М.С. Амрина

Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ университеті, Қазақстан

 

Ф.А. Щербина экспедициясы нәтижесінде жинақталған мәліметтердің тарихи дерек ретіндегі маңыздылығы

Жалпы алғанда қандай да болмасын статистикалық зерттеулер алдын-ала ұйымдастырылады. Оның ең алдымен арнайы нұсқауы, бағдарламасы қабылданады. Бұл бағдарламада зерттеудің мақсаты мен міндеті, зерттеу қажет объектілер нақты мәселе ретінде қойылады. Осы бағдарламаларға негізделіп арнайы сауалнамалар, анкеталар, карточкалар жасалады. Байқаудың бағдарламасын жасау-жауапты және күрделі іс. Ол байқаудың алдына қойған міндеттің бәріне жауап бере алатындай болуы керек. Мысалы, халық санағының бағдарламасы, халық шаруашылығын дамытудың келешегіне керек деректер жиналуын қамтамасыз етуі керек [1, 15 б].        

Әлеуметтік-экономикалық тарих саласында бюджеттік зерттеулердің нұсқаулары құнды материал болып табылады. Бюджеттік статистика тарихи зерттеулерде кеңінен қолданылады. Далалық өлкедегі қазақ шаруашылығының бір бөлігінің бюджеттік зерттеуге ие болғандығы бізге белгілі. Қазақ шаруашылығының бюджетін құру 1896-1903 жылдар аралығындағы белгілі статист Ф.А. Щербина басқаруымен далалық облыстарды зерттеуге байланысты жүргізілген экспедиция жұмысында көрініс алған. Экспедиция қызметкерлерінің тұжырымдарының барлығы 13-томдық «Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей» басылымына енген. Соңғы том «Свод материалов по киргизскому землепользованию, собранных и разработанных экспедицией по исследованию степных областей» бюджет мәселесіне арналды. 1906 жылы Петербургте жарық көрді. Бұл том негізінен кестелерден және Ф.А. Щербина жазған кішігірім кіріспе мен қаржы кестелеріне арналған қосымша мәліметтерден тұрған. Бюджеттік кестелер және оларға анализ басылымының жекелеген томдарында бар, дегенмен Ф.А. Щербина пікірі бойынша көбінесе бір типтегі бюджет алынған. Мұндай бюджеттік көрсеткіштің құндылығының қанша шамада екені әрине түсінікті. Ал арнайы томда қазақ шаруашылығына қатысты барлық бюджеттік зерттеуді анализдауға мүмкіндік беретін әр типті бюджет берілген [2, 172 б].    

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы біз қарастырып отырған экспедицияның бағдарламасына тоқталар болсақ, 1896-1903 ж. Ф.А. Щербина экспедициясының бағдарламасы жалпы 17 тараудан, 93 кішігірім қарастырылатын мәселелерден тұрады. Негізгі 17 тарауында: рулық бастама, шаруашылық ауылдардың тарихы, жерді пайдалану формасы, мал шаруашылығы, пішен шабу, жер өңдеу, бақташылық және бау егіп өсіру, орман және тоғайлы жерлер, жерді жалға беру (аренда), өнеркәсіп және жалақы, алым салық және борышы, қырғыз отбасының ерекшелігі, ортақ шаруашылық істер, сауда, несие (кредит), халықтың қажеттілігі, табиғи-жаратылыс жағдайы қарастырылуы қажет етеді [3, 10 б].    

 «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» негізінде зерттеу жұмысы 1896 ж. мамыр айында басталды деп тұжырымдауға болады. Деректің алғы сөзінде «...экспедиция толығымен 1896 жылдың мамырында құрылды. Мамыр мен маусымның басында Омбы оязында алдын-ала зерттеу жұмыстары жүргізіліп, осы жұмыстарда жинақталған тәжірибе мен материалдардың негізінде бағдарлама жасалынып, Көкшетау оязындағы қырғыздардың (қазақтардың) шаруашылығын зерттеуге кірістік» -делінген [4, 12-13 бб].

Байқау сұрағы толтырма парақ (қағаз) немесе толтырма тізбек түрінде болады. Мәселен ХХ ғасырдың басындағы экспедицияның сауалнамалары мұрағаттағы (362 қор, опись-1, 8-ші іс) сақталған үлгісінде былайша жасалынған: [1, 16 б].         

Опросная карточка

О количестве населения, скота, площадях некоторых угодий, потребного количества мануфактуры, железа и сельского-хозяйственных орудий:

                        Ояз............................волость................................................аул

1.                 Число дворов или кибиток .......................................................

