Арнайы көшірілгендердің еңбекке араласуы

Хамидуллина Динара Ұлықпановна

Абай атындағы ҚазҰПУ

2 курс тарих докторанты

Алматы, Қазақстан

Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарында тоталитарлық жүйе көптеген адамдардың, бүтіндей халықтың тағдырын тәлкек етті. Жер аударылу, қуғын-сүргінге ұшырау, мүлік тәркілеу, қудалау қоғамда кең ауқымда орын алып, әр-бір отбасының басынан трагедиялық жағдай өтті. Екінші дүние жүзілік соғыстың басталуы шекаралық аймақтардағы халықтың жаппай жер аудару саясатын жүзеге асуына себепші болды. Депортацияға ұшырағандардың көп бөлігі қазақ жеріне қоныс аударылып, жергілікті халықпен араласып өмір сүре бастады. Қоғамдық жұмыстар, колхоздар мен совхоздардағы жұмыстар, өндіріс орындары мен кен орындарында да, яғни барлық салада да жер аударылған халықтар қызметке араласып кетті.

Соғыстан кейін халық шаруашылыған қалпына келтіру мақсатында еліміздің жұмысшылары шаруашылықтың әр саласында еңбек етті. Соғыстың халық шаруашылығына тигізген зардабы аз болмады. 1948 жылы арнайы жер аударылғандардың ішінде 1 014 270 адам еңбекке жарамды болды. Шаруашылықтың қай саласы болмасын арнайы жер аударылған ұлттар қызмет етті. Совхоздарда, металургия, кен өндірісі, шахталарда, машина жасау, жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс материалдар өндірісі, сауда орындарында, химия өнеркәсібі, темір жол құрылысы және басқа да халық шаруашылығында еңбектенді. Шаруашылық салаларында маман кадрлері жетіспеді. Жоғары білімді, орта білімді мамандар яғни, дәрігерлер, техниктер, агрономдар мен инженер сынды маман кадрлері жұмысқа өз мамандықтары бойынша еңбек етті.

Жұмысшыларды қабылдау туралы үкімет 1946 жылы шілде айының 14 күні № 125 қаулысына сәйкес құрылыстар мен кәсіпорындарға жұмыс күшін бөлу туралы жұмыстар ұйымдастырылды. Қарағанды көмір комбинатына 4000 адам, Павлодар қаласындағы түсті металургияға 300 адам,  № 10 өскемен зауытына 500 адам, Балхаш мыс зауытына 200 адам, Шұбарқұдық ауданындағы Ақтөбе мұнай тресіне 250 адам, Гурьевке тауар тасымалдау ісіне 200 адам, «Аралсульфат» тресіне 100 жұмысшы, «Өзбекпромстрой» цемент зауытына 500 жұмысшы, Сталин-Магнитогорск магистралі құрылыс жұмысы үшін Атбасар станциясына 200 жұмысшы бөлінген[1].

Арнайы қоныс аударылғандар шаруашылықтың барлық салаларында еңбек етіп, мөлшерден асыру үшін, өздерін көрсету үшін аянбай жатты. Ақтөбе облысы Степной ауданына қоныс аударылған немістің еңбекке жарамдысы 2857 адам, 253 шешен еңбекке жарамды болды. Қалғандары балалар, мүгедектер, көп балалы әйелдер болды. МТС, колхоз, совхоз, кен орындарында жұмыс жасап, социалистік жарыстарға тартылды. Кемпірсай кен орнында қызмет еткен арнайы көшірілгендер арасында 306 стахановшылар, 356 еңбек озаттары болды. Осы ауданның құрмет тақтасына 62 адам, құрмет грамотасымен 7 адам марапатталды. 1950-1951 жылдары өз ісінің маманы атағы 149 адамға берілді. 1950 жылы социалистік жарысқа қатысып, 288 адам сый ақы алса, 113 арнайы көшірілген жұмысшы жылдық жоспарды орындағаны үшін сый ақыға ие болды [2]. Большевик колхозының шабаны Швецгебель жоспарлы тапсырманы орнындағаны үшін 21 қой малын қосымша сый ретінде алды. Передовик колхозының сауыншысы Шмидт Эльза өз жұмысына өте адал екенімен байқалып, қосымша сый ақыға ие болды. Ауылда арнайы көшірілгендер ішінде 4 инженер кен орнына жұмысқа жасап жатса, 17 мұғалімдік мамандығы бар ұстаздар мектепте сабақ берді [3].

Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсіп министрлігіне қарасты Иленбеген-қайыс зауытында 16 шешен ұлтынан жер аударылған жұмыс жасаған. Мамандықтары жоқ шешен жігіттері осы салада ұзақ жылдар қызмет еткен [4].

