Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері

                                                    Даутова Сауле Батталовна,

                                                                  филология ғылымдарының докторы,

                                                         Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

                                                       Әдебиеттану және тіл білімі

                                            ҒЗИ-дың директоры.

 

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған жылдан бастап оның қоғамдық қызметін жақсарту жолында көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Содан бері Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңы [1], тілімізге арналған мемлекеттік бағдарлама екі рет қабылданды. Осы бағдарламалардың екіншісінде оны толық қолданысқа енгізіп,  қызмет аясын кеңейтіп жан-жақты дамытудың бір жолы –  түрлі оқу орындарындағы қазақ тілі пәнін мемлекеттік тіл ретінде тиімді оқытып-үйрету екені көрсетілген [2]. Бүгінге дейін оған арналып, түрлі оқыту бағдарламалармен қатар оқулық, оқу құралдары, сөздіктер көптеп шығарылады. Бірақ оның оқу-әдістемелік жағы ойдағыдай деңгейге көтеріліп, жақсарып кетті деуге әлі ертерек сияқты. Әсіресе, оқулықтар күні бүгінге дейін бірізге түсе қойған жоқ. Қазіргі оқулықтарды пайдаланып жүрген мұғалім-оқытушылар сол оқулықтардың тілдік (лингвистикалық) материалдарын  барынша пайдаланса да, тіл дамытуға арналған мәтіндерін іс жүзінде толық қолданып кете алмай, өзі сабақ беріп жүрген  кәсіби бағыт, мамандық, ғылым салаларына арнап, қосымша мәтіндер жинағын, әдістемелік құралдар құрастыруға мәжбүр болып,  қолданыстағы оқулықтарға онша сәйкес келе бермейтін өздері құрастырған бағдарламалармен жұмыс істеуде. Әлбетте, бұндай көмекші оқу құралдарының пайдасынан басқа ешқандай зиянының жоқ екенін түсінеміз. Сондай-ақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде немесе екінші тіл ретінде шетелдік азаматтарға оқытып-үйрету бағытында қолға алынып жатқан істер мен ізденістер жоқ емес [3].

Қазақ тілі пәнін оқытып-үйретудің тілдік материалдары қазақтілді дәрісхана мен орыстілді дәрісханада бірдей болғанымен, мақсат-міндетіне қарай бір-бірінен ерекшеленеді. Қазақ мектебі мен қазақ филология факультетінде оқытылатын осы пәннің негізгі мақсаты – оқушылар  мен студенттерге тіл үйрету емес, оларға мектепке дейін ешқандай оқытушы-мұғалімдерсіз-ақ, ана сүтімен, ана әлдиімен беріліп қалыптасқан тілдерін одан әрі жетілдіріп, оның құрылымын, қалыптасу тарихын, әдеби нормаларын, функциональді стильдерін т.б. қырларын жан-жақты оқыту арқылы өз ана тілінің табиғатын терең түсіндіріп, болашақта оны басқаларға оқытып-үйрететін маман болуға дайындау немесе өз ана тілінің құрылымына (грмматикасына) сүйене отырып, олардың өздерінің де келешекте басқа ұлттардың тілін еркін меңгерулеріне негіз салу болып табылады.

Ал орыс мектептері мен кәсіби орта және жоғары оқу орындарының орыс бөліміндегі тіл үйрету сабақтарының мақсат-міндеті басқаша. Себебі, онда, ең алдымен, тіл үйренушіге өз ойын басқаларға ауызша біршама түсінікті етіп жатық жеткізе алуды меңгерту негізгі мақсат етіліп қойылады.

Міне, осыдан екі дәрісханада оқытылатын қазақ тілі пәнінің бір-бірінен өзгешеленетін әрқайсысына тән өзіндік әдістемесі шығады. Қазақ мектептері мен қазақ филология факультеттерінде қазақ тілі пәнінің барлық материалы қамтылып оқытылуы міндетті болса, орыстілді дәрісханаға арналған қазақ тілі сабақтарында тілдік материалдарды (дыбыс-әріптер, сөздер-сөз таптары, морфологиялық тұлғалар, сөз формалар, сөз тіркестер, синтаксистік құрылымдар т.б) сұрыптап оқыту керек.  Себебі, оның негізгі мақсат-міндеті сөйлеу тілін үйрету болғандықтан, тілді оқытып-үйреткенде тілдік материалдардың қайсысы тіл үйренушілердің басқалармен сөйлесіп, қарым-қатынас (комуникация) жасауына аса қажетті деген мәселе ең бірінші кезекке қойылады.

