Филология ғылымдарының кандидаты Оданова С.А..

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

(Қазақстан, Алматы)

Тілдегі үнем заңының мәселелері

 

Қазіргі қазақ тіл білімінде тілдің ұлттық сипатын, ұлттық танымның, рухтың тілдегі көріністерін зерттеу бағытындағы еңбектер мол екені баршамызға мәлім. Ал ойлау мен тіл арасындағы байланыстың нәтижесінде туындайтын үнемдеу заңының тілдің жүйесіне, құрылымына және оның әр деңгейіне ықпалы – зерттеуді күтіп тұрған қазақ тіл білімінің маңызды  мәселелерінің бірі. Сонымен қатар үнемдеудің заң ретінде лингвистикалық мәртебесінің нақтыланбауы, тілде лингвистикалық заң, заңдылық, құбылыс ұғымдарының диффинициясы ажыратылмай жарыса қолданылып жүруі де бұл зерттеудің өзектілігін танытады.

Тіл білімінде үнемдеу әр қырынан қарастырылды. Айталық, орыс тіл білімінде Бодуэн де Куртенэ үнемдеуді принцип ретінде қарастырды. Ол сөйлеу кезіндегі ықшамдалудың ыңғайлылыққа, біркелкілікке ұмтылатынын: а) дыбыстық өзгерістердің, ықшамдалулардың күрделіден қарапайымға қарай бейімделуде физиологиялық ерекшеліктің ескерілуін; ә) синтаксистегі сөйлеу кезіндегі ойға қатысты мүшелердің айтылмай, нақтылықтан абстракциялыққа өтуін қадағалауды қажет деп санайды [1,186]. Бодуэн де Куртенэнің ой-пікірлерін Г.Д. Поливанов  әрі қарай дамытып, лексикалық, фонетикалық, грамматикалық, графикалық бөліктердегі фонетикалық, фонациялық ықшамдалуларды зерттеді [2,134].  Б.А. Серебренников, Л.И. Ройзензондар үнемдеудің пайда болуын бұрын фонетика саласында қарастырылып жүрген гаплология, редукция, метатеза секілді құбылыстармен қатар, ассимиляциялық және диссимиляциялық құбылыстардың үнемделуге қатысы бар екенін көрсетеді [3,96 б.].

Түркітанудағы сөздердің ықшамдауға ұшырауы дыбыстардың түсірілуімен және буындардың кірігуімен сипатталды. Осы мәселелер белгілі түркітанушы ғалым В.В. Радлов, А. Самойлович, Н.А. Ашмарин, Ж. Дени, Ф. Катанов, Н.К. Дмитриев, А.Н. Кононов, А. Котвич, Э.В. Севортян, Н.А. Баскаков, А.М. Щербак және т.б. түркітанушы-ғалымдардың еңбектерінде қарастырылды.

Қазақ тіл білімінде үнемдеуді А. Байтұрсынұлы, С. Аманжолов,            М. Балақаев, І. Кеңесбаев, Ғ. Мұсабаев, М. Томанов, А. Ысқақов, М. Дүйсебаева, А. Айғабылов, С. Мырзабеков, С. Исаев, Ә. Ибатов, Ә. Қайдаров, Р. Сыздықова, Б. Сағындықұлы, Р. Әмір, Ә. Жүнісбеков, Н. Уәлиев сынды ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Қазіргі лингвистикалық зерттеулерге назар аударар болсақ заң, заңдылық, ұғым, құбылыс, үдеріс, үрдіс деген бір-бірінен ұғымдық айырмашылығы бар сөздер қатар, жарыса қолданылып жүргенін аңғару қиын емес. Бұл мәселе бүгінгі біздің нысанымыз – үнемдеу заңына да қатысты. Тілдік қолданыстағы осы жайтқа назар аудара отырып, үнемдеудің  заңдық мәртебесін айқындап алуды жөн көрдік. Сонымен, үнемдеу заң ба, құбылыс па, үдеріс пе?

Жалпы лингвистикалық заң дегеніміздің өзі не? Оның сипаты қандай?

Энциклопедиялық сөздікте тілдік (лингвистикалық) заңға берілген анықтаманың жалпы мазмұны мынадай: «Тілдік заң, лингвистикалық заң — белгілі бір тілге, әр түрлі тілдерге немесе жалпы тілге тән ереже, заңдылық» [4, 19 б.].