Қостанай облысындағы №185 «Большевичка» тігін фабрикасында арнайы қоныс аударылғандардың 46 отбасы орналастырылды. Жұмысқа жарамдысы 47 адам, 31 адамға фабрика жатаханасынан орын бөлініп, сол жерге орналастырылды. ФЗО мектебін бітіріп, мамандырылғандар да аз болмады. 38 адамның  тігінші мамандығын 34 адам, 1 токарь, 1 ременг, 2 шебердің көмекшісі еді. Осылардың неміс ұлтынан 44, 1 армян ұлтынан,  шешен ұлтты 1 қыз болды[5].

Ақтөбе облысының Родниковск ауданында жер аударылғандар арасында да еңбекқорлар аз болған жоқ. Оған мына мысалдар дәлел бола алады. Молотов атындағы колхозда И.П.Апельганс, П.И.Шаулис, А.Дрексон сында трактор жүргізушісі мен пішен жинаумен айналысатын жігіттер жүйелі түрде жұмыс жасауы нәтижесінде пішен шабу мөлшерін артығымен орындады.

Осындай істе жақсы нәтижеге қол жеткізгендер қатарында «Пролетарлық революция» колхозының шешендері Заура, Баков, Улабаевтар да болды.

Калинин колхозындағы арнайы жер аударылған ағайынды трактор жүргізушілері Рикер Ойген мен Рикер Альберт пішен шабу мөлшерін шамадан мол етіп орындады.

Есеп беру құжаттарында арнай жер аударылғандардың тұмыстық жағдайлары жақсы деп көрсеткен. Родниковск ауданында арнайы жер аударылғандар 205 отбасы. Колхозға барлығы жұмысқа орналастырылған, тұрғын үймен қамтамасыз етілген, 89 отбасының өз үйлері бар, 110 отбасы колхоздың немесе кәсіпорындардың тұрғын үйлерінде орналастырылған, мекемелерде 32 отбасы өмір сүрсе, 24 отбасы жеке үйлерде тұратындығы жайлы жазылған.

Жамбыл облысындағы жер аударылғандарды жұмысқа орналастыру барысында әйел адамдарды да  жұмысқа орналастырған. Оған мысал «Сускопед» зауытында жер аударылған 20 адам жұмыс жасады. Мұнда 7 балкар әйелі, 4 балкар жігіті, 5 неміс әйелі, 3 неміс жігіттері күзетшілік, еден жуушылық, мал бағушылық сынды жұмыстарға орналасты[6].

Арнайы жер аударылғандарды еңбекке пайдалана отырып, басшылар мен жер аударылған халықтар арасында келіспей қалушылық немесе құқық бұзушылық фактілері тіркелген. Арнай жер аударылғандардың құқығын жереге таптау мәселесі  Карл Маркс атындағы совхоздың төрағасы мен Чкалов атындағы колхоздың төрағасы жолдас Құрманқұловтың тараптарынан байқалып, оларға ескертулер берілген[7].

Жұмыс көзі азайып, жұмыстан қысқарту болған мезгілде арнайы жер аударылғандар тізімнің басынан табылған. Зырянов кен орынының жер аударылған жұмысшылары дәл осы жағдайға душар болды[8]. Жұмыстан қысқарып қалған өзге ұлт өкілдерінің тұмыстық жағдайлары төмендеп, бұрынғы жұмыс орнынан берілетін қосымша көмектерден айрылып қалды.

Адамның алатын жалақысы оның тұрмыстық жағдайына әсер ететіні белгілі. Жалақы мөлшері төмен, еңбекақыны уақытылы бермеу жер аударылғандардың әлеуметтік жағдайына әсер етті. Киім-кишектің жоқтығына байланысты адамдар жұмысқа шыға алмай қалған немесе тамақтың жетіспеуіне байланысты әл, күшінің аздығына байланысты жұмысқа шықпай қалатын болған. Тамаққа ақшаны жалақыдан ұстап отыратын мекемелерде жұмысшылардың айлық жалақысынан асып кетуіне байланысты келесі айға қарызданып қалатын. Жұмыстан соң демалатын, жататын бөлмелердің іші сыз, лас, санитарлық деңгейі өте төмен болған. Төсеніш, кереует, орындық пен жастық адам басына жетіспеді. Кей жағдайларды жұмысшылар тақтайда ұйықтауына тура келді.

Қанша ауыр жұмыстар атқарса да ең жақсы озат, жұмысшының өзінің де жалақысы толық өмір сүруіне жетіспеді. Өндіріс жоспарларын орындау, жұмысқа деген ынта сонда да бәсеңдеген жоқ. Белгіленген норманы екі есе етіп орындап, елдің шаруашылығаның дамуына өз үлестерін қосты. Жер аударылған халықтың жұмыс жасау барысы соғыс аяқталғаннан соң жергілікті халықтанда басым түскені байқалып жатты. Жақсы нәтижемен көзге түскен арнайы жер аударылғандар марапатталып, мадақтарға ие болды. Жоспарды асыра орындағандары үшін жұмысшыларды күнделікті тұрмысқа қажетті заттардан сыйлық ұсынылып жатты.

