлттың сүйенетін тамыры,
сыйнатын тәңірі». Тіл
– халқымыздың өмір сүріп, қоғамды жан –
жақты дамытып отыруының әрі көрінісі, әрі кепілі.
Мектептегі білім беру жүйесіне көз жіберсек, ана тілін
оқытудағы басты мақсат – балалар әдебиетінің
озық үлгідегі шығармаларын жүйелі оқыту,
оқырмандық мәдениетке баулу, оқушының әдеби
сауатын ашу, рухани дүниесін байыту, көркемдік – эстетикалық
талғамын арттыру, ізгілікті – елжанды дара тұлға
тәрбиелеу. Қазір қазақ тілін қолдану аясы
кеңи түсуін қамтамасыз ету міндеті қойылуда. Ана
тілінде дұрыс сөйлеп, сауатты жаза білу әр адамның
азаматтық парызы болып саналады. Халқымыздың тарихи асыл
мұрасы тілді болашақ ұрпаққа жеткізе,
олардың сана – сезімдерін, дүниетанымын кеңейтіп, ой
дәлдігіне сөз жүйелігіне, тіл тазалығына
төсілдіру – аса игі іс. Сондықтан жүргізілетін жұмыс
түрлерін бір жақты ұйымдастырмай, оқушылардың
сөйлеу, пікір алысу дағдыларын ұштай түсу
мақсатын көздеп отырған жөн.
Сөз
байлығының аздығы оқушылардың өз ойын
ауызша, әрі жазбаша, дәл, жүйелі жеткізуіне
қиындық келтіреді. Сондықтан, бастауыш сыныптан бастап жаңа
сөздер үйренуде, сөздердің мағынасын
анықтауда сөздік жұмысын дұрыс ұйымдастырудың
мәні зор. Сөздік жұмыс – тіл дамытудың іргетасы. Балалар
сөздің мағынасын ұғыну арқылы сөйлеу
үстінде тілін дамытады. Ол әңгіме айтқанда,
шығарма, мазмұндама жазғанда сөз бен сөзді
байланыстыра отырып ойын ашық, толық жеткізуге көп
көмек береді. Сондай-ақ, өлең, әңгіме, мақал-мәтелдер,
жаңылтпаш т.б. білу арқылы да баланың тілі дамиды.
Психологтардың
айтуынша сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап –
сөз бен балалар санасындағы бейнені түрлі жолдармен
үнемі ұштастырып отыру керек (өйткені сөз бейнесі
санадағы нақты елес жеткіліксіз болса, туа қоймайды).
Сөздердің мағынасын
ашып түсіндіру тәсілдері алуан түрлі. Оның ішіндегі
бастылары:
1. Затты табиғи
жағдайда бақылау немесе көрсету, экскурсия ұйымдастыру;
2. Заттың өзін
немесе суретін көрсету арқылы сөздің мағынасын
ашып көрсету;
3. Синоним сөздер
қолдану: «қандай сөздермен ауыстыруға болар еді?
Басқаша қалай айтар едік?» деген сияқты сұраулар
қою арқылы синоним табуға оқушылардың
өздерін қатыстыру.
4. Сөзді кейде
морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы да түсіндірген
пайдалы.
Сөздік
жұмысы мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен
ұғымдарды түсіндірумен ғана бітпейді. Ол жаңа
ұғымдар жасау, заттың жаңа қасиеттерін табу,
жаңа көріністерді байқау сияқты жұмыстармен
тығыз байланысты. Мұндай жұмыстар оқушылардың тілін ғана дамытып қоймайды, ойлауын да дамытады.
Көркем
мәтінде ауыспалы мағыналы бейнелі сөздер көптеп
кездеседі. Оларды танытуда оқушылармен істелетін жұмыстың
бастылары:
1. Мәтіннен бейнелі
сөздерді табу.
2. Бейнелі
сөздердің, сөз тіркестерінің мән-мағынасын
түсіндіру.
