Филология ғылымдарының кандидаты Шойбекова  Ғ.Б.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

(Қазақстан, Алматы)

 

Қазақ тіліндегі транспозиция құбылысы

 

Модаль сөздер түркі тілдерінің бірқатарында (солардың ішінде қазақ тілінде), негізінен, көмсекші сөздер тобына кіреді. Ол сөйлеуші субъектінің айтылған ойдың шындыққа қатынасы жөніндегі көзқарасын айқындайды. Модаль сөздердің өз алдарына бөлек, арнайы бір лексика-семантикалық, грамматикалық топ ретінде сараланып шығу, даму жолдары тілдерде жалпы біркелкі емес. Қазақ грамматикасында модаль сөздердің түрлі сөз таптарынан жасалғанын дәлелдейтін мына бір пікірді келтірейік: “орыс тілінде тек “сына” (вставные) сөйлемдердің ғана емес, сонымен қоса үстеулер мен ықшамдалған сөйлемдер негізінде дамып, дараланып шыққан” [1, 568 б.].

Қазақ тілінде лексикалық мағынасының өзі таза модальді сөздерме қоса, өз алдына дербес лексикалық мағынасының үстіне және модальдік мағына білдіретін де жеке сөздер бар. Модаль сөздер  әдетте, модальділікті білдіретін фонологиялық (интонациялық), морфологиялық (етістік  райлары және олардың аналитикалық формалары), синтаксистік (әр түрлі сөйлем типтері) сияқты барлық амал-тәсілдермен тығыз байланыста жұмсалады. Модаль сөздер, басқа барлық көмекші сөз таптары сияқты ұзақ уақыттағы лексика-грамматикалық даму процесінде дербес сөз таптарына дараланып шықты (бұл - үнемі үзіліссіз жүре беретін процесс). Бұған мысалы, білем, кім біледі, әлпеті, сияғы  сөздері өздерінің алғашқы лексикалық мағынасында емес, сөйлем ішінде келіп, модальдік мағынаны иемденген. Мына мысалдардағы қайталанған сөздердің мағыналық ерекшелігіне назар аударып көрейік.

Лексика-грамматикалық мағынада қолданылуы

Модальділік мәнде қолданылуы

Қара ала сырмақтың иесін де білем, ақ киіздің, бәтес көйлектің қайдан шыққанын да білем (Ж. Аймауытов)

Осыны өздеріне қолайсыз көреді, білем (Ж.Аймауытов)

Сынға толса сияғы, Әлпеті шамның шырағы

Сиқы, ешқайсысы бармаған, Сияғы, олар үйде жоқ. Әлпеті, ештеңеге қарар емес.

Модаль сөздер сондай-ақ заттық және диалогта предикаттық функциясын жоғалтқан бағыныңқы сөйлемнің баяндауышынан да пайда болады. Қазақ тіліндегі әлпеті модальсөзі “сөз әлпетіне қарағанда” дейтін қыстырма сөйлемнің редукциялануынан келіп шыққан деуге болады.

Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды: грамматикалық, мысалы, модальдік мағыналардың әр алуан типтерінің пайда болу және жетілу процесін эволюциялық тұрғыда түсіну керек. Себебі, модальділік тілдің коммуникативтік функциясының жемісі. Осыдан келіп морфологияда модальділікті білдіретін әртүрлі амал-тәсілдер пайда болады. Олардың ішіндегі ең басты әрі жетекші рөл атқаратын түрі – ол неғұрлым көбірек абстракцияланған және неғұрлым жинақты сипат алған модальдік мағынасы бар рай категориясы. Етістік райлары неғұрлым көбірек грамматикаланған категория болып табылады. Сонымен тілдік модальділік грамматиканың фонетикадан синтаксиске дейінгі барлық деңгеінен аңғрылады. Номинативті сөздердің семантикасында едәуір модальділік реңк жатқанмен, модальділікті білдіретін құралдар санатына кіре алмайды. Себебі бұлар модальді семантикалық өңдегі дербес мәнді ретінде лексикалық деңгейден  әрі аса алмады. Сондықтан полифункционалды (А. Ысқақов айтқандай әртарап сөз) бар, жоқ сөздері, керек, тәрізді предикаттық есімдер өздерінің номинативтік қолданысында модальді сөздерге жатқызылмайды деп қазақ грамматикасында берілген. Сөз таптарының жалпы категориялық мағынасын жеке сөздің лексикалық семантикасымен шатастыруға боламйды. ¤йткені жалпы категориялық мағына – сөз таптарын бір-бірінен ажыратудың, ара жігін, шегін анықтаудың алғы, бас белгісі. Модаль сөздерді біраз тілдерде қазір көмекші сөз таптарына жатқызуда да бірден бір негіз, критерий ретінде оның осы жалпыкатегориялық мағынасы, яғни сөйлемде айтылған хабарға сөйлеушінің қатынасы алынған. Жалпы қай сөз табын да танып, даралап алуда бірінші орында оның категориялық мағынасы тұруы шарт.

