ХАЛЫҚ АҚЫНЫ АҚТАН КЕРЕЙҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРБАЯНЫ

 

Есен-Түгел  Әзи

ҚР бейбітшілік және келісім кеңесінің

аға ғылыми қызметкері, Философия магистрі

 

Ақтан Керейұлы – тамыры бағзы түркі әдебиетінен нәр алып, сарыны қазақ даласына кең жайылған ұлы өнер көшінің бір керуен басы ретінде халқына тегіс танылып, дақпырты сонау Бесқала, Түрікпен жеріне дейін кеткен, киіз туырлықты жұрттың түндігін жырмен тербеген дүлдүл.

Атырау, Маңғыстау, Хорезм даласына мәлім Абыл бастаған ақындық - жыршылық  ортадан тәлім алып, осы дәстүрді дәріптеп ілгері дамытқан Ақтан ақын әрідегі  Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуғандардың терме - толғауларын санасына сіңіріп,  Еділ-Жайық бойына кең тараған Махамбет, Шернияз мұраларынан терең сусындаған. Көнекөз жыраулар өнегесімен өлеңді табан астында шығарып, кезі келгенде төгіп-төгіп айтып тастап жүре берген, сондықтан туындыларының көпшілігі ұмытылған.

Қ.Сыдиықов өз еңбектерінде былай деп жазады: «Ақтанды көзі көрген, туысы Әмірше Мұттахиев «Ақтан аласа бойлы, сары өңді кісі еді. Екі үйіміз араласып тұратынбыз. Домбыраны қолына жай ғана ұстап, өлеңді қолма-қол құйылта беретін. Қанша айтса да мүдірген, не шаршаған кезін көргенім жоқ», –деген еді»[1-146].

Шежіре кеуде Қайшыбай қарияның сөзіне үңілсек, Ақтан хат таныр жандардың көрінгені өз толғауларын қағазға түсіргенін қаламаған. Қайшыбай қарт «жеті қайқының» бірі Әділ Өтеғұлұлы туралы айта келіп: «Ақтанның жыр толғауларын Әділ жазып алғысы келеді. Ақтан «Шырағым, жыр-толғау киелі өнер еді, дұрыстап, қадірлеп айта алсаң жақсы. Айта алмасаң киесі ұрады-ғой», – деп жаздырмапты. Бірақ Әділ Ақтан аузынан естігендерін, өзі жадында ұстап, қалғандарын дастархан сияқты үлкен қағазға жазып, бүктеп-бүктеп алып жүретін...» дейді[2-415].

Бұдан ақынның өнерге таза берілгендігін байыптаймыз. Алла берген талантты періштедей әлдилеген пәк жүректен шығатын сөз ғой бұл, әйтпесе Әділ де талайды бас шұлғытқан әйгілі өнерпаз. 

Сақилықпен көп кездім,

Әлімұлы, Байұлы,

Тама, Табын, Жетіру –

Кіші жүздің аймағын[3-253], – деп өзі айтқандай  Орынбор, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Атырау, Маңғыстау өңірлерін аралап Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Жаскілең, Бітеген, Нұрпейіс, Құлманбет сияқты ақын, жыршылармен достық қатынаста болып, құнарлы толғауларымен жұрт көңіліне жол тапқан дүлдүл мәнсіз сөйлемейді.

Жоғарыда аталған ақындардың біразы оны өнеге тұтқан. Бұл жөнінде профессор Е. Исмаилов: «Нұрпейістің айтыса жүріп, үлгі алған, ақындық, жыршылық жолда қалыптасуына үлкен әсер еткен Ақтан, Нұрым, Қазақбай, Сабыр жыраулар көрінеді», – дейді[4-233].

                       Талай-талай сөйледім,

                       Сатырлаған жиында[3-244], – деген сөздерінен арынды жүйріктің, талай дүбірлі додалардың, қайнаған қан базар, жәрмеңкелердің көрігін қыздырған серілігін аңғарамыз. Әйтсе де әдептен озбаған.

                   Менің айтқан сөздерім,

                     Таңдайыңа татымас,

                     Абыл менен Нұрымнан,

                     Дәніккен жұртым секер жеп[3-260], – деп өнеге көрсеткен адамдарын ерекше бағалай отырып жыр төккен, бұрынғы жыраулар мұрасына мол қанығып, кең даланың қадір қасиетін бойына сіңірген көшпелі жұрттың көреген ұлының, тау бұлағындай тасқындаған жырлары ойнақы, ойлы да отты, бейнелі сөздерге бай болып келеді. Онда пессимизм  байқалмайды, күрес, бабадан  қалған  өр  рух  басым. Талантты өнер адамдарының көбісінің қыр соңынан қалмай, желкесіне мініп келген қу жоқшылық та қазақтың қайсар перзентінің рухын сындыра алмапты. Мұңаю, зарланып түңілу байқалмайды.

