Ф.ғ.к., доцент Мансұров Н.Б.

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

Шағатай тiлi терминi және оның лексикалық құрамы

Кез келген саланың өз қолданысында түрлi терминдер қолданылады. Осы тұрғыда тiл де адамзат өмiрiндегi ең қажеттi қатынас құралы ретiнде қолданылатын сала болғандықтан оның да өзiне тиесiлi тiлдiк терминдерi қалыптасқан. Тiлдiк терминдердi терминологиялық сөздiктердi пайдалана отырып қарастыруға болатын терминдер бар да, өз қолданыс аясы белгiлi болған, нақты бiр тарихи кезеңде қолданыс тапқан терминдер бар. Оның аясы тар не кең болуы немесе өмiр сүру тарихы ұзақ не болмаса қысқа болуы мүмкiн. Бұл тiлдiк тарихи құбылысқа байланысты.

Кейбiр тiлдер уақыт өлшемiмен өлшенгендей өмiр сүредi. Ондай жағдайда ол қашанда өмiр тарихымен және тарихи құбылыспен тiкелей байланыста болады. Оған мысал латын тiлi. Диалектiлiк қасиеттен бастау алған латын тiлi кезiнде бiрнеше Еуропа халықтарының мемлекеттiк қатынас құралына айналған тiл әдеби тiл дәрежесiне дейiн көтерiлдi. Бiрақ тарихи өмiр шындығынан тiлдiк ерекшеленудiң нәтижесiнде, яғни Еуропа халықтарының тiлдерi ерекшелене бастағанда өз әсерiн жоғалтып, бiрте-бiрте қолданыс аясы тарылып, өлi тiлге айналды. Әрине, тiлдiң тiлдiк элементтерi сақталды. Бiрақ қолданыстан қол үзiп қалды.

Тiл бiлiмi саласында осы шағатай тiлi терминiне байланысты түрлi пiкiрлердiң барлығын жасыруға болмайды. Советтiк түркологтардың пiкiрiнде бiрiздiлiк жоқ. Кейде оны ескi өзбек тiлiмен алмастырып сөз етедi. «Соңғы 50 жыл бойында Орта Азия халықтарының XIII-XV ғасыр әдебиетiн зерттеген өзбек тiлшi, әдебиетшiлерi шағатай тiлi терминiн қабылдамай, сол термин аясында топтастырылып жүрген тарихи ескерткiштер мен ақын-жазушылар тiлiн ескi өзбек тiлi деп атап, ақын-жазушыларын өзбек халқына ғана тән деп танып жүр» - дейдi М.Оразов [1,42 ].

Шындығында, шағатай терминi тарихтағы белгiлi Шыңғысханның екiншi ұлы Шағатай есiмiмен тiкелей байланысты. Осы ұлыстың қол астындағы халық - шағатай халқы, тiлi - шағатай тiлi, әдебиетi - шағатай әдебиетi, мәдениетi - шағатай мәдениетi деп аталынған. Демек, халық нәсiлiне қарамай шағатай халқы деп аталған, соның салдарынан шағатай термині қалыптасқан. Бұл жөнінде тарихи деректерде де айтылады: «Этому же способствовало и культурное развитие чагатайского улуса. Здесь прочно закрепляется термин «чагатайский». Государство называлось чагатайским, «чагатаями» стали называть себя и военно начальники из кочевников,…» -дейдi Г.А.Хидаятов [2,151 ].   

Советтiк түрколоктардың арасында бұл терминге түрліше көзқарастағы ғалымдарды көптеп көруге болады. Айталық, кезiнде белгiлi түрколог ғалым А.К.Боровков шағатай тiлiн ескi өзбек тiлi деп көрсете келе «В монгольскую эпоху в долинах Кашка-Дарьи и Зерафшана, а также в южной части Ферганской долины сложилис близкие говоры, на основе которых формировался староузбекский язык «чагатайской» эпохи (XV-XVIв.в.), получивший широчайшее распространение в Среднеи Азии», -деген болатын [3,13].

Әйгiлi түркiтанушы А.М.Щербак та «Наименование «староузбекский» является относительно новым. Старая тюрколгическая традиция избегала его и пользовалась другим наименованием - «чагатайский», - деп шағатай тiлiн ескi өзбек тiлiмен бiр тiл деп көрсетедi [4,72].