Модаль сөздердің семантикасында номинативтік мағына болмайды. Олар да көмекші сөздер сияқты грамматикалық деңгейде модальдік мағына береді.

Модаль сөздер, басқа көмекші сөз таптары секілді толық мағыналы дербес сөз таптарының ұзақ замандардағы лексика-грамматикалық даму процесінде өзінің бастапқы мән-мағынасынан оқшаулана-оқшаулана, ақыры біржола ажырап, солардан келіп шыққан. Модаль сөздердің пайда болуына сөйлем құрамындағы кейбір лексикалық құралдардың тұрақты бағыныңқылық қалпы себепкер болды. Аталмыш тілдік құбылыстың шығу тегінің осы өзіндік ерекшелігін ескеріп, кейбір зерттеушілер генетикалық принцип негізінде модаль сөздерді мынадай төрт топқа бөліп қарайды: өзге сөз таптарынан мүлдем ажырап “қара үзген” сөздер есім модаль сөздер, үстеу модаль сөздер және етістік модаль сөздер.

Сияқты модаль сөзі тарихи тұрғыдан алғанда араб тілінде “форма, вид, формула” ұғымыны білдіретін сияқ зат есіміне барып тіреледі. Бұл сөздің предмет, материя, общепринятый образ действия деген мағыналарын шығыстанушы Л.З.Будагов атап көрсетеді. Арабтық бұл кірме тұлға қазақ тілінде осы атау қалпында да, сондай-ақ дыбыстық жағынан сәл өзгерген сиық түрінде де кейде қолданылады. Сияқты модаль сөзінің бұл этимондық нұсқасы кейбір түркі тілдерінде қазір де қолданылады. Қазақ тілінде де осы мағынаға саяды. Кейбір диалектілік дереке қарағанда сиық сөзінің сиқат тұлғасы да диалектілік сипатта қолданылады. Сиқат тұлғасынан сиқатты деген сын есім пайда болған. Келе-келе сиқатты сын есімі сияқты, сықылды, секілді деген модаль сөздер қатарын толықтырған.

Тәрізді –  модаль сөзі тарз – заттың, іс-әрекеттің сыртық белгісімен, сырт тұрпатымен байланысты мағына бар.

Әлпеті – түр-түсі, беті, сыңайы деген мағынадан модальденген араб сөзі.

Зайыры –  сыртқы түрі мағынасынан модальденген араб сөзі.

Байқап отырғанымыздай есім сөздердің модальденуінде кірме сөздердің рөлі өте күшті.

Жалпы модальдік құбылысты лексикалық, грамматикалық және модальдік мағыналардың өзара ортақ тұсын, арақатынасын, айырмасын неғұрлым нақты, терең тани түсудің бір маңызды шарты, мүмкін болғанша, тіліміздегі модаль сөздердің шығу, даму жолдарын анықтап алу. Ал олардың бұл төркін-тегін, морфологиялық құрылымын анықтау мәселесі белгілі дәрежеде жтимологиялық зерттеуді қажет етеді. Себебі қазақ тіліндегі модаль сөз деп жүргеніміздің біразы бөтен текті, кірме құбылыстар немесе тілдің даму барысында басқа сөз таптарынан ауысқан сөздер.

Транспозицияның өзге түрлерін қазақ ғалымдары аз болса да назар аударып, теориялық мәселелерін қарастырып келе жатыр. Модаль сөздердің өзі ғылымда зерттелгенмен, таза транспозициялық құбылыс ретінде қаралмаған. Сонымен қатар модальдену процесі деп те аталмаған. Сол секілді одағайлар, олардың лексика-грамматикалық сипаттары қарастырылып жүргенмен, одағайлану деп зерттеп қарастырған әлі ешкім жоқ.

Одағай сөз табына жататын сөздер адамның көңіл-күйін, сезімін білдіру мақсатымен ғана емес, сонымен қатар басқа біреуге бұйыру, ишара білдіру, малды, үй хайуандарын шақыру, айдау, қорғау мақсатында да қолданылады. Осығн байланысты тіліміздегі одағайлар 1) көңіл-күй одағайлары, 2) императивтік ишара одағайлары, 3) тұрмыс-салт одағайлары. Бұл сөздердің өздеріне тән лексикалық мағынасы жоқ сөздер. Дегенмен, кейбір одағай сөздердің әу баста лексикалық мағынасы болған. Уақыт өте келе олар мағынасына айрылып мағынасыздыққа тап болған.

