Педагогические науки/ 5.Современные методы преподавания

П.ғ.м. Рымханова А.Р., Мусапирова Н.Т.

Академик Е.А.Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университеті,

ПДТ балаларға арналған мектеп – интернатының

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарағанды қаласы, Қазақстан

Психикалық дамуы тежелген балалардың тілін дамытуда мәтінмен жұмысты қолдану

Орыс мектебінде оқытылатын қазақ тілі пәнінің мақсаты - оқушыларға қазақ тілінің грамматикасын меңгерту, ауызекі сөйлеу тілін меңгерту және қазақ халқының мәдениетімен, тарихымен тереңірек таныстыру. Қазақ тілінің грамматикасы мен байланысты сөйлеу тілін меңгерту барысында тиімді деп танылған әдістердің бірі мәтіндермен жұмыс.

Мәтін белгілі бір оқиға желісін баяндайды. Сондықтан ондағы әр түрлі жағдайларға, мақсатқа, айтушы яки жазушының көңіл-күйіне қарай, әр сөйлемнің құрылысында сөз қолданылуында ерекшеліктер болады. Бұдан тұтас мәтін синтаксисі келіп шағады. Тұтас мәтін синтаксисі стилистика мен әдебиеттану ғылымдарымен байланысты. Стилистиа сөздердің қолданылу  заңдылықтарын, сөздер мен сөз тіркестерін экспрессивтік тұрғыдан дұрыс пайдалану принциптерін зерттейді. Тіліміздегі бейнелегіш құралдарды топтастырып, олардың стильдік қызметін, қолдану заңдылықтарын көрсетеді. Ойды мәнерлеп жеткізу үшін морфологиялық формаларды қандай жағдайда, қалай қолдануға болатын қарастырылады, яғни сөздердің олардың нұсқаларының ішінен сөйлеу және жазу арқылы жеткізілетін ойдың эмоциональды – экспрессивті теңін білдіре алатындарын сұрыптап қолдану принциптерін зерттейді [1].

      Сөйтіп, тұтас мәтін құруда жүйелілік, сөйлемдер арасындағы мағыналық байланыстарды сақтау  принциптерінің де маңызы зор.  Мектеп тәжірибесінде  байланыстырып жазу қазақ тілі сабақтарында жүргізіледі. Өйткені жазба жұмыстарында орфографиялық және пунктуациялық қателермен жұмыстар жүргізуге тура келеді.

Ал осы жұмыстарға қойылатын әдістемелік талаптар мынадай:

-         берілген тақырыпты ашып көрсете білу, оқушы жинаған материалдарын берілген тақырыптағы негізгі ойды көрсететіндей  етіп іріктеуі қажет;

-         жазылған жұмыстың мазмұнды болуы, балалардың жазған мазмұндамалары мен шығармалары орфографиялық, пунктуациялық жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да ойдың реңін білдіруі, сөйлемдердің арасндағы байланыстардың дұрыстығ т.б. жақтарынан да бағалануы тиіс;

-         оқушы материалды ешбір қиындықсыз, белгілі бір ретпен жүйелі түрде баяндауы керек, яғни алдын-ала синтездеу жұмыс ұйымдастырылып, саналы түрде өткізілуі қажет; оқушы алдымен  не жөнінде,  одан кейін не туралы айтатынын толық синтездеп, жоспар жасап алады;

-         балалар айтайын деген ойын дәлме-дәл, анық білдіретіндей етіп, сөздерді, материалдың ішіндегі негізгілерін, таңдап қолдануға тиіс;

-         бас артық сөз қолдану, қыстырма сөздер қолдану, бір сөздің әлденеш рет қайталануы сияқты кемшіліктерге жол бермеу шарасы жасалуы керек;

-         оқушы жазба жұмысында сөйлемдерді белгілі бір формада қарастыратын болуы қажет, яғни бір сөйлем өткен шақта, бір сөйлем келер шақта тұрмауға тиіс;

-         жергілікті ауызекі сөйлеуде қолданылатын сөздерді жазуда қолдануға дағдыланбау керек;

-         жазба жұмыстарын жетілдіре білу дағдыларын оқушылар міндетті түрде меңгерген болуға тиіс, яғни жазба жұмыстарының орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық қателерін оқушы мұқият қарап, тексеріп шығуы қажет, мұнда тіпті кейбір қате құрастырылған сөйлемдерді жөндеуге жол беріледі [2].

Қазақ тіл білімі ғылымында мәтіндердің келесі түрлері ажыратылады:

          Әңгімелеу мәтіні – оқиға, құбылыс туралы хабарлау. Мұнда сюжет, кейіпкер, экспрессивті-эмоционалды бояу болады.

          Сипаттау (бейнелеу) мәтіні – сюжет пен кейіпкер болмайды. Белгілі бір зат, құбылыс немесе оқиға сипатталады.

