бала өміріндегі тәрбиенің маңызы

 

Жамбыл облысы Жуалы ауданы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі

Кемелбекова Гүльзағира Кембайқызы

 

 

     Жалпы білім беру мазмұнындағы тәрбие – бұл баланың өзіндік санасы мен сезімінің және адамгершілік көзқарасының қалыптасып дамуына,ол қасиеттердің оның мінез-құлқына сіңуіне бағытталып арнайы мақсатта

ұйымдастырылған іс-әрекеттер. Тәрбие қазіргі өзгермелі, сан-салалы,көпмәдениетті,көпэтникалық үлкен өмірге енуге дайын қабілетті тұлғаның дамуына бағытталған және рухани құндылықтарының негізінде құрылады.

«Қазақстан Республикасының Білім туралы» Заңы,Қазақстан мақұлдаған Бала құқықтары жөніндегі БҰҰ Конвенциясы тәрбиені негізінен тұлға дамуын анықтайтын оқумен қатар білім берудегі екі компоненттің бірі деп

қарайды. Бала тәрбиесіне қай елде болмасын,қай кезеңде болмасын,ерекше мән    берілгенін тарих парақтарынан білеміз,Себебі,жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы өкілі ғана емес,еліміздің ертеңгі тірегі,мызғымас болашағы.Бүгін мектеп табалдырығын аттаған жас өркеннің ертең қандай адам болып шығатыны-ата-аналар мен ұстаздар қауымының арасындағы таусылмас тақырып болып қалып отырғандығы да сондықтан.Бұл білім мен тәрбиенің егіз ұғым екенін көрсетеді.

Атақты  ғұлама ғалым Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек,тәрбиесіз берілген білім –адамзаттың қас жауы, ол келешекте  оның барлық өміріне апат әкеледі  »деп тегін айтпаса керек.

       Тәрбиесіз білім-сыңар қанаты құс жоқ секілді, алысқа ұзап ұша алмайды.Сол себепті барлық  ұстаздар, ең алдымен, алдындағы шәкірттердің жан-жақты тәлім тәрбие алуына жіті көңіл бөлу керек. Олардың ішкі қабілетін оятуға, дарынын шыңдауға, сол арқылы өздері көздеген тәрбие бұлағынан,емін-еркін сусындауына жағдай туғызуды көздейді. Бұл ретте жоспарланған сабақты түрлендіріп өткізудің көмегі тиері даусыз.Жоғарыда айтқанымыздай, оқу мен тәрбие егіз болса,бұл істе ең басты мәселені даралай көрсету,оқытуды дербестендіру мен ұжымдық үйлестіру,сондай-ақ ұстаз бен шәкірт  арасындағы жүйелі байланысты одан әрі нығайту,өткізіп отырған сабақтың әрбір минутын  үнемді және тиімді пайдалану,қажетті көрнекі құралдарды орнымен  пайдалану-оқыту әдістерін үйретудің негізгі әдістері болып саналатынын есте ұстаған жөн.

Жаңа буынға білім беру –тәрбие мәселесін жетілдірмейінше шешілмейтіні анық.Әрине,білім беру саласының мақсаты адамзат баласының бүкіл тарихи

даму барысында жинап-терген ғылыми ең үздік нәтижелерін жаңа буынға табыс ету. Білімді,өз маманының кәсіпкері атанған әрбір еліміздің азаматы барша ұлттың дамуына үлкен үлесін тигізеріне күмән жоқ.Алайда оқу барысында алған білім қорын ұлттың рухани азығына жұмсау үшін  еліміздің қатардағы қарапайым азаматтарында ұлтжандылық сезімі жоғары деңгейде шыңдалып қалыптасуы қажет.Ұлтжандылық адамның тәні мен жанына - ананың ақ сүтімен дариды.Алайда, біздің мақсатымыз жас ұрпақтың бойында бұл сезімді сіңіріп,оның іргетасын қалыптастыру.

Тәрбие-білім беру жүйесінің, білім сапасын арттырудың  басты мақсаты да,құралы да болып белгіленуі тиіс.Ақыл мен сананың  көзін ашқан әрбір жас

түлек ұлты мен елінің  көркі және мақтанышы.

Қазіргі кезде еліміздің білім беру ісінде түбірлі өзгерістер болып жатқаны белгілі.Ал бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің  ең қасиетті міндеті –рухани бай, жан-жақты дамыған жеке, дарынды тұлғаны қалыптастыру. Рухани байлық ең алдымен әр халықтың ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті,

өнері және шыққан түп тамырында жататыны белгілі.Сол ұлттық құндылықтарды бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі  білім берудегі озық ұстанымдермен байланыстыра отырып, әр баланың қабілетін,талантын ашып, өзіне-өзінің сенімін нығайтып, өзіне жол ашуына түрткі жасау.