Орыс мектептері оқушылары мен кәсіби орта және жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне тіл үйретуде тілдік материалдардың ең  керектілерін сұрыптап оқыту, әрқайсысына қажетті уақыт мөлшерін дәл бөлу, тілдік материалдарға сәйкес келетін қажетті мәтіндерді таңдап алу, мәтін  құрамындағы қажетті  сөз, сөз тіркестерін оқытылып-үйретілетін тілдік формаларға, синтаксистік құрылымдарға ыңғайластыру, мәтіндерді оқып-түсінуге, тіл үйретуге лайықтау және т.б. жақтарына көңіл аудару негізгі бағыт-бағдар екені ақиқат.  Бірақ тілдік материалдарды оқытуға бөлінген сағат көлемі қаншалықты дәл болып,  материалдар қаншалықты сұрыпталып алынса да,  кейбір танымдық мәтіндер мен арнайы мәтіндердің  сабақтың  тақырыбына сәйкес  келмей қалатын кездері іс жүзінде байқалып жүр. Оларды бір-біріне үйлестіру  тіл үйретудің басты мәселелерінің бірі болып қала бермек.  Дегенмен,  аталған мәселелер бойынша жұмыс жасау барысында мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларының қол жеткізген табыстары аз емес. Олар барынша тиімді болып  саналатын амал-тәсілдерді  сабақ беруде пайдаланып-ақ жүр.  Әр  тарапты ізденістер де баршылық [4].

Қай тілді болмасын, өзге ұлт өкілдеріне немесе өз ана тілін жеткілікті дәрежеде білмейтіндерге оқытып-үйрету,  ең  әуелі,  тіл  дыбыстары  мен  оларды таңбалайтын әріптерді  үйретуден  бастау дәстүрге айланғаны  баршаға  аян. Алайда,  тіл  үйретуде  тілдің дыбыстық  жүйесі  негізгі  рөл атқармайды. Тілдің дыбыстық жүйесі мен оның түрлі заңдылықтарын арнайы оқып, терең меңгермей-ақ,  сөйлеу  тілін  жап-жақсы  үйреніп алғандар өмірде көп кездеседі. Себебі, олар, ең әуелі, барынша көп сөз үйренуге  тырысқан.  Сөйтіп, сол сөздер арқылы тіл дыбыстары мен  олардың бір-бірімен тіркесім заңдылықтарын да қатар меңгерген. Сондықтан да, біздің ойымызша, орыстілді дәрісханалардағы қазақ тілін оқытып-үйрету  әдістемесінде  сөздерді практикалық жолмен айтып-жазуды  үйрете отырып, сөз таптары мен олардың әрқайсысына тиесілі категорияларды меңгерту – тіл  үйрету сабақтарының негізі болып саналады.

Тіл үйренуші жеткілікті сөздік қорсыз (словарный запас) грамматиканы қаншалықты жетік білсе де, өзінің айтайын деген ой-пікірін  тыңдаушыға ешқашан түсінікті етіп, толық жеткізе алмайды. Керісінше, сөздік қоры біршама толық кез келген өзге ұлттың өкілі өзі үйренгісі келетін тілдің грамматикасын онша білмесе де, өзі білетін сөздерді өз ана тілінің сөйлем құрылысына сәйкестендіріп тізіп айтып, айтайын деген ой-пікірін әйтеуір бірдеңе қып жеткізеді. Бірақ біз бұны айтып, тіл үйретуде тілдің құрылымдық жүйесіне мүлде көңіл аудармау керек дегенді айтып отырған жоқпыз. Сөз таптары мен олардың әрқайсына тән сан алуан сөздерді практикалық амал-тәсілдермен (сөйлету, мәтін оқыту, өлең, мақал-мәтел жаттатқызу, бір-бірлерімен сұхбаттастыру т.б.) оқытқанда грамматикаға сүйенбей, жақсы нәтижеге қол жеткізу, әрине, мүмкін емес. Бұнымен қоса, тілді грамматикаға сүйенбей, жеделдетіп үйрететін қысқа мерзімдік арнайы курстарды есепке алмағанда, еліміздегі мемлекеттік және мемлекеттік емес түрлі деңгейлік барлық оқу орындарындағы орыстілді дәрісханаларға арналған қазақ тілі пәнінің толық курсы мемлекеттік стандартқа сәйкес арнайы бағдарламамен жүйелі түрде оқытылуы міндетті болған соң, осы пәнге қатысты барлық тілдік материалдар  машықтық (практикалық) сабақтарда барынша қамтылуы тиіс.

