Йасауи хикметтеріндегі етіс жұрнақтарының қолданылуы

Көпбаева Жұлдыз

Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің аға оқытушысы

(Қазақстан, Шымкент)

 

Етістіктің бірінші лексика-грамматикалық категориясы салттылық және сабақтылық категориясы. Тіліміздегі барлық етістіктер салт және сабақты етістік аясында қарастырылады. Етістіктер түбір және негіз тұлғада тұрып салт және сабақты екенін ажыратуға болатындығын жоғарыда атап өттік. Етістіктердің түбір күйінде немесе негіз күйінде салт және сабақты екенін ажырату табыс септігіндегі тура толықтауышты меңгеру қабілеттілігіне сәйкес бөлінеді. Мысалы, Йасауи хикметтерінде кездесетін айыр, қыл, көр, көм – секілді етістіктер сабақты етістіктер де, кел, йығыл, құтұл, қайна, жанталаш етістіктері – салт етістіктер. Себебі бұл етістіктердің алғашқысы кімді, нені деген сұраққа жауап беруді қажет етіп, табыс септігіндегі тура толықтауышты меңгеріп тұр. Ал екіншілері табыс септігіндегі сөзді қажетсініп тұрған жоқ.

Хикметтің өлең түріне келтірілген нұсқасында Халқ ічіндә ('ашиқ) мән деб (тілгә алма) деген аударма берілген тік жақша ішінде тілге алма тіркесі мәтіннің өлең түріне келтірілмеген, қара сөз түріндегі нұсқасында өзгеше берілген (Құл Хожа Ахмәд жандын кечмәй да'уы қылма халқ ічіндә мән деб бұл сөздімә (74б, 12-13)) деп берілген. Бір мәтін бола тұрса да екі түрлі айырмашылықтың бар екені байқалады. Өлең түрін келтірілген нұсқасында тілге алма деп ал, алғашқы өлең түріне келтірілмеген нұсқасында бұл сөздімә деп берілген. Енді осы хикметтің беретін мағынасына талдау жасап көрейік: Р.Сыздықованың “Ясауи хикметтерінің тілі” атты еңбегінің 340 бетіндегі өлең қалпына келтірілген нұсқасының мағынасы  Құл Қожа Ахмет жанды кешіп шер (қайғы ) қылма, Халыққа ғашықпын деп (Аллаға) тілге алма (айтпа) деп аударуға болады.

Ал екінші өлең нұсқасына келтірілмеген түпнұсқадағы хикметті аударсақ, Құл Қожа Ахмет, халық ішінде бұл сөзіме менмін деп жаныңды кешпе (қинама) деген мағыналы аударма шығады. Әрине, бұл аударма тура, тікелей аударма болып шықты, біздің ойымызша 340 беттегі хикметтің аудармасы Қожа Ахмет Йасауидің ойын дәл беретін сияқты.

Осы жерде тілге алма деген  тіркес пайда болған қазіргі тілімізде тіліңе алма деп тікелей аударма жасауға болады. Ал мұның  біздің тіліміздегі баламасы  – аузыңа алма, тісіңнен шығарушы болма. Алма етістігі негізінен сабақты етістік болу керек еді: мысалы, нанды ал, кітапты ал деген секілді тіркестерде табыс септігіндегі сөздермен тіркесіп тұрса, мұнда барыс септігіндегі сөзбен тіркесіп, салт етістік болып, сондай-ақ күрделі етістік те құрап тұрған секілді.

Сонымен қатар алу етістігінің хикметтер тіліндегі сабақты болып келетін түріне хикметтен көптеген мысалдар келтіруге болады:

Дин беріб ол дүнйасыны алмақ керәк (72 а, 9). Ахирәт асбабыны алмақ үчүн (72 а, 13).

Бұған қоса барлық уақытта екіұдай пікірде талданып жүрген туу етістігінің де бір тұлғада тұрып салт және сабақты етістік болуға мүмкіндігі бар: Өшәл күні туққан фәрзәнд шайтан туғар (50 б, 8-9).

