Региональные
политические процессы
Қилыбаева Б.Қ.,
Сыздыкова М.А.
Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Диалог жолы – Жібек жолын
интегралдық зерттеу
Адамзат өркениеті даму
жолында саяси, діни және этникалық дәстүрлері алуан
түрлі елдер мен халықтар арасында ұзақ уақыт
өмір сүрген өзара тиімді мәдени және экономикалық
ынтымақтастық үлгілері көп. Мәселен, Х
ғасырдың басы мен ХІІІ ғасыр ортасында Балтық
теңізінен Шығыс Еуропа арқылы Византияға
бағытталған теңіз немесе Варяг жолының болуы. Бұл
бағытты орыс көпестері Константинополь мен Скандинавия елдерімен
сауда байланысы үшін де пайдаланған еді. Сонымен бірге,
Еуропадағы сауда қатынасына елеулі өзгерістерді XI—XIII
ғасырлардағы крест жорықтары енгізуімен қатар,
әрине, жалпы тарихта жаңа лепті ХV ғасырдан бастау
алған Ұлы географиялық ашылулар да алып келген болатын [1,
541-588 б.].
Жаһандану үдерісімен
сәйкес, екінші мыңжылдыққа қадам жасауда
халықаралық қатынастарда ынтымақтастықтың
жаңа жолдарын іздестірумен пара-пар, тарихта орын алған сәтті
үлгілер де жан-жақты зерделене бастады. Осы арада б.з.д. ІІ
ғасырдан бастау алған Ұлы Жібек жолын «диалог жолы» ретінде
кешенді зерттеу заманауи қажеттіліктерге толыққанды жауап
беретіндігі анық. Тынық мұхитынан Атлант мұхиты
жағалауына дейін созылған, Азия континентін кесіп өтіп
Қиыр Шығысты Жерорта теңізі елдерімен ежелде және ерте
ортағасырда байланыстырған бұл торап тек мұхиттан
мұхитқа жол жүйесі қызметін емес, Шығыс пен Батыс
арасындағы күрделі мәдени-экономикалық көпір
рөлін атқарды. Ол түрлі халықтардың бірігуіне,
идеялар мен білімдер алмасуына итермелеп, тілдер мен мәдениеттердің
өзара байытылуына үлкен септігін тигізді. Саяси жанжалдар мен діни
тайталастар болуына қарамастан, халықтардың игілігі мен пайда
көруге ұмтылысы нәтижесінде Жібек жолы
қайта-қайта жанданып отырды.
Ғылыми айналымға бұл термин неміс
географы Фердинанд Рихтгофенмен «Қытай» атты классикалық
ғылыми еңбегінде шығыс пен батыс әлемі арасындағы
байланыстарды көрсету үшін
ХІХ ғасырдың 70-жылдары енгізіліп, артынша кең
қолданысқа ие болды [2, 11 б.].
Жібек жолы өз бойындағы елдердің саяси,
экономикалық, мәдени құрылымының
қалыптасуына үлкен әсерін тигізді деуге болады. Оның
барлық дерлік бағыты бойында ірі және кішігірім сауда
қалалары мен елді мекендер құрылды. Керуен жолдары,
әсіресе, Орталық Азия жерінен көптеп өтіп, Отырар,
Түркістан, Тараз, Мерв, Суяб, Баласағұн, Самарқан,
Бұхара, Термез, Хиуа, Исфиджаб, Ош, Өзген сияқты сауда,
ғылым мен мәдениет орталықтарын қалыптастырды.
Жолдың барлық бойында маңызды этникалық
үдерістермен қатар, мәдениеттердің белсенді өзара
ықпалы арқылы бірін-бірі байытып, онда ірі сауда қатынастары
мен дипломатиялық келісімдер, әскери одақтардың
жасалынуы көрініс тапты. Аймақтағы халықтарға
әлемдік діндер мен жазбаның таратылуында, көптеген
мәдени және техникалық жетістіктерге жетуінде елеулі
рөлі тиесілі.
Бұл жол тіршілік дағдысы бір-бірінен
мүлде бөлек Еуропа мен Азияны ортақ мүддеге
тоғыстырды, байланыстың жаңа соқпақтарын ашты.
Қытай жеріндегі патшалықтардан жолға түскен керуендер
жол бойы сауда жасай отырып, Азияның інжу-маржандарын Еуропаға
жеткізді, Жерорта «Ұлы Жібек жолы» теңізі арқылы
әлемнің басқа тараптарына да із салды.