Сөз таптары мен олардың әрқайсысына қатысты грамматикалық категорияларды оқытып-үйреткен кезде тіл үйренушілердің мектептен оқып-үйренген базалық білімі, демек, олардың өз ана тілдерінің дыбыстық жүйесі мен лексика-морфологиялық және синтаксистік-стилистикалық, қысқасы, өз ана тілінің материалдарын қаншалықты дәрежеде білетіндіктері үлкен көмек болады. Себебі, тіл үйренушілер өз ой-пікірлерін өзге тілде айтып жеткізу үшін өз ана тілінде ойлап, соның  негізінде сөйлем құрайды. Қазақ тілін елімізде оқытып-үйретуде қазіргі уақытта мұндай тіл орыс тілі болып отыр. Осы ретте ескере кететін бір мәселе, екінші тілді үйренуге тірек ретінде өз ана тілінің құрылымын жетік білу тіл үйренушіге қаншалықты керек болса, қазақ  тілін оқытып-үйрететін мұғалім-оқытушыларға да оны білу соншалықты қажет.  Әлбетте, бұл – қазақ тілі материалдарын орысшы түсіндіріп-үйретіп, сабақты орысша жүргізу керек дегендік емес. Бұндай біліктілік немесе әдістемелік амал-тәсіл – тіл  үйретуші мұғалім-оқытушының  сабақ  жүргізу барысында қазақ тілінің кейбір қиын материалдарын орыс тілімен салғастыра түсіндіріп, жақсы нәтижеге қол жеткізуі үшін қажет. Осы мәселеге байланысты қазақ тілін орыс тілі арқылы оқытып-үйретудің негізін қалаушылардың бірі әрі жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған алғашқы «Қазақ тілі» оқулығының авторы – Ы.Мамановтың аса мәнді бір пікірін мысалға келтірейік. Ғалым-педагог өзінің «Орыс мектептерінде септік формаларын оқыту жөнінде» деген мақаласында қазақ тілін орыс тілі арқылы өзге ұлт өкілдеріне оқытып-үйретудің өзіндік ерекшелігінің бар екеніне назар аударып,  бұл жөнінде былай дейді: «Тілдердің барлығында да сөздерді бір-бірімен байланыстырып, синтаксистік қатынасқа ендіруде ең көп қолданылатыны – септік формалары мен етістіктің шақ формалары. Қазақ тілінде септік формалары келмейтін жайылма сөйлемдер кемде-кем. Олай болса, орта мектептердегі қазақ тілі сабақтарында септік формаларын орыс тілімен салыстыра олардың мағыналарын, тіркесу формаларын, сөйлемдегі қызметін оқушыларға берік меңгертудің маңызы зор. Септік формаларын өткенде, олардың орыс тіліндегі баламалары да бірге аталып отырады. Екі тілдегі септік және падеж формаларының мағыналары және басқа сөздермен тіркесу жүйесі толық сәйкес келе бермейді. Қазақ тілінде ілік септік  иелік мағына білдіреді, сөйлемде ылғи тәуелдік формамен тіркесте келеді. Орыс тіліндегі родительный падеж иелік мағына білдіргенде ғана ілік септікпен мағынасы сәйкес келеді. Баланың кітабы – книга мальчика. Директордың кабинеті – кабинет директора. Ағаштың жапырағы – лист дерева т.б. «Мальчик боятся собаки», «Волга шире Оки», «Нет книги» деген сөйлемдердегі «сабаки», «Оки», «книги» сөздері де родительный падеж формасында. Осы сөйлемдер қазақ тіліне «бала иттен қорқады», «Волга Окадан кеңірек», «кітап жоқ» болып аударылады. Бұл сөйлемдердегі «собаки», «Оки» қазақ тілінде «иттен», «Окадан» түрінде шығыс септік формасымен берілген. Соңғы «книги» сөзі атау септігімен (кітап) беріледі. «Он был учителем» деген сөйлемдегі «учителем» сөзі творительный падежде. Осы сөйлемді қазақ тіліне аударғанда «Ол мұғалім еді» болып, атау септігінде айтылады» [5;471].

Бұл пікірден орыстілді дәрісханада  қазақ тілі зат есімін оқытқан кезде оның септелуіне аса мән беріп, орыс тілімен салғастыра отырып оқытып-үйрету керек екенін жақсы аңғарамыз. Бірақ осы мәселе қазақ тілін орыстілді сыныптар мен дәрісханаларда оқытып-үйретуге арналған қазақ тілі пәнінің қазіргі қолданыстағы оқулық, оқу құралдарында онша ескерілмей келеді. Бір есептен, бұл – оқулық-оқу құралдарының  міндетіне де жатпайды.  Сондықтан да, қазақ тілін өзгетілділерге оқытып-үйретуді жетілдіре түсу үшін және оның оқулық, оқу құралдарына қосымша ретінде әрі мұғалім-оқытушыларға көмекші құрал бола алатын және білім беру сапасын артырып, көптілді білімді дамытуды негіздейтін, сондай-ақ қазақ тілі құрылымын нақты мысалдар арқылы орыс тілі құрылымымен салғастыра сипаттап, екі тілдің құрылымдық ерекшеліктері мен ұқсастықтарын орыстілділердің өз ана тілінің көмегімен түсіндіретін оқу құралдарын немесе ғылыми-теориялық әдістемеліктерін  дайындау қажет  екенін қазіргі заман талабы аңғартып отыр.