Лингвистикалық терминдерге арналған сөздіктерде тілдік заң деген ұғым былайша көрініс тапқан:

Қазіргі кезде тілдің ішкі заңдары ретінде төмендегі заңдар көрсетіліп жүр:

  аналогия заңы (сөйлеуде дыбыстарды  үндестіру);

  тілдік дәстүрлер заңы (формаларды тұрақтандыруға ұмтылу);

  үнемдеу заңы;

  қайшылықтар заңы.

Аталған заңдар барлық тілге ортақтығымен ерекшеленеді. Бұл – бірінші белгісі.

Тілдік заңның екінші бір қасиеті – тұрақтылық. Белгілі бір тұрақты шарттар болғанда,  құбылыстардың қайталанып келуі, ондай құбылыстардың жиі-жиі орын алуы тұрақты түрде іске асқанда және сол арқылы тілдік құбылыстардың жиі болуы сол құбылысты заң дәрежесіне көтереді. Мысалы, тіліміздегі есімшенің өткен шақ (-ған, -ген) және көсемшенің өткен шақ (-а,    -е) тұлғаларының тілімізде тұрақты түрде барғанмын – барғам, келгенмін – келгем, бергенмін – бергем, жазғанмын – жазғам, барамын – барам, сүйемін – сүйем, жүремін – жүрем деген тұлғада қысқарып келуі тіліміздегі барлық етістікке тән және олардың тұрақты түрде осылай ықшамдалып қолданылуы үнемдеудің заң екенін нақтылай түседі.

Үшіншісі – қолданыс жиілігі нәтижесінде нормаға айналуы.  Мысалы:  көсемшенің –а, -е тұлғаларынан кейін келетін жіктік жалғауының ІІІ жағының құрамындағы дауысты дыбыстардың ықшамдалып түсіріліп айтылуы да үнемдеу заңының жүзеге асқанын көрсетеді: жетеді – жетет, барады – барат, келеді – келет, қарайды – қарайт, жүреді – жүрет, тұрады – тұрат, сызады – сызат, сүйеді – сүйет, көреді – көрет, қалады – қалат. Бұл құбылыс та сөйлеу нормасына айналып, заңдылыққа айналған.

Төртіншісі – диалектиканың даму заңдылықтарына сүйенетіндігі. Мысалы, қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі заңына сәйкес - күрделену мен ықшамдалу құбылыстары, дамудың спираль тәрізділігі сияқты диалектика заңдарымен тікелей байланысты. 

Заң – материалдық дүниенің негізгі белгілері мен даму үрдісін анықтайтын байланыстар мен қатынастардың жиынтығы, ал құбылыс шындықтың сыртқы жақтарын көрсететін нақты жағдай, қасиет немесе процестер. Құбылыс үрдіске айналса, заңдылық тудырады. Кейде заңның нәтижесінде белгілі бір құбылыстар туындап жатады. Олай болса, бұл екеуінің байланысы – диалектикалық байланыс. Сондықтан да үнемдеу – заң, ал бұл заңмен байланысты құбылыс – ықшамдау құбылысы. Осы жерде үнемдеу заңының бесінші белгісі келіп шығады. Ол тілдегі сан алуан құбылыстар мен үдерістерді өзіне тәуелді ете алу қасиеті.

Осыған дейінгі зерттеулерде тілдегі кірігу, сіңісу, жылысу, дыбыстық үнемдеу, ықшамдалудың басқа да түрлері, үнемдеудің жекелеген түрлерін жеке-дара қарастырып келген жұмыстар – тіліміздегі үнемдеу   заңының өзіндік үлкен орны бар, ірі заң ретінде танудың бірден-бір дәлелі. Осыған дейінгі зерттеулер тілдегі бұрын құбылыс, принцип деп аталынып келген ұғымдарды заң ретінде қарастыруға толық мүмкіндік береді. Сондықтан үнемдеу   заңының тілдің жүйесіне ықпалының нәтижесінде туындайтын тілдің ішкі заңдылықтары тілдің барлық салаларына қатысты (фонетика, морфонология, морфология, лексика, синтаксис) жүйеленген түрде, толық жинақталып, қарастырылып отырған мәселенің тіл ғылымындағы өзіндік үлкен салмағын көрсетеді.