3. Мұғалімдердің
сұрағы бойынша сөз арқылы бейнелеу, көз алдына
елестету.
4. Осы сөздерді
өздері құрастырған әңгімелерінде
пайдалануын қамтамасыз ету.
5. Дауыс
ырғағын келтіру, мәнерлеп оқу.
6. Теңеу, эпитеттер
табуға жаттығулар жасау.
Сөздік
жұмыстарының ең маңызды бөліктерінің бірі –
оқушылардың үйренген сөздерінің белсенділігін
арттыру. Ол үшін сабақ сайын жүйелі түрде арнаулы
тапсырмалар ойластырылып отыру керек.
-
Үйренген сөздерін кірістіріп сөз тіркестерін
құрау;
-
Үйренген сөздерін қатыстырып сөйлем құрау;
-
Осы сөздерді қатыстырып мәтінді
мазмұндау
т.б.
Оқушы
өзінің үйренген сөздерін ауызекі сөйлеу тілінде
қолдана білсе, оның ақыл ойын дамытуға әсер
етеді. Бұл
жөнінде Л.Н.Толстой: «Балаға үйренген сөзін
қолдана білуіне жағдай жасау керек, үйренген сөзін
сөйлеу тілін өзінің ауызекі сөйлеуінде бір рет
қолданса, ол өзінің жеке меншігіне айналады» — деп
айтқан еді. Демек, сөзді орынды қолданып, оның
мағынасын жетік білетін бала өз бетімен сөйлем
құрап, оның мағынасын түсініп, сөйлеу
тілінде шебер қолданатыны сөзсіз. Оқушыны өз ойын айта
білумен бірге жаза білуге де дағдыландыру керек. Грамматиканы,
синтаксисті жақсы меңгерген оқушы сөз тіркесін
дұрыс біліп, сөйлем құрастыра алады.
Тіл дамыту ой дамытумен
ұштасады. Ой жұмыстарға қойылатын
негізгі төмендегі талаптарды басшылыққа алу ұсынылады:
1.Жұмыстың оқушының
жас ерекшелігіне сай келуі;
2. Бір ойдан екінші ойдың тууына,
ой-өрісін кеңеюіне ықпал ететіндей әсерлі болуы;
3. Оқушылардың
өзіндік шығармашылығын ұштауға бағытталуы;
Осы аталған
талаптарды ескере отырып, жұмыстар ұйымдастырсақ:
1.Баланың ойының,
тілінің дамуына жол ашылады.
2.Сөздік қоры молайып,
өз ойларын жүйелі, мәнерлі жеткізуге үйренеді.
3.Бала әдеби тілде ауызша сөйлеуге және жазбаша сауатты
жазуға дағдыланады.
Сонымен бірге оқушының
ой-өрісін, тілін дамыту
үшін мектептерде көп қолданылып жүрген «Сын тұрғысынан ойлаудың»
стратегияларын, мысалы, «Эссе жазу», «Бес жолды өлең», «Венн диаграммасы»,
«Жуан – жіңішке сұрақтар», «Блум түймедағы»,
«Болжау арқылы оқыту», «Серпілген сауал», «Автор орындығы»
сияқты және т.б. тиімді пайдалану да үлкен септігін
тигізері сөзсіз.
Тіл мәдениеті үлкен арна болса, ауызекі және жазба тіл – соның басты салалары. Әр бала ойын жүйелей білмесе, тіл байлығы да, тіл тазалығы да, дүние
танымы да саладан тыс қалар. Қазіргі
таңда оқушы – ақпаратпен қаруланған,
жан-жақты дамыған тұлға. Оның білімділік,
шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін біздер,
мұғалімдер, сол талапқа сай, жан-жақты
қаруланған болуымыз керек. Сондықтан, болашақта өз
арнамыздың, өз
саламыздың, өз
ағысымыздың дұрыс бағытын жоғалтпайық!