XVI ғасырда теңіз жолдарының ашылуымен
қатар, феодаларалық соғыстардың жандануы, Орта
Азиядағы Шейбанидтер мен Ирандағы Сефевидтер арасындағы саяси
қақтығыстардың өршуі, Жетісу бойындағы
тартыстар нәтижесінде Жібек жолы тарихқа айналды. Барлық
дерлік қалалар күйретілді [3, 53 б.]. Адам баласы қазіргі аяқ киімді киіп
жүргеніне мыңжылдан асып, археологтар тапқан ежелгі кебіс
жұбына 53 жүзжылдық болса, үш мың жыл бұрын
зығырдан жасалынған бірінші шәркеге ұқсас
аяқ киім жасалынған болатын. Алайда, осы торап бойында қанша
жұп аяқ киім тапталғаны туралы нақты мәлімет
ешкім де бере алмайды [4, 12 б.].
Жалпы, Ұлы Жібек жолы адамзат
үшін мәдени құндылығы маңызды. Сол
себепті ЮНЕСКО оның тек зерттелуі
ғана емес, сақталуы үшін де үлкен назар аударуда [5].
Ұйым шеңберінде бүгінгі күні барлық
континенттерде жүзден аса бағытта жұмыс атқарылып
жатыр. Алайда соның ішінде ең ауқымды, тартымды және
әлемдегі ең ұзын, ұзындығы 12 800
шақырымға жететін Ұлы Жібек жолы. Оған байланысты 1998
жылы «Диалог жоспары - Жібек жолын интегралдық зерттеу» атты жоба іске
қосылды. Ол Шығыс пен Батыс арасында орныққан
тығыз мәдени байланыстарды, өркениетті толыққанды
зерттеуге бағытталған бағдарлама. Ұлы Жібек
жолының қайта жандануы – мыңжылдық өркениет
диалогының қайта жандануы деп айтуға әбден мүмкін
[6]. Бұл жоба Жібек жолына деген қызығушылықты
бүкіл әлемде арттыра түсіп, қолдау тапқан
болатын. Экспедиция ұсынымында Жібек жолы жылдар бойы археологтар,
социологтар, этнологтар, географтар, тарихшылармен және лингвисттармен
зерттелгеніне қарамастан, бұған дейін еш уақытта
жан-жақты, жүйелі және дисциплинааралық сараптама
болмағандығын атап өтеді.
Қазіргі таңда
Қытай осы ежелгі жол бойында Тынық мұхитынан Балтық
теңізіне дейін ірі нарық пен орасан зор әлеуеті бар,
халқы 3 млрд-тан асатын Еуразияның 30-дан аса елін қамтып
жатқан аймақта жаңа экономикалық дәліз
құруды ұсынған болатын. Статистика бойынша,
бүгінде Жібек жолы бойындағы елдер әлемдік экспорттың
23 пайызын қамтамасыз етуде [7]. Бұл жолдың шығыс
бөлігінде Азия-Тынық мұхиты аймағының
жанданған экономикалық шаруашылықтары болса, батыс
жағында өзінің дамыған экономикасымен еуропалық
аймақпен ұштасады. Жоба толыққанды жүзеге
асқан мезетте Жер бетіндегі ең ұзын және әлеуеті
жоғары экономикалық дәлізге айналарлығы ықтимал.
Қытайдың Синьхуа мемлекеттік
ақпараттық агенттігі 2014 жылдың басында «Жаңа Жібек
жолы, жаңа армандар» атты мемлекеттік бағдарламасын
жариялаған болатын. Бағдарлама бойынша, ел үкіметі жақын
арада Ұлы Жібек жолының тарихи және мәдени
маңыздылыған қайта жандандыруды қолға алып,
Қытай туралы достық саясатты көрші елдерге таратуды негізгі
бағдарға айналдырады. Бұл арада, Қытайдың
құрлықта және теңізде іске асырылатын «Жаңа
Жібек жолы» жобасы ұсынылды. Жарияланған картаға
сәйкес, құрлықта жоба Қытайдың орталығындағы
Сиань қаласынан бастау алып, батысқа Ганьсу провинциясындағы
Ланьчжоу, Синьцзян провинциясындағы Үрімші, Қорғас
арқылы тартылады. Орталық Азияның оңтүстік-батысымен
Иранның солтүстігіне, одан батысқа Ирак, Сирия, Түркия
елдерімен өтеді. Ыстамбұл қаласы арқылы Босфор
шығанағын басып өтіп, солтүстік-батысқа
қарай Еуропаға, соның ішінде Болгария, Румыния, Чехия
арқылы бастау алады. Германиядағы Дуйсбург қаласымен солтүстіктегі
Нидерландының Роттердам қаласына, одан оңтүстікке
қарай Италияның Венеция қаласына келіп жетіп – онда
өзінің келесі бір маңызды жобасы теңіздік Жібек жолымен
кездеседі [8].