2.                 Взрослых ....................................................................................

3.                 Детей до 5-лет.............................................................................

4.                 Лошадей......................................................................................

5.                 Коров............................................................................................

6.                 Овец..............................................................................................

7.                 Свиней..........................................................................................

8.                 Вервлюдов....................................................................................

9.                 Под лесом десятин.....................................................................

10.             Огородами...................................................................................

11.             Выгоном......................................................................................

12.             Сенокосам....................................................................................

13.             Садами..........................................................................................

14.             Постройками................................................................................

15.             Общая площадь земли принадлежащая селению или аулу в десятинах

16.             Площадь арендуемой земли .....................................................

 

Осыдан кейін ғана, зерттеу жұмысына қатысатын топтың құрамы анықталып, смета бойынша бұлардың жалақылары бекітіледі. Осы жұмыстардан кейін арнайы топ, статистикалық мәліметтерді жинақтап, оларды өңдеп, жариялап, бұл мәліметтерді қажетінше пайдаланып отырады. Міне, осы статистикалық зерттеулердің негізінде статистикалық деректер пайда болады. Әрине, бұл деректердің мазмұны, белгіленген мақсат-мүддесі, міндеті әр түрлі болатыны хақ.        

Осы мәселелердің басы ашылғаннан кейін тікелей алдын-ала зерттеп көру жұмыстары басталды.

Бұл зерттеулер 1896 ж. маусым-шілде айларында Омбы оязын алдын-ала зерттеп көруден басталды. Осы жерлердегі қазақ тұрғындарының жер пайдалану нормасын анықтады, алдын-ала зерттелген материалдардың негізінде Ф.А. Щербина басқарған экспедицияның бағдарламасы жасалды және соның негізінде кейінгі В.Кузнецов, П.П. Румянцев, В.Скрыплев, П.Хворостанскийлер басқарған экспедициялардың зерттеу бағдарламасы мен әдістемесі жасалды.

Экспедицияның құрамына байланысты А.Кауфман: «Зерттеу экспедициясының құрамында  статистиктер, тіркеушілер және аудармашылармен қоса 40 адам болды»-дейді [5, 57-б]. Ал зерттеуші Т.П. Петрова мұрағат деректерінің негізінде зерттеуге аудармашыларды қоспағанда 200 адамдай қатысты деген пікірді білдіреді [6, 51-б]. Бүгінгі күндегі осы мәселемен айналысып жүрген авторлардың бірі Н. Тасилованың пікірі бойынша «Т.П. Петрованың көзқарасымен толық келісуге болады, өйткені, бұл зерттеу өте ауыр және 40 адамның жұмысы емес еді»-деп қорытындылайды [7, 51-б].

Ф.Щербина зерттеуінен кейін жүргізілген қайта зерттеулерге қатысты Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінде «Бұрынғы қазаққа Щербина нормасымен қалған жерді мінеп, неше қайтара кішірейтіп, шұнтитып, көшпелі қазаққа деп жаңа норма шығарды...» - деп патша үкіметіне нала болған пікірін білдіреді [8, 54-б].

Белгілі статист А.А. Кауфман Ә.Н. Бөкейханның экспедициядағы еңбегін ерекше атап өткен болатын және зерттеудің әдістемесіне қатысты: «...уақытша комиссияның жергілікті қазақтарға қажетті жер нормасын, олардың шаруашылығына қажетті жер мөлшерін анықтамақ тұрмақ, ол туралы жалпы түсініктері де болған жоқ», деп комиссия мүшелерінің көшпелі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен ешбір хабарсыз екендігін тілге тиек етті [9, 57-б].

Экспедиция өзінің зерттеу жұмысын осы Далалық өлке туралы аныктамалық, энциклопедиялық әдебиеттермен танысып, генерал- губернаторлардың есептері мен жергілікті статистикалық комитеттердің басылымдарын, басқа да заңдық құжаттарды пайдалана отырып зерттеудің алғашқы схемалық бағдарламасын құрудан бастады. Жалпы зерттеу бағдарламасы алдын-ала бақылаудан кейін іс-тәжірибеде жинақталған әдістеме негізінде қайта өңделді. Бағдарламаны Ф.Щербина құрастырды.

