«ЕДІГЕ» ЭПОСЫНЫҢ АРХАИТИПТІК НҰСҚАЛАРЫ
Асанов
Жұбаназар
филология ғылымының докторы
«Едіге» жырының
архаикалық нұсқасына байланысты зерттеу жүргізген
В.М.Жирмунский оның негізі Ибн Арабшах жазып кеткен халық аузындағы
әңгімеде жатқандығын дәлелдеп көрсеткен
болатын[1.365]. Ол әңгіме бойынша: «Әмір Едіге–
Тоқтамыстың сол жағының бас әмірлерінің
бірі, қиыншылық жылдары оны жою үшін
таңдаған мырзасы, ой мен
кеңес адамдарының бірі болды. Оның тайпасы қоңырат
деп аталды... Әміршісінен өзіне деген өзгерісті
байқаған Едіге өзі үшін қорқа
бастайды, себебі
Тоқтамыстың мінезі қаһарлы
еді. Ол (Идику) өзіне
бақытсыздық ойламаған жерден келмес үшін одан
тұрақты түрде сақтанып, көзі жеткен кезде кез
келген уақытта қашуға дайын жүрді. Ол (Идику) Тоқтамысты бақылап, тексеріп,
жағымпазданып жүрді, бірақ көңіл көтерген
түндердің бірінде сұлтанның ойын шарап қуаты
жаулап алып, сана қабілеті жойыла бастаған мезетте, Тоқтамыс
Едігеге былай дейді: «Мені мен саған күн туып, саған бір
күндері жоқшылық пен қайғы кіріп, тойып
тамақ ішкен соң ораза тұтуға тура келеді.
Көздеріңнің тіршілігі ұйқыға толып,
өлім мезеті де жақындай түседі». Едіге оны басқа
сөзге айналдырып, қалжыңға бұрып: «Біздің
әмірші хаһанның, өзінің жазықсыз
құлына ашуланып, өзі еккен талын шабуына немесе өзі
жасаған іргетасты (ғимараттың) талқандауынан
құдай сақтасын» дейді. Сосын Едіге сырттай келіскендік,
бағыныштылық, бейшаралық, төменшіктік сыңай
танытып, бірақ күдігінің дәл келгеніне көзі
жетіп, қажыр-қайратын жинап, өзін құтқару
үшін өткірлік пен қайраттың қажеттігін,
бұған назар аудармаса немесе уақыт өткізіп алса,
күте тұрса сұлтанның өзімен шындап айналысатынын
түсінді. Ол керекті бір істі істейтін адамдай нөкерлер мен
қызыметшілердің арасынан үлкен тұнжырау үстінде
өтіп, Тоқтамыстың ат қорасына бет алды. Кез келген
бақытсыздық жағдай үшін дайын тұрған
жүйрік атына мініп жатып, өзінің ең сенімді
қызметкерлерінің біріне былай деді: «Іздегендер мені Темірден тапсын, бұл
құпияны мен шөлден өткеніме көзің жеткенге
дейін ешкімге тіс жарып айтпа». Содан соң ол жүріп кетеді. Салт
атпен ұзақ кеңістіктен өткен соң ғана оны
жоқтады. Бірақ ол кезде оның іздерінен де, көтерген
шаңынан да жаңылып қалады» [ 1.366]. Бұдан әрі
В.М.Жирмунский ибн Арабшахтың Орыс ханнан қашқан жаралы
Тоқтамысты су жиегіндегі қамыс арасынан Едігенің тауып
алғаны туралы аңыз әңгіменің мәтінін бере
отырып, осы жағдай да кейіннен туындыға арқау болған
сияқты деген пікір айтады. Шығарманың әуелгі
архаикалық нұсқасы осы тарихи аңыз екеніне біздің
де таласымыз жоқ.
Тарихи Едіге – Алтын Орда
заманында талай ханның тұсында түмен басы болған,
қанды шайқастарды басқарған адам, сондықтан
оның ерліктері де ел арасында аңызға айналғанына
күмән келтіруге болмайды. Біз бұл жерде мынаны ескеруіміз
керек: аңыз әңгімелердің, тарихи өлеңдердің
қай-қайсысы да эпостың ауқымына түскен соң,
оның заңдылығына сәйкес қайта жүйеленеді
де, алғашқы түрі өзгеріп, жүлгесі ғана
сақталады. Кейіпкерлер бейнесі жаңаша жасалады. Әуел баста
аңыз, шағын жыр ретінде таралған шығарманың
бастапқы нұсқасы кейіннен толық қалпында
сақталуы мүмкін емес.
