Г.Пралиева, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф., ғ,докторы,профессор

 

А.Ісімақова және қазіргі эксизтенциализм мәселелері

     

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы  әдебиет теориясы саласында табанды еңбек етіп келе жатқан санаулы ғалымдардың бірі—Айгүл Серікқызы Ісімақова. Ол 1980 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға лаборанты, сол жылы Москваның А.М.Горький атындағы Дүниежүзілік әдебиет институтында әдебиет теориясы бөлімінің стажеры, 1982-1985 жж. осы бөлімнің аспиранты болды. Аталған институтта «Қазіргі қазақ прозасының жанрлық жүйесінің ерекшеліктері» деген тақырыпта (ғылыми жетекшісі – филология ғылымдарының докторы, профессор Г.А.Белая, оппоненттері – филол.ғ.д. З.С.Кедрина, филол.ғ.д. В.Н.Новиков) кандидаттық  диссертация қорғады (6.ІІ.1986).

1986 жылдан бері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінде ғылыми қызметкер бола жүріп, 30.ХІІ.1998 жылы «ХХ ғасыр басындағы қазақтың көркем прозасының поэтикасы» (тақырып, жанр, стиль) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 2002 жылдан бері аталған институттың Әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі, ал соңғы жылдары абайтану  бөлімінің бас ғылыми қызметкері болып еңбек етіп келеді. 

Осында жүріп профессорлық дәреже алды. Бір кісі үшін оңай абырой емес. Ресейдің атақты ақыны Андрей Белыйдің қызы Галина Андреевна Белаяның (кандидаттық жұмысының жетекшісі болған) , қос академик Серік Қирабаевтың (докторлық жұмысының ғылыми кеңесшісі болған) және Зәки Ахметовтің (бөлім меңгерушісі болған 1986-2002 ж.ж)  шәкірті  болып , үлкен мектептен өткен Айгүл осы жылдар бойы үздіксіз  

Ғылыми жолын, мектебін анықтау жолында тынымсыз еңбек етіп келеді.

Әлем әдебиетінің небір көркем жауһарлары мен ғылыми қисындарымен жан-жақты қаруланған  ол  ой-пікір айтуда артық сөзден ада, нақтылықты ұнататын маман. Ғалымның екі тілде бірдей сауатты жазылған  ғылыми зерттеулерімен таныс оқырман оның осы қасиетін құрметтейтіні бірден байқалады. Ол - көп зерттеушілер зер сала қоймаған немесе оған зердесі жете бермейтін   шығарманың басты идеясы мен мақсатын,  көркемдік табиғатын  қисынды дәлелмен нақты айқындап беретін білгір ғалым. Бұл, әрине, ғалымның  сөз өнерінің тарихы мен теориясын терең біліп, олардың көркемдік әлемін  тани алатын биік талғамы мен білімпаздығында жатса керек. Оның ғылыми кумирі болған әлемдік деңгейдегі  әдебиеттанушы М.М.Бахтиннің ғылыми стилін өзіне ұстаным етіп, тек «пән тілімен»(А.Байтұрсынұлы)  сөйлеуді әдет еткен ғалым талдауларының тосындығы мен ерекшелігі- ғылымдағы эксизтенциалдық, яғни мәңгілік сауалдарға  үнемі жауап іздеп, оның құндылықтарына оқырман, зерттеуші назарын аударуға тырысатындығы. Оған дәлелдерді оның кез-келген еңбектерінен табуға болады.