Бұл жерде туу етістігінен келген екі етістік кездесіп отыр. Біреуінде салт, екіншісінде сабақты етістік мәнінде тұр.

Сонымен қатар сабақты етістіктің салт сипатына көшуі Йасауи хикметтерінде де кездеседі. Кезінде сабақты етістік болған, қолданыла келе екеуі тіркесіп, салт етістік жасаған осы етістік Йасауи хикметтерінде кездеседі. Мысалы, Йүз мың жафа тіксә бойұн сұнмәк, Бойын сұнмай надан бірлә йүрсә болмас (63 б, 4-5).

Йасауи хикметтерінде етістің барлық түрлері кездеседі.

Йасауи хикметтеріндегі ырықсыз етістің берілу жолдары мен мағыналық ерекшеліктері

Ырықсыз етіс қимылдың еріксіз, кейде күш жұмсау арқылы (біреудің ықпалы арқылы), кейде күш жұмсалмай өздігінен орындалатындығын, қимыл-әрекетті орындаушы оның бастауышы ретінде таныла алмайтындығын білдіретін етістікке жалғанатын аффикс.

-ыл: Нечә йылғы меһрубаным айрылар дустлар, Бу уужудум шаһрыны хали қыладүр дустлар (51 б, 5-6). Жумлә бузрук йығылыб келіб ин'ам берді (75 а, 5). Мухиб құллар махбубына айрылұрлар, 'ашиқ халқы дунийасыдын тайрылұрлар (84 б, 8). 'ашиқ дидарыгә қошылмагін ағбарығә, уасил болгын жәббаргә, фәни дүнйа өтті-йа (86 б, 8-9).

-іл: Хазир йүрүгіл файз-у футухлар ала көргіл, Би файз-у футух бәндәні көмүлгәні биһрақ(28б, 7-8). Езулік етіс тұғасына қарағанда еріндік етіс -ұл, -үл тұлғалары жиі қолданылатыны байқалады. Жалпы зерттеу барысында байқағанымыз, етістік түбірінің алғашқы буыны езулік бола тұра аффикстер жалғауда еріндік буындарды көбірек қолданылатыны орта ғасыр ескерткіштерінің ішіндегі Йасауи хикметтерінің тіліне тән. Мысалы, айғұм келәр, телмүртүру, т.б.

-ұл/-үл: Хизир-у Илйас атам бар, Арслан баба дек бабам бар, Раби'а дек мамам бар, қошұлұр аулийаға гунаһідүр (73а, 6-7). Зикрі жам' болұб түзүлмішдә, Зикр-у сама' нәубат бірлә құрұлмышда Бұ тән 'ақбасыдын айрұлмышда (84а, 8). Тақлид ішім тахқиқ сәры айланмады, Ғариб башым нәфс елкідін құтұлмады. Тілім ағзым ғайбат сөздін құтұлмады (46а, 3-4).

Етіс жұрнақтары жалғану барысында ерін үндестігі сақталмаған жағдайлар да кездеседі: Бұ тән 'ақбасыдын айрұлмышда (84а,9). Мухиб құллар махбубына айрылұрлар, 'ашиқ халқы дунийасыдын тайрылұрлар (84б, 10).

Зерттеу барысында ырықсыз етістің -ыл, -іл, -ұл, -үл тұлғаларынан өзге түрлері кездеспеді.

Йасауи хикметтеріндегі ортақ етістің жасалу жолдары мен мағыналық ерекшеліктері

Кем дегенде екі субъектінің және көп субъектінің іс-әрекетті бірлесе атқаратындығын білдіретін етіс түрі ортақ етіс деп аталады. Бұл етіс көрсеткішінің шығу төркіні, этимологиясы туралы Б.Серебренников  қимылдың жан-жақты қырлы екендігін білдіреді деп есептейді. Бұндай пікір Н.К. Дмитриевтің, А.А.Юлдашевтің, А.Н.Кононовтың еңбектерінде кездеседі.

