ӘӨЖ: 37013-05787
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
– ЖЕТКІНШЕКТЕРДІҢ НЕГІЗГІ ҚАЖЕТТІЛІГІ
Камардинова
У.О., П.ғ.к.,
доцент ҚХДУ,
Жулдызбаева
Г.Ж.
магистр 2-курс, ПиП Қазақстан Республикасы, Шымкент
қаласы
Резюме
В статье раскрывается, в
частности, проблема взаимоотношений подростков в процессе социализации молодой
личности, в контексте психологических исследований современности
Summery
This article deals
with the problem of the relationship of adolescents in the process of
socialization of the young person in the context of modern psychological
research
Кілттік сөздер:
Жеткіншектер, тұлға, қарым-қатынас, сенім,
қайырымдылық, қарым-қатынас, байланыстар,
әлеуметтену, оқшаулану, аффиляция, эмоция, пассивті, интенсивті.
Жеткіншектік кезең
– тұлғаның негізгі құрылымды компоненттерін қалыптастырудағы негізгі
кезең болып табылады. Жеткіншектік кезең мектеп тәжірибесінде
«өтпелі кезең» деген атаумен бәрімізге белгілі. Бұл
кезеңде жеткіншек балалар мен мұғалімдердің, ата-аналар
мен өз балаларының қарым-қатынасында түрлі дау-дамайлар туындап, тәрбие жұмысына кері
әсерін тигізеді. Өйткені, бұл кезеңде жеткіншек бойында
балалық пен ересектік қатар жүреді де, әрбір жеке
тұлғаның даму ерекшеліктеріне сай сипат алады.
Сондықтан да тұлғаның өсіп-жетілуінде
қарым-қатынастың орны ерекше.
Жеткіншек кезеңнен
бастап адамның болашақ тағдырын бағыттайтын оның
басқа адамдарға деген
қарым–қатынасы
қалыптасады. Есейген сайын оны өзгертуге
мүмкіндіктер болып
тұрғанына қарамастан, уақыт өткен сайын сол мүмкіндіктерді пайдалану қиынға соғады. Өйткені жас адамға
өзгелермен қарым–қатынас орнату, оларға деген
көзқарасын
қалыптастыруды жоқтан бастауына тура келеді. Ол өзінің
мінез–құлқы мен өзге адамдардың мінез–құлқын
басқаратын заңдылықтарды білмейді. Оның өзіндік
танымы оған керекті ақпаратты толық түрде бере алмайды,
жеткіншек өзгелердің жүріс–тұрысында,
іс–әрекетінде ненің
қажетті, ненің басым екенін, неге көңіл аударып, нені
самарқау қабылдауға
болатынын біле алмайды. Ол әлі де болса психологиялық
қорғаныстың түрлерін білмейді, өзіне психологиялық шабуыл
жасалып отырғанын да тани алмайды. Сондықтан да ол ересектер
оңай айналып өтетін
түрлі арандатушылыққа
тез ұрынады [1].
Бұл кезеңдегі
жеткіншектер үшін құрдастарымен жай ғана бірге болу
емес, сонымен қатар, олар үшін, ең бастысы – олардың
арасында қанағаттанарлықтай орынды иеленуі. Сонымен бірге,
бұл кезеңде олардың айтқандары басқа адамдардың
бәрінің сөзінен гөрі басым, маңызды болып
көрінеді. Балалар жеткіншек
кезеңінің басында құрдастарымен
қарым-қатынасқа түрлі тәжірибе негізінде келеді:
кейбір балаларда - ол өмірінің аз бөлігін алса, кейбіреуінде
– тек мектептегі қарым-қатынасқа түсуімен ғана
шектеледі. Уақыт өте келе, жеткіншек жасындағылардың құрдастарымен
қарым-қатынасы олар үшін өте маңызды орынды
иеленеді. Жеткіншектің
әлеуметтенуі мен тұлғалық дамуында, оның
құрдастары мен жақын достарының қатынасы ерекше
мәнге ие.
