ӨЗГЕ ТҮРКІ ХАЛҚЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚОЖАНАСЫР БЕЙНЕСІ

 

ҚОҢЫРАТБАЙ ЛЯЗЗАТ ТЫНЫСБЕКҚЫЗЫ

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

2-курс магистранты

 

Бір замандарда ыдырап, бөлініп кеткен туыс халықтардың көне аңыздары ұқсас болуы мүмкін. Типология жағынан қарастырғанда казақ фольклорындағы жанрлардың түрік халқы фольклорында кездесетін жанр түрлерімен өзара ұқсастығы, үндестігі және кейбір өзіндік ерекшеліктері байқалады. Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала жайлы күлдіргі әңгімелер мен ертегілер тек қазақ халқына ғана емес, түркі халықтарының көбіне ортақ мұра.

 Мысалы, түркі халықтарында жиі кездесетін Қожанасыр жайында әңгімелер - бір кездегі түркілердің тұтастығы бұзылмай тұрған кезде туған аңыздар. Бірақ кейінгі дәуірлерде әр халықтың аңыздары өзінше өмір сүріп, дамыды. Сөйтіп бір елде Қожанасыр жайлы аңыз болса, екінші елде ертегі туды. Кейін оны қысқа күлдіргі әңгіме етіп айтатын да болды.

Түркі елінде Қожанасырды өмірде шын болған әпенді дейді. Кәдімгі есекке мінген Қожанасырдың шымшыма әзілдері әлем халқының барлығында бар. Қожанасырды арабтар - Джуха, тәжіктер - Мушфих, ұйғырлар - Саляй Чаккан және Зайдин молда, түрікмендер- Кемин, Болгария мен Югославия халқы - Петр қу секілді от ауызды, орақ тілді кейіпкерлерінен өз «Қожанасырларын» жасап алған. Ел арасында кеңінен таралған күлдіргі әңгімелерде «пәленше», «түгеншелермен» қоса Алдар көсе, Қожанасыр аттары да әр жерде, әр түрлі айтыла береді. Бір жерде күлдіргі әңгімені айтып отырған адам осы әңгіменің иесі өзі сияқты болып, көсілтіп, тыңдаушыларын күлкіге бөлеп отырса, екінші бір жерде Қожанасыр немесе Алдар көсе атынан айтыла береді. Күлдіргі әңгіменің тыңдаушыларын әбден масайратып алғаны сондай, бұл әңгімені анау айтты, мынау айтты, не Алдар көсенің сөзі ғой деп ешкім қарсылық жасамаған.

Ходжа Насреддин, Қожа, Ходжа, Насреддин деген атауларын да естіп жатамыз. Ол түркі тілдес барлық ұлтқа ортақ тұлға. Бірде қу, бірде аңқау, бірақ жаны таза, әулиедей суреттелетін Қожанасырды бір зерттеушілер өмірде шын болған тарихи тұлға деп қараса, өзгелері оның есімін аңыз-әпсаналармен байланыстырып, әңгімелерін халық фольклоры қатарына жатқызады.

Қазақ халық ауыз әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр күлдіргі әңгімелері мен Тазша бала ертегілеріне тарихи-мәдени типология, генетикалық типология тұрғысынан да өзара ұқсас болып отырады. Демек, қазақ халқымен түбі бір түрік халқының әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр және Тазша бала жайындағы күлдіргі әңгімелер, ертегілер, әлеуметтік-сатиралық, адамгершілік-тұрмыстық тұрғыдан дамыған деуге болады.

«Әдетте, халықтың күлдіргі әзіл әңгімелерінде сөзді бастаушының, ұрынушының сөзі оқыстан айтылады, қарсыласы оған қолма-қол жауап қайтарады. Әрине, екеуінде де күн бұрын әзірлік деген болмайды. Кей-кейде іштей «ей, сені ме» деп жүргендері де болуы ықтимал. Бірақ қақтығыстың қашан, қай уақытта, қай жерде, қандай жағдайда өтілетіні белгісіз нәрсе. Сондықтан мұнда тосындық, кездейсоқтық басты элементтердің бірі болып саналады. Оған тапқырлық, қиыннан қисынын келтіргіштік қосылғанда, бұл нағыз өнер туындысына айналады. Осы ерекшеліктеріне орай: күтпеген жерден өткір тілмен, тапқыр оймен түйіндеп, қарсыласын бұлтартпай, күлкі объектісі ете алатын халық даналығы тудырған көркем сөз үлгілерінің бір түрін - күлдіргі әзіл әңгімелер деп түйіндегіміз келеді»,-дейді А.Бисенғалиева [1, 16].

