ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

Оспанова Баянды Рамазанқызы – ф.ғ.к.,

Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі  ҒЗИ қызметкерлері

Алматы қаласы

 

 

Қазіргі білім беру жағдайында электронды құрал-жабдықтарға негізделген ақпараттық техналогияларды, сандық білім қорының біртұтас жиынтығын, интерактивті тақта мүмкіндіктерін т.б. пайдаланбай, соларға сүйенбей сабақ беру мүмкін емес. Сол себептен ақпараттық-коммуникативтік технологияларды (АКТ) бүгінгі заманның зор жетістігі ретінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің сабақтарында да пайдалану елімізде өркен жаюда. Отандық іс-тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі заманның мұғалімі (оқытушысы) кем дегенде Microsoft office бағдарламаларын пайдаланыды. Мәселен, Word бағдарламасы – әрбір сабаққа қажетті мәтіндік материалдар құру үшін керек болса, Excel – кесте, сұлба, график, тест құру үшін, Power Paint – оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстарына, яғни сабаққа қажетті электронды жалғама әзірлеу үшін керек. Ал Publisher бағдарламасы – оқылатын тақырыптар бойынша буклет, реферат дайындауға, жобаларды бағалап қортындылауға, Access бағдарламасы – мұғалім-оқытушыға өз оқушылары мен студенттері туралы мәліметтер базасын жасауға ыңғайлы.

Алайда еліміздің барлық деңгейлік білім ошақтарына еніп жатқан ақпараттық және техникалық прогресс ұстаз-педагогтан ғаламтор желісін де тиімді пайдалануды, интерактивті техналогияларды да мейлінше меңгеруді талап етеді. Міне, осынай қазіргі жағдай қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын жүргізетін мұғалім-оқытушылардың ақпараттық техналогиялардың барлық мүмкіндігін – қарапайым орфографиялық тренажерлерден бастап интерактивті тақтаға дейін пайдаланып, қашықтықтан оқыту үшін ғаламтор желісінде жұмыс істей алуды қажет етеді.

 Электронды құрылғыларға негізделген оқытудың ақпартаттық-коммуникативтік әдіс-тәсілдері мен тиімді жолдарының біраз жылдық іс-тәжірибелік нәтижелерін зерделесек, еліміздің оқу орындарындағы қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда мынадай басымдылықтарды анықтауға болады:

- оқытуды даралау және саралау, орфографиялық тренажерлерде, түрлі оқыту бағламаларында қиындық деңгейін таңдау, тақырып бойынша қорытынды жасау, шығармашылық жұмыстың түрін таңдау;

- зерделенетін материалдың қолжетімділігі, білімгерлердің ғаламтор қорларын еркін пайдалана алуы;

- ақпараттың кез келген түрімен өз бетімен жұмыс істеу дағдыларын, тиімді сандық білім ресурстарын жинақтау ептілігін (машығын) дамыту;

- ақпараттық интерактивті техналогияларды қолданып, шығармашылық жұмыс орындауда оқушылардың таным белсенділігін арттыру.

Біздің зерттеп-пайымдауымызша, соңғы он жылдықта гуманитарлық-қоғамдық пәндерді, соның ішінде қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мектеп мұғалімдері мен ЖОО ұстаздары өздерінің әрбір сабақтары үшін электронды жалғама (сабаққа қажетті қосымша материалдар) дайындауды жақсы дәстүрге айналдырған. Мұндай жалғамалар сабаққа қатысты көрнекі құралдар, жаңа тақырыпты түсіндіретін диактикалық материалдар, сабақ жетімділігі мен ұғынықтылығына сеп болатын сұлбалар (схемалар), сабақ жүргізу барысында оқушыларды немесе студенттерді бір сәт сергіту мақсатында қолданылатын ақпараттық-танымдық материалдар, бағалау-бақылау «емтихан-сынақ сұрақтары, тестілер және т.б.) материалдары болып келетіні анықталды.

Әр сабақтың осындай оқу материалдарын дайындауға, жасауға мұғалім-оқытушылармен қатар білімгерлер де тартылатыны әркімге болсын түсінікті. Өздерінің сапалы әрі жан-жақты білім алулары үшін бұндай жұмыстарды орындауға білімгерлер де белсене қатысып, зор ынта көрсетеді. Алайда білімгерлерге сенім білдіргенмен, оларға аса көп жүк арта бермеудің қажет еместігі де байқалған. Олар көрсетілім (презентацияны) материалдарын дайындағанда өте ашық, айқын, жарық түстерді, суреттерді, анимацияны шамадан тыс қолданады. Бір қарағанда бұндай дүниелер есте жақсы сақталатын сияқты болып көрінгенімен, сабақтың негізгі мақсатына, берілетін негізгі ақпаратына тиімсіз әсер етеді. Осындай кемшіліктерді болдырмау үшін жыл басында оқушылар үшін жақсы дайындалған үлгілерді көрсетіп, тиімді көрсетілім ойластырудың шағын шеберлік сабақтарын өткізген жөн сияқты. Әлбетте, бұл – сабақтан тыс уақытта орындалуы қажет.