Құрдастарымен арасындағы қарым-қатынаста – достық, өзара сенім,
қайырымдылық, бірін-бірі сыйлау, көмек көрсету,
бір-бірінің кемшілігін айтып, оны жоюға жәрдемдесу,
іс-әрекетті бірігіп орындау, т.б. қарым-қатынастар орын
алады. Осындай әрекеттер барысында өзара пікір алысады. Онда,
алдымен әдеби және ғылыми тақырыптар, түрлі
адамгершілік қасиеттер жайында айтылып, содан жолдастық, достық, ұнату, махаббат ұғымдары
жайлы көзқарастары
қалыптасады. Жеткіншектердің осындай түрлі іс-әрекеттеріндегі қарым-қатынасы жаңа психологиялық және тұлғалық
сапалардың қалыптасуына
негіз болады [2].
Сондықтан да,
жеткіншектің құрдастарымен қарым –
қатынастағы қажеттілікті ата–аналары ауыстыра алмайды, және уақыт өте келе
ауқымы кеңейе түседі, деп көрсетеді. Және
жеткіншектің мінез-құлық ерекшеліктерінің
қалыптасуына ұжымдық топтың әсері зор деп санайды.Сондықтанда,
ол ұжымның төмендегідей ерекшеліктерін көрсетті:
Біріншіден, топтағы құрдастарымен
қарым-қатынасы – түрлі информациялардың маңызды каналы, олар арқылы
белгілі бір себептерге байланысты ересектер хабардар етпейтін көп
нәрселерді біледі.
Екіншіден, механикалық қатынастың өзгеше
түрі. Топтық ойындар және тағы басқа біріккен
іс-әрекетті қажетті дағдыларды өңдейтін
және дәл сол уақытта
өзінің құқығын ысырып қойып, ұжымдық
әрекеттерге бағына алу алу ептілігі.
Үшіншіден, эмоционалдық
байланыстың ерекше түрі. Топтағы жолдастық, ынтымақтастық,
тұрақтылық пен нақтылықтың
қалыптасуына өзара
көмек көрсетіп, қолдау береді.
Балалар әлемінен
ересектер әлеміне өткенде, жеткіншек толығымен не
балаларға, не ересектерге жатпайды. Бір жағынан,
«жеткіншектің мінез–құлқының» дәрежесі
бұл кезеңнен өткенше бірқалыпта болмайды. Жеткіншектік
кезеңге аяқ басарда балалар мінез-құлқы
жағынан да сырт пішіні жағынан да
толығымен не ересекке, не балаға ұқсамайды: олар
бір-бірімен кикілжіңге тап болып отырады, шамданғыш, ұшқалақ, қай
уақытта болмасын, белсенділік
танытады, өзгенің ықпалына тез түсіп қалады,
бұл кезеңде романтикалық сезімге тез берілетіні
соншалықты: аз уақыт ішінде ұнатып та, жек көріп те
кете алады. Осының нәтижесінде мінез-құлқында
түрлі өзгерістер пайда бола
бастайды.
Оқшаулану
және аффиляция
Қарым-қатынас психологиясы
жеткіншектік және жасөспірімдік кезеңді 2 негізі
қажеттіліктен тұрады: 1) оқшаулану; 2) аффиляция; яғни
затқа деген қажеттілік және қандай да бір топқа
немесе қоғамға кіру болып табылады.
Оқшаулану - көбінесе
үлкендердің бақылауындағы эмансипацияда көрінеді.
Бірақ ол құрбыларымен қарым-қатынасқа
түскенде байқалады. Яғни, жеткіншектер мен
жасөспірімдер әр жас кезеңіне өткенде жағымды
жағдайлары өседі де, жағымсыз қылықтары азаяды.
Жасөспірімнің неғұрлым мақсатқа
бағыттылығы күшті болса, соғұрлым жалғыз
болуға деген қабілеті мен қажеттілігі күшті болады.
Адам тек өз жанының тыныштығында жеке қасиетін
терең түсінеді.
Жалғыздықты сезіну
және мазасыздану тұлғаның қалыптасуының
қиындықтарымен байланысты, жеткіншектерде
қарым-қатынаста құрбыларымен топтасу
құштарлығын туғызады. Қоғамда олар
үлкендерден бас тартқан нәрселерді қоғамнан
іздейді немесе табуға үміттенеді: спонтандық, эмоциялық
жылылық, іш пысудан қашу және өзінің жеке
артықшылығын мойындау.