Үнемдеу  адамның ойлау қабілетіне және қоғамның дамуына, танымның да өзгеруіне байланысты  болғандықтан, үнемдеу заңының күрделі табиғаты оның қыр-сырын ашуда, тілдегі көріністерін зерттеуде ерекше амал-тәсілдерді қажет етеді.  Үнемдеу   заңы антикалық дәуірдегі ойшылдардан бастап, қазіргі ғылымның әр түрлі саласындағы зерттеушілердің қызығушылығын туғызып келеді. Үнем заңының жүзеге асуының өзі тілдік философияға негізделеді. Тек қана тілдегі үнемделу ғана емес, кез келген құбылыстағы үнемдеулердің өздеріне тән ортақ белгілері, сипаттары болуы керек. Осы тұрғыдан келгенде диалектикалық материализм философиясы әрбір заңға тән ортақ сипаттардың болу керектігін көрсетеді. Біздің зерттеуіміздің нысаны тіл біліміндегі үнемдеу заңы болғандықтан, тіршілік ортадағы үнемдеу заңдарына тән ортақтық болу қажет. Тіл білімінде көрініс табатын барлық заңдар, жалпы заң тұрғысынан алып қарағанда, (мысалы, сингармонизм, үнемдеу, ұқсату т.б.) туралы тұжырымдар қалыптасып, бір ізге түсіп жүйеленбеген. Осы себептен көптеген лингвистикалық еңбектерде заң ұғымының аясында қарастырылған ұғымдар құбылыс, принцип, бірінде заңдылық деп көрсетілген.

Үнемдеу   заңы физиологиямен, психологиямен, таныммен байланысты. Бұл жан-жақтылық аталған мәселенің күрделілігінде ғана емес, мазмұнның ауқымдылығымен де түсіндіріледі. Үнемдеудің тілге ықпалының нәтижесінде маңызсыздану (деактуализация), мәжбүрлік, мәдениеттілік және т.б. логикалық категориялармен  бірге редукция, элизия, гаплология және т.б. тілдік заңдылықтармен астасып жатады. Сондықтан үнемдеу   заңы тіл білімінің функционалдық бағыттағы прагмалингвистика, паралингвистика, психолингвистика, когнитивті лингвистика, әлеуметтік лингвистика сынды салаларымен байланыстыра зерттеуді қажет етеді.

Үнемдеу  заңының табиғаты күрделі болғандықтан, ғылымның әр саласында оның жекелеген қырлары ғана зерттеліп келеді. Қазақ тіл білімінде үнемдеу   заңы прагматикалық әдіс арқылы сөйлеудегі  субъект пен адресанттың позициясы тұрғысынан қарастырылса, әлеуметтік лингвистика бұл құбылыстың  рационалдық сөйлеу әрекетімен байланысын, когнитивтік лингвистика фрейм теориясымен,  психолингвистика ақпаратты қабылдау мен беру ерекшеліктері және коммуникация теориясы тұрғысынан қарастырып келген. Сондықтан үнемдеу   заңының тілге ықпалының нәтижесінде болатын заңдылықтарды жүйелі түрде қарастыру зерттеуіміздің басты ерекшелігі болып табылады.

    Тілдің барлық деңгейінде көрінетін үнемдеу заңының нәтижелері мен салдары туралы айтылған пікірлер аталған заңның тілге ықпал етуіне себепші болған факторлардың бар екенін мойындайды.

Тілдегі үнемдеу адам ойы мен санасында қалыптасқан, сөйлеушінің қарым-қатынас жасау барысында жұмсайтын энергиясының үнемделуін, ойды жеткізушінің құрылымдық жағынан қысқа әрі мағыналық, мазмұндық жағынан бай, өкпеден шыққан ауаның бірыңғай, біркелкі, бірдеңгейлестігін, сонымен қатар сол тілде сөйлеушінің тілінің әуезділігін, эмоцияны адамның қолданылу ыңғайына қарай бейімделуін қамтамасыз етеді және қарастырады.

Тілдік үнемдеу құбылысының сөйлеуге қатысты екеніндей, сөйлеуші коммуникативті тұлға ретінде өз ойын тілдің барлық деңгейлеріне қатысты ықшамдап жеткізе алуына түрлі факторлар әсер етеді. Сондықтан бір ғана сөзге көп мағына сыйғызу арқылы   сөйлеушінің де, тыңдаушының да эмоциясы сол жағдайға байланысты болады. Оның өзі қаншалықты ықшамдалып айтылса, тыңдаушы да соншалықты тез түсініп, ойдың ықшам жеткізілуімен қатар, уақыт үнемдеуге де септігін тигізер еді. Сонымен қатар осы жағдайда уақыт факторының да алатын орны ерекше. Себебі үнемдеу заңының өзі уақыттың үнемделуімен тығыз байланысты заңдылық. 

