МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДЕ БУХГАЛТЕРЛІК ЕСЕП ЖҮЙЕСІН РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Б.Ш. Жусипова магистр, аға оқытушы

Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті, Тараз қаласы

 

Қазіргі экономикалық жағдайда әрбір ұйымның қызмет ету процесіне нарықтық қатынастарға қатысушы мүдделі тұлғалар үлкен көңіл аударатыны белгілі. Сол себепті олар есеп мәліметтеріне сүйене отырып, ұйымның қаржылық жағдайын бағалауға ұмтылады. Қаржылық жағдайды талдауда бухгалтерлік есептің мәні өте зор.

Бухгалтерлік есеп ұйымға оның қаржылық жағдайын жоспарлау, бағалау, бақылау және талдау секілді функцияларды орындауы үшін қажет. «Есеп – бұл барлық бизнестің тілі, яғни философиясы» деп Р.А. Фаукли көрсеткендей, тек қана бухгалтерлік есеп арқылы ұйымның табыстары мен шығындарын және шаруашылық қызметінің соңғы қаржылық нәтижесін анықтауға болады [1].

Бухгалтерлік есеп ұйымның қаржылық ақпаратын белгілі бір әдістері мен тәсілдері бойынша есептейтін, өлшейтін және оны өңдеп, тасымалдайтын жүйе. Ол кәсіпорынның жұмысын толығымен бақылап, оны басқару үшін бағыт-бағдар беріп, алдағы уақытта істелінетін жұмысын жоспарлап және сонымен қатар ол ұйымның болашақта атқарылатын жұмысына экономикалық талдау жасауға өте қажетті ғылым болып табылады. Сондықтан бухгалтерлік есеп бүтіндей халық шаруашылығы есебінің ең басты негізгісі болып саналады.

Бухгалтерлік есептің негізгі мақсаты – ұйымның өз экономикалық және саяси жағдайына тән шаруашылық қызметін тиімді жолдармен басқаруға қажетті ақпараттық мәліметтермен қамтамасыз ету. Осы мақсатқа жетудегі негізгі бағыты – кәсіпорындағы есеп жұмысының сапасын арттыруға,  есептеу жұмысының барысында қолданылатын, яғни толтырылатын құжаттардың қарапайым әрі түсінікті болуына және ондағы көрсеткіштердің пайдаланушыларға ыңғайлы болуына реттеліп жүргізіледі.

Бухгалтерлік есеп  дара кәсіпкерлер мен ұйымдардың операциялары мен оқиғалары туралы ақпаратты жинаудың, тіркеудің және қорытудың Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасымен, сондай-ақ есеп саясатымен регламенттелген тәртіпке келтірілген жүйесін білдіреді . Ал қаржылық есеп беру ұйымның қаржылық жағдайы, қызметінің нәтижелері мен қаржылық жағдайындағы өзгерістер туралы ақпарат болып табылады [2].

Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептіліктік ақпараттарын сыртқы пайдаланушылар мен ұйымдарды басқарушылардың талабын қанағаттандыру үшін бухгалтерлік есеп жүйесі дұрыс ұйымдастырылуы керек.

Ұйымдастыру деп – есеп жүргізудің жағдайын, мұның құрамдас элементтерін, есеп кезеңдерін (бастапқы құжаттан бастап, бухгалтерлік қорытынды есепті тапсыру мен құжаттарды мұрағатқа өткізуге дейінгі аралық) арнайы тәртіпке сай қатаң сақтау, бухгалтерлік есеп жүргізудің түрлерін, жүргізу, есептеу техникаларын тиімді пайдалануды айтады. Сондай-ақ бухгалтерлік есепке тән ережелер мен нұсқауларды, нормативтік заң актілерін қатаң сақтау қажет.