Жаңа технологиялар, электронды құрал-жабдықтар кең пайдаланылып, сабақтар жүргізілетін мектептерден білім алып шыққан оқушылар, кейін ЖОО-да оқып жүрген кездерінде олармен нәтижелі жұмыс атқара алады. Мәселен, филология факультетінің І-ІІ курс студенттерінің дайындаған көрсетілімдері (қазақ тілі мен әдебиеті бойынша) бір стильді ұстанған, түрлендіру, мәтінді пайдалану, көрнектілікті ұсыну талаптары сақталған дүниелер болып келетінін тәжірибе аңғартып отыр. Алайда бір семестр бойы ғана аптасына 2 сағаттан өтуге есептелген бағдарламада ондай көрсетілімдерді зерделеу, толықтай бағалау мүмкін емес. Сол себепті студенттер тарапынан ұсынылатын материалдарды демеу мақсатында әрі қандай да болсын бір сабақтың білім ресурстары ретінде оларды дайындауға арнайы Орталықтың қажет екендігі туындайды.

Әдетте біз оқу-тәрбие үдерісінде қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері сабақтарының тақырыптары бойынша өтілген материалддарды бағалап қорытындылайтын кезде өз бетімен орындалатын жеке жұмыс ретінде студенттерге MS Publisher бағдарламасын пайдаланып, буклет немесе реферат дайындауды ұсынамыз. Мұндай жұмыстарда тақырып қорытындысы тезис не көрнекілік түрінде беріліп қана қоймай, бақылау сұрақтарының жауаптарымен де толықтырылады. Міне, осындай буклеттер мен рефераттар кейбір сабақ тақырыптарын өз бетімен тереңірек меңгеруге қажетті құрал болып та саналады.

Тіл және әдебиет мамандары «ЖОО-дағы білім беру» бағдарламасын кеңінен қолданады. Сабақта пайдаланатын электронды сандық жүйе білім беру бағыттары бойынша сан алуан интерактивті кестелерді, сұлбаларды,  қызықты мультимедиалық сабақтарды, тест тапсырмаларын қамтиды. Алайда аталған ресурстарды бір пәннің, атап айтқанда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің барлық сабақтарда бірдей қолдану мүмкіндігінің шектеулі екендігі баршаға аян. Сондықтан да кейбір файлдарды бізге ыңғайлы офис бағдарламаларына көшіру қиындығын да атап кеткен жөн. Интерактивті тақталар үшін неғұрлым тиімдісі – SMART Note book-типтегілері.

SMART Note book-типтегі файл мұғалім-оқытушылар үшін сабаққа қосымша материалды ойластыра отырып, көрнекі құралдарды дайындауға, оларды ұсыну қалпын өзгертуге, интерактивті тапсырмалар енгізуге мол мүмкіндік береді. Бұнымен қатар интерактивті тапсырмаларды әр оқушы, егер электронды құрал-жабдықтарды, соның ішінде ккомпютер тілін жақсы біліп, бағдарлама әзірлеуді және ақпараттандыруды жеткілікті мөлшерде меңгерген болса, мұғалім-оқытушы нұсқауы бойынша өз бетімен дайындай алады немесе аталған ресурстардың Flesh-файлдарын, оқыту дискілерін қолдана алады.

Интерактивті тақтаны пайдаланып сабақ жүргізу берілетін білімнің сапасын ғана арттырып қоймай, оқушы-студенттердің әр сабаққа деген қызығушылығын тудырып, ынта-ықыласын (мотивациясын) жақсартады, әрбір оқушыны ұжымдық жұмысқа тартуға көмектеседі, жеке, әлеуметтік соның ішінде шығармашылық дағдыларды дамытады.

Тәжірибелі ұстаз әрқашанда ақпараттық-коммуникативті технологияны дұрыс таңдап, нақты сабақтағы нақты педагогикалық мақсат-міндетті орындаудың оңтайлы әдісін таба біледі. Осындай технологияның оқу үдерісіндегі практикалық маңыздылығымен қатар жанама мынадай тиімді жақтары бар екенін атап өткен жөн: қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынас үдерісі табысты өтеді, оқушылар немесе студенттер өз ой-пікірлерін қысылмай емін-еркін жеткізіп айта алады, берілген білімге, ақпаратқа қатысты қойылған сұрақтарға батыл жауап береді, білім беру-білім алу үдерісі көтеріңкі көңіл-күй аясында іске асырылады. Оқушы-студенттер қазіргі техналогияларға өзінің де қатысы бар екенін сезініп, оны терең түйсініп әріде жинаған тәжірибесін ғаламтор желісін пайдалана отырып, сол біліктілігін қашықтықтан білім алуда ұтымды пайдалана алады.

 

 

 

 

 

 

Ақпараттық техналогиялады қазақ тілі

және әдебиеті сабақтарында қолданудың тиімділігі

 

Әрбір жеке тұлғаның қоғамның сан салалы еңбек майданында өзінің алған біліміне сәйкес еңбек етіп, қызмет істеуі, өзін саяси тұрғыдан еркін сезінуі отандық білім беру жүйесімен етене байланысты екені анық. Көп жағдайда сапалы білім алып, дәстүрлі тәрбие көрген азаматтардың өз Отанын саналы түрде сүйіп, өз елінің бай да даңқты тарихына, оның жарқын болашағына сеніммен қарап, оған өзінің де қатысы бар екенін мақтанышпен сезіне алатынын қазіргі уақыттың алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттерінің іс-тәжірибесі, өнегелі дәстүрі көрсетіп отыр. Сол себептен еліміздің бүгінгі күрделі мәселелері де, жарқын келешегі де ендігі уақытта оның өркендеп дамуына қажетті сапалы білім алып, отандық  дәстүрлі тәлім-тәрбие көрген жас маман-кадрларға байланысты екенін қазақстан қоғамы пайымдай бастады. Мәселен, мектеп жеке тұлғаның қалыптасатын жері екені баршаға аян. Ол – жас ұрпаққа білім бұлағынан нәр алып, базалық білім алуды негіздеп қана қоймай, одан әрі білім алып дамуына негіз қалайды. Өмірлік тәжірибелер мен машықтарды үйретеді. Өз Отанына деген сүйіспеншілік ана-сезімін оятады. Демек, жас ұрпақтың ел-жұртына деген сана-сезімін қалыптастырудың бір жолы – білім  беру мен тәрбие ісін бір-бірімен ұштастыра жүргізуде жатыр.