Теңіз Жібек жолы Фуцзянь провинциясындағы
Цюаньчжоудан бастау алып, Гуандун провинциясындағы Гуанчжоу, Гуансидегі
Бэйхай, оңтүстіктегі Малак бұғазына Хайнаньдағы
Хайкоумен өтеді. Куала-Лумпурдан Индиядағы Калькуттаға, одан
Үнді мұхитының өзге бөліктерін басып өтіп,
Кениядағы Найроби арқылы солтүстікке Сомали түбегін
айналып, Қызыл теңіз арқылы Жерорта теңізіне жетіп,
Венецияда құрлықтағы Жібек жолымен кездесер алдында
Афина қаласынан кесіп өтеді [8]. Міне, жобаның
ауқымдылығын осыдан байқауға болады – ол үш
континентті байланыстыра отыра, Қытайдың толыққанды
амбициясын көрсетіп қана қоймай, оның «Аспан асты»
шетсіз-шексіз билігін орнатуға талпынысын, сауда, мәдени
байланыстарына бастау, ақпараттық қайнар-көзіне
айналдыру жобасы болып табылады.
Жобаның жүзеге асырылуы мақсатында,
Қытай белдеу бойындағы елдердегі инфрақұралым,
соның ішінде көлік магистральдары, темір жолдар мен порттар
мәселесін талқылап, бұл саладағы
ынтымақтастықты дамытуда. Алайда, агенттік жариялаған
мақаладан Қытайдың жобаға қатысты
көзқарасы көлік дәлізін тек қарапайым тасымал
үшін емес, одан кең екендігін көруге болады. Бұл сауда
жүйесі арқылы тауарлар үлкен қарқынмен және
жоғары сапалы сауда саттық өтетіндігіне үміт
білдіріп, бұл арада әр
елдің өнімділігін арттыру мақсатында экономикалық
қатынастардың тығыз болуына бар күшін салып, кез келген
жаңашылдықтарға ашық екендігін хабарлады. Осы негізде
Қытай жоспарланған бағыт бойындағы елдердің
барлығымен дерлік экономикалық үйлесімділігі туралы атап
өтіп, өндірістің негізгі тұстарында техникалық
көмек көрсететіндігіне сенім білдірді. Сонымен бірге, Қытай
жобаны «капитал конвергенциясы мен валюталық интеграция» аймағы
ретінде қарастырады. Бұл мақсатта, экономикалық
ымыраларға келгенде АҚШ долларына қарағанда жергілікті
валюталарды пайдаланатындығына үміттеніп, юаньның беделін
көтеруге де қадамдар жасалынуда.
Экономикалық ынтымақтастық
нығаюынан Қытай әр елмен мәдени және саяси
байланыстарды жаңа сатыға шығарып, солайша, тек
экономикалық сауда жолын құрып қоймай, «ортақ
қызығушылық, тәртіп, жауапкершілік»
қауымдастығын жасалатындығына сенімді. Алайда, іс
жүзінде жобаның мүмкіншіліктері тек екіжақты келісімдер
негізінде шектеулі болуы мүмкін. Сол себептен Қытай АСЕАН,
Еуропалық Одақ сияқты аймақтық ұйымдар,
топтармен интеграциялануға талпыныстар жасауда. Міне,
Қытайдың экономикалық көрінісі географиялық
көрінісінен кем емес екендігін көреміз. Ел үкіметі Жаңа
Жібек жолы тек Қытай еліне ғана емес, сонымен қатар
бүкіл жоба бойындағы дамуға ұмтылысы бар елдердің
әрқайсысына жаңа мүмкіншіліктер мен жаңа
болашақ алып келетіндігіне сенім. Әрине, бұл жобаның
біздің ел үшін алып келер мүмкіндіктерімен қатар,
қауіп-қатерлері де зор. Алайда, сырттан ешбір ел өзге
елдің дамуы, өркендеуі үшін арнайы қадамдар
жасамайтындығы анық. Сол себепті, берілген түрлі
мүмкіндіктерді пайдаланып, әлсіз тұстарын күшті
жаққа айналдыру әр елдің өз қолында.