Көңіл-күйді білдіретін алақай, ура одағай сөздерін талдауда шындыққа жанасымдылығы жағынан халықтық этимология тұрғысынан талдаудың негізі бар секілді. Ура одағайының әдетте соғыста, жаугершілік заманда қолданылғанына орай, ұр,ә деген екі тілдік бірліктен кірігу арқылы жасалған деген болжам бар. Сол секілді біздің болжауымызша, алақай одағайы да арабтың оллаһи ант ету сөзімен түбірлес деп танимыз Қуанғанда, қайғырғанда, өкінгенде, ант беруде Алла есімін алып ауызға алудан пайда болған. Яғни Алла (һи) деген екі түрлі көрсеткіштің бірігіп, кірігуінен пайда болған деген өзіміздің болжамымыз бар. Алғашқы сезім, көңіл-күйдің жоғары деңгейде берілуі осы одағай сөздердің пайда болуына әкелген.

Императивтік ишара одағайларының ішінде де өзгше сөздерден ауысып, мағынасыздыққа ұшыраған сөздер кездеседі. Айда адамның адресіне бағытталған біраз бұйыру, біраз жекіру мағынасы бар одағайды шығу тегіне қарай айда етістігінен пайда болған деп есептейміз. Себебі айда етістігінің құрамындағы бір мағына – жүру мағынасы. Осы мағына оған айда, шап, жүгір, кет, бар деген мағыналарды бойына жинақтаған. Келе-келе айда содан бүйттік, сүйттік деп келетін ауызекі сөйлеу тілінде де кездесетін мағынасы осыдан кейін деген мағынаға саяды. Бұл мағына да алдыңғы мағыналармен қабысып тұр. Сондықтан етістік мағыналы сөз одағайланған деген ойымыз бар.

Тек одағайы да тек отыр, жай, әншейін қара отыр деген мағынаны білдіретін ойды беруде қолданылады. Одағайдың өзіне тән интонациясының болуына байланысты тек отыр деп ұрсу, жекірудегі отыр сөзі қысқарып, тілдік үнемдеуге ұшырап, тек деген сөз одағай болып қалыптасады. Яғни үстеуленген сын есімнің одағайлану процесі осы жерден байқалады. Демек, алғашқыда сын есім → үстеу → одағай болып дамуды басынан өткізген.

Итке бағышталып айтылатын айтақ-айтақ одағайы да өзге сөздерден транспозициялану арқылы жасалған. Итке бұл одағай сөз малға қасқыр тигенде немесе өзге де оқыс жағдайлар болған кезде айтылады. Демек, жүгіру, бару мағынасы осы одағайда бар. Айтақ одағайы туралы екі түрлі пікіріміз бар:

Біріншісі, айтақ сөзіне морфемдік талдау жасасақ түбірі ай-та-қ деген үш морфемадан тұратынын байқауға болады. Ай түбірінде аяқ сөзі жатыр. Демек ая(қ)-түбірі, -та – етістік тудырушы жұрнақ, -қ  – заттық ұғым тудырушы жұрнақ. Демек, итке арнайы айтылатын атау мағынасын білдіретін сөз. Тұрақтала келе, одағай сөзге айналған.  

Екіншісі, айту етістігінен туындаған болса керек. Себебі көне түркі, орта ғасыр ескерткіштері тілінде айту етістігінің түбірі ай деп көрсетіледі. Мысалы, Тоныкөкті Білге қағанның айғучысы – кеңесшісі, ақыл айтып отыратын адамы деген мағынада жұмсалса, орта ғасыр ескерткіштерінде Қ.А. Ясауидің хикметтерінен әйлабан етістігінің мағынасы – айту мағынасын береді. Осыған қарап екінші тұспалдау айтақ одағайы айту, айғайлап, үріп қуу мағынасын білдірген. 

Тұрмыс-салт одағайлары туралы да осындай талдау жасауға болатын сөздер кездеседі. Мысалы құп одағайы құптау етістігінен, кеш жарық тіркесті одағайы кеш жарық болсын деген күрделі синтаксистік бірлік сөйлемнен, пайда болған. Ассалаумағалейкум, рахмет деген кірме сөздердің де әу баста беретін лексикалық мағыналары болған. Бүгінгі күнде академиялық грамматикада бұл сөздер одағай сөздер деп жазылып, беріліп жүр.

Сонымен, қорытындылай келе, одағайлану процесіне тіліміздегі лексикалық мағынаға ие сөздер   ұшыраған. Ол сөздер – транспозицияның жемісі деп қорытындылауға болады.                                                                                                                                                                                                                           

Транспозиция процесі тіл дамуында үнемі болатын, әрі барлық сөз таптарына қатысты құбылыс. Себебі сөз таптарының бәрі бір-бірімен мағыналық жағынан байланысты. Барлық сөз таптарындағы сөздер табиғаттағы немесе қоғамдағы заттар мен құбылыстардың сипатын танытуға арналған. Ал бір заттың аты, қимылы, әрекеті, белгісі, сапасы т.б. бір-бірімен жақын, сабақтас болып, шығу нүктесі ортақ болады.

 

1.     Қазақ грамматикасы. – Астана,  2002. – 784 б.

 

В статье рассматривались процесс транспозиции в казахском языке.