Ұлтымыздың  тілі мен ділін, таным-түсінігін, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін, мәдени-әдеби рухани құндылықтарын насихаттап, солар арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиеті пәні орасан зор қызмет атқарады. Әлбетте, жас ұрпаққа түрлі деңгейлік білім ошақтарында сапалы білім беріп, елжандылыққа тәрбиелеуде қазақ тілі мен әдебиетімен қатар қоғамдық-гуманитарлық пәндердің, атап айтқанда тарих, философия, педагогика, психология, мәдениеттану, саясаттану, әлеуметтану секілді пәндердің де маңызы ерекше. Дегенмен тіл мен әдебиет қоғамдық-гуманитарлық басқа пәндер сияқты жас ұрпақтаң таным-түсінігін кеңейтумен қатар, оларға көркем-эстетикалық тұрғыдан да әсер етіп, отаншылдық сезімдерін оятады. Мәселен, атамекенге деген іңкәр сезім көркем әдебиеттің әр тегінің түрлі жанрларында көркем бейнелер, көркем суреттеулер арқылы беріліп, жас ұрпақтың көркем-эстетикалық талғамын кеңейтеді. Мысалы қазақ халқының эпостық жырларындағы батырлар бейнесі, олардың ел-жұрт үшін жан қиярлық ерліктері және солардың жоғары пафоста суреттеліп дәріптелуі атамекені мен жақын-жұрағатына деген сана-сезімі енді-енді оянып, қалыптасып, өркендеп өсіп келе жатқан ұрпақтың намысын жігерлендіріп, ерлік іс-әрекеттерге жетелейтіні сөзсіз.

Демек, туған жерге, өскен ортаға, жақын-жуыққа, туыс-жұрағатқа деген сүйіспеншілік сана-сезім көркем әдеби шығармаларда поэтикалық, көркемдік-эстетикалық жолмен беріледі. Сондықтан да жастар бойындағы елжандалық сана-сезімді оятып, оны берік қалыптастыруда ұлтымыздың ертегілері мен аңыз-әңгімелерінің, дастандары мен жырларының, мақал-мәтелдері мен нақыл сөздерінің, қазақ ақын-жазушыларының романдары мен повестілерінің, өлеңдері мен поэмаларының т.б. берері мол. 

Көркем әдебиет жанрларының ішінен өз еліне деген іңкәр сезімді, ыстық махаббатты дәріптеудің аса айқын көрінетін жанры нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер болып келеді. Мәселен, «Отан – отбасыдан басталады», «Отан – оттан  да ыстық», «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Береке басы – бірлік», «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне үйір», «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Көппен көрген ұлы той», «Бірліксіз тірлік болмас», «Ынтымақ болған жерде ырыс болады», «Еліңді құрметтеу –  өзіңді   сыйлау деген сөз» сияқты т.б. көптеген мақал-мәтел, нақыл, қанатты сөздер жас ұрпақты туған жер, атамекен, қоршаған ортаны сүюге тәрбиелейді. Сондықтан да жас ұрпақты отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеуде тіл-әдебиет пәнінің және оны оқытып-үйрететін пән мұғалімдерінің жөні бөлек екенін ескеріліп, осы пәндерді заман талабы мен өмір қажеттілігіне қарай заманауи технологиялардың көмегімен жаңаша оқытып-үйретуге қазіргі кезде, әсіресе соңғы онжылдықта аса мән беріле бастады.

Заманауи технологияларға негізделген білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін қазақ тіл мен әдебиет сабақтарында пайдалану оқушы-студенттердің әлемдік бәсекеге қабілетті маман, ізгілік пен адамгершілік қасиеттерді бойына жинаған өзіне сенімді тұлға ретінде қалыптастыруда зор рөл атқарады. Бұл технология өскелең ұрпақты оқыту мен дамыту сапасын арттыруға үлкен  мүмкіндік береді.  Адамгершілігі мол, рухани дүниесі кең азамат етіп тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. 

Ақпараттық техналогиялар кең қолданыс тапқан қазіргі кезеңде оқыту үдерісіне осы техналогияларды белсенді енгізу – заман қажеттілігі туындатып отырған заңды талаптардың біріне айналды. Ғаламтор қорлары мұғалім-оқытушыға ғана емес, оқушы-студенттерге де мол мүмкіндік береді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім-оқытушыларының басқа пән иелерінен айырмашылығы – руханият мәселелеріне аса көңіл бөлуі, оқушылар мен студенттерді тілдік білімі жетілген шығармашыл тұлға ретінде дамыту. Осы міндеттерді шешуде ең алдымен түрлі мәтінмен, әсіресе көркем мәтінмен жұмыс істеу бірінші кезекте тұрады, алайда сабақ анық та қанық өтуі үшін мультимедиялық технологиялардың мүмкіндігі шексіз. Осы мүмкіндікті оңтайлы да тиімді пайдалана білу үшін филолог мамандардың компьютерлік техниканы және қандай да болсын электронды құрал-жабдақтардың түрімен жұмыс істеуді жетік білуі өте қажет.