Қарым-қатынас
стиліндегі гендерлік айырмашылық. Жасөспірімдер мен
қыздардың қарым-қатынас стилі бірдей емес. Бұл
қарым-қатынас деңгейімен аффилицияға байланысты.
Ер балалар қандай жас
кезеңінде болмасын, қыздарға қарағанда
қарым-қатынасқа тез түседі. Олар ерте жастан
бастап-ақ, қыздарға қарағанда белсенді
түрде басқа балалармен байланысқа тез түседі.
Бірақ жыныс арасындағы айырмашылық -
қарым-қатынас деңгейінде санына емес сапасына
көңіл аударған. Ер балалар қарсылыстары аса
ұанамаса да өзіне қызықты ойынды таңдап алады да,
байланысқа түседі, ол жерде
өзін көрсетуі мүмкін.
Ер балалар ерте жастан
бастап-ақ экстенсивті, ал қыздар – интенсивті
қарым-қатынасқа жақын болып келеді. Ер балалар
үлкен топтармен жиі ойнайды, ал қыздар болса – екіден, үштен.
Қыздар
қарым-қатынасы пассивті болып көрінеді, бірақ тату
және таңдағыш келеді.
Психологиялық зерттеулерге
сүйенсек, ер балалар бірінші бір-бірімен байланысқа түседі,
ойын кезінде немесе іскерлік өзара әрекет барысында оларда
жағымды бағдар орнайды, содан кейін барып олар бір-бірін тартады.
Ал, қыздар керісінше, ең алдымен олар үшін кім оларға
ұнайды, ер балалармен салыстырмалы түрде біріккен
іс-әрекеттің мазмұны екінші деңгейде болады.
Жеткіншектің
социометриялық статусын анықтайтын критерийлер әр
түрлі. Ұжымда жеткіншектің статусын немен анықтаса да,
ол оның өзіндік санасына және мінез-құлқына
әсер етеді.
Қиын жеткіншектердің
сыныптан және ұжымнан шеттетілуі оның
мінез-құлық нормаларын және мақсаттарын елемеу
оны қынжылтады.
Жеткіншектердің
жолдастарымен, құрдастарымен, кластастарымен
қарым-қатынасы төменгі кластардағы балалардың
қарым-қатынасынан гөрі күрделірек, сан-салалы әрі
мазмұндырақ. Жеткіншектік кезең де жақындық
дәрежесі жөнінен әр түрлі қарым-қатынастар
қалыптасады, оларды жеткіншек әншейін жолдастар, жақын
жолдастар, жеке дос деп нақпа-нақ саралайды. Олармен
қарым-қатынас оқу әрекеті мен мектеп шеңберінен
барған сайын шыға берді, жаңа мүдделерді,
кәсіптерді, қарым-қатынастарды қамтып, жеткіншек
өмірдің дербес және өте маңызды саласы болып
бөлінеді. Бұл қарым-қатынастарда әр түрлі
оқиғалар мен істер, күрес пен қақтығысулар,
жеңістер мен жеңілістер, жаңалықтар мен өкініштер,
күйініштер мен қуаныштар молынан кездесіп, осының бәрі
жинақталғанда жеткіншектің нағыз өмірін құрайды,
ол осында іс-әрекет жасап, ойланып толғанады, көп
уақыты мен рухани күш-жігерін жұмсайды. Жолдастарымен
қарым-қатынас жеткіншек үшін ерекше
құндылыққа ие болады, маңыздылығы
соншалық ата-ана, туғандарымен
қарым-қатынастардың тартымдылығын едәуір азайтып,
оқудың өзін екінші қатарға ығыстырады.
Әдетте мұны бірінші болып анасы сезеді, ұлының (не
қызының) өзінен алшақтап, қайсыбір өзгеше
өмір сүре бастағанын, бұл туралы айтпай, үйден
жолдастарына баруға асығып тұратынды шығарғанын
байқайды. Жеткіншек үшін құрдастарымен
қарым-қатынасы оның жеке басының
қарым-қатынастар сферасы болып сараланып, бұнда ол дербес
іс-әрекет етеді. Ол бұған хақым бар деп санайды,
өзінің правосын қорғайды, нақ осы себептен де
ересектердің бұл салаға әдептен тыс араласуын
жәбір санап, қарсы шығады [3].