Аталмыш сюжетке Шоқан
нұсқасының өте жақын келетінін алғаш
айтқан да В.М.Жирмунский еді. Біздің пайымдауымызша, толық
жазылған нұсқалардың ішінде бұдан
соңғы архаикалық нұсқаға жақын
келетіні – ноғайдағы
Ә.Сикалиев жазып алған нұсқа.
1. «Едіге»–Шоқан-Шыңғыс
Уәлихановтар нұсқасы.
Өзінің айтуынша, Шоқан 1841 жылы Қыпшақ
Жаманқұл ақыннан естіген. Оның әкесі
Шыңғыс сұлтанда жырдың үш көшірмесі
болған: екеуін Жаманқұлдан, біреуін арғын Арыстанбайдан
жазып алыпты. Ал П.М.Мелиоранскийдің қолына тиген
нұсқада «Эдыге. Джир. 1841 г. Декабрь. Звериноголовская станица»
[2.369] деген жазу бар. Бұл Шыңғыстың хатқа
түсірген уақыты.
Логикаға сүйенсек, осы жерде мынадай ой туады: Шоқан
«Едіге» жырын 1841 жылы Жаманқұлдан естиді. Жаманқұл
шебер орындаған көркем туынды балаға айрықша әсер
етеді де, үйінде жатқан әкесінің үш
қолжазбасы есіне түседі. Соны жедел қарап, эпостың
әдебиеттану ғылымындағы атақты Шоқан
нұсқасын 1842 жылы дайындап тәмәм қылады. Оны
жазуы жақсы Ахмет деген кісіге мұқият көшіртеді.
Бұл туралы кейінірек Шоқанның өзі аққа
қарамен таңбалаған. Жырды әкесі Шыңғыс
сұлтан жазып алғанын, үш
нұсқа болғанын айта келіп: «Наконец из этих трех
списков, вместе с Чингизом мы составили в 1842 году свод, переписанный Ахмедом
с которого уже переведена настоящая рабсодия», – [3.224-225] дейді.
Тағы да нақты дерекке сүйенуге тура келеді.
«Шоқан алғашқыда Құсмұрында
қазақ мектебінде оқып, сауат ашады, қарындашпен сурет
салуды үйренеді. Сол кездегі дәстүр бойынша, Шоқан ескі
шағатайша да оқиды, араб, парсы кітаптарымен біртіндеп таныса
бастайды, ұйғыр жазуына қанығады [4.47]. Көріп
отырмыз Ш.Уәлиханов Омбыдағы Кадет копусына барғанша-ақ
сауатты бала болған. Осы жағдайларды ескере отырып, 1842 жылы
«Едігенің» архаитиптік нұсқасын Шоқан дайындағанына
күмән келтіруге болмайды.
Шоқан-Шыңғыс нұсқасы түрік
халықтары арасындағы Едігеге қатысты барлық
жырлардың ішіндегі көнелігі, көркемдігі жағынан
ең құндысы, бағалысы деп табылған.
Шоқан
нұсқасының текстологиясын тыңғылықты
зерттеп, халықпен қайта табыстырған ғалым Едіге Мағауиннің еңбегін ерекше
атаған жөн [5].
2. «Едіге» –ноғай фольклористі
Ә. Сикалиев 1958 жылы тамыз айында Қарашай-Шеркеш
республикасының Адыге-Хабль ауданына қарасты бұрынғы
Тоқтамыс ауылының тұрғыны, Кубань
ноғайларының белгілі жыршысы Құмықов
Қажы-Ысқақ Жұмаәлиұлынан жазып алған.
Қ. Құмықов 1888 жылы туып, 1966 жылы дүниеден
озған. Ол «Едіге» эпосын 1905 жылы Минералды Сулар қаласына
жақын Қаңлы аулында тұратын атақты ноғай
жыршысы Арыстан Шабанұлынан (1985-1912) үйренген. Ә. Сикалиев
жырдың жолма-жол орысша аудармасын жасап, Ленинградқа
жібереді. Академик В.М. Жирмунский
өзінің «Тюркский героический эпос» деп аталатын іргелі
еңбегінде бұл нұсқаның құнды
жақтарына жылы лепес танытқан [1.354, 385]. Мұнда қойшының қызы
адамның бас сүйегінен диірменге тартып жасалған ақ
ұнтақтың дәмін татып, содан ұл табады. Атын
Баркая қояды. Баркая тез ер жетіп, ақылы толысады. Бір күні
хан түс көреді. Түсінде оны қырық ит қамап,
жиырмасы бір жағынан, жиырмасы екінші жағынан шығып талайды.