    Компьютермен дұрыс ұйымдастырылған жұмыс танымдық және қарым-қатынастық (комуникативтік) қызығушылықты арттырады, тіл мен әдебиет материалдарын өз бетімен  меңгеруге септігін тигізеді.

    Еліміз тәуелсіздік алған жылдардың соңғы онжылдығында өскелең ұрпақтың зерттеушілік, шығармашылық дағдыларын дамыту, ақпараттық қоғам тұлғасын тәрбиелеу мақсатында ақпараттық-коммуникативтік техналогияларды (АКТ) оқу-тәрбие үдерісінде үнемі қолданып келеміз. Компьютерді сабақтың барлық кездерінде: түсіндіруде, бекітуде, қайталауда, бақылауда қолдану білім сапасын арттыратыны тәжірибеде дәлелденуде. Мәселен, жаңа сабақ тақырыбын түсіндіргенде түрлі оқыту бағдарламаларымен қатар оқушылар мен студенттер орындаған материалдарды қатыстырамыз. Осы кезеңде АКТ-ны қолдану барысында білім алушының психалогиялық және жас ерекшелігі ескеріліп, олардың әрбірінің өзіндік қабылдауының жетекші арнасына сай (аудиал, киестет, визуал) тапсырманың қолайлы түрін таңдауға мүмкіндік беріледі. Бекіту және қайталау кезеңдерінде бақылау жүргізуге компьютерлік тесттер ыңғайлы. Өйткені қағазға басылған тестіден гөрі, мониторға шығатын тестілерді орындау білім алушыға қолайлы әрі қызығырақ.

    Тест арқылы берілген білімді бағалу-бақылау мұғалім-оқытушылардың да, оқушы-студенттердің де уақытын үндемейді, білім алушының өзін-өзі бағалауына мүмкіндік береді. Тестілік бақылау нәтижені әділ, тура бағалаумен ерекшеленеді. Әр білімгер өз шамасына қарай жұмыс істеп, бағасын бірден алады. Жауабын көруге, жіберілген қателерінің санын білуге мүмкіндік алады. Материалды қаншалықты терең игергенін анықтайды. Қанағаттанарлықсыз нәтиже студентті (оқушыны) курсты немесе кейбір тапсырмалар мен сұрақтарды қайталауға, нақтылауға мәжбүр етеді, яғни олардың өзін-өзі бақылау дағдылары жетіле түседі.

    Құзыретке бағдарлы білім ұстанымдары оқытудың жаңа жолдары мен әдіс-тәсілдерін, амалдарын талап етеді. Жобалау іс-әрекеті электронды және дәстүрлі оқу материалдарын үйлесімді ұштастыруға мүмкіндік береді. Жаңашыл АКТ пайдалану дәстүрлі әдістермен шешілмейтін педагогикалық жағдаяттарды айқындауға көмектеседі. Әдебиет сабағында жобалар әдісі кез келген ақын-жазушының туындысын игеруге түрткі бола алады. Бірінші кезеңде студенттер өздері қалаған бір ақын-жазушыны таңдап алып, оның өмірбаянын зерттеп-зерделейді, қажетті деген деректерді таңдап алады, топтарға бөлінеді. Өмірбаян деректерін баяндау жеткіліксіз, қаламгердің немесе шығармашыл тұлғаның бейнесін жаңғыртып, оның идеялық ізденісін, шығармашылық өзгешелігін анықтау қажет. Компьютерлік жоба сабақтарын пән бағдарламасы аясында, яғни бөлінген сағат пен уақытқа орай, бір-екі рет өткізіп тұрған жөн. Жоғары курс студенттері зерттеуге авторларды өздері таңдайды. Жұмысты орындау мерзімі мектептерде бір тоқсанға, ал ЖОО-да бір семестірге шамаланады.

    Әр студент немесе топ зерттеу жоспары мен бағдарламасын дайындайды, міндеттерін айқындайды. Мысалы, М.Әуезов шығармашылығын зерделегенде жазушының өзі құрастырған өмірбаяннан мынадай сұрақтар іріктеледі:

    1.Неліктен өз өмірбаянында жазушы балалық шағына көңіл бөлген?

    2.Жазушы өмірінде Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы қандай орын алады?

    Бұдан кейін студент (топ) өз бетімен жұмыс орындайды. Бұл кезеңде оқытушы кеңесші рөлін орындайды. Оқушылар Интернетте жұмыс істеп, дереккөздерді зерделейді, жазушы замандастарының естеліктерін, басқа да қосымша  әдебиеттерді оқиды. АКТ нәтижені көрнекі беруге,  мәселені талқылауға басқаларды да тартуға мүмкіндік береді.