Жеткіншек үшін ең
қолайсыз жағдай – коллективтің, жолдастарының оны
шындап кінәлауы, онымен қарым-қатынас жасағысы келмеуі.
Өзінің жалғыздығын сезіну жеткіншек үшін
төзгісіз, ауыр жағдай. Кластастарымен өатынастардың
қолайсыздығы оны өз мектебінен басқа жерден жолдас, дос
іздеуге итермелейді.
Жеткіншектің
жолдастарының назарын өзіне аударуға, олардың ынтасын
туғызып, жақсы көрінуге ұмтылуы түрліше болып
көрінуі мүмкін: бұлардың өз қасиеттерін
тікелей көрсетуде ересектер қоятын талаптарды орындамауы да,
сондай-ақ қиқаңдап, сайқымазақтану,
күлдіруге тырысқан іс-әрекеттер, өтірік-шыны аралас
әр түрлі жайларды айту болуы мүмкін [4].
Жеткіншектер сыйлы, беделді,
қайсыбір салада озық кластастарымен қарым-қатынас
жасауға ұмтылады. Мұндай жолдастық қасиеттер,
білімділік, қолынан бәрі де келетіндіктер, батылдық,
спорттағы жетістіктер, сырт пішінінің ересек болып
көрінетіндігі, өзін-өзі ұстау мәнері, романтикалық
сипаттағы қарым-қатынастардағы тәжірибе,
ересектермен қатынастардағы дербестік секілді алуан түрлі
жайлар тартымды болуы мүмкін. Барлық жағдайларда
қарым-қатынастың тартымдылығы, екі түрлі:
мүдделер жағынан және жеке қарым-қатынастың
сипатымен қанағаттану дәрежесі жөнінен тіл
табысушылық сыннан өтеді. Жолдасының неғұрлым
ересек болғаны жеткіншекке ұнайды, бірақ нақ
осының өзі жақындасуға кедергі болуы мүмкін,
өйткені неғұрлым ересек жолдасына мұнымен
қарым-қатынас жасау қызықсыз болуы мүмкін,
бірақ әдетте нақ естияр жолдасы қарым-қатынаста
жетекші болып, әрбір іс-әрекетте бастауыш болады.
Жолдастарымен
қарым-қатынас жасау – жеткіншектердің жаңа
мүдделердің пайда болуының қайнар көзі.
Біріне-бірі ұнайтын балалар әр түрлі істерде
ынтымақтасуға ұмтылып, әрқайсысының
айтқанын көбіне екеуі бірігіп істейді. Бірлесіп жұмысты
жақсы істей білуді жеткіншектер өзі бағалайды. Жақын
жолдастардың қарым-қатынасында әңгімелесу
үлкен орын алады.
Достық
қарым-қатынастарға - өзара сыр жасырмау және
түсіністік, сергектік пен сезімталдық, бірлесе толғану, сыр
сақтай білу сияқты ерекше талаптар қойылады. Бір-біріне жан
дүниесін, бар сырын жайып салған қарым-қатынас екеуін
де байытады, өз жан-дүниесінде болып жатқанның
бәрін жақсы түсініп, ұғынуға
мүмкіндік береді. Нағыз дос тауып, оған өзі де
жалғыз досы болу - әрбір
жеткіншектің ер баланың да, қыз баланың да арманы. Олар
досы не жолдасының басқа кейбір балаларға іш тартуына
өте-мөте қызғанышпен қарайды,
өздерінің достығын бөгде біреулердің араласуынан
мұқият қорғайды.
Жеткіншектер
достығының мұраты – «қашан да бірге болып, бәрін
бірдей бөлісу!». Жеткіншектер дос-жолдасымен ортақ өмірге
ұмтылады. Жақын жолдасымен, досымен қарым-қатынас
туралы жеткіншек көп ойланып, толғанады. Ол осы
қарым-қатынаста, өзіне жолдасының несі ұнап, несі
ұнамайтынын білуге тырысады, өзінің оған, оның
бұған қатынасын салыстырады, жәбірлейтін
қылықтарды анықтап, олардың себептерін білуге тырысады.