Хан уәзірлерін шақырып, түсімді жоры дейді. Олар жори
алмайды. Түсті Баркая жорып, түсіңде көрген
қырық ит сенің қырық уәзірің дейді.
Хан тексеріп қараса, қырық уәзір бұның
әйелімен бірігіп, бұған қастандық жасау жоспарын
құрып жүр екен. Хан қырық уәзірін
өлтіріп, Баркаяны бас уәзірі етпек болады. Алайда ол мұнымен
келіспей, Еділ бойын жағалап, аңшылықты кәсіп
қылады. Шашы белуарына түсіп, сақалы кеудесін жауып,
үстін түк басып кетеді. Сондықтан оны былайғы
жұрт Баба Түкті Шашты
Әзиз деп атап кетеді. Жырдың бұдан арғы жағы
басқа нұсқаларға ұқсас. Баба Түкті
Шашты Әзиз көлдің жағасынан перінің қызын
көріп, соған үйленіп, одан Құттықия
(Құтылықия) туады[6.].
Бұл жырдың
көптеген жерлері Шоқан Уәлиханов жазып алған
нұсқаға жақын келеді.
Едігенің бала кезінде мал
бағуы, төреліктер айтуы, Тоқтамыстың жылқысын
бағуы, хан сарайында өзге атпен жүруі, ханымның
араласуымен қуғынға ұшырап, ата-тегінің
тексерілуі, хан айналасындағылардың білмегенін Сыпыра
жыраудың білуі, жас батырдың ордадан қашуы, соңынан
Тоқтамыстың тоғыз ерінің қууы, Кеңжанбаймен
батырдың жауаптасуы, Сәтемір ханның ордасына келіп, Алыпты
жеңіп, хан қызына
үйленуі, одан балалы болуы, Нұрадиннің Тоқтамыста
әкесінің кегі бар екенін кездейсоқ естіп, Едігенің
есіне салуы, Сәтемірдің бұларға әскер беруі,
Едіге мен Нұрадин ел шетіне жақындап келгенде
Тоқтамыстың қашуы, туған жерімен қоштасуы,
Нұрадиннің соңынан қуып жетіп ханды өлтіруі,
ханшаларға байланысты әкелі-балалы екеуінің араздасып екіге
бөлініп кетуі мен қайта табысуы, Қадырбердінің
атасының тағын қайтып алуы – бәрі де Шоқан
нұсқасына ұқсас. Көріп отырғанымыздай, тек
экспозициясы басқаша. Шешімінде сәл өзгешелік бар.
Қадырберді таққа отырған соң Нұраддинмен
дос болып, оның ел билеуге араласуы бірер сөйлеммен айтылып
өткен. Шоқан нұсқасында Едіге Баба Түкті Шашты
Әзиздің бел баласы болса, Ә.Сикалиев пен М.Османов жазып
алған нұсқаларда Баба Түктіден
Құттықия, Құттықиядан Едіге туады.
Мұрын жырау нұсқасында, татар, башқұрт
версияларында да Едігенің әкесі – Құттықия. Осыған
қарағанда жырдың әуелгі нұсқаларында
батырдың туған әкесі Құттықия, атасы Баба
Түкті Шашты Әзиз болса керек. Кейінірек жырдың басты
кейіпкерін жай адам емес, әулиеден жаралды қылу үшін
Құттықия айтусыз қалған.
Архаитиптік
Шоқан нұсқасының мазмұны:
1.
Баба Омар әулиенің бір қызға көзі тиіп, одан
Баба Түкті Шашты Әзіздің дүниеге келуі;
2.
Баба Түкті Шашты Әзіздің 25 жасқа келгенде су
перісінің қызына қосылуы;
3.
Пері қыздың қойған шарттарын орындамай, оның
ұшып кетуі;
4.
Баба Түкті Шашты Әзіздің Құмкент
шаһарының қасында жібек орамалға ораулы жатқан
баласын тауып алып, Тоқтамыс ханның жұртына алып келуі.
Үшке келгенде қолынан тұтып, молдаға оқуға
беруі;
5.