Зерттеушілер әскери-топографиялық бөлімнің осы өңірлерді екі, бес верстік масштабта түсірген карталарына сүйеніп және қажетті аудандарды топографтар арқылы схемалық карталарға түсіріп отырды. Бұл материалдар статистерге ояздарды тарихи суреттеу үшін қажет болды.

Бюджеттік бақылау бойынша экспедиция 12 ояздың 281 қазақ шаруашылығын қамтыды. Бұдан басқа 13-інші томда   экспедиция қызметі ауданына енбеген Перовск оязы бойынша 1 қосымша бюджет мәліметтері енгізілген. Бюджетті құрастырушы Н.Ф. Дмитриев бұл Перовск оязындағы шаруашылық иесі Ақмола облысының тұрғынына жатпаса да оның шаруашылығы Атбасар оязы қырғыздарындағыдай үнемі көшіп-қону жүйесіндегі шаруашылыққа тән екендігін көрсетеді. Барлық зерттелген шаруашылыққа тән бюджеттік көрсеткіштер арақатынасын көрсететін кесте құрылған.

Кесте №2. 12 оязды бюджеттік зертеудің нәтижесі.

Ояздар

Барлық зерттелген шаруашылық

Құрылған бюджет

Сандық

%

Ақмола

18392

12

0,07

Омбы

6593

13

0,2

Атбасар

12837

7

0,05

Көкшетау

12498

14

0,11

Петропавл

1399

22

1,57

Қарқаралы

19016

14

0,07

Семей

21512

19

0,09

Павлодар

21837

32

0,15

Өскемен

15100

19

0,13

Зайсан

17812

29

0,16

Ақтөбе

17689

51

0,29

Қостанай

19474

49

0,25

Барлығы

184159

281

0,15

 

Бюджетті сипаттауға қарағанда зерттеуге экономикалық жағдайы әр қилы шаруашылықтар енген. Мұндай жағдаймен Воронеж губерниясының шаруа қожалықтары да зерттелген болатын. Бюджетті құрастырушылар сұрақ картасында сипатталып отырған шаруашылықтың шаруашылықтың  қай типіне жататындығын белгілеген. Мұндай жағдайда шаруашылық иесі мен ауылдастарының пікірі есепке алынған. Жазбаларда «бай шаруашылық», «ортадан жоғары», «ауқатты», «дамушы», «орта», «кедейленген», «кедей» деген сияқты сипаттаулар кездескен. Әр жазбаға аргумент, белгілер болмағандықтан шаруашылықты бағалауда шатасушылықтар статистиктер жұмысында кездесті. Кейбір шаруашылық иелері өзін кедейлер қатарына қоспады, ал ауылдық старшина оны жоғарыдағыдай көрсетті. Келесі бір шаруа қожасын ауылдастары «ортадан төмен» деп бағалаған, дегенмен бұл шаруа қожасы өз шаруашылығында 3-ке жуық жалдамалы жұмыскерді иеленген. Сондықтан бюджеттік сипаттаудағы мұндай тұстарға абайлықпен қарау қажет. Экспедиция 300-ге жуық қазақ шаруашылығын суреттеген.

Статистиканың белгілі қайраткері П.П. Румянцев «Материалдардағы...» мәліметтерді саралай келе қазақ қоғамындағы шаруашылық топтарының арақатынасын былай суреттеді: «Шаруашылықтың негізгі массасы (78,2 % кедей, орта шаруашылық саны көп емес-14,6 %, көп емес ауқатты 17,8 %) және бай шаруашылық айқындалды» [10, 135б].

Бюджетті пайдалану әдістемесі экспедицияның арнаулы мақсатына тәуелді болды. Мысалы, Зайсан оязында 29 бюджет құралды, дегенмен тек оның 14-і ғана салыстыруға және қорытынды бақылауға алында. 15 бюджет төмендегі себептерге байланысты қарастыруға алынбады: «10 бюджет тұрғылықты халықтың айтуы бойынша «ортадан жоғары» шаруашылыққа жатады деп есептелінгендіктен алынып тасталды, ал басқа 5-еуі кедей шаруашылығына жатады, себебі өмір сүрудің көзі бұл шаруашылықта балық аулаумен, батырақтық т.б. кәсіптермен байланысты. Осындай жолмен ояз бойынша бюджеттік анализге тек орта шаруашылыққа қатысты мәліметтер алынған.