Осылайша, Ұлы Жібек жолының қайта
жандануы ол бір идеядан, жақын арада жүзеге асырылатын нақты
халықаралық бағдарламаға айналды. Осыдан мың
жылдан астам уақытта түйе керуендері жүрген жолдарға
халықаралық қоғамдастықтың назары ауып,
енді темір көліктер өтетін болмақ. Солай Ұлы Жібек
жолының қайта жандануы аймақтағы елдер экономикасын
дамытуға, халықтардың әл-ауқатын көтеруге,
прогрес жемістерін пайдалануға жаңа мүмкіншіліктер
туғызады. Бұл жобаға интеграциялануда Орталық Азия
елдері тыс қалмай, керісінше географиялық орналасуының
мүмкіндіктерін барынша пайдалануы қажет. Мәселен, Жер бетінде
әлемдік мұхитқа шығар тура жолы жоқ 43 мемлекет
бар. Оның 15-і Африкада, 14-і Еуропада, 12-сі Азияда және екеуі
Оңтүстік Америкадағы елдер. Аталған тізімге
Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер – Қазақстан,
Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және
Қырғызстан кіреді [9]. Бұл жобаны жүзеге асыру
арқылы 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік жүк
айналымы екі есеге артып, болашақта оны жылына шамамен 50 миллион
тоннаға жеткізуге болады. Соңғы 10 жылда ғана елімізде
көліктік-коммуникациялық кешенді дамытуға 1,4 триллион
теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Көлік саласына,
сондай-ақ халықаралық қаржы институттарынан 4,2
миллиард доллар көлемінде қарыз-қаржылар тартылуымен қатар,
тәуелсіздік жылдарында 740 шақырым жаңа теміржолдар
төселген екен. 2010 жылы Қазақстанның көліктік
дәліздері арқылы өткен жүк көлемі 15 миллион
тонна болса, транзиттен түскен жалпы кіріс 900 миллион долларға
жуықтаған. 2015 жылы еліміздің аумағы арқылы, жер
көлігімен 25 миллион тонна жүк тасымалданады деп жоспарланып отыр.
Ал транзиттен түсетін жалпы кіріс 1,5 миллиард долларға дейін
өседі деген жоспар бар.
Қазіргі таңда еліміздің Еуразия
құрлығының орталығында орналасуы Еуропа мен Азия
арасындағы транзиттік көпір ретіндегі геосаяси рөлін
анықтай түседі. Осындай ауқымды экономикалық белдеуде
жатуы, жаңа зор белестер мен мүмкіндіктерді ұсынуда,
соның маңыздысы «Жаңа Жібек жолы» жобасы, сол себепті
жобаның жүзеге асырылуында барынша ат салысу елдің
мүддесі болып табылатындығы анық.
Пайдаланған
деректер тізімі:
1. Энциклопедический словарь Брокгауза
и Ефрона, 33а том, — Санкт-Петербург, 1901.
2. Ахметшин Н.Х., Тайны Шелкового пути. — Москва: Вече, 2002
3.
Л.А. Мамлеева,
Становление Великого шелкового пути в системе трансцивилизационного
взаимодействия народов Евразии, 1999.
4.
А. Мамраимов, Ұлы Жібек жолы. — Алматы кітап баспасы, 2013 – 324 бет.
5.
«Основные функции и роль ЮНЕСКО», официальный
сайт организации - http://www.unesco.org/
6.
«Роль Великого Шелкового пути в истории
народов Средней Азии. Его основные функции» // http://vsemirnaya-istoriya.ru/
7. «Годовой
обзор: новый Шелковый путь, новая идея, новое процветание» 26 декабря 2013 // http://russian.news.cn/
8. «新丝路新梦想» 大型集// http://www.xinhuanet.com/
9. Қ.Л. Шәріп, «Әмірліктерге дейінгі
жаңа Жібек жолы», 12 желтоқсан 2014 // http://egemen.kz/