Расында, халық тілі, яғни қара халықтың сөйлеу тілінде қолданылатын тіл классикалық тілден ерекшеленетіні бар. Сол себепті осындай салыстырмалы ойдың ұсынылуы орынды. Мұны шағатай тілінің лексикалық құрамы негізінде айқындауға болады. Шағатай тiлiнiң құрамында кірме араб, парсы тiлдерiнiң элементтерi мол кездесетiнiне дау жоқ. Жоғарыда атап өткендей шағатай тiлi жасанды тiл, жалпы халыққа түсiнiксiз тiл деген ғалымдар мүмкiн осы араб, парсы тiлдерiнiң молдығын, араб, парсы тiлдерi арқылы жасалған формалары, сөз тiркестерi мен сөйлем үлгiлерiн негiзге алған болуы мүмкiн. М.Оразов «Шағатай тiлi» деген мақаласында шағатай тiлi қай негiзде, қалай дүниеге келгенiн талқылай келе «Шағатай тiлi, шағатай әдебиетi парсылар (тәжiктер) мен түрiктердiң араласқан ортасында (қос тiлдiлiк күшейген ортада М.О.) қалыптасты. Сондықтан оның тiлiнде араб, парсы элементтерiнiң мол болуы заңды», -деген пікір ұсынады [1,45].

Мұндай тілдердің араласқан ортасы екі елдің шекарасында өмір сүретін халықтардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасының нәтижесінде пайда болады. Онда екі тілдің бір-біріне сөз алмасуынан бөлек, сол халықтардың өзара араласуының нәтижесінде бір тілдік орта қалыптасады.

Осы қос тілділікті өзбек ғалымдары да тілге тиек етеді. Сөйтіп, түркi тiлдерiне араб, парсы тiлдерiнiң көптеп кiрiгуiн растайды: «Араб тилининг кенг тарқалиши узбекча (туркий)-арабча, узбекча-тожикча икки тиллик даврига туғри келади ва шу даврларда турки тилларга купгина арабий сузларнинг кириб келишига ва узлашишига олиб келади», -дейдi Т.И.Рахманов [5,16].

Бұл жөнiнде тағыда мынадай пiкiрлердi келтiруге болады: «Чиғатай давлати түрк тилида ва эрон тилида сузлашувчи қабила элат, халқлар яшовчи Урта Осиенинг маданий территориясида тузилди. Бу давлат узининг езма адабий тилини яратди», - дейдi У.Турсунов, Б.Уринбаев [6,43].

Өйткені шағатай тілі орта ғасырдың кезінде кеңірек қолданыстан орын алған болса, әрине, ескі өзбек тілінің жалғасып, дамуына өзіндік үлес қосқаны айдан анық. Себебі Науаи, Бабыр, М.Салық жазбаларының тілі шағатай тілінің еркін жазба тілінде қолданылғандығын растайды. Осындай пiкiрдi А.Мухтаров былай келтіреді: «Баъзан чиғатай улисида қулланган адабий тил купинча эски узбек тилининг риважланиши учун еки Алишер Навоий давридаги эски узбек адабий тили учун асос булиб хизмат қилганлиги курсатилади» [7,49].  

Тағы бір айта кететін мәселе, сол кезеңде араб тілімен бірге парсы тілінің сондай-ақ түркі тілдерінің жаңа бір қарқында жарыса қолданылғандығын көруге болады. Бұл сол заман өкілдерінің тілді меңгеруінің нәтижесінде саралауға болатын сияқты. Айталық, Науаи Гератта туып өскенiне қарамастан өз шығармаларын түркі тiлiнде жазды деген мәліметтер жеткілікті. Оны сөз еткен Бабырдың да екі тілді меңгергенін жиі кездестіреміз. Ойымызды жандандыру үшiн И.В.Стеблева пiкiрiне жүгiнемiз «как многие образованные люди всего времени, Бабур был двуязычным автором: писал и на тюркском, и на персидском языках», - дейдi [8,31]. Міне мұндай пікірді Науаиға да айтып келеміз. Ол парсы тілінде де, түркі тілінде де қалам тартқан.