Ортақ етіс қатысушы субъектілер немесе объектілердің іс-қимылдарының ортақтығы мына хикметтерден айқын көрінеді:  Адам және шайтан: Ләшкәр түзәб шайтан бірлә мән ұрұштұм (92б, 8). Нәфс шайтан хайлы бірлә көб ұрұштұм (44б, 8). Жарандар: Халқы 'аләм һәммасы Мансур деб фәриад қылды, Мансурны йаранлары қалды анда йығлашыб (69а, 10-11). Молдалар: Бикәнә деб муллалар Мансурны өлдүрділәр, Кәфир деб күйдүрділәр үч йүз мулла талашыб (69а, 2-3). Тәубә қылғыл йа Ахмәд хақдын болды 'инайат Йүз мың аулийа өтті сирры (сиргә ұлашыб) (69 а, 12-13).

Йасауи хикметтерінде кездескен ұлашу, йүзләшу, мұңдашу етістіктеріндегі жұрнағы түбірге кірігіп, жеке сөз тудыра алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Себебі бұл сөздерді ұла, жүзде, мұңда деп морфемаға бөлуге болмайды. Өйткен жағдайда олардың мағынасы жарымжан болып қалады. Ортақ етістің жұрнағы осылайша түбірге ажырамастай кіріккен. Мұндай қосымшалар, әсіресе етістерде көп кездеседі: тебрәт, йарат, айлан т.б. -лан, -лен қосымшалары жалғанған етістіктер де салт әрі сабақты болып келуі мүмкін. Мысалы, Пир ешігін йастанғанлар мурад тапар, Тапса болмас пир хизмәтін қылмагүнчә (22 а, 8). Тақлид ішім тахқиқ сәры айланмады, Ғариб башым нәфс елкідін құтұлмады (46 а, 3-4). Анам ердің қолдашым, Мұңланғанда мұңдашым, Қопмаймусән деді-йа (106 б, 14).

Соңғы жылдары ғылымда салт етістікті сабақты, сабақты етістіктерді салтқа айналдыратын қосымшалардың (әдетте, мұндай қосымшалар етіс жұрнақтары) сөзжасамдық белгілерін атап көрсетіп, оларды сөзжасамдық тұлға деп таныған және көрсеткен болатын. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі ғылыми еңбектерді қарап отырсақ, етістер туралы пікірдің екіге жарылғандығын көреміз. Етістікті терең зерттеген ғалым Ы.Маманов [1] пен морфолог ғалым С.Исаев [2] етіс салттылық және сабақтылық категориясына көшіретін лексика-грамматикалық категория деп таныған. Ғалым А.Б.Салқынбай А.Ысқақов, А.Қалыбаева, Н.Оралбаева сынды ғалымдардың сөз тудырудың морфологиялық әдісі деп танығандығын жазады [3, 357 б.]. Сонымен бұндай пікірдің барлық уақытта ақтала бермейтіні белгілі. Дегенмен, Йасауи хикметтерінде етіс категорияларының түбірге сіңісіп, етістік тудырған жағдайлары кездеседі.

Йасауи хикметтеріндегі өзгелік етістің жасалу жолдары мен мағыналық ерекшеліктері

Ең көп аффикс түрлері  өзгелік етісте көп кездеседі. Орта ғасыр ескерткіштеріне жататын Йасауи хикметтерінде -үр, -ғыз, -гіз, -кер, -дұр, -дүр, -т тұлғалары кездеседі. Ал бұл етіс жұрнақтарының көне түркі тілі сөздігінде тирпгүз, тиргүр, тиргүд тұлғаларында кездеседі [4].

-үр етіс жұрнағы жалғанған етістіктер:

'Иса ташлар кетүрді, Мәрийам тергәб тойарды (104 б, 6). Халқлық ішін хақ лық үчүн етүрділәр, Өзләріні халқлар ада етүрділәр (84 б, 5-6.). Чиһил  тән шараб ічүрді анчы аңа меһрін салыб (68 б, 1).