Қожанасырдың Хижра 605 жылында Сиврихисардың Хорту (бүгінгі аты Насреддин Хожа) ауылында туылғанын алғаш рет Сиврихисар қаласының мүфтиі Хасан мырза айтқан болатын. XIX ғасырдың соңына қарай «Межмуа-и Маариф» атты бітпеген еңбегінде автор былай деп жазады: «Қожанасыр Хижра 605-те (Милади 1208) Сиврихисардың Хорту ауылында туылған. Әкесі Абдуллах мырза ауыл имамы (бұл жерде имам сөзіне қысқаша түсінік беріп кетуді жөн деп білеміз: Селчук және Османлы қоғамында имам, бір-бірімен тығыз байланысты үш қызметті атқарған. Біріншіден, имам дін адамы болғаны үшін халыққа намаз оқытқан, діни рәсімдерде басшылық жасаған. Екіншіден, имам ұстаз болған, балалар мен үлкендерге оқу-жазуды үйреткен. Үшінші болып та, ел заңының бір бөлімі шариғат болғандықтан, имам қазының (сот) міндетін атқарған. Үкіметтен ешқандай да бір жалақы алмаған) еді. Әкесінен кейін біраз уақыт имам болған Қожа, ауыл имамдығын әкесінің Мехмед есімді шәкіртіне беріп, өзі Хижра 635 (Милади 1237) жылында үлкен атаққа ие болған Сейид Махмуди Хайрани (1268 жылы қайтыс болған. Кесенесі Акшехирде) мен Сейид Қажы Ибрахим Сұлтаннан білім алу үшін Акшехирге көшіп, сол жерде Хижра 683- те (Милади 1284/1285) қайтыс болған» [2, 10].

Академик М.Әуезовтың пікірінше, Қожанасыр әңгімелері қазақ ішінде тумаған, себебі көп әңгімеде Қожаның шаһарда тұратындығы айтылады: «Қожанасырдың өз басы қазақ емес және әңгімелері де әуелде қазақ ортасында туған әңгіме емес. Бұл жайындағы әңгімелерді алсақ, барлығының ішінде кездесетін, базар, қазы (билік айтушы әкім), шәкірт сияқты белгілердің барлығы, ол әңгімелерді шығарған жағдай қазак елінің бұрынғы ескілікті жағдайынан басқарақ екенін көрсетеді. Әңгіме көбінесе Қожанасырдың шаһарда тұратындығын айта отырады. Өзінің кейде шәкірттері де бар болып шығады. Осының барлығына қарағанда Қожанасыр әңгімесін қазақ топырағында туып, тараған әңгіме деп ешкім де айта алмайды. Мұны тудырған жағдай отырықшы қалалы елдердің сауда-кәсіпті жағдайы болады. Сондай ортада туып, содан жайылған. Ол жағынан қарағанда Қожанасыр әңгімесі көршілес өзбектен ауысып келген деуге болады және көбінесе реформадан кейінгі дәуірде кітап, баспа арқылы татар тілінде әңгімелену жолымен де қазақ ішіне жайылған аңыздар деуге сияды» [3,23].

 Біздің халық Қожа туралы естіген, білген әңгімелерін қанағат қылмай, өз тұсынан әңгіме шығарып, Қожанасыр айтыпты деп, қосымша, үстеме әңгімелерді молайтып айта берген.

«Қазақ фольклорының типологиясы» атты еңбекте «Тарихи аңыз- әңгімелер» бөлімін жазған белгілі ғалым Б.Адамбаев: «Біздің дәуірімізге ауызекі және ішінара жазбаша жеткен әдеби мұралардың ең арғысы - Қорқыт, Қожанасыр, Майқы жайындағы аңыз-әңгімелер»,-дей отырып, Қожанасырды аңыз-әңгімелер тобына жатқызады да [4, 82], сөз соңында: «Алайда, ол да ойдан шығарылған кейіпкер емес, негізі - прототипі бар тарихи адам»,-деп көрсетеді [4, 91].

Көп халык Қожаны өз адамы, өз Насыры санайды. Айырмасы - бір ел Насырды «қожа» (ұстаз, ғұлама ғалым мағынасында) деп қошеметтесе, екінші бір ел «молда» (бұл да алғашқы мағынада) деп атап, үшінші бір ел «әпенді» деп еркелетеді. Қай жерде жүрсе де, Қожанасыр сырттай қарағанда, аңқау жан бейнесінде көрінеді, бірақ шынтуайтына келгенде, әлгі аңқаулықтың арғы жағында ащы мазақ, терең қулық жатқаны байқалады. Қожа әрқашан ерегіскен адамын жер соқтырып кетеді.