Олай болса, Науаи да, Бабыр да сөз еткен тілдерді жақсы меңгерген. Сол қос тілді ортада өмір сүрген деп айтуға толық негіз бар. Мұны олардың тілін зерттеген ғалымдардың пікіріне сүйеніп келтіруге де болады.

Науаи тiлiнде де, Бабыр шығармалары тiлiнде де араб, парсы тiлдерiнiң қолданылғандығы заңды құбылыс. Науаи шығармаларының лексикасына зерттеу жүргiзген Б.Бафоев араб, парсы тiлдерiнiң сөздiк құрамын проценттiк мөлшерде былай көрсетедi: «Изветно что Навои в своих произведениях написанных на узбекском языке, использовал (без повторов) более 26 тыс. слов. Из них более 30% состовляет «чисто» арабские слова и 21% - «чисто» персидские» [9,124].  

Бабыр да өзiнiң «Бабырнамасында ана тiлiнде мақалалар мен сөз тiркестерiн кең қолдана отырып, орны-орнымен парсы-тәжiк халық мақалаларын өз пiкiрiн анық және нақтылай түсу үшiн қолданылып келген. Бұл Бабырдың парсы-тәжiк говорларын жақсы бiлгендiгiнен хабар бередi» -деп келтіреді Х.Назарова [10,26].  

Бiрақ Бабыр өз шығармарларында араб, парсы тiлдерiнен енген сөздердi Науаиға қарағанда аз мөлшерде қолданған. Ол жөнiнде Х.Назарованың мына пікірін келтiруге болады: «Бобирнома» тилини ачиклаб урганилганда, шу нарса аникландики, унда хаммаси булиб, 167 та форс-тожик, 26 та арабча аникловчили бирикма қулланган» дей келе «шунунгдек, Бобир асарлари тилида халқимиз нутқига кириб узлашмаган араб, форс сузлари, иборалари Алишер Навоий тилига нисботан камроқ қулланган деб бемолал айтиш мумкин. Чунки Бобир ифоданинг содда булишига катта эттибор берген эди» [10,32].  

Ойымызды түйіндей келгенде, шағатай тілі термині орта ғасырда өмір сүріп, кең қолданыс тапты. Оның әсері күні бүгінге дейін тілімізден орын алып келеді. Өйткені жазба тілдегі дәстүр жалғастығы осы кірме сөздердің тіліміздегі арасалмағын ашып көрсетеді. Ал шағатай тілі терминінің лексикалық құрамындағы кірме араб, парсы сөздерінің орын алуының ролі ерекше. Сондықтан шағатай тілі термині тілімізге кірме сөздердің сөздік қорымызда қалыптасып, орнығуына өз септігін тигізгенін, сондай-ақ оның белгілі дәрежеде қалыптасуына үлкен септігі барлығын ерекше атап өту қажет-ақ.   

Әдебиеттер:

1. Оразов М. Шағатай тiлi. Қазақ ССР ҒН хабарлары. Тiл, әдебиет сериясы, 1991. 4, - 42б.

2. Хидаятов Г.А. Моя родная история. - Ташкент, Укитувши, 1990. - с.151.

3. Боровков А.К. Лексика среднеазиятского тефсира. Изд-во Восточной летературы . -М., 1963. - с.13.

4. Щербак А. М.  Грамматика староузбекскаго языка. Изд-во АН СССР. -М.- Л., 1962. - с. 72.

5. Рахманов Т.И. Xозирги өзбек тiлiдәги арабча үзләшма сузлар семантик түзилишидәги узгәришләр. Дисс. кан. фил. наук.  - Наманган, 1994. 16 б.

6. Турсунов У., Уринбоев Б. Узбек адабий тили тарихи. - Т., 1982. 43 б.

7. Мухтаров А., Санақулов У. Узбек адабий тили тарихи. - Т., 1995. 49 б.

8. Стеблева И В. Поэтическое творчество Бабура. Советская тюркология.  – Баку, 1983. - с. 31.

9. Бафоев Б. Лексика произведений Алишера Навои. Дисс. док. фил. наук. - Т., 1982 - 124 б.

10. Назарова Х. Бобир ва узбек адабий тили. - Т., 1971. -26 б.