Ауыл шаруашылығы халықты азық-түлікпен, шикізатпен қамтамасыз ете алмай жатты. Егін шаруашылғында да өнім алып пайда көрудің орнына, шығыны көп шаруашылық саласына айналды. Жанармай жеткізу, азық-түлік жеткізу ісі де алыс аймақтар үшін қиын жағдайға айналды. Өйткені қыс мезгілінде аз тұрғыны бар шалғай аймаққа жету қиындықтар туғызды. Соған байланысты ондай аймақтарды біріктіру ісі қолға алынып жатты. Құрылыс бригадалары құрылып, мәдениет үйі, тұрғын үй, шаруашылыққа қажетті қоймалар салу ісімен айналысты.

Ауыл шаруашылығында еңбек еткен адамдардың еңбектері ескеріліп,жалақылары көбейіп, сыйақы, қосымшы ақы тағайындаулар болды. Мал басын көбейту, мал сапасын жақсарту, мал азығына назар аудару, мол өнім алу, мал шығынын азайту істері қолға алынып, жақсы көрсеткіш көрсеткен малшылар марапатқа ие болып жатты. Арнайы жер аударылғандар ішінде көпшілігі адал еңбек етті. КСРО-ның орден, медальдарымен марапатталған еңбекшілерде аз болмады. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқандар ішінде 1071 адам жер аударылғандар болған [9].

Депортация-Кеңес үкіметінде өмір сүрген халықтардың бастарынан кешкен қиын кезеңнің бірі. Жер аудару саясаты күштеп қоныс аударылған халықтардың тағдырына қатты әсер етті. Республиканың ішінде де оларды бір жерден келесі жерге көшіріп, арзан жұмыс күші ретінде пайдаланды. Қашып кету оқиғалары байқалған кезде арнайы жер аударылғандарды алыс аймақтарға қайта көшіру болды.

Соғыс аяқталған кезеңде жергілікті халықтың да арнайы жер аударылған халықтың да тұрмыстық, әлеуметтік, материалдық жағдайлары мүшкіл болды. Қатаң тәртіп, ауыр талап, азаматтық құқықтарын аяққа таптау, атамекендерінен айырып, мемлекет жерлерін көрші елдерге бөліп беріп, адамдық намыстарын қорлады. Бір тұтас ұлт республиканың әр жеріне шашыратып қоныстандырылды. Республика ішінде де жер аударылған халықтарды келесі жерге көшіру іс әрекеттері болды. Оның себебі жер аударылған халықтар арзан жұмыс көзі  болды және қиындықтарға төзе алмаған жер аударылғандар қашып кетпес үшін, бұрын көрмеген жаңа аймақтаға көшіріп жатты. Темір жол бекеттері мен аудан орталықтарынан көшіріліп жатты.  

Арнайы көшірілген халықтардың көпшілігі шектеулер алынғаннан кейін туған жерлеріне қайта оралды. Жер аударған мезгілде халықтардың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдеті мен ғұрпына балта шабылған болатын. Көшірілген аймақтарда қалып, өмір сүрулерін одан әрі жалғастырып, қазақ жерін екінші атамекеніне айналдырған ұлттар да аз емес.

Sammary

            During Stalin reprisals representatives from different levels of populations and whole nations was moved to Kazakhstan from different regions of ex-Soviet Union. Communists accused them in cooperation with fascist Germany that is why these people were under a special mode till the middle of 1950.

                               Резюме

Представители разных слоев населения, а также целых народов и этнических групп переехали из разных регионов бывшего СССР в Казахстан во время сталинских репрессий. Коммунисты обвиняют их в сотрудничестве с фашистской Германией и почти до середины 1950 года эти люди находились под специальным режимом.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     ҚРОММ  қ.1137  т. 18 і.155 п.43

2.     Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағаты (АОММ) қ.13, т.20, і.409, б.652, п 12.

3.     АОММ қ.13, т.20, і.409, б.652, п 13.

4.     ҚРОММ  қ.1488  т.8 і.79 п.15

5.     ҚРОММ  қ.1488  т.8 і.79 п. 22

6.     ҚРОММ  қ.1488  т.8 і.79 п.11

7.     АОММ қ.13, т.20, і.409, б.652, п 27.

8.     ҚРПМ қ.708, т.10, і. 203, п.24.

9.     ҚРОММ  қ.1137  т.18 і.155 п. 30