    Ғаламторды пайдалану оқушыны алынған ақпаратты жинақтауға, талдауға, көрсете білуге машықтандырып, белгілі бір шығармашылық (жазушылық, ақындық, сыншылық т.б.) дағдының қалыптасуына негіз болады. Оқу тиімділігінің жаңа типі қалыптасады, яғни қысқа мерзімде көлемді материалды меңгеруді үйретеді. Жобаның қорытындысында ғылыми-практикалық конференция, пікірсайыс (дисскусиялық) клуб отырысын, компьютерлік көрсетілім (презентация) өткізуге болады.

    М.Әуезов өмірбаянын зерделеу сабағына Power Point бағдарламасының көмегімен компьютерлік көрсетілім жасаған жағдайда, сабақ психикалық тұрғыдан жеңіл өтеді, себебі компьютерлік көрнекілік жетімді де жедел,  эмоциалды-экспрессивті қабылдауға оң әсерін тигізеді. Мұндай материал ЖОО-ның медиа қорын байытып, студенттерге өз еңбегінің жемісін шынайы көруіне мүмкіндік туғызады және бұл нәтижелерді басқалар да қолдана алады.

     Microsoft Publisher бағдарламасы газет, журнал, буклет, ақпарат бетшелерін шығаруға да ыңғайлы. Міне, осылай АКТ қолдану арқылы тұлғаға бағдарлы оқытуды іске асырып, оқушыларды, студенттерді жоғары технологиялы ақпараттық ортада өмір сүруге дайындайды. Тіл маманы, шынайы сөз шебері ретінде дәстүр мен жаңалық үйлескен ақпараттық технологияларды меңгеруі заман талабы.

   

АІ-ды ЖОО-дағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда қолданудың тәжірибесінен

 

     ХХІ ғасыр-ақпараттану ғасыры, жаңа типті өркениеттің қалыптасу кезеңі. Студенттер бұл әлемге жақсы дайындықпен келіп, компьютерлендірілген шынайылық мәнісі мен қажеттілігін ұғынуы тиіс. Қазіргі білім беруде шығармашыл жастардың өзін-өзі іске қосуын неғұрлым нәтижелі ету – өзекті мәселелердің бірі.

    ЖОО-лардың білім беру әрекетінің мақсаттары:

    -азаматтық парызын айқын түсінетін, жан-жақты білім алған, өзіндік әлеуетін іске асыра алатын тұлға қалыптастыруға жағдай жасау;

    -мәдени бірегейлікке қабілетті тұлғаны жетілдіру үшін көркем-эстетикалық орта түзу.

   Осы мақсаттарға сәйкес мынадай мәселелер туындайды: гуманитарлық-эстетикалық бағдарды жоғары ақпараттық мәдениетті талап ететін өмірге көптеген техникалық құралдарды әкелген ғылыми техникалық прогреспен қалай үйлестіруге болады. Бүгін «оқытушы-студент-оқулық» дәстүрлі сұлбасына жаңа буын компьютер, электронды құрал-жабдықтар енді, ал ЖОО санасына «компьютерлік оқыту» ұғымы берік ұялады. ЮНЕСКО анықтамасы бойынша, оқытудың компьютерлік технологиялары – компьютерді басты техникалық құрал ретінде қарастыратын оқыту жүйесі.

   Қазіргі білім берудің басты сипаттамалары: ашықтық, ықпалдастық, кірігушілік (интеграцияға бейімделу), жекелеу, даралау. Бұлар кең көлемде жүргізілетін ақпараттануға негізделеді.

    Бұдан ұстаз-филологтардың кәсіби әрекетінде мынадай міндеттерді орындау жоспарланады:

    -компьютер бағдарламаларын оқытудың түрлі кезеңдерінде (түсіндіруде, бекітуде, қайталауда, бақылауда т.б.) пайдалану;

    -компьютердің оқытушыға қатысты түрлі қызметтерін (оқытушының жұмыс құралы, оқыту нысаны, әріптес ұжым, ойын ортасы болуын) қарастыру;

    -компьютер бағдарламалары мен ғаламтор желісін сабақта және оқушылардың өздігімен дайындалуында пайдалану тәжірибесін талдау;

-оқытушының, оқушының АТ бойынша жұмысының нәтижесі мен тиімділігін анықтау.

     Шығармашыл топтар компьютер сыныптарында мультимедиа жобаларын жасай алады. Мұндай жұмысты педагогтар алдын ала ойластырып, бейімдеп, оқу-тәрбие жоспарына кіргізеді.

    Мұнда дайын Бағдарламалы Қамтамасыз етуді, Ғаламторлық технологияларды қолдануға болады, «Tester» типті бағдарламаларды алуға болады. Осындай жұмыс нәтижесінде медиақор қалыптасып, толығады.

Қазірде Power Point бойынша қазақ тілінен лексикология, фразеология, синтаксис, морфология, стилистика бойынша материал жинақталған. Әдебиет бойынша: М.Әуезов шығармашылығы, «Абай жолы», көне қазақ әдебиеті, ХІХ ғасыр әдебиеті (2 бөлімде) және т.б. Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын ақпараттық технологиялар бойынша жүргізгенде пән ерекшелігі міндетті түрде ескеріледі, яғни руханият мәселелеріне, шығармашыл, соның ішінде тілдік тұлғаны жетілдіру бірінші кезекте тұрады. Әрине бұл – көркем мәтінмен, көркем сөзбен жұмыс істеу екені анық.  Сондықтан педагог мына сұрақтарға жауап іздестіреді: компьютер оқытушыны қаншалықты алмастыра алады, оны (компьютерді) сабақтың қай сатысында қолданған тиімдірек, ол қандай дидактикалық қызмет атқара алады? Қазақ тілі және әдебиет сабақтарында компьютер бағдарламаларын пайдалануды талдау, компьютерлік көрсетілімдерді пайдалану тәжірибесін пайымдау, мұндай жұмыстың тиімділігі оқытушыға әрбір сабақтың сапалы жалғамасын дайындауға мол мүмкіндік береді.