Ояз бойынша массалық мәліметтер мен бюджеттік мәліметтерді салыстыра отырып, статистиктер соңғы алынған мәліметтердің шындыққа жақын екендігіне көз жеткізуге талпыныс жасады. Ф.А. Щербина өз жазбаларында Қостанай оязы бойынша экспедицияның негізгі бақылау мәліметтерін алғандығын, ондағы негізгі мақсат бюджеттік мәліметтердің бұл жалпы мәліметтерге жақындығын көрсету екендігін жазады. Егер де шаруашылық саны бюджетпен репрезентативті болған жағдайда бақылаушы соңғы әдіс анықталған болар еді. Қостанай оязы үшін, мысалы, 19474 зерттелген шаруашылықтың 49 шаруашылығы бюджетпен бірге. Мұндай сандық көрсеткішке қарап біртұтастық бірлестік жөнінде айту қиын. Мұнымен қоса негізінен алғанда бюджетті орта шаруашылық құрады. Дегенмен, Ф.А. Щербина «49 бюджет нақтылы жағдайда тіптен жеткілікті» деп есептеді. «Орыс статистиктерінің тәжірибесінде ғана емес, шет ел статистиктерінде мұндай сандық көрсеткіш жеткілікті», «бюджетті құрау өте күрделі еңбек, қиын жұмыс болып табылады»,-деп өз пікірін тұжырымдады [10, 140 б].

Осы тұжырымға қарамастан Ф.А. Щербина пайдаланған әдіс, яғни бюджеттік көрсеткіштерді массалық мәліметтермен салыстыру нақтылы жағдайда дәлелді болды деп толық айтуға болмайды. Экспедиция жұмысының нәтижесінде алынған бюджетке қатысты мәліметтер арнайы кестелерге енгізілді және «Материалдардың...» 13-томында келтірілген. Бұл жалпы алғанда бюджеттік және қисындастырылған кестелер.

Осылайша, 1896-1903 жж. Ф.Щербина басқарған зерттеу экспедициясының нәтижесінде 13 томнан тұратын - «Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» деп аталатын дерек көзі пайда болды. Бұл Ресей империясының Қазақстан жерін отарлау мақсатында жүргізілген зерттеудің нәтижесінде пайда болған деректен тек қана қазақтардың жерді пайдалануы туралы мәліметтерді ғана емес, басқа да жанама фактілерді де алуға болады. Жалпы -«Қырғыздардың (қазақтардың) жерді пайдалану материалдары...» XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы бүкіл қазақ қоғамын жан-жақты сипаттауға, нақты сол кезеңдегі тарихи жағдайларды талдауға қомақты үлес қоса алатыны анық.

Әдебиеттер:

1. Тасилова Н. Статистика ғылымы және статистикалық деректерді талдау әдістері.//ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. -№2 (45). 2007. 12-17 бб.

2. Волкова Т.П. К изучению и использованию данных дореволюционной бюджетной статистики казахских хозяиств. В. Книге: Вопросы историографии и источниковедение Казахстана (дореволюционный период). - А., 1988. - 369 с.

3. Алферова Ю.А. Ф.А.Щербина в общественно-политической жизни России: 60-е годы ХІХ-начало XX вв.: Автореферат дис. канд. истор. наук. - Москва, 2003. - 198 с.

4. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Под. ред. Ф.Щербина. Т. 1. Акмолинская область. Кокчетавский уезд. - Воронеж., 1898. - 1041 с.

5. Кауфман А.А. Материалы по вопросу об организации работ по образованию переселенческих участков в степных областях. - .Петербург, 1897. -149 с.

6. Петрова Т.П. К вопросу о составе экспедиции Ф.А.Щербины по исследованию степных областей Казахстана //Изв. Акад. Наук Каз ССР. Серия общественных наук. - Алма-Ата, 1980. -№4. - С. 50-55.

7. Тәсілова Н. Щербинаның экспедициясы: тарихи алғышарттары, зерттеушілердің құрамы мен негізгі әдістемесі. // Қазақ тарихы. -№2. 2008 ж. -51-57 бб.

8. Бөкейхан Ә. Жауап хат. // Қазақ. 1913. -№24. // «Қазақ» газеті. -Алматы., 1998. -560 б.

9. Волкова Т.П. Некоторые проблемы источниковедческого изучения материалов экспедиции Ф.А.Щербины. В книге: Проблемы историографии Казахстана. А.,1983. - 450 с.

10. Волкова Т.П. Материалы по киргизскому (казахскому) землепользованию, собранные и разработанные экспедицией цо исследованию степных областей: источниковедческое изучение. Дисс. канд. ист. наук. - М., 1982. - 170 с.