Қожа-мемлекет заңдылығын, әдет-ғұрпын құрметтеген. Сабырлығымен ұрыларды болсын, күнә жасаған адамдарды болсын тез кешіре білген. Ешқашан қызғанышпен ешкімге қарамаған. Бірақ, солай бола тұрып халықтың дертін, кемшілігін аямай ащы тілімен сынаған Қожанасыр сияқты философ, өнерлі адам табыла қоймайтын шығар.

Қожа - исламның барлық парыздарын орындауға тырысқан. Халықтың діни нанымдарын құрметтеген және қанағандарды сынға алған. Күлдіргі әңгімелердің үлкен бөлігі белгілі бір кезеңге және әртүрлі ұлтқа ғибрат бола алатын адамгершілікке құрылған. Қожа сараң емес, байды қызғанып, кедейді кемітпеген. Әр нәрсенің шешімін табуда асығыстық жасамаған. Мысалы, бір күні Қожаның әйелі су жағасында кір жуып жатқан кезінде бір адам келіп кір сабынын алып қашқан. Сол кезде Хожа әйеліне қарап: «Оған ашуланба. Демек, оның денесі біздікінен де кір болғаны ғой»,-деп әйелінің ашуын басқан [5, 81].

Қожа кедей болғанына қарамастан зиялы адам болған. Түрік ғалымдарының айтуы бойынша Конья медресесінде оқып, дін оқуымен бірге фыкых (мұсылман құқығы) білімін де үйренген. Селчук империясының қоғам құрылысын, мекемелерін де жақсы білген. Мемлекеттік тіл болған араб тілі мен парсы тілін қатты сынаған [6, 59].

Қожа - өте ақылды болған, ешқандай даңқой болмаған. Өтіріктің не екендігін білмеген. Оны оқыған адамдар, Қожаны оқу-жазу білмейтін балғын жас деп санаған. Оның әңгімелеріндегі аңғалдығын төмендегі мына сөздерден байқауға болады: «Қожаның кейбір әңгімелерінде аңқаулық сезіледі. Бұл оның білімсіздігінен емес, керісінше, халыққа бір нәрселер үйрету және әзілдеу ынтасынан туындауда. Қожанасыр ешқашан күлкілі жағдайға душар болмаған. Тіпті, шынайы бір философ сияқты дүниеге күлген. Халық мәжілістерінің және халық әзілінің тек қайнар көзі болған Қожаны сегіз ғасырдан бері Түріктер (Анадолы) өз жүректерінде сүйіспеншілікпен алып жүрген» [7, 3].

Қорыта айтқанда, о баста түрлі кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген бұл әңгімелер кейіннен ел арасында Қожанасыр атымен байланысты айтылатын болған. Бір жерден екінші бір жерге, бір халықтан екінші халыққа ауыса келе Қожанасыр туралы әңгімелер тобы ел ішінде өзге кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылып жүрген әңгімелердің кішігірім топтарын өзіне сіңіре берген. «Қожанасыр әңгімелері бүкіл түркі халықтарының әзіл-оспағы сияқты көп күлдіртпейді, дәлірек айтсақ адамды ойландыртады. Оның күлдіргі әңгімелері қоғамдағы үкіметті, сотты, мырзаны, саудагерді сынап, тіпті кейде оларды масқара етіп жатады. Өйткені ол дәуірлерде сөз бостандығы өте аз адамдарға берілген бір ризық болатын. Осыған қарамастан Қожа, айтылатын сөз бен сын-ескертпелерді әңгімелерімен бүгінге дейін жеткізе білген» [8, 2]. Қожанасыр туралы әңгімелер халық арасында кең тараған. Сюжеттік қоры бай. Қожанасыр бейнесі - күрделі. Ол - әрі фольклорлық, әрі тарихи кейіпкерлердің сипаттамаларын бойына жиған бейне.

     

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Бисенғалиева А. Кіріспе// Сөз тапқанға қолқа жоқ. – Алматы: Жазушы, 1988. – 608 б.

2.     Boratov P.N. Nasreddin Hoca. – Ankara: Edebiyatcilar dernegi yayinlari, 1996. – 237.

3.     Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы: Ғылым, 1967. – 664 б.

4.     Қазақ фольклорының типологиясы. – Алматы: Қазақ ССР-інің Ғылым баспасы, 1981. – 308 б.

5.     Құрастырған: Саттаров Қ. Ел аузынан. Күлдіргі әңгімелер. – Алматы: Жазушы баспасы, 1987. – 362 б.

6.     Çuhacı A. “Nasrettin Hoca Öğretisi”, İlgaz dergisi, cilt: 11, sayı: 131. - Ankara: San matbaası, Ağustos 1972. - 165 s.

7.     Özçelebi S. “Nasrettin Hoca”, Cumhuriyet gazetesi, 15 Temmuz 1963.

8.    Felek В. “Nasrettin Hoca”, Cumhuriyet gazetesi, 21 Haziran, 1962.