   Компьютер арқылы оқытудың мынадай артықшылықтары бар:

   -материалдың қол жетімді болуы мен қызық баяндалуын (көп жағдайда ойын түрінде) қамтамасыз етеді;

   -көркем шығармаларды ұжымдық талдауға мүмкіндік береді;

   -оқулық материалы қайталанбайды;

   -диалектикалық сұлба, кесте, зерттеу материалдары болады;

   -анықтама материалының, сөздік мақалаларының, филолог ғалымдар туралы туралы деректердің тез арада табылуы қамтамасыз етіледі;

   -өз бетімен орындалатын жұмысқа қажет материалдың мол болады;

   -меңгерілген материалды өздігінен тексергенде өзіне баға қоюдың ойын тәсілдерінің болуымен ерекшеленеді;

   -зерделенетін материалдың студенттердің жұмыс карталарында міндетті белгіленуі (шалу тақырыптары) көрсетіледі;

   -материалдың кіріктіріліп баяндалуы. Шектес ғылымдар (тарих, ӘКӘ (әлемдік көркем әдебиет), бейнелеу өнері, музыка...) материалын тартуға мол мүмкіншілік болады.

    Компьютер еліміздің тұрмыс-тіршілігіне енгеннен бастап қазақ тілі мен әдебиет пәнін нәтижелі оқытуға мүмкіндік беретін жоба-көрсетілім (проект-презентация) кең қолданысқа ие болды. Сабақтың бұндай әдіс-тәсілін, яғни жоба-көрсетілімін оқушылар өздері де орындай алатын болды.

      Пән оқытушысының әр сабағына студенттердің осындай ізденістерімен қатысуы олрды мазмұнды зерттеу жұмысына жұмылдыру қажеттілігін анықтады, оқушылар іс-әрекетін ғылыми тұрғыдан бағалауды өзектендірді. Нәтижесінде студенттер жоба-көрсетілім дайындаудың мынадай ұстанымдарын қалыптастырды:

    -таңдалған тақырып бойынша әдебиетті (соның ішінде интернеттен де) зерделеу;

    -өзіндік пікір қалыптастырып, оны баяндау;

    -белгілі талаптарға сай (ғылымилық, эстетикалық талғам, жігерлік ұстанылатын сайттарға гиперсілтемелер т.б.) көрсетілім түрлерін орындау;

    -аталған жоба портфолиосын әзірлеу;

    -жобаны қорғау.

    -осы проблема бойынша факультетішілік форум өткізу.

Осындай бірізділікпен өткізілген жұмыстар АТ қазақ тілі және әдебиетін оқытудағы тиімділігін дәлелдейді, себебі;

    -студенттердің пәнге деген қызығушылығы артады;

    -олардың үлгерімі мен білім сапасы артады;

    -сабақ жүргізу барысындағы берілген білім мен ақпаратты, тапсырмаларды сұрауға жұмсалатын уақытты үнемдейді;

    -студенттер берілген тапсырмаларды сабақта ғана емес, кез келген уақытта өз бетімен үй жағдайында да орындай алады.

    Қорытындылай келе айтатынымыз: АТ сабақта пайдалану ресурстары шексіз. АТ-ның түрлі деңгейдегі, түрлі мазмұндағы, түрлі стильдегі мәтіндерді талдауда, тіл дамыту сабақтарында, емтиханға дайындалғанда және т.б. жағдайдағы мүмкіндіктері әлі толық зертелмеген. Түрлі деңгейлік білім ошақтарындағы компьютерлік, мультимедиалық, интерактивті тақталары бар бөлмелердің (кабинеттердің) жабдықталып-жасақталуына байланысты Интернет арқылы қашықтықтан оқытудың рөлі арта түсуде.

 

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы жобалық әдіс

         

Еліміздің қазіргі білім беру саясаты мен жүйесінің алдында тұрған негізгі мақсат-міндеттердің бірі – өскелең ұрпақ бойына дүниетанымдық және шығармашылық, зерттеу сипатындағы мәселелерді өзігінен шешуге мүмкіндік беретін білім деңгейін қалыптастыру болып отыр.

   Мұнда жобалау әдісін үйренуді ғалымдар жоғары білімділікті сипаттайтын шара деп қарастырады. Бұл әдіс, әсіресе, әдебиет сабақтарында өзекті, Өйткені студенттер ақын-жазушының өмірлік (шығармашылық) жолымен таныса отырып, материал жинақтап, көрсетілім дайындауға дағдыланады. Үздік үлгілер сабақта көрсетіледі. АКТ сабақта іс-әрекеттік оқыту әдісін пайдалануға мүмкіндік береді, бұл кезде студент оқу әрекетінің белсенді субъектісіне айналып, білімді саналы түрде меңгере бастайды. Аймақтық компонент бойынша студенттер көрсетілім дайындағанда оларда өз қаласы, көшесі, ауылына қызығушылық қалыптасып, дүниетаным аясы кеңейеді, шығармашылығы ұшталады.