Ұйымда бухгалтерлік есеп жүйесі мен қаржылық есептілікті ұйымдастырудың негізі, біздің елімізде қабылданған 27 ақпан 2007 жылғы №234-III «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» ҚР заңында қаралған. Бұл заңның мазмұны бухгалтерлік есеп жүйесін ұйымдастырудың тәртібі, бухгалтерлік есеп жүргізудің тиімді әдістерін қолдану, қорытынды есеп жасап, мұны жариялау және бухгалтерлік есеп ақпараттарын анық және сенімді жасау жөнінде тиянақты ұғым береді [3].

Ал, мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп осы заңды негізге ала отырып, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi қазынашылық департаментiнiң 1998 жылғы 27 қаңтардағы N 30 бұйрығы «Мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп жөніндегі» нұсқаулыққа сай, ал қаржылық есептілік «Мемлекеттiк мекемелердiң және бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк есептiлiктi жасау мен ұсынудың ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2009 жылғы 27 ақпандағы N 89 Бұйрығына сәйкес жүзеге асады.

Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті ұйымдастыру республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемелер, сондай-ақ жекелеген мемлекеттiк мекемелер жанындағы орталықтандырылған бухгалтериялар мiндеттемелер және төлемдер бойынша жеке жоспарларының, тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтi) сатудан түсетiн ақшаның түсiмдер мен шығыстардың жоспарларын, мемлекеттiк мекемелердiң тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтi) сатуынан түсетiн ақшаны есепке алуға және олардың есебiнен (бұдан әрi Ақылы қызметтер - ҚБШ) шығыстарды жүргiзуге, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес мемлекеттiк мекемелерге арналған демеушiлiк, қайырымдылық көмектен түсетiн ақшаны есепке алуға және олардың есебiнен жұмсауға (бұдан әрi - демеушiлiк, қайырымдылық көмек - ҚБШ), Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес мемлекеттiк мекемеге жеке және (немесе) заңды тұлғалар олардың қайтарымдылығы не белгiлi бiр талаптар басталған кезде тиiстi бюджетке немесе үшiншi тұлғаларға (бұдан әрi - ақшаны уақытша орналастыру ҚБШ) аудару шартымен беретiн ақшаны есепке алуға, шетел валютасымен операциялар жүргiзуi үшiн шетел валютасындағы шотқа (бұдан әрi - шетел валютасындағы шот) және бюджеттiк инвестициялық жобаның арнайы шоты (бұдан әрi - сыртқы қарыздың және байланысты гранттың бюджеттiк инвестициялық жобаның арнайы шоты) республикалық бюджетке тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтiң) құны түрiнде түсетiн түсiмдерге және олардың жұмсалуына байланысты Нұсқаулыққа сәйкес операцияларды есепке алудың орындалуын жүзеге асырады[4].

Бюджеттiк ұйымның басшысы есеп жүйесiн жасауды және бухгалтерлiк есептi ұйымдастыруды қамтамасыз етедi.

Ұйымдардағы бухгалтерлiк есеп бас бухгалтер басқаратын, оның құрылымдық бөлiмшесi немесе орталықтандырылған бухгалтериясы болып табылатын бухгалтерлiк қызметпен жүзеге асырылады.

Бухгалтерлiк қызметтiң мiндеттерiне мыналар кiредi:

- құжаттарды уақтылы және дұрыс рәсiмдеуге және жасасқан операциялардың заңдылығына алдын-ала бақылау жасауды жүзеге асыру;

- тиiстi қаржы жылына мiндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларымен бекiтiлген сомалар шегiнде мiндеттемелердi қабылдауды және екiншi мен үшiншi жылдардың жоспар кезеңдерiнiң базалық шығыстарын, белгiленген тәртiппен енгiзiлген өзгерiстер есебiмен төлемдер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларымен сәйкес қаражаттардың жұмсалуын дұрыс, тиiмдi және орынды пайдалануды, сондай-ақ ақша қаражаттары мен материалдық құндылықтардың сақталуына бақылау жасау;

- ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелердiң қаржыландыру жоспарларының орындалуына және олардың бухгалтерлiк есептi жүргiзуiне бақылау;

- түскен ақшаның түсiмдерi мен шығыстарын ақылы қызметтер ҚБШ, демеушiлiк, қайырымдылық көмек ҚБШ, ақшасын уақытша орналастыру ҚБШ есепке алу, республикалық бюджетке тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) құны түрiнде түсетiн түсiмдерге және олардың жұмсалуына байланысты операцияларды есепке алу;

- арнайы қаржылар сметасы бойынша кiрiстер мен шығыстарды есепке алу және бюджеттен тыс басқа да қаржылар бойынша операцияларды есепке алу;

- бюджеттiк ұйымдардың жұмысшылары мен қызметшiлерiне жалақыны, студенттерге, тыңдаушыларға, аспиранттарға және оқушыларға стипендиялар есептеу және мерзiмiнде төлеу;

- ұйымдармен және жекелеген тұлғалармен қаржыландыру жоспарларды орындау үстiнде пайда болатын есеп айырысуларды дер кезiнде жүргiзу;

- ақшалай қаражаттарды, есеп айырысулар мен материалдық құндылықтарды түгендеудi жүргiзуге қатысу, түгендеудiң нәтижелерiн уақтылы және дұрыс анықтау және оларды есепте бейнелеу;

- есеп-есептеу жұмыстарын компьютерлендiру;

- белгiленген мерзiмде бухгалтерлiк есеп берудi жасау және табыс ету;

- ұйым басшысымен (штатта экономикалық қызметтiң қызметкерi болмаған жағдайда) қаржыландыру жоспарын және соған байланысты есептеулердi жасау және келiсу;

- активтердiң, бағасы арзан және тез тозатын заттардың және басқа да материалдық құндылықтардың олардың сақталу және пайдаланылу жерлерiнде сақталуына бақылау жасауды жүзеге асыру;

- бастапқы құжаттарды, қағаз және электрондық тасығыштарда бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн, есептiлiктi, есеп саясатын, есепке алу деректерiн электрондық өңдеу бағдарламаларын, оларға есептеулердi, басқа да құжаттарды сақтау, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өткiзу.

- есеп саясаты жөнiндегi құжаттарды, есеп деректерiн машиналық өңдеу бағдарламасын, оларға қатысты есептеулердi, басқа да құжаттарды сақтау, сондай-ақ белгiленген тәртiпте оларды архивке тапсыру.

Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізуде үш таңбалы шоттар жоспары қолданылады. Барлық жүргізіліп отырған бухгалтерлік операциялар Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Қазынашылық Департаментімен іске асырады.

Алдағы 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепті жүргізу, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы N 393 Бұйрығына сәйкес жүзеге асатын болады.

Қорытындылай келгенде, мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті ұйымдастыруда келесілерді ұсынамын:

-         мемлекеттік мекемеде бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті ұйымдастыруда халықаралық стандарттарға көшу;

-         бухгалтерлік есеп жүйесі халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сай ары қарай ұлттық тұрғыда жетілдіру мен дамыту;

-         барлық мемлекеттік мекемелерді «Клиент-Қазынашылық» ақпараттық жүйесін орната отырып, есеп жүйесін электронды түрде басқару.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Қ.К. Кеулімжаев, З.Н.Әжібаева, Н.А. Құдайбергенов «Бухгалтерлік есеп принциптері» Оқу құралы. - Алматы: Экономикс, 2003 ж.

2.    Алибекова Б.А. Бухгалтерлік есеп принциптері – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева – 2007ж.

3.   Қазақстан Республикасының  28.02.2007 ж. № 234-ІІІ «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңы - www.zakon.kz 

4.   Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгi қазынашылық департаментiнiң 1998 жылғы 27 қаңтардағы N 30 бұйрығы «Мемлекеттік мекемелердегі бухгалтерлік есеп жөніндегі нұсқаулыққа» - www.zakon.kz