Бүгінде баршаның міндеті-әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіру.

Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан  жинақталған ата-бабамыздың мол мұрасымен яғни ұлттық құндылықтармен сусындату.

Ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу дегеніміз-халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл құндылықтарды оқушылардың бойына сіңіру үшін тәрбие жұмысы

төмендегідей бағытта өрбиді.

Бауыржан Момышұлының  «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген даналы сөзін басшылыққа ала отырып, мен өз тәжірибемде оқыту үрдісінде ең бірінші тәртіпке көңіл бөлемін.Тәртіп болған жерде сапалы білімде, саналы тәрбиеде болады деп есептеймін.Мектептегі тәрбие жұмысын басшылыққа ала отырып, өз сыныбымның жас ерекшелігіне қарай мынадай тәрбие жұмысының мақсатын қойдым. Ұлттық тәлім-тәрбие бере отырып, жат іс-әрекеттерге сын көзбен қарап, өз бағасын бере алатын, Отанын және өз жанұясын қадірлейтін азамат тәрбиелеу:

А)Жеке тұлғаны жан-жақты дамыта отырып, өмірге дұрыс көзқарастарын қалыптастыру:

1.Сенің күн тәртібің?

2.Өз құқығыңды білесің бе?

3.Мен қандай оқушымын?

4. Жеке бастың қауіпсіздік ережелері.

Б)Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан салт-дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен дінін ұғындыру:

1.Тіл тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз.

2.Ұмыт болған салт-дәстүрлерді дәріптеу.

3.Ата өнері – балаға мұра.

4.Атаның сөзі – ақылдың көзі.

В)Қазақ жерінің сұлу табиғатын, төрт түлігі мен ата кәсібін мақтан ететін, қоғам алдындағы өз жауапкершілігін сезінетін тұлға қалыптастыру:

1.Астананың жұлдызды сағаты.

2.Төрт түлігім бірлігімнің ырысы.

3.Саятшылық салтымыз.

4.Әулет әліппесі.

5. Жыл мезгілдері

      К.Д.Ушинский айтқандай, «Тәрбие дәрменсіз болмауы үшін ол халықтық болуы тиіс»-дейді,яғни әрбір ұлттың өзіндік дәстүрін,салтын сақтап,сол рухта тәрбиелеуге баса назар аудару қажеттігін ескерткен.Сондықтан да осы айтылғандарды ескере отырып жас ұрпақты Отанын сүюге,ол үшін аянбай қызмет етуге,елжандылық пен ерлікке тәрбиелеу –біздің басты міндетіміз.

Бұл тақырыпта сыни тұрғыдан ойлау технологиясының әдіс-тәсілдерін қолдандым. Бұл тақырып оқушылардың танымдық қабілетін арттырып,сөздік қорын молайтып, елінің, жерінің табиғатына сүйіспеншілікпен қарап,  білімдерінің артуына әсер етті деп есептеймін.

Бала тәрбиесі қай заманда, қай қоғам үрдісінде болсын үздіксіз ізденуді қажет ететіндігі баршаға аян.Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам қамын ойлаумен бала бойында үнемі үйретілетін ізеттілік, қайырымдылық, әдептілік, елін-жерін сүюшілік асыл қасиеттері салт –дәстүрден бастау алатыны белгілі.Әр халықтың көне заманнан бері  келе жатқан өзіне тән әлеуметтік мәдени мұрасы бар.

Халық педагогикасы-ата-бабамыздың тәрбиеге қатысты асыл қоры,осы тұрғыдан ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының бөлінбес бір бөлшегі. Оған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер,шешендік сөздер, айтыс, ертегі, аңыз, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жатады. Осындай асыл қазына - халық тәлімінсіз күнделікті өмірде жүзеге асуы мүмкін емес.« Балаларға оқу, білім берілсін,Сұлу мінез әр өнермен өрілсін» ,- деп  Ж.Баласағұн  айтқандай, еліміздің көк байрағындай көлбеңдеп, тәуелсіз мемлекетіміздің тізгінін өз қолдарына мықтап ұстайтын азамат тәрбиелеуде бар күшімізді салайық дегім келеді.

Қазіргі кезде бізге  керегі ең әуелі ұлттық тәрбие, оның игі қасиеттерін бойға сіңіре білсек, адамзат көшінің соңында қалмасымыз хақ!

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Бастауыш мектеп журналы,1999 жыл № 4

2.Бастауыш мектеп журналы,2008 жыл № 5

3.Тәрбие бағдарламасы,2006 жыл

4.Алтын ұрпақ журналы. № 4