   Көрнекі мысал ретінде І курста қазақ тілі бойынша «Менің қаламның көшелері (сипаттама)» деген тақырыпта әдістемелік дайындап ұсынуға болады. Тақырыбы Жобалар мен презентациялар кеңінен қолданамын: сабақтың мақсат-міндеті өзгерген сайын қосымша материал таңдалып, жаңа слайдтар жасалады. АКТ пайдалану саралау ұстанымын іске асырады: оқушылардың біреуі материал іздестірсе, басқалары оны сканерден өткізеді, үшіншісі тест жазады, енді біреулері музыка таңдайды. Әр студентке жеке тапсырма беріледі. Жобалау барысында Microsoft Word, Power Point. Microsoft Internet Explorer бағдарламалары пайдаланылады.

     АКТ пәнаралық байланыс түзуге көмектеседі: информатика мен әдебиетті, қазақ тілі мен ақпараттануды, қазақ тілі мен тарихты не географияны ұштастырады. Оқытушы АКТ пайдалана отырып оқушылардың оқуына, дамуына қатыстыпроблемалық жағдаяттарды ойластырады. Осы жағдаятты шешуге талпынғанда балаларда зерделенетін нысана жөнінде ұғым қалыптасып, олар іздену әдістерін меңгереді.

 

Өзгетілді дәрісханада жаңа технологияларды пайдаланып, қазақ тілін оқыту мәселелері

 

   Еліміздегі орыс мектептері мен ЖОО-ларды орыс бөлімінде қазақ тілін оқытуға да жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Осыған байланысты жаңаша оқытып-үйрету әдіс-тәсілдері туындауда. Олардың қатарында техникалық оқыту құралдары, электронды оқулық, оқу құралдары, ғаламтор желісі, дыбыстық тыңдалым мен бейне көрсетілімдер, кабельді теледидар. Осы зерттеуде қарастырылатын негізгі мәселеге көшпестен бұрын өзгетілді дәрісханаларда сабақ жүргізетін қазақ тілі пәнінің әрбір оқытушысына қойылатын міндетті талаптарға тоқтала  кеткен жөн болар.

1.Оқытушы сабақ барысында қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Тек қана А1 А2 (бастауыш топ немесе тіл үйренуді жаңадан бастағандар) деңгейлеріндегі студенттердің ана тілін қатыстыруға болады.

2. Жаңа материалды (граматиканы, лексиканы) түсіндіргенде көптеген мысал келтіріледі және оларды студенттердің өздері ойлап табуы қажет.

3. Барлық студент бірден лезде материалды игеріп кете алмайды. Сондықтан әр студенттің жеке дара қабілетін, ұстанымын негізге алып,  үлгермей жатқан студентке жеке мысалдар нақтырақ түсіндірілуі керек.

4. Қазақ тілі курсының тараулары (сабақ тақырыптары) арасында логикалық байланыс орнатқан жөн. («Менің ортам», «Менің достарым мен әріптестерім», «Менің жұмысым мен кәсібім» және т.б.). Сонда ғана материал келесі тақырыптарда қайталанып, бекітіліп отырылады.

5. «Менің жұмысым» тақырыбының лексикалық материалдары мен құрылымдық (грамматикалық) негіздерін және де жалпы мазмұнын «Менің кәсібім», «Менің әріптестерімді» өткенде де пайдаланған жөн.

6. Сабақ тиімділігінің алғы шарты – пәнге деген студенттің қызығушылығын ояту, олар әр сабақтан өз мүддесін көріп отырғаны дұрыс.

7. Иновациялық технологиялар қоры алуан түрлі теле, аудио/ бейне материалдарды қамтиды. Телематериал қол жетімді болу үшін кабельді теледидарға не болмаса ғаламтор желісіне қосылуы шарт.

    Мұның өзі сабақта қазақ тіліндегі соңғы жаңалықтарды, филімдерді, қоғамдық-саяси хабарларды, оқыту бағдарламаларын көріп-тыңдауға мүмкіндік береді.

    Қажетті электронды құрал-жабдықтары бар дәрісхана болған жағдайда оқытушы өзі жжүргізетін сабақ тақырыбына сәйкес материалдың бейне не аудио көшірмесін түсіріп, оны үлгермі төмен студенттерге қосымша материал ретінде ұсынса, өз еңбегінің нәтижелі болуына сенімді болады.

    Тілді оқу курсы төрт тілдік әрекетке: оқылымға, жазлымға, сөйлесімге, тыңдалмға негізделетіні жалпыға белгілі. Сол себепті қазақ тілінің аудиокурсында диктофон арқылы студент өз қателерін өзі талдай алады. Диктофон – өзін-өзі бақылау, өзін-өзі бағалаудың сенімді құралы болып табылады.

    Қазіргі ЖОО оқытушылары слайд-шоу деп аталатын бейне құралды кеңінен қолданады.