-ғыз, -гіз етіс жұрнағы жалғанған етістіктер:

Илләһи көрмәгіз йүзіні һәр кез, Аның дек лә'натыдын әйлә пәрһиз (7 б, 7-8). Рахман тәңрім әйләбан кіргіз йолгә (44 а, 1). Тұрғұзұр ерді расул түн көп йапұб (69 б, 9.). Өлүб ердім қайта башдым тіргүзділәр (100 б, 13). Зар еңрәгіз анда бармасдын бұрұн (98 б, 3 б.).

Қазіргі қазақ тілінде көрсет тілдік бірлігінің морфологиялық құрамы Йасауи хикметтерінде көрмәгіз түрінде берілген. Өзгелік етістің де -ғыз, -гіз тұлғасы кездеседі. Бірақ олардың қайсысы ырықсыз етіс, қайсысы өзгелік етіс екенін синонимдес қосымшаларды бірінің орнына бірін жалғау арқылы анықтауға болады. Мысалы, көрмәгіз – көрсетпе. Мұнда тіліміздегі болымсыз етістіктің түбірге кіріге алу мүмкіндігі көрініп тұр. Көрмәгіз етістігін көрмә-дүр деп ауыстыруға келмейді. Сол секілді кіргіз – кір-дүр, тіргүз – тір-дүр деуге келмейді. Есесіне тіргүзділәр-ді – тіріл(т)діләр деп ауыстыруға болады. Көзбен шолып қарағанға етіс жұрнақтары оңай болғанмен, ескерткіштер тілінен оларды табу қиын әрі мағыналарын дөп басып айту одан да қиын. Әсіресе, орта ғасыр ескерткіштерінің тілін әбден араб тілінің ыңғайына иіккен тілдер қатарынан көруге болады.

Синонимдес етіс жұрнақтары

-кер етіс жұрнағы жалғанған етістіктер: -ғыз, -гіз-бен сәйкес келіп тұр.

Фәриштәләр алла дебан йеткүрділәр, Ол сидрату-л-мунтаһыға йеткүрділәр (7 а, 3).

Осы хикметтегі етіс жұрнақтарын Фәриштәләр алла дебан йеткізділәр, Ол сидрату-л-мунтаһыға йеткізділәр (71а, 3) деп ауыстыруға болады. Бірақ хикметтер тілінен -кер, -кіз жұрнақтарының бірінің орнына бірі жұмсалғанын кездестіре алмадық.

-дұр, -дүр етіс жұрнақтары жалғанған етістіктер: Харлық тартыб шум нәфсіңні өлдүрмәсәң, Алла дебан ічгә нурны толдұрмасаң, Уәлләһи билләһи сәндә 'ишқны нишаны йоқ (40а, 14; 40б, 1). Е йар йүрәк күйдүрәсән қайда ерүрсән (34а, 7). Отұз йашда дотун қылыб күйдүрділәр, Жумләбузрук йығылыб дүнйа қойдұрдылар, Ұрұб сөкіб йалғыз хақны сеудүрділәр (76б, 7-9). Мәрйам жанын оздұрды (105б, 9).

Ескерткіштер тілінде өзгелік етістің -дұр, -дүр тұлғалары дыбыс үндестігіне бағынбай жиі қолданылған. Ал -тұр, -түр, -тір тұлғалары бірер жерде қолданылған: Өлтіргіл-у күйдіргіл-у мың жаур-у жафа қыл, Ол рузи жаза мәні бинә'и Мухаммәд (30 а, 6-8), Көкдін мәңә сансыз бурақ келтүрділәр (100 а, 13).