Тілдің дамуындағы үнемдеуді белгілі бір кезеңнің, дәуірдің ғана жемісі деп қарауға келмейді. Бұл құбылыс адамзат тілі пайда болып, дамуы активтенген кезде пайда болған. Алғашқы тіл пайда болған кезде тіліміз үнемделу заңдылығына жиі ұшырады деп айту қиындау. Себебі ол кезде тілде үнемдеуден гөрі өрістеу, қарқындап даму орын алды. Әрине, тілдің дамуы адам санасының өрістеуін негізге ала отырып қарыштады. Кез келген үнемдеуге ұшыраған сөздің табиғатын қарастыра отырып, оған дейінгі қолданылып келген белгілі бір тілдің заңды жалғасы ретінде, сол халық тілінің ерекшелігі ретінде көрініс тауып, өзі өмір сүріп отырған дәуірде белгілі бір тілдік аяда қолданылып, қызмет атқара отырып,  келесі бір кезеңге өзі өмір сүрген уақыттың айырмашылығы ретінде беріліп отыратын жалпы тілдің дамуымен байланысты болады. Осындай күрделі өзгертулер мен құбылысты басынан өткізе отырып, біздің дәуірімізге дейін жеткен үнемдеу заңдылығы бір кезеңнің құбылысы ретінде қарастырылмайды.

Тіл біліміндегі үнемдеу, оның табиғаты, үнемделу себебі, салдары, фонетика саласына тиесілі дыбыстардың үнемделуі, лексика саласындағы лексемалардың үнемделуі, морфология саласында қарастырылатын морфемалардың үнемделуі, синтаксистік үнемделулердің туындауына себеп болатын түрлі факторлар болады. Үнемдеудің сыры адамзатта ма, адамзат өмір сүріп отырған қоғамда ма, адамның психологиясында ма, жоқ әлде әлеуметтік жағдай ма, тілдің қолданылуындағы ұзақ уақыт па деген сұрақтар айналасында көп зерттеу қажет болады. Ол үшін, ең бірінші, үнемдеу заңына ұшыраған барлық ықшамдалу түрлерін жинақтап, оларды тілдік өзгерістеріне байланысты жіктеп, ықшамдалу процесінің факторларын анықтауға, айқындауға болады. Үнемдеу заңдылығының  тіл білімінің барлық салаларына қатысы бар болғандықтан, үнемделуге, жаңа сапа мен мазмұнға ауысуға, кей жағдайларда мағынасын өзгертпейтін, стильдік тұрғыдан жаңа сапаға, қасиетке ие болуына итермелеген жалпы адамзат тіліндегі үнемдеу заңының пайда болуына әсер етуші факторларды қарастырайық:

1. Физиологиялық фактор. Жалпы адамзат баласы тіліне тән қасиет – сөйлеуге кететін күшті барынша аз жұмсауға ұмтылу. Сөзді айтуға кететін физикалық қуатты үнемдеп жұмсауда барлық тілдер артикуляциясы мен акустикасы жағынан үйлесіп келуді көздейді. Бұл, әсіресе, агглютинативті тілдерге тән құбылыс. Дүние жүзі тілдерінің ішінде түркі тілдерінде дыбыстардың ықшамдалуы бұл құбылыстың тек үнемдеу заңымен ғана байланысты емес, сонымен қатар халықтың этногенезі мен глоттогенезіне тікелей қатысты бола отырып, тілде заңдылық ретінде қалыптасқандығын көрсетеді.

Ғалым Е.Д. Поливанов түркі тілдеріндегі дыбыстардың үнемделуінің пайда болуына негіз болатын мынандай фонетикалық және физиологиялық құбылыстарды атайды: 1) сөзді айтуға, дыбыстауға кететін энергияны үнемдеу;  2) дыбыстауға кететін күшті (қуатты) мейлінше аз жұмсау;            3) үйлесімділікке ұмтылу; 4) әуезділікке ұмтылу; 5) дыбыстардың өзгеруге табиғи бейімділігі; 6) тілдік жүйені жетілдірудің ішкі қажеттілігі;                    7) фонемаларды функционалдық сипатына қарай саралау; 8) дыбыстардың артикуляциялық орнын өзгертуі; 9) бір дыбыстық комплекстегі дыбыстардың позициялық жағдайы; 10) өзгеретін дыбыстың белгілі бір дыбыстардың қоршауында келуі; 11) екпін; 12) әлеуметтік орта; 13) географиялық жағдайдың өзгеруі; 14) тілдердің бір-бірінен ажырасуы; 15) тілдердің бір-бірімен тоғысуы және т.б. [5, 63 б.].

2. Психологиялық фактор. Психологиялық фактордың үнемдеу заңын нақтылай түсетін бірінші құбылыстары – сөз жұту, үнсіз қалу.