          Пайымдау мәтіні – мәтіннің «қатаң» түрі. Онда белгілі бір ой дәлелденеді. Ол ғылыми тілмен жазылады. Мұндай мәтіндер арнайы мектепте тек 8 сыныптан бастап беріледі[3]. 

Мәтінмен жұмыс дегеніміз - сабақта өтілетін әр түрлі жұмыстардың жиынтығынан құралады. Олар: сөздік жұмысы, сөздік қорларын жетілдіру, тіл дамыту, ауызша сөйлей білуге дағдыландыру. Яғни мәтінмен жұмыс жоғарыдағы айтылған сабақ кезеңдерін бір жүйеге келтіру. Мәтінмен жұмыс істегенде әр түрлі әдіс-тәсілдердің мақсаты оқушыларға айқын болуы керек. Қазақ тілі сабағында жүргізілетін басты жұмыстар - балаларды қазақша сөйлетіп үйрету, сұраққа жауап беру, өздерін бір-бірімен сөйлестіру, оқығандарын ауызша айтқызу, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру.

Міне, осыған орай оқулықтағы мәтіндер, жаттығулар, өлең, жұмбақтар оқу, ауызша әңгімелеу, тіл дамыту және грамматикалық тұлғаларды меңгертіп, қазақ тілінде дұрыс сөйлеу үшін пайдаланылады және соған лайықты беріледі. Кітаптағы мәтіндердің күрделігі сол мәтіндермен жұмыс істейтін оқушылардың білім деңгейіне сай келу керек. Осыған байланысты мәтінмен жұмыс істеуді түрлі әдістермен жүргізуге болады.

          Бұл ретте, яғни мәтінмен жұмыс істеуде оқушыларға төмендегі жұмыс түрлерін орындауға талаптар қойылады:

1.     Жеке сөйлемдер жиынтығынан байланысты сөйлеу тілін ажырату.

2.     Әңгімелердің тақырыбымен идеясын анықтау.

3.     Мәтінге тақырып қоя білу немесе берілген тақырыптардан тиістісін таңдай білу.

4.     Мәтін бөліктерінің логикалық байланысын табу.

          Оқу материалы ұлғайған сайын оқушылардың жұмысы да күрделене түседі.

          Оқушылар алдымен көрнекілік арқылы сол заматта әңгімелеу, суреттеу мәтінін құрастырады, одан соң өткен сабақтағы тәжірибесі бойынша құрастырады. Кейінірек оқығаны арқылы, одан да кейінірек – берілген бастаманы жалғастырады немесе тірек сөздер арқылы берілген тақырып бойынша, еркін тақырыпта әңгіме құрастырады [3,4].

          Байланыстырып сөйлеу жұмыстары келесі ретпен ұйымдастырылады:

1.   Оқушының сөйлеу қажеттілігіне жағдай жасау. Сөйлеуге қызығушылықты қалыптастыру.

2.   Байланыстырып сөйлеудің логикалық ретін қалыптастыру (жоспар, схема). Кез келген әрекеттің жүйелі ретпен орындалуына әдеттенген бала жүйелі сөйлеуге де тез үйренеді.

3.   Сөйлеуге қажет тілдік негіздердің болуы (сөздік қор, синтаксистік дұрыс құрылым).

4.   Нақты тақырыптың болуы, яғни сөйлеу үшін негізгі мақсаттың анықтығы.

5.   Сөйлеудің өзін ұйымдастыру. Оқушының сөйлеуіне кедергі жасамау, қажет кезінде ғана  басқа оқушылардың көмегіне сүйену.

          3-4 сыныптарда оқушылар мұғалімнің түсінікті етіп құрған жоспарының көмегімен мазмұндамалар жазады. «Шашылған» мәтіндерді қалпына келтіреді, табиғатты бақылағандағы ең қарапайым қорытындыларын жазуға үйренеді.

          Бастауыш сыныптардағы жұмыстарды оқушылар көбіне ұжыммен орындайды. Алдымен жазатын сөйлемдерді буындарға бөліп, анық айтады, орфограмманы пысықтайды. Одан соң жазылған сөйлемді мұқият оқиды. Ішкі сөйлеудің кемшілігінен, педагог тілдік кинестезияның күшеюі үшін, құрылатын сөйлемді сыбырмен айтуға рұқсат беріледі [5].

Әдебиеттер:

1.              Аксенова А.К. Методика обучения русскому языку в коррекционной школе. -  Москва,1999.

2.                                       Бектаева К. Ана тілі (көмекші мектептерге арналған әдістемелік нұсқау).- Алматы, 2004.

3.                                       Рахметова С.  Қазақ тілін оқыту әдістемесі. - Алматы, 2003.

4.                                       Сардарова Ж.  Бастауыш сыныптың тіл сабақтарында  дамыта оқыту ерекшелігі// Бастауыш мектеп, № 9, 2003.

5.                                       Тобағабылова Н. Тіл дамыту сабағы// Бастауыш мектеп, № 12, 2003