етіс жұрнақтары жалғанған етістіктер:

 “Қазіргі қолданылып жүрген әдебиетте өзгелік етіске берілетін анықтама мына түрде: “Істің тіке субъекті арқылы істелмей, екінші субъекті арқылы істелетіндігін, я істелмейтіндігін білдіретін етістіктің түрі өзгелік етіс деп аталады”. “Істің басқа біреу арқылы істелетінін көрсететін етістіктің түрі өзгелік етіс деп аталады”.

Расында, Йасауи хикметтеріндегі өзгелік етіс жұрнақтары жалғанған етістіктерді жинақтап, зерттегенімізде дәл осы анықтаманың мәнін ашатындай, дәлел болатындай құбылыс емес екендігін байқаймыз.

Үч йүз алтмыш тамурларуң тебрәтмәсәң, Төрт йүз қырық төрт сүйәгіңні ұшатмасаң (40б, 7-8.). Һәр йан йүгүрүб нәфсіні өргәтмәсә биһрақ (29б, 3). Қызыл йүзні за'фаран дек сарғайтмайын (86а, 7). Дүнйа үчүн хаққа көңұл төңрүтмәдің, Дунйа харам андын көңүл сауытмадың 59 б, 12-13).

Ал өзгелік етіс жұрнағы жалғанып, таза өзгелік мағынаны беретін хикметтер төмендегідей:

Залимларны құрбы не дүр мән йаратгән, Йаратгәнны нә сөзін тұтмас мән түзәтгән (59б, 4-5). Йолда өлүб көңліні саутмаса биһрақ (29 б, 11). Әууәл бізні хақ йаратты адам қылыб, Бір кәм қырық йыл ғам йаратты сирғам қылыб (113 а, 11).

Қазіргі тілімізде етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана береді. Мысалы, ұйымдастыртты, жасатқыздырды, өткіздірді т.б. Ал орта ғасыр ескерткіштері тілінде етіс жұрнақтарының бірінің үстіне бірі жалғану деректері сирек кездесті. Тіпті бірді-екілі хикметтерде болмаса, аса көп кездесе қойған жоқ. 

Қатар келген етіс жұрнақтары жалғанған етістіктер: Йолын таныб ерәнләрға қошұлұшты (85 б, 11). (ыл -ырықсыз етіс, ыс- ортақ етіс).

 Йасауи хикметтеріндегі өздік етістің жасалу жолдары мен мағыналық ерекшеліктері

Түркі тілдерінде өздік етістің жұрнағы біреу ғана және түрлі фонетикалық варианттары болған.

Хайран бақамән көзұмға йалғұз көрүнүрсән (34 а, 13). Фәрдәгі жамалымны көрәрдә сүйүнүрсән (34а, 14). Таң атқұнча фәрйад ұрұб зар еңрәнмәй (62а, 14). Оттұз йеті йашға кірдім ойғанмадым (93а, 9), Инсаф етіб алла сәры толғанмәдым (93а, 10). Сахарларда зари қылыб еңірәнмәдім (93а, 11).

Йасауи хикметтерінде етіс түрлерінің барлық түрлері де кездеседі. Сонымен қатар  жұрнағы өзгелік етіс жұрнағы болса да мәтін ыңғайында өздік етіс мағынасын беретіндігі Йасауи хикметтерінен байқалды. Сондықтан ғалымдар айтқандай мұндай тілдік ерекшеліктерді өзге құбылыс аясында қараған дұрыс.

Сонымен қатар -лан, -лән құранды жұрнағын өздік етіс қосымшаларының бірі ретінде қарайтын зерттеушілер де бар [50, 22 б.]. Бірақ біздің ойымызша, өзге ғылыми еңбектерде көрсетілгендей күрделі құранды жұрнақ деп атаған дұрыс болар.

 

Пайдаланыған әдебиеттер:

1.     Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы. – Арыс, – 2007. 488 б.

2.     Исаев С. Қазақ тілі. -Алматы: Өнер, 2005. 189 б.

3.     Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі: Оқулық. – Алматы. – Эверо, 2008. 464 б.

4.     Древнетюркский словарь. – Ленинград: Наука, 1969. 676 б.