    Слайд дәріс оқылғанда не семинар өткізгенде «көмек» береді, себебі слайдтар арқылы баяндалатын материал бірізділігі бақыланады. Студенттер үшін бұл – ақпаратты есте сақтаудың сақтаудағы бейнелік көмекшісі болып табылады [1;2]. Практикалық сабақтарда слайдтар жаңа активті вакабулярды зерделегенде өте тиімді. Егер студенттер жаңа тақырпты өткенде 2 не 30 лексикалық бірлікті жаттайтын болса, оқытушы әр бірлікті жеке слайдқа шығарып, оларды бірнеше мысалдармен бекітеді. Интерактивті тақта мен проектор көмегімен іске асатын оқытып-үйретудің мұндай жаңа әдістемесі түсініп қабылдауға ерекше әсер етіп, тілді тез үйренуге үлкен мүмкіндік береді. Слайдтар арқылы кейбір суреттерді, кестелерді, сұлбаларды, фото суреттерді шығаруға болады, олар монолог пен диалогты дамту үшін аса қажет. Өйткені студенттер көргенін сипаттап, өз пікірін білдіріп, бағалайды.

    Слайдта тіл құрылымының (морфология мен синтаксис) ережелерін,  сөз таптары: зат есім, сын есім, есімдік, етістікерді, етістік шақтарын, шартты белгілерді көрсеткенде өте ыңғайлы. Слайд-шоудың қызық және мазмұнды болып келуі оқытушы қиялына, қажыр-қайратына, жігеріне байланысты, бұл бейне құрал студент жадысын бекітіп, тілді үйрету тиімділігін арттырады.

   Интерактивті тақта мен проектор көмегімен педагог-ұстаз студенттерге белгілі бір «киноклуб» ұйымдастырады, фильмдер соңынан қазақ тілінде талқыланады.

     Көбінесе мұндай клубтарды шет тілі оқытушылары ұйымдастырады. Студенттердің тыңдалым және сөйлесім (Listening and speaking) дағдыларын жетілдіру үшін осындай клубтарға барып тұрады.

     Шараны ұйымдаструшылар ұсынылатын фильмге қатысты әдістемелік әзірлейді. Фильмді көрген соң студенттер оны оқытушымен бірлесіп талқылайды, оның идеялық-тақырыптық мазмұнын, кейіпкерлерін талдап, жағдаяттарға өздерінің сыни көзқарастарын білдіреді. Ол үшін педпгог алдын-ала сабақ жоспарын, сұрақтар тізімін, белсенді вокабуляр дайындайды.

    Күнде студенттер БАҚ-нан шет тілде айтылатын көптеген әндерді тыңдайды. Оқытушы осы жайды да ескере отырып, қазақ тілінде әнді үйретуге ұсыныс жасайды. Ол үшін ән мәтінін қазақ тіліне аударып, оны басып шығарып, онда әдейі кейбір өлең жолдарын жазбай, бос тастап кетеді. Студенттер оқу бөлмесіне әнді тыңдай отырып, мәтіндегі ақтаңдақтарды өз бетімен толтырады. Мұндай әдіс тыңдалымды жетілдіріп, аударма дағдыларын дамытады. Осындай жұмысты әнмен қатар фильм үзінділерімен, жаңалықтармен, телехабарлармен жүргізуге де болады.

    Тағы бір тиімді әдістер – «миға шабул» және «рөлге ену».

    Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдістер есте сақтау, зейін қабілеттерін дамтып, сөйлесім мен ақылдасымдарды жақсартады.

     «Миға шабуыл» студенттен жинақтылықты және аса зерделі болуды талап етеді. Оқытушы студенттерге 10-15 сөйлемнен тұратын жаңа мәтін ұсынады. Екі минут ішінде студент мәтін мазмұнын ұғынып, ондағы ақпаратты есте сақтап қалуы қажет.

    Екі минуттан соң педагог студенттерге сол мәтінді өзгертілген түрде береді: жаңа лексикалық бірліктері бар сөйлемдердің орны бос тұрады. Осындай тапсырмаларды жиі беру жаңа ақпаратты есте сақтау қабілетін арттыра түседі, бұл әдісті тек қазақ тілін оқытып-үйретуде ғана емес, аудармашыларды, журналисттерді, жеке көмекшілерді, комментаторларды, яғни, ақпаратты тез қабылдауды талап ететін мамандық иелерін дайындауда да пайдалануға болады.

     Тағы бір қызықты әдіс – «рөлге ену». Немесе оны «Кейіпкер бейнесіне ену» деп те атайды. Көркем әдебиетті оқу барысында «сабақты үйден оқып келу» немесе «көркем шығарманы талдау» түрінде өткізеді. Туындыны студенттер өздері таңдайды. Шығарманың бір тарауын бір аптада оқып отырып, студенттер оны жан-жақты талдауға дайындалады. Оқытушы туындының әр тарауын әдістемелік пен оның нұсқаулықтарын әзірлейді. Әдістемелік тапсырмаларына мыналар кіреді: сұрақ-жауап жұмысы, туынды үзіндісіндегі жаңа лексиканы міндетті түрде қатыстыра мазмұндау, жағдаятты қойылым түрінде бейнелеу және т.б. «Рөлге ену» үшін кейіпкерлер рөлін студенттер бөліп алады. Қойылым барысында студенттердің  сұхбаттасу (диалог) түрлері жетіліп, сөйлеу шеберлігі ұшталады: дәлірек сөйлеу үшін студент төлтумадағы кейіпкердің сөз оралымдарын қолдануға тырысады, яғни автор сөздерін пайдаланады.

     Осы мақалада сөз болған иновациялық технологиялар мен әдістер, сөзсіз, қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы барлық жаңашылықты қамти алмайды. Дегенмен, аталған техникалық құралдар мен оқытуды ұйымдастыру әдістері студенттердің қызығушылығын арттырып, нәтижеге жетуде жоғары тиімділігін көрсетеді.