Өзінің негізгі ғылыми концепциясын айқындаған докторлық жұмысы негізінде жарияланған «Казахская художественная проза. Поэтика,жанр,стиль (начало ХХ века и современность)- Алматы: Ғылым,1998,394 с.) деген зерттеуінде ол : « Можно ли говорить по-старому, то есть так, как будто литературной жизни ничего не случилось? И нужно ли о старом говорить по-новому, как будто литература прошлых веков за последние годы претерпела необратимые изменения? Эти вопросы свидетельствуют  о начале  смены культурной парадигмы, которую мы все интуитивно чувствуем, хотя еще не можем четко сформулировать, в чем она заключается, пересмотром  каких ценностей и традиций она грозит, каких  новых подходов к литературе и ее истории требует, какими категориями оперирует...» /3 с/,- деген сауалдарға жауапты    еліміз егемендікке ие болып, әдебиетіміздің әр кезеңдердегі ақтаңдақтары ашылып, төл тарихымыз бен рухани құндылықтарымызға деген көзқарастар өзгеріп, оларды тану мен танытуға деген жаңаша талаптар қойыла бастағанда «...Ескі бише отырман бос мақалдап....» дегендей , бұрынғыша баяндаудың ауылы алыстағаны және «..Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де  түзел ...»  деп Абай атасы айтқандай, Айгүл де  өзгерген өмірмен бірге сананың , сөздің де түзелгенін, енді жұрт руханияттан тек тың танымдар мен соны тақырыптар, жаңа ойлар күтетінін алға тартады.Таптық идеяны түпкілікті мақсат етіп қойған соцреализмнің реңі тайып,   кісендеулі тіліміздің тұсауы кесіліп,  рухани бодандықта келген есіл ой-санамыз вулкандай атқылап , ақиқатты ақтаруға бет бұрды емес пе?. Ендеше , әдебиет те, көркем ой да, ғылым да , тарих та жаңаша сөйлеуі тиіс деген ұстаным бойынша жаңа ой айтуға, жаңаша талдауға тырысқан зерттеуші А.Ісімақова «ақтаңдақтар» аулынан келген Алаш зиялыларының шығармаларын, бұрын ғылыми айналымға енбеген олардың көркем дүниелерін бүгінгі тәуелсіз сана тұрғысынан талдап, жұртшылықтың рухани игілігіне айналдырды. ХХ ғасыр басындағы Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов,  Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев т.б  шығармаларындағы шұрайлы тіл, өз кезеңіндегі көркемдік ойлардан көш ілгері жатқан жанрлық жаңалықтар, стильдік ізденістер, ғылыми, философиялық, психологиялық т.б  байламдар мен қисындардың түп-тамырлары мен өзгеше өрнектерінің өзегіне бойлау , оларды игеру, тану мен талдау әрине мол білімдарлықты, жақсы даярлықты қажет ететін жауапты жұмыс-тын. Алайда, сол кездері бүкіл гуманитарлық ғылым салаларында жаппай зерттеліп, көркем және ғылыми туындылары жарияланып, ғылыми түсіндіріліп , әр қырынан қарастырылған тұстағы Айгүлдің зерттеуінің ерекшелігі - тап сол  дүниелердің көркемдік табиғаты  әлемдік ғылыми теориялық тұжырымдар тұрғысынан талданып, олардың құндылығы тек қана эксизтенциализм мәселелері тарапынан және тек сөз өнерінің өз категориялары арқылы анықталуымен танылды. Және осы монографиялық еңбектің жаңалығы- кеңестік кезеңдеріндегідей  сөз «біссімілләсін» В.В.Белинскийден , бүкіл ресей , батыс зерттеушілерінің пікірлерімен емес,  енді өзіміздің ұлттық ғылымда  сүйенетін А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы»  бастаған теориялық еңбектер, пайдаланатын «пән сөздері» мен  төл ғылыми тіліміз бен стиліміз бар екендігін ғылыми тұрғыдан  тұжырымдап, тәжірибе жүзінде дәлелдеп беруінде еді.

Сондай-ақ, қазақ әдебиеттанушыларына  тың әрі бейтаныстау болып келген әйгілі әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, талантты теоретик ғалым М.М.Бахтиннің ғылыми ұстанымдары осы еңбекте алғаш рет ұлттық әдебиеттану ғылымының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» еңбегіндегі ұқсас ұғымдар мен қисынды ойлармен ортақ екендігі анықталып, төл сөз өнерінің әрбір категориясының қазақша баламасы және оның ұлттық ұғымға лайық атауы мен анықтамалары ғылыми айналымға енді. Сонда ғана көпшілігіміздің түсіне алмай жүрген «Әдебиеттанытқыштағы»  «пән сөздері»  ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, М.Бахтиннің әлемді мойындатып отырған теориялық тұжырымдарымен теңесіп, төл тілімізде  ғылыми ортаға кеңінен таныстырылды. Ал, А.Байтұрсыновтың қазақша жазылған теориялық қисындары  - М. Бахтиннің әрбір категорияларымен салыстырылып, екеуіне ортақ ғылыми талаптар мен шарттар анықталғанда  ғана өз құнын ашты.

 

 

А.Ісімақованың тәуелсіздік жылдары табанды түрде зерттеп жүрген саласы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті мен әдебиеттану мәселелері. «Алаш әдебиеттануы» атты 560 беттік көлемді әрі іргелі еңбегі 2009 жылы  Алматыдағы  «Мектеп» баспасынан жарық көрді. Кітапта қазақ көркем сөзінің көрнекті өкілдерінің ғылыми шығармашылық тұлғасы бүгінгі ХХІ ғасырдың әдебиеттанулық талаптары тұрғысынан қарастырылып, олардың ұлттық ғылымға қосқан үлесі мен  ғылыми-теориялық ой-тұжырымдары алғаш рет арнайы зерттелді.

Ғалымның «Алаш әдебиеттануы» және  «Возвращение Плеяды. Экзистенциальная проблематика в творчестве А.Байтурсынова, Ш.Кудайбердиева, Ж.Аймауытова, М.Жумабаева, М.Дулатова и М.Ауезова» (2002) деген монографиялары негізінде  Ресейдің бірнеше ЖОО-да   ғылыми баяндамалар жасалып, енді  шет елдік бірнеше  университеттің өтініші бойынша қысқаша нұсқада ағылшын тіліне оқулық ретінде аударылып жатыр.

Әдебиеттанушы, алаштанушы ғалым А.С.Ісімақованың жоғарыда аталып, талданған  ғылыми  монографиялық еңбектерінде қарастырылып жүйеленген әдебиет теориясы мен қазіргі әдеби  үрдіске қатысты теориялық тұжырымдары  ұлттық сөз өнерінің қасиеті мен қисындарын танытудағы үлесі зор.  Бұл зерттеулердің құндылығы - жалпы адамзатқа тән өмір мен өлім аралығындағы мәңгілік сауалдардың   еңбектерде кеңінен орын алып, ғылыми теориялық тұрғыдан талданып түсіндірілуінде жатса керек.

Әдебиеттанушы ғалымның адамзаттың мәңгілік сауалдарына жауап іздейтін әдебиеттің құндылығы мен көркемдік міндеті жайлы зерттеулері өзінің мағыналығымен оқушысына ой салады,сөз өнерінің құдіретін түсінуге жетелейді.