Мен – ақбауыр кер жорға,

Әдемі басқан аяғын.

Қарасаң көзің жеткісіз,

Жылмиып жатқан даламын.

... Жоғарыдан аққан Жайықпын,

Теңізге құйған аяғын.

Күн шығыстың күшті желімен,

Ылайлатып ағамын[3-243].

Еркін шалқыған жырларында сарнаған жел сөз, сырдаң теңеу жоқ. Ойының кеңдігі, қиялының өрлігі көрінеді. Тым асқақ. Тасыған тау өзенінің суындай екпінді  жыр оқып отырған адамын өзімен бірге еріксіз үйіріп, тереңіне алып кетеді.

Академик З.Ахметов өзінің «Өлең сөздің теориясы» атты еңбегінде Ақтан ақыннан мысал келтіре отырып: «Кейде теңеуге метафора түрінде қолданылған бейнелеу де ілесе туады. Мысалы Ақтан (Керейұлы) ақынның:

Қатты жауған жаңбырдай

Алдарыңда қаптайын[3-244], – деген жолдарында бейнелеу теңеуден басталып ары қарай метафораға ауысқан. Ақын өзін алдымен жаңбырмен жай ғана салыстырса, одан әрі сөзді төгілтіп, саулатайын деген ойын қалың жаңбырдай, қаптайын деп астарлап айтады» - дейді[5] 

Ақтанда Бұқар жыраумен үндес келетін жерлер де бар. Кей жерлерде стилі Әбубәкір Кердерімен ұштасса, көзқарасы Балқы Базармен тоқайласып жатады. Бұл жөнінде Қ.Сыдиықов былай ой түйіндейді: «Әбубәкірдің бірер өлеңі Бұхар, Шал, Ақтан т.б. ақындар сияқты саты-саты адам өмірін суреттеу дәстүрінде»[6-13].

Жалпы, өмірінің біраз бөлігін өнер қуумен өткізген шайыр бұл жалғанның бес күндік екенін пайымдап, тірлігінде мал-мүлікке қызықпайды.

Арзан сөзден ала бер,

Дүния шіркін, жолдас па?![3-248]

Түйсігі бар тірі пендеге дүнияның жолдас болмайтынын айта келіп,

Адал жүріп шын сөйле,

Асығың түсер алшыдан[3-245], – деп адалдыққа, адамдыққа шақырады. Тіршілікте адал  жүрсең абыройың артып, шындықтан  танбасаң  беделің  биік, басың төрде  екенін  ескертеді.

Ақын шығармаларының тақырыбы сан қырлы. Мұндай сан қырлылық Ақтан сияқты ірі ақындарға ғана тән. Тойбастар, жоқтау, келешегін тап басып айтқан болжау өлең, риторикалық сұрақ-жауап түріндегі термелер, философиялық  толғаулар, баһадұр батырлардың ерлік істерін дәріптеген жырлар... Осының бәрі кестелі сөз, көркем теңеу, шымыр шумақпен «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді».

Шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі, бұрын айтуға тиым салынған «Болжау» сөзі. Болашағын, яғни бүгінгі таңдағы кейбір кемшіліктерді көзбен көргендей дәл айтып кеткен бұл толғауы, кешегі, қазақтың алдағы үш жүз жылдығын болжаған көреген Мөңке әулиенің мөрлеген сөздеріндей мағыналы. Жаны таза, өмірге періштелі пәк ішкі көзімен қараған ақын осы күнді көріп отырғандай сезінген.  Үзінді келтірейік:     

...Татулық шамы сөнеді,

Шайтаны бар шараптар,

Елдің болар қорегі.

Жазылмас дерттер ұлғайып,

Шомылып ұрық себеді...

...Оттары жанбай сөнеді.

Тірі жетім көбейіп,

Мейірімсіз өсіп-өнеді.

Керексіз болып туылар,

Дүнияның тәтті бөбегі.

Ұят кетіп қызыңнан,

Жалаңаштар денені.

Жез тырнақты, жалбыр шаш,

Кейпіне жынның енеді.