Өзін жолдасымен салыстырады. Осындай ойлану мен бағалау процесінде
қатынастарға көңіл толмаудың себептері, кімнің
кінәлі екендігі, одан әрі не істеу керек, мәселен, кешірім
сұрау, немесе достасуды қою қажет пе деген түсінік
қалыптасады.
Достықтың
қағидаларын меңгеру – баланың жеткіншек шақта
жететін маңызды жетістігі.
Жеткіншек жаста ер балалар мен
қыз балалар арасындағы қарым-қатынаста
айтарлықтай өзгерістер болады. Бір-біріне ден қою,
ұнатуға тырысу, ал осыған байланысты өзінің сырт
пішініне зер салып ұнамды көрінуге ұмтылу шығады. Дене
және жыныстық жетілуде қыздар балалардан озып кетеді [5].
Бастапқыда басқа
жынысқа көңіл аудару көптеген ер балаларда кіші
жастағы жеткіншектерге тән қыз балаларға «тиісуден»
көрініп, дамиды; қыздар ер балалардың мұнысына
шағым айтқанымен, оның себебін дұрыс түсінеді де,
онша жәбірлене қоймайды. Кейін қарым-қатынас
өзгереді, ашықтық қалады, жасқану, ұялу,
ыңғайсыздану келіп шығады. Біреулерінде бұл тікелей
көрінсе, екіншілерінде сырттай жайбарақаттықпен, басқа
жынысты «жек көрумен» бүркемеленеді. Мінез-құлық
амбиваленттілігімен сипатталады: біріне-бірінің ынтасы ер балалар мен
қыз балалардың оқшаулануымен қатарлас болады. Алайда
олар туындайтын қарым-қатынасқа, олардың даму
ерекшелігіне барынша қызығумен қарайды.
V-VI кластарда көбі,
әсіресе қыздар кім кімге ұнайды деген мәселеге зер
салады. Өзінің қарым-қатынасы туралы жеткіншектер
әдетте досына не жақын жолдасына ғана айтатын болғанымен,
мұны әдетте кластастарының көбі біледі; олар
аңғарғыш болады, жаңалықтарымен алмасады. Кіші
жеткіншектік шақта балалар мен қыздар арасында достық сирек
болады; ал VII-VIII кластарда жиі кезедеседі, өзара ұнау өте
эмоциялы болып, өмірінде маңызды орын алады. Өзі оны
ұнатқанымен оның мұны ұнатпауы енді күшті
толғаныстардың қайнар көзі болады.
Басқа жынысты
құрдастарына ден қоюдың жеткіншектің жеке
басының дамуы үшін маңызы зор. Өзіне ұнаған
құрдасының қылығындағы,
әсерлеріндегі, көңіл-күйіндегі,
толғаныстарындағы нәзік өзгерістерді
аңғаруға бейімділік пайда болады. Ұнайтын адаммен
қарым-қатынастың нәтижесінде өзінде болатын
психикалық көңіл-күйге бөлінеді.
Романтикалық ұнату жеке бастың барлық
мүмкіндіктерін ширықтырады, жақсы болуға,
жақсылық жасауға, көмектесуге, қорғауға
ұмтылдырады. Бұл ден қою өзін-өзі жетілдірудің
себептерінің біріне айналады [6].
Сөйтіп, жеткіншектік
шақта жолдастармен қарым-қатынас жеткіншектің жеке
басының қалыптасуына зор,
көбіне шешуші ықпал жасайды. Жолдастары оған үлгі болады,
балалар бір-біріне белсене іс-әрекет жасайды, бірін-бірі
тәрбиелейді. Сондықтан жеткіншектердің жақын
жолдастарымен, достарымен жеке қарым-қатынастары
педагогикалық ықпал өрісінде қамтылуға тиіс.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.Құдиярова А. Қарым-қатынас психологиясы. Алматы,
2006.
2.Елеусізова С.М. Қарым-қатынас
психологиясы. //Алматы, 1995.
3. Божович Л.И. Проблемы формирование личности.
М., 1995.
4.М.М.Мұқанов. Жас және
педагогикалық психология. Алматы, 1981.
5. Жарықбаев Қ. Жалпы психология. Алматы,
2004.
6.Мясищев В.Н. Психология
отношений: Изб. Психолог труды. М.: Воренж, 1995.