Үнемдеу заңынан туындайтын сөз жұту құбылысы жеке адамның психикалық жай-күйіне байланысты болмақ. Сөйлеушінің сөйлеу актісіндегі сөздерінің жұтылуы түрлі психологиялық жағдаятқа байланысты екенін төмендегі түрлі сезім мен көңіл-күйдің өзгерісінен пайда болатын психологиялық жай-күйлердің әсерін анықтауға болады. Сөз жұту психологиялық жай-күйге (яғни, «қорқу»; «толқу»; «өкіну»; «ашулану»; «сенімсіздік»; «үнсіз қалу»), бейвербалды амалдарды жатқызуға болады.

Үнсіз қалу. Айтар сөздің кейбір бөліктері жазуда әдейі, мақсатты түрде сыртқа шығарылмай, көп нүкте арқылы беріледі. Мәтінде кейіпкердің айтайын деп тұрған сөзін оқырман айтқызбай-ақ саналы түрде түсінеді. Айтылмайтын, хатқа түсірілмейтін сөздер екі түрлі жағдайда беріледі: біріншісі, көп нүкте арқылы, екіншісі басқы әріптерінің берілуі арқылы, кей жағдайда басқы әріптері мен соңғы әріптері беріліп, ортасында көп нүктенің қойылуы арқылы да беріледі.

3. Экстралингвистикалық фактор. Экстралингвистикалық фактор да тілге қоғамның, қоғамда болып жатқан тарихи, саяси жағдайлардың тілге әсері қарастырылады. Е.Д. Поливанов үнемдеу мәселелерін тілдің лексика, фонетика, орфоэпия, грамматика, графика салаларында қарастырып, оны қысқарумен (сөз тудырудағы жаңа тәсіл ретінде танылатын қысқарған сөздер) байланыстырады. Ғалым үнемдеу заңының негізі әлеуметтік (адамға тән жалқаулық), психофизиологиялық (мүмкіндігінше дыбыс жасаушы органдар қызметін қысқарту, мысалы, ауыз, ерін т.б. қозғалысы) факторларда жатқандығын көрсетеді [5, 90-113 бб.].

4. Лингвистикалық фактор. Үнемдеу заңын тудырушы факторлардың ішіндегі ең өнімдісі де осы – лингвистикалық фактор. Тілдің әр саласына қатысты көрінетін үнемдеу заңы фонетикада, лексикада, морфонологияда, морфологияда және синтаксисте көп байқалады. Осы тіл деңгейлеріндегі көріністер лингвистикалық фактор аясында қарастырылады.

Қорыта келгенде, үнемдеу заңы – тіл атаулыға ортақ әмбебаптығымен, тіл деңгейлердің барлығын қамтитын жүйелілігімен, пайда болу себептерінің әр алуандығымен, тұрақтылыққа негізделетін нормалық сипатымен ерекшеленетін айырықша заң. Тілдер табиғатындағы түрлі ерекшеліктерге қарамастан, тілдік деңгейлерде тұтастай танылатын үнемдеу заңдылығы ғалымдардың назарын аударып отырған ірі тілдік құбылыс.  Бұл мәселе әлі де тереңдей зерттеуді қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1  . Бодуэн де Куртенэ. Избранные труды по общему языкознанию. М.: Акад.Наук СССР, 1963. - Т.1. - 384 с.

2  . Поливанов Е. Д.  Где лежат причины языковой эволюции //Статьи по общему языкознания. – М.: Наука, 1968. 376 с.

3  . Серебренников Б.А. Из истории звуков и форм тюркских языков.- «Советская тюркология», 1979, №3

4. Большая советская энциклопедия. Т.39. - М., 1956. – 664 с.

5.      Поливанов Е.Д. Факторы фонетической эволюций языка как трудового процесса // Статьи по общему языкознанию. М., 1968, 90с

Резюме

Мақалада қазақ тіліндегі үнемдеу заңының лингвистикалық сипаты, олардың тіл деңгейлеріндегі көрінісі, үнем заңын тудырушы факторлар сөз болады.Үнемдеу заңының тілдегі негізгі ұғымдары анықталып, олардың қолданыс ерекшеліктері мен тілдегі қызметі теориялық тұрғыдан қарастырылды.

Резюме

В статье рассматривается лингвистическии характер закона экономии на казахском языке и влияющися факторы на них. Закон экономии в языкознании рассматривается как одна из основных причин развития и изменения языковой системы.

Summaru

This article discusses the linguistic character of the law of economy in the Kazakh language and the factors which may influence them. The law of economy in linguistics is regarded as one of the main reasons for the development and changes in the language system.