Бұдан жүз бірдеңе жыл бұрын айтылған толғау осылайша бүгіннің бетін ашық суреттеп кете береді. Тұп-тура келіп тұр. Таңданбасыңа шараң жоқ. Көріпкел демеске дәтің кәне. Бүгін тіріліп келсе дүниеден баз кешіп кетері хақ.

Патшалық Ресейдің отарлау саясаты өз күшіне мінген тұста тірлік кешкен ақын көкірегін қысқан шерді кімге шағарын білмей қалың қарашаға рухты жырларымен араша түсіп, алдағы бұлтты кезеңнің сықпытынан сақтандырады.

Ә. Сарай «Ноғайлы» атты кітабында Сыпыра жырау жайлы тұшымды ойлар                қозғап, оның Маңғыстауда сопылық мектептің негізін қалаған діндарлығын, 1334 жылы Ибн Баттутаның Сарайшықтан көрген сыйлы адамын Әлкей Марғұлан Сыпыра жырау деп таныған деген дәйек ұсынады[7-47].

Сыпыра, Асан Қайғы, Шалкиіз, Жиембет жыраулардың Маңғыстау, Жайық, Жем, Сағыз даласына өкшесі тигені тарихтан мәлім. Бұлардың дені көрегендіктен кенде болмаған. Ақтан да осынау дарақтар сайрандаған сары даланың шалғайынан шыққан шайыр. Демек, Ақтан да өз қоғамының жырауы. Тек тұсында, Асан Қайғымен ақылдасар хан Жәнібек, Шалкиізге құлақ түрер би Темір, Сыпырадан кеңес сұрар Тоқтамыс, Жиембетпен санасар Есім хан жоқ еді.

Ол  ақпа-төк  ақындығымен  қоса жыршылығымен де белгілі тұлға. «Қырымның қырық батырын» жырлаған. Жырлап  қана  қоймай  өзгеше өң бере, өзіндік сарын қосып, Абыл мен Нұрымдай ірі таланттардың  мұрасын дәріптеп, дамытып,  кейінге ұластырған.

 «Батырдың ісі, ақынның сөзі өлмейтінін» жария қып, өзіндегі жыр-кеніш кеуде мен қуатты қызыл тілді халыққа қызмет қылумен қатар, қара қазан сары бала қамы үшін арпалысқан арыстан кейіп, арқар мүйіз алыптарды жырлауға берілген деген ұғыммен:

Тұрғанда жел сөз кеудемде,

Ерлерімді жырламай

Не көремін өнерден?[3-271]– дейді.

Әр тасы  күй төгіп, әр түп жусаны  шежірелі  жыр шертіп  тұрған Каспий  жағалауы мен  Атырау  өлкесінде, көнеден қалған киелі  өнердің тал бесігінде тербеліп  өскен тегеурінді дарындар  аз болмаған.

Екі  атысқан  жау  болса,

Арасында  панамын[3-243], – деп ел татулығын көксеп өткен шалдырмас шайырдың бейнелі сөз, бедерлі толғауларымен қазақ әдебиетіне қосқан үлесі мол. Киелі өнерді бекзат болмысымен қастерлеп өткен ақын сақилықпен дәурен сүріп, 1912 жылы өмірден озып, өзі жайлаған Сағыз өзені бойындағы (Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы) Шибұлақ деген жерде, «Көкмешіт» аталатын Абдолла хазірет қорымына қойылған.

Басына барып қайттық.

Елдік пен ерліктің, береке мен бірліктің, ақиқат пен ар-намыстың жаршысы, бұлтсыз аспандай ашық жырлы алып ақын, фәниде қуатты жыр, қарымды шешендігімен елге сыйлы азамат, бақида да тегін емес, әулиелі жерден орын тауыпты.

«Сондықтан да ұрпағым, түзелер деп қисайып – сендерге бабаң сенеді». Бабамыз бізге қапысыз сенген. Сенімін ақтай аламыз ба?

                       Әдебиеттер тізімі:

1.      Сыдиықов Қ. Ақын-жыраулар. Алматы, «Ғылым»-1974ж. 290б.

2.      Сыдиықов Қ. Таңдамалы. 2-том. Алматы, «Арыс»- 2006ж. 560б.

3.      Сыдиықұлы Қ.Таңдамалы.3-том. Алматы, «Арыс»-2007ж. 576б.

4.      Исмаилов Е. Ақындар. Алматы- 1956ж. 340б.

5.      Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы-1973ж. 310б.

6.      Сыдиықов Қ. Алғысөз // Қазағым – Алматы-«Жазушы»,1993ж. 13б.  

7.      Сарай Ә. Ноғайлы. «Арыс»- 2009ж. 476б.