Баланың өзімен қатар тоқсан құрбысынан
қайраты мен ақылы артық болуы;
6.
Едігенің қоянға таласқан екі адамға,
ақсақ малдың біреудің егініне түсіп өртеп
жіберуіне байланысты төрт адамға, түйеге таласқан екі
кісіге, балаға таласқан екі әйелге төрелік беруі;
7.
Төрт мәрте төрелік берген баланы Тоқтамыс
ханның өз сарайына алдыртуы;
8.
Ханымның «баланың әруағы сіздің
әруағыңыздан басым екен» деп, оны Тоқтамысқа
дәлелдеуі, Едігені уландырып өлтірмек болуы;
9.
Ханымның ақылымен той ұйымдастырылып, Едігеге
арақ-шарап ішкізіп, өлтірмек болуы;
10. Аңғысынның
жәрдемімен Едігенің тойдан қашып шығуы;
11. Тоқтамыс ханның
тоғыз ерін жинап, енді не істеу керек екенін, Едігенің кім екенін
білу үшін кеңесуі;
12. Тоғыз ер жөнді
ештеңе айта алмаған соң, Сыпыра жырауды шақыртуы.
Сыпыраның ұзақ ғұмырында өзі көрген
хандарды айтып, кешегі кеткен ұлдың бәрінен де артық
екендігін, оның Сәтемір ханға барып паналап, кейін
Тоқтамысты шабатынын айтуы;
13. Тоқтамыстың
тоғыз ерін Едігенің соңынан жіберуі;
14. Кеңжаңбай мен
Едігенің жауаптасуы;
15. Едігенің жолшыбай он жеті
дос тауып алуы, жолда түс көруі;
16. Қабантын Алыптың
қосынына кездесуі, оған қосшы болып тұруы;
17. Қабантын Алып алып келе
жатқан Сәтемірдің қызын құтқаруы;
18. Едігенің Сәтемір хан
қызына үйленіп, Нұралын дейтін балалы болуы;
19. Нұралынның
әкесі Едігенің өткен тарихын кездейсоқ біліп,
Тоқтамыс ханды шабуға насихат қылуы;
20. Әкелі-балалы екеуіне
Сәтемірдің үш сан қол беруі, олардың жолшыбай
шөлден қырылып, Едіге мен Нұралынның Тоқтамыс
еліне жетуі;
21. Тоқтамыс ханның елін
тастап қашуы, халқымен қоштасуы;
22. Көкүлдінің
көлінде Нұралынның Тоқтамысты өлтіруі,
Кеңжанбайға кездесуі;
23. Жанбайдың Едігені
азғырып, Тоқтамыстың екі бірдей қызын алдыруы;
24. Нұралынның ашумен
әкесінің көзін шығаруы, қолын сындыруы.
Әкесінің қарғауы;
25. Нұралынның елді екіге бөліп, алып кетуі;
26. Ұзақ уақыттан
соң Нұралынның әйелінің ақылымен
әкелі-балалы екеуінің табысуы;
27. Қадырбердінің ер
жетіп, Едіге мен оның баласын құсадан өлтіруі;
28. Қадырбердінің хан
болып, барша мұратына жетуі.
Осы негізгі мотивтер
«Едіге» жырының ұлттық версияларының бәрінде
дерлік бар. Тек кейбір жырдың үзіндісі жазып алынған
қолжазбаларда ғана түгел емес.
Қорытып айтқанда, ең әуелі кезкелген
қаһармандық эпостыңархаитиптік нұсқалары
турасында түсінік алмай тұрып, оны толыққанды игеруі
мүмкін еместігін ескеру
қажет.
Пайдаланылған әдебиеттертізімі
1. Жирмунский В.М. Тюркский героический
эпос.-Ленинград: Наука, 1974.
2.Валиханов Ч.Ч. Собр. соч. в 5–ти томах. Том 5. –
Алматы: Главная редакция казахской советской энциклопедии. 1985.–528 с.
3.Валиханов Ч.Ч. Сочинения.//Записки
Русского Географического Общества. – Т 29. -
СПб. 1904.
4.
Қазақ фольклористикасының тарихы.
Монография.–Алматы:Ғылым,1988.–432 б.
5. Мағауин Е. Едіге. – Алматы: Айқап,
1993. – 76 бет.
6.Ногайдынъ кырк баьтири. Эдиге. – Махачкала,
1991. – 158 б.