Таттимбетова К.О.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті филология, әдебиеттану

және әлем тілдері факультеті

қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы

 кафедрасының магистранты

Қазіргі қазақ лирикасындағы көркемдік ізденістер

Қазақ әдебиетінің тарихында еліміздің тәуелсіздік арнасына түскеннен кейінгі кезеңі өзіндік даму бағытымен, көркемдік ізденістерімен ерекшеленеді. Тәуелсіздік әкелген өзгерістерді, рухани әлеміміздегі желісі үзілмеген тарихи сабақтастықты, азат сана тудырған айшықты оралымдарды осы кезендегі ақындар шығармашылығынан айқын анғарамыз. Тың тыныс, соны серпінді байқаймыз. Әрине, ұзақ жылдарға созылған азаттық таңын аңсау мен оған жету жолындағы қоғамдық күрестердің һәм олар туындатқан тарихи оқиғалардың төл поэзиямызға тигізген acepi ерекше eкeні cөзciз.

Қоғамда орын алған елеулі оқиғалар мен өзгерістердің ел санасына әсері тимей қоймайды. Бұл құндылықтар жүйесінің өзгеруіне, қалыптасқан дүниелерді басқаша бағалауға алып келеді. Алайда, санадағы өзгерістер толқыны бірден күш алмай, барынша баяу жүреді. Егемендік алған алғашқы жылдары ақындарымыз азат күнді жаппай жырлағанмен, олардың көбici өткен күннің мақтау үлгісінде болғанын да жасырмауымыз керек. Аға буын акындар кеңестік мектептің ұраншыл мақамымен жаңа заманды жырлауға кipiciп кеткенің байқамай да қалдық. Алайда, уақыт өзгерсе, адам да өзгереді, ұрпақ алмасып, ескінің орнын жаңа толтырады. Сананың болмысты тануы басқа әрекетке ауысқан сәтте көрінетін кұбылыстың түpi ғана емес, iшкi мазмұны да алмасады. Осыған байланысты адам санасындағы өзгерістердің болатынын айтып жатудың өзі артық. Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиялық шығармалардың көркемдік, идеялық және әдіс-тәсілдік салада да өзгеріске түскенің атап айтқан жөн. Кейбіреулері негізгі айқындаушы стиль ретінде қалыптаса алмаса да қоғамның даму барысында, еркін ойлаудың шынымен-ақ шығармашылықта орын алғанын көруге болады.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясында жанрлық, поэтикалық өзгерістер мәдени өмірімізде жаңаша қарқынмен көрінгенін байқауға болады. Поэтикалық шығармашылыққа жеке-дара мағына дарыту арқылы заманауи мәтін аясындағы ұлттық және кірме жанрларды ұштастыра отырып, қазіргі замандық тіл мәдениетінің көркем эстетикалық қуатын байыта түсті.

Қазақ халқы XX ғасыр басында бас көтерер азаматтарынан, рухани көшбасшыларынан айрылып, біршама уақыт бағдарсыз қалғандай күй кешкені ақиқат. Мұның рухани әлеміміздегі жетекші салалары - әдеби шығармашылыққа да кepi әcepi тимей қоймады. Кеңестік идеология ұлттың тарихи жадын әлсіретіп, рухани сабақтастықтың үзілуіне алып келді. Соған қарамастан, азаттық идеясы ауық-ауық жаңғырып, тәуелсіздік жолындағы күрес ешқашан толастаған емес. Қайта уақыт өткен сайын ол шыңдалып өсе берді, жетіліп өркендей берді. Қасым жырларының романтикасы, Мұқағали өлендерінің лирикалық лебі, Фариза шығармашылығындағы мінез бен өрлік, Төлеген жырларындағы мәігілік сағыныш сарындарынан, одан кейінгі Кеңшілік, Жұматай, Жарасқан т.б. ақындар өлендерінен азаттық таңын аңсаған, тәуелсіздік идеясын тербеген желілерді табу қиын емес.

Кеңестік дәуір әдебиетіндегі азаттық идеясы бұрынғы ашық күрескерлік рухын өзгертіп жайма-шуақ мамыражай қалыпқа түскені рас. Алайда тәуелсіздікті аңсау бұл ретте даланы аңсау, ауылды сағыну, тауды көксеу, ұлттық ерекшеліктерді жырлау, тарихи тақырыптарға, тарихи тұлғаларға арнап туындылар жазу сипатында көрініп отырды.

Мұқағали ақынның «Ескі ауылды еске алу» өлеңінде берілген ауылды аңсау желісінің негізі азаттық идеясымен тамырлас жатқанын байқауға болады. Жалпы кеңес дәyipi кезеңіндегі поэзиядағы ақсақал-қарт, дала мен тау, әже, ауыл, шанырақ т.б. ұлттық ерекшеліктер туралы жазылған шығармалар бостандық туралы ойды өрістетудің өзегі десек қателеспейміз.

Осылайша жылдар мен жылдарды жалғастырып, баба ұрпақ пен бала ұрпақ арасьшдағы сабақтастыққа негіз болып жатқан тәуелсіздікке де қол жетті. Біз үшін XX ғасырдағы ең басