ХАНДЫҚ
КЕЗЕҢ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК МҰРАТТАРЫ
Жанбаева Жанат
Абдыкидыровна
Интеллектуалды ұлт қалыптасытыру ҒЗИ
инспеторы, магистр
Қазақ
халқының әлеуметтік-саяси және философиялық
ой-жүйесіне ХVІІІ ғасыр оқиғалары ерекше бір
шабыттандырып толғандырғанын сол кезең ойшылдарының
мұраларын зерделей отырып көз жеткіземіз. Елбасының: «Алашқа айбын болған, азаттық
ұғымының айдынын кеңейткен тұлғаларымызды
ел санасына, тарихи беттеріне қайыра алып келген тәуелсіздікті
осындай ұлтқа пана болар аруақтарымызды тірілтіп бергені
үшін асқақтатуымыз керек емес пе?» /1, 355-б./ – деген жалынды жолдауы аясында
тәуелсіздік, ел еркіндігі туралы мәселені жан-жақты
талдап-зерделеу жаһанданып бара жатқан әлемдегі
қазақстандық қоғам үшін ерекше
маңызды екені сөзсіз.
Еуразиялық кеңістіктегі Қазақ
Ордасының тарихи ахуалын жазушы, жыраулық поэзияның білгірі
М. Мағауин: «Түркістан бастаған жиырма бес қаладан
айырылу Қазақ Ордасының қанатын қырқып,
өрісін тарылтып қана қойған жоқ, оның
алдағы замандардағы тіршілік кебін бір жақты мал
шаруашылығымен ғана айналысатын көшпенді кепке түсірді.
Түркістандағы Әзірет Сұлтан дүрбесінен бастап,
Сауран, Шымкент, Сайрам, Ташкент, Созақ және басқа
қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай
кітапхана, ондағы діни-фәлсафалық еңбектер, ескі тауарихтар
мен шежірелер, біз бар деп білмеген тағы қаншама мұра
өртке кетті, талан-таражға түсті, жойылды» - деп сипаттаған
еді. /2, 100-101 бб./. Бұл жағдай тек экономикалық
жағынан ғана тоқыратпай, рухани-мәдени саланы да
құлдырауға соқтырды. Сахара жұртына
соншалақты қымбат құндылықтардың
күйрей бастауының нышандары айқын көріне бастады. Қазақ
халқының өмір сүруі мен жойылып кетуінің алдында
тұрған неғайбіл шақтарында ұлттың айбынды
да асқақ жоғары рухының арқасында, еркіндікке
деген құштарлық бәрін де жеңіп шықты.
Бабалар ерлігі жайындағы аңыздар, өлең-жырлар,
толғаулар сол кездегі өмір шындығы, жүректердің
тебіренісі, халықтың арман-тілегінің шынай көрінісі
болды. Екі ғасыр тоғысындағы бабалар үні
құлағымызда жаңғырады. Осы жерде «Бұрынғы
мәдениеттен қиратындылар, ал түптің түбінде
күлдің үйіндісі қалады, бірақ осы
күлдің үстінде рух қалқып жүретін болады» –
деген Л. Витгенштейн сөзінің жаны бар екенін тарих дәлелдеп
отыр /3, 276-277 бб./. Осындай күйреудің үрейлі
ұшқындарын алдын ала сезінген қазақ жыраулары мен
ақындары халықты, билік басындағы хандарды бірлікке
шақырды. Олардың негізгі үні – отаншылдық, ерлік, жерін, атамекенін қорғау.
Түрік империясының дәуірлеп тұрған кезеңіндегі
өршіл рухтың бәсеңсігенін жандандыруды мақсат
тұтты. Олардың шығармашылығында ұсақ
мүдделердің, билікке таласудың, тайпалық, рулық,
т.б. пиғылдардың белең алғандығы
қатаң сыналып, тұтас халық бірлігінің
мүдделерін алға тарту басым болып келді.
Қазақ халқы еркіндікті,
әсіресе, жеке басының азаттығы мен ой еркіндігін
бәрінен жоғары қояды. Көшпелілер
көзқарасында жаугершілік заманда ат жалын тартып мінген ер азамат, жауынгер майдан алаңында
жаумен шайқаста шейіт болса, оған еш өкінбеген. Өйткені
олардың түсінігінде бұндай өлім «ақ өлім» деп саналған.
Мәселен, Ақтамберді жырау қартайған шағында,
төсек тартып жатып: «Бар арманым, айтайын, батырларша жорықта,
өлмедім оқтан қайтейін» - деп армандаған екен.
Бұл арман, еркіндік үшін өлімге де бас тігетінін айғақтайды.
Елі мен жерін қорғау жолында жан берудің өзі олар
үшін өлімнің ең қадірлі-қасиетті түрі
болып түсінілген. Адам үшін мына жарық дүниені
қию қандай қиын болса, оны да осы жолда құрбан
етуге бар. Оларға еркіндік жоқ жерде өмірдің мәнісі
де қалмайды. Сондықтан жауынгер-жыраулар өздерінің
жалынды жырларында «жалаңаш бар да жауға ти, Тәңірі
өзі біледі, ажалымыз қайдан - дүр» деп сарбаздарға
рухтандырушы күш бере, өздерінің азаттығы
жолындағы соғыста қайтпас қайсар болуға
шақыра толғайды.
Геосаяси
жағынан алар болсақ, қазақ даласын көрші империялар
Қытай мен Ресей бөліп алуға кіріскен шақтар болатын.
Абылайдың Қытаймен одағы сол кезеңдер үшін
бірден-бір дұрыс шешім болды. Тәуелсіздік жолындағы
күрес жылдары елді басқару, көрші мемлекеттермен
халықаралық қатынастарды реттеу, ұлттық
мемлекеттің саяси-әлеуметтік істерін басқару хан билігі
арқылы жүзеге асты. Тарихшыларымыз, әдебиеттанушы
ғалымдарымыз осы ғасырды Абылай заманы, Абылай дәуірі деп
атап жүр. Абылай ханның тұлғалық және
билеушіге тән қасиеттерін саралар болсақ, Платонның
мемлекет жайындағы іліміндегі мемлекетті басқарушы адам
қандай болуы керек деген қағидасы ойға оралады. Платон
оларды топтарға бөліп, бірінші топтағы
басқарушыларға – данышпандарды (философтар) жатқызады.
Олардың негізгі қызметі - мемлекетті дұрыс басқару. Ал
екінші топқа әскери адамдарды, яғни мемлекетті қорғаушыларды
жатқызады. Көне грек философының мемлекетті
қорғаушылар ішкі-сыртқы жаулардан қорғап
қана қоймай, соғыс өнерімен қоса поэзия,
музыкамен де айналысса деген пайымдаулары ел билеуші ердің
жан-жақты жетілген Тұлға болуын талап еткендіктен еді. Мемлекет
басында отырған адам бойынан Платон іздеген осы қасиеттер Абылай
Тұлғасын дараландырды. Ең бастысы Абылайдың
қазақ сахарасының даналық философиясын бойына
сіңірген ақыл иесі болуында. Сондай-ақ өнерден де
құр алақан емес-ті, және де сол киелі өнерді дарытып
қана қоймай, өз жан тебіреністерін музыка тіліне көшіре
білген нәзік сезімді күйшілігі де болған. Абылай хан XVІІІ
ғасырдағы қазақ күйі өнерін жетілдіруге
атсалысқан санаулы күйшілеріміздің қатарынан орын
алады. Абылай күйлері нақты өмір құбылыстарына
арналған. «Ақтолқын», «Ала байрақ», «Бұлан
жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім»,
«Қара жорға», «Қоржын қақпай», «Майда жол»,
«Садақ қақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық» деп
аталатын күйлерімен қазақ халқының музыка
өнеріне де өз үлесін қосқан композитор деп
білеміз /4, 9 б./. Қазақтың ер жүрек батыры
Баянның қазасына арнап «Шаңды жорық» күйімен
азаланса, «Қоржынқақпай» күйі
қазақтардың Еділ бойындағы қалмақтармен
соғысында жеті күн ашыққандағы халін шертеді.
Абылай көшпелілер қоғамының рухани әлемін
тереңдей меңгерді. Абылай хан тұсында мәмілегерлік
үрдісі дамытылып, саяси сана қалыптасты. Саяси
мәдениетің де жоғары сатыларға көтеріліп, даму
үстінде болғанын бағамдаймыз. Осындай тарихи
оқиғалардың барысына философиялық тұрғыдан
талдаулар жасау арқылы, елдің тұтастығы мен
тәуелсіздігін қамтамасыз етуде ел билеушінің атқарар
рөлінің зор екеніне көз жеткізуге болады. Абылай ханның
іскерлігі мен саясаткерлігі, сол кездің қайшылыққа толы
саяси жағдайларын көрегендікпен болжағыш әдіс-айласы
Ресей патшасы мен Қытай Боғды ханынан кем болмағаны
баршаға аян. Абылай хан аумалы-төкпелі заманда,
халықаралық жағдайлардың шиеленісіп тұрған
уақытында ұлт тәуелсіздігін сақтап қалды. Абылай
ханның сыртқы саясатта жеткен жетістіктері Жоңғар,
Қытай, Ресей сияқты күшті мемлекеттерге Қазақ
мемлекетінің тәуелсіздігін мойындатуы болды.
Ел
іші өзгерістеріне келер болсақ, Абылай хан қазақ
қоғамының саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани
мәселелерінің негізін шешетін мемлекеттің тиісті органдарын
құрды. Соның бірі – ханның жанындағы Кеңес.
Хандық қоғамның саяси құрылысын
басқару принциптері сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз салып кеткен
айқын-ақиқат жолмен жүріп, хан кеңесшілері –
сұлтандар, билер, данагөй қариялар, батырлар жиналған
алқалы жиындарда іске асырылып отырған. Бұдан
Қазақ хандығында демократиялық үрдістердің
басымдық танытқанын бағамдауға болады. Алқалы
кеңестің мүшелерінің жайлы Үмбетей жырау былай
деп толғайды:
Аруағыңа
болысқан, Әділ билік қылысқан.
Қашпаған
қандай ұрыстан – Керейде батыр Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қу дауысты Құттыбай,
Қара керей
Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай –
Абылай сенің
тұсыңда, Сол бесеуі болыпты-ай.
Кейі батыр, кейі би, Тәңірім
берген сондай сый [5, 77-78 бб.].
Сол
кезеңдегі қазақтың саяси-қоғамдық
ойында бірнеше ағымдар қатар өмір сүрді.
Жоңғар шапқыншылығынан әбден әлсіреген,
одан қалса Шығыстан бір дұшпан, іргеден екіншісі анталап
тұрғанда үш жүзге бөлініп келген осы
жұрттың алдында қай жолды таңдаса, қай пікірді
қолдаса, кімнің соңынан ерсе тығырықтан
шығамыз деген мәселе тұрды. Ең бастысы елдің
тұтастығы мен тәуелсіздігін сақтап қалу
қажеттілігі туындады. Әбілхайыр хан кіші жүздің ру
басыларымен ақылдаса келе Ресеймен бірігіп, әскери Одақ
құрып, қалмақтардан қорғануды жөн деп
байлам жасайды. Төле би бастаған Ұлы жүз, Қазыбек
би бастаған Орта жүз ақсақалдары да Ресеймен Одақ
болуды қалайды. Осы ой-пікірлермен санаса отырып, Абылай хан бір
орталыққа бағынатын ұлттық мемлекеттілікті
хандық диктатураға бағындырып ұстауды жөн
санаған еді. Айлалы саясаткер дала демократиясын да шебер қолдап, хандық
билікпен ұштастыра да білді. Хандық кезеңнің
әлеуметтік-философиялық ой қазыналары бір-бірімен осылайша
толықтырылып біртұтастанған идеяға айналды.
Қазақ ұлтының бостандығы мен еркіндігін
қамтамасыз етуде Қазақ хандығы тәуелсіз
мемлекеттіліктің үлгісі бола алды.
Өзінің
терең философиялық тұжырымдамаларымен
қоғамдық ойды жетілдіруге ат салысқан қазақ
сахарасында бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен ойшыл,
философ Бұқар жырау
бабамыз болды. Жыраудың замандасы Үмбетейдің
«Өткіздің тоғыз ханды толғауменен» деген арнауында
оның Әз Тәукеден бастап - Қайып, Болат, Сәмеке,
Әбілмәмбет, Күшік, Әбілхаиыр, Барақ, Абылай
хандар тұсында ғұмыр кешкендігін анықтап кетеді. Бұқар
жырау елді бір орталыққа бағындыратын хандық билікті
дәріптейді. Ғасырға жуық ғұмырында бірнеше
ханның билік жүргізуінің куәгері болған абыз
жырау ханды елдің
ұйытқысы деп түсінді. Бұқар
шығармашылығының негізгі арқауы – ел бірлігі. Ал
ауызбіршіліктің негізгі ұстанымдары адамдар арасындағы
өзара түсінушілік пен сыйластық:
Адамзаттың
баласы, Атадан алтау тумас па,
Атадан алтау
туғанмен, Оның ішінде біреуі арыстан болмас па.
Арыстанның
барында, Жорғасы болса мінісіп,
Торқасы болса
киісіп, Толғамалы қамшы алып,
Толғай да толғай дәурен
сүрмес пе [6, 121
б.]
Жырау жалпы
адамзаттың бірлігі мен татулығы мәселесін
қозғайды. Қазақтар бейнелі сөздер мен
теңеулерді шебер қолданған. Араларындағы
жақсыларыңды қадірлеп, құрметтеп, оны
сақтай біліңдер дейді. Ол ел қорғаны болған
батырлар мен билеушілерін арыстанға теңейді. Арыстаннан айрылса
артында қалған жамандар бас-басына тозбас па деген
ғұлама айтқан өсиет әлі күнге өз
өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол өсиет жан
ұядан бастап, мемлекетке дейінгі аралықтағы әлеуметтік
топтар ішіндегі өзара қарым-қатынастың
тұғыры болуға тиіс. Ол көрші қалмақ
еліндегі объективті құбылыстарды сыни көзбен талдай отырып:
Кіші қара
қалмақ бүлерде, бозылардың билігі, бұлт
бұрқан болысты,
Уағдадан
жылысты, буыршындай тіздесті, жамандықты іздесті,
Бірін-бірі
күндесті. Жаулаған ханын қара оңбас, хан қисайса
бәрі оңбас,
Ханын
қалмақ жаулаған, сүйткен қалмақ
оңбаған, [6, 130-131 бб.]
Адам бойындағы
жаман қасиеттер - күншілдік, көреалмаушылықтан
аулақ болып, жамандық іздеспей, жақсылыққа
ұмтылуға үгіттеді. Хан қисайса бәрі оңбас
деп, Елбасын құрмет тұтуға шақырады. Хандарымызды
мадақтап, дәріптеу, халық алдындағы беделін
көрсете жырлау мемлекеттігімізді нығайтуда қажетті тетіктердің
бірі болды. Далалық демократиялық басқару үрдістерін
жыраулар мен ақындар, билер мен шешендердің Хан маңына
топтасуынан-ақ көруге болады.
Билік
құрудың басты ұстанымы әділеттілік болса, ол да
хан бойынан табылды. Жыраулар мен ақындар билікке оппозиция да бола
білді. Ханды осылайша көтермелеп халық алдында абыройын
асқақтата отырып, кезі келген тұстарда оппозициялық
пікірлерін де батыл айта алған. Жыраудың келесі толғауынан
сол кездегі өмір шындығының басты-басты
оқиғаларының бәрін жіті қадағалап
отырғанын байқауға болады. Әрқашан
өзінің қырағылығымен ішкі-сыртқы саяси
мәселелерге дер кезінде араласып отырды, орысқа соғыс ашамын
деген Абылайға:
Өкпеңменен
қабынба,Өтіңменен жарылма,
Орыспенен
соғысып, Басына мұнша көтерген,
Жұртыңа
жаулық сағынба, [6, 51 б.] – деп өте қатал да, зілді
басу айтады. Абыз-жырау Ресей мемлекетімен арадағы қатынаста
бейбітшілікті қолдайды. Өзінің болашақты
болжағыш, қырағы көкірек көзімен сезгендерін
жырау ханға керек жерінде батыл да, батырып та айта алған.
Өйткені қарт жырау үздіксіз соғыстың
әлеуметтік-экономикалық зардаптарын көзімен көріп,
басынан кешірді. Сондықтан, ел тыныштығы мен бірлігін
көксеген ойшыл, ендігі жерде ханның тағы да соғыс
ашқысы келгендігіне қарсы шығады. Бұқар
жыраудың ханға қарсы оның алдағы соғыс ашу
туралы жоспарына үзілді-кесілді тойтарыс беруі, сол кездегі
қазақ қоғамындағы жариялықтың,
сөз бостандығының, демократиялық
үрдістердің басымдық танытқанының
айғағы. Ханға жауап айтпасам, ханның көңілі
қалады, қандыра жауап айтпасам, халқым не деп айтады деген
жолдардан қазіргі кездегі депутаттың да міндетін
атқарғанын байқауға болады.
Батырларымызға
арнаған толғауларында олардың ержүректілігін, елін мен
жерін жаудан қорғаудағы жанқиярлық көзсіз
ерліктерін мақтанышпен жырға қосты. Бізге жеткен
жырларының ішінде қазақтың
қамал-қорғаны болған Бөгембай батыр өліміне
арнауында:
Қиядан
қиқу төгілсе, Аттың басын тартпаған,
Қисапсыз
қол көрінсе, Қорқып жаудан қайтпаған,
Қазақ
деген халқынан, Батыр шыққан даңқынан
Қарсыласқан
асылдар Қорғасындай балқыған
Батырың
өтті Бөгембай [6], - деп қазақи дәстүрдегі
өлімді естіртудің өзін елі-жұрты атынан толғайды.
Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде
қалыптасқан салт бойынша Абылай ханға Бөгембайдай
батырының бұл дүниеден өткендігін жыр жолдары
арқылы жеткізеді. Өнегелі жұрттың ардақтысын
қадір тұтып, батырларын үлгі етіп ерекше қастерлегенін
жыраудың арнауынан көруге болады. Бұқар
шығармалары қазақ қоғамының
көкейтесті мәселелеріне арналды. Бұқар
шығармалары ұлттың саяси санасын қалыптастыруда зор
үлес қосумен қатар тәрбиелік,
тәлімдік-тағылымдық жүйелер болды.
Хандық
кезеңнің арқалы жырауларымыздың бірі - Шалкиіз
жырау ел мен жер бүтіндігі мен тыныштығын сақтауды бірінші
мәселе ретінде қоя білді. Оның толғаулары:
Есендікте
малыңды бер де батыр жи,
Басыңа
қыстау іс түссе
Дұшпанның
қолы жете алмас [9, 44 б.] – деген нұсқаулармен түйіндеделген.
Мемлекеттің қорғаныс ісін қамдау, әскер мен
батырларды әркез дайындықта ұстап, сақ болуға
меңзейді. Ал Жиембет жырау
болса Хандық қоғамның ішкі қайшылықтарын
өзінің философиялық ой–жүйелерінің арқауы
етті. Есім ханның тұсында өмір сүріп, ел бірлігі,
бостандық пен әлеуметтік азаттық, жеке
тұлғалардың биік рухы, асқақ жігері мен
төзімділігі және төзбеушілігі тәрізді мәселелерді
экзистенциалдық категориялар төңірегіне топтастыра білді.
Жиембет жыраудан аса көп мұра қалмағанмен,
«Әмірің қатты Есім хан» деп ханға бағытталып айтылған
толғауларынан осы мәселелер анық аңғарылады. Ол
өзінің еркіндігі мен асқақ рухының эволюциясын
былайша сипаттайды: әуелі ханға бағынышты кезіндегі
адалдығы мен бас ұрушылығын, құрметтеушілігі мен
сыйласушылық қатынасын көрсетеді: «Көруші едім Есім
хан, Ханымды күнім, Сізді айымдай...Жұмыскерің мен едім,
Сатып аған құлыңдай» [31, 53 б.]. Одан соң
арадағы кикілжіңдерден, мүмкін әлеуметтік
әділетсіздіктерден шығар, онымен осындай сыйлы қатынасты
бұза отырып, өзінің әлеуметтік бас бостандығын
жеңіп алады: «Қайратым қанша қайтса да,
Мұныңа, ханым, шыдаман! Арқаға қарай
көшермін, Алашыма ұран десермін...Сенсіз де күнімді
көрермін!» [9, 53 б.] Бірақ Жиембеттің толғауларынан
өмірден түңілушілік пен сары уайымшылдық
байқалмайды, физиологиялық жағынан «қартайып» біраз
жасқа келсе де, өзінің рухын жоғалпайды. Бұл,
әрине, еркіндік пен азаттық рухы, сайып келгенде, тәуелсіздік
пен ел қамы мәселесі: «Меніменен ханым ойнаспа, Менің
ерлігімді сұрасаң, Жолбарыс пеннен аюдай, Өрлігімді
сұрасаң, Жылқыдағы асау тайындай, Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре мен жайындай, Беріктігімді сұрасаң, қарағай мен
қайыңдай». Ханға сес көрсеткен, жырау
өзінің «Менін» осылайша теңеулер арқылы сипаттайды.
Жиембет жыраудың толғауларындағы өкініш пен
қайғыру сезімдерінде де еркіндік рухы тайсалмайды. Ол мәңгі
жасампаздығы мен өміршеңдігін кейінгі ұрпақтарына
астарлап, поэтикалық тілмен жеткізе біледі:
Керегеге ілінген, Шабылмаған
семсер тұр,
Жаудан алмай кегімді,
Есіл де өмір өткен құр.....[9, 54 б.]
Осы өлең
жолдарындағы «Керегеге ілінген, Шабылмаған семсер тұр»,-деген
жолдарға назар аударсақ, ол семсер сол күйінде тұра
береді, байырғы замандағыдай егер Жиембет қайтыс болатын
болса, бірге көмілмейді. Батыстың ғылымы мен
техникасының дамуы нәтижесінде соғыс техникасының
жетілуіне байланысты ендігі жерде семсермен жауымен соғыса алмайтынына
өкініш білдіреді.
Жыраулық
поэтиканың көрнекті өкілдерінің бірі – Ақтамберді жырау:
Еділ, Жайық -
екі өзен, Талсыз болар деймісің...
Абылай
қонған кең қоныс, Елсіз болар деймісің.....
Орын тапқан ер
жігіт Жерсіз болар деймісің [9, 62 б.] - деген толғауынан сол
кезеңнің үдере көшіп, босқан ел-жұртына
торығу мен мұңлы сарындардан гөрі, рухтандырушы
философиялық сарындағы туындыларын ұсынды. Осы рухтың
мәңгілік сабақтастығын ұсынушы, болашақ
хақындағы Ақтамберді жырау толғаулары
өзінің өміршеңдігімен бүгінгі
ұрпақтарының сүйіп айтып, ұйып тыңдауымен
мәнді.
Келесі жыраулар
легіндегі Үмбетей жырау шығармашылығының негізгі
арқауы - бейбітшілік пен адамгершілік мәселелері. Негізгі идеялары
этикалық құндылықтарды дәріптеу, мұсылмандық
қағидаттарды насихаттау, қазақ
қоғамының кертартпа қылықтарынан жирендіру
түрінде болып келеді.
Тоқымы кеппей
топтанып, Ел тонауға аттанып,
Жылқышсын
дойырлап, Жылқыларын сойылдап,
Көрші
жұртты шулатып, Жаудай шапқан не сұмдық! [9, 70-71 бб.]
- деп толғайды. Зорлық, зомбылықты бүркемелеп
«қарымта қайтару» деген желеумен осындай бір тұрпайы
түрдегі қылықты рәсімге айналдырған сахара
жұртына өзінің қарсылығын ашық түрде
паш етеді. Үмбетей жыраудың ұрлық туралы «бұл не
сұмдық!» деп күңіренген мәселесі келесі
ғасырда алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханның да
«Ұры тыю» атты мақаласының арқауына айналады.
Біздің қазақ мұсылманмын дегенмен, құранды
ұстағанмен, ресімнен шыға алмай, ұрлыққа
бата беріп отыр. ... Бұл тәмәм қазақ атына зор
кемшілік, таңба, ұят [20, 133-134бб.]. Мемелекетті басқару,
адамды рухани-адагершіліктік жағынан жетілдіру, мемлекет өмірін
ұйымдастыру түрлеріндегі «надандықтың» теріс
салдарларын жою қазіргі кезеңдегі қазақстандық қоғамның
да келелі мәселесі болып отыр. Сондықтан да өзіміздің
төл мұраларымызды жаңғырта отырып
сабақтастырған жөн деп ойлаймыз.
Әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. - Алматы: Өнер,
1996 – 355 б.
2. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. -
Алматы: Қазақстан, 1995. – 107 б.
3. Витгенштейн Л. Мәдениет және құндылық //Батыс
философиясының антологиясы. - Алматы: Фонд Сорос-Казахстан, 2002. – 464
б.
4. Тарақты Ақселеу. Қазақтың әйгілі
күйшілері (ІX-XX ғасырлар). Алматы: Қазақстан, 1992. –
24б.
5. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас
кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары.
Екі томдық /Құрастырған М.Байділдаев, М.Мағауин.
- Алматы: Жазушы, 1998. - Т.1. – 77-78 бб.
6. Төреқұлов Н., Қазбеков М.
Қазақтың би-шешендері. - Алматы: Жалын, 1993.-400 б.
7. Бөкейханов Ә. Таңдамалы. – Алматы: Қазақ
энциклопедиясы, 1995. – 478 б.
8. Жеті ғасыр жырлайды: екі томдық. - Алматы: Жазушы, 2008. – 1 т.
– 400 б.
9. Ай, заман-ай, заман-ай (Бес ғасыр жырлайды). 2 томдық
/Құрастырушы М. Мағауин, М. Байділдаев. – Алматы: Жазушы,
1989. -Т.1. - 384 б.