Оқушылар мен студенттерге немесе кез келген тіл үйренушілерге машықтандыру әдісі арқылы жаңадан үйретілетін сөздер мен  сөз тіркестері олардың алдағы өмірінде қолданып-пайдалануларына қажетті болуы тиіс. Мәселен, күнделікті сөйлеу тіліне  (кәсібіне, мамандығына қатысты қарым-қатынас тілі) қажетті сөздердің ең көп мөлшерін зат есімдер мен етістіктер құрайды. Сондықтан, осы екі сөз табына тіл үйрету сабақтарының бағдарламаларында көп сағат арналады. Дегенмен, біздің ойымызша, қазақтілді дәрісханадағыдай орыстілді дәрісханаға арналған қазақ тілінің сабақтарында зат есім мен етістікке қатысты барлық мәселелерді қамтып оқытудың еш қажет жоқ. Себебі, оның кейбір мәселелері тіл үйренушінің өз ой-пікірін тыңдарманға түсінікті етіп жеткізуі үшін немесе біреудің айтқан ой-пікірін дұрыс қабылдап, түсінуі үшін онша қажетті бола бермейді.

Осыны ескермегендіктен, біздің кейбір оқыту бағдарламаларымызда артық-ауыс материалдар әлі де болсын жүр. Мысалы, зат есімнің сөз тудырушы жұрнақтарын немесе кез келген туынды сөздердің қандай жұрнақтардың қатысуымен жасалатынын түсіндіру тіл үйренушіге тіптен қажет емес деген ойдамыз. Тіл үйренушіге сөздің қандай түбір мен қосымшадан жасалғандығын білуден  гөрі, сөзді тұтастай қабылдап, әсіресе, оның тура мағынасын біліп, іс жүзінде орнымен қолдана білуі әлдеқайда пайдалы.

Сын есімнің шырай категориясы туралы да осыны айтуға болады, «анадай жұрнақтан сын есімнің мынадай шырайы жасалады» деп үйреткеннен гөрі, «қызылырақ – красноваты», «қызғылт – алый», «сарғыш – желтоватый», «көгілдір – голубой», «қаралау – почерней», «қоңырқай – коричноваты» деп, сөз мағынасын тікелей үйретіп және оларды жиі-жиі айтқызып, оларды тіл үйренушінің әр сөйлемінде орынды қолдануын қадағалап, өз ой-пікірін дұрыс айтып-жеткізуге машықтандыру керек.

Кез келген тіл үйренушінің айтайын деген өз ой-пікірін тыңдаушыға түсінікті етіп емін-еркін жеткізуі үшін жеткілікті мөлшерде іс-қимыл атауларын, яғни етістіктерді көп білуі және оларды өмірде (практикада) пайдалана алуы маңызды.  Сол себептен, тіл үйрету сабақтарында етістікке және оның түрлі категорияларына мол орын беріледі. Бір қарағанда оның қай категориясы болмасын, тіл үйренуші үшін аса қажетті сияқты болып көрінеді. Бірақ осы етістікті оқытуда да артық-ауыс материалдар бар екені аңғарылады. Әсіресе, етіс түрлерін тудыратын жұрнақтарды және туынды етістіктерді оқытып-үйрету, біздің ойымызша, артық. Одан да, кемінде жүз етістік жаттатып, солар бойынша түрлі практикалық жұмыстар жүргізіп, сол етістіктерді түрлі жағдайда (көсемше, есімше т.б тұлғада) жекеше-көпше, жақтық-шақтық тұрғыдан талдату жақсы нәтиже беретіні сөзсіз.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1.      Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы. Астана, 1997 жыл.

2.      Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. «Ана тілі» газеті, 2001 жыл, 22 ақпан.

3.      Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері: өзгетілді дәрісханалардағы қазақ тілі. Алматы, 2001 жыл.

4.      Құрышжанова Ә. Қазақ тілі (оқу-әдістемелік нұсқау). Астана, 2008 жыл.

5.      Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, 2007 жыл.

 

Түйін

 Мақалада қазақ тілі пәнін мемлекеттік тіл ретінде еліміздің өзге тілді дәрісханаларында оқытудың кейбір мәселелер сөз болған. Автор тіл үйретуге арналған қазақ тілі пәнінің өзіндік ерекшелігін баяндайды.

 

Резюме

В статье расматриваетьсия некоторые проблемы преподавания казахского языка в инаязычным аудиториях  как государственный язык. Автор определяеть свое образный особенности в обучение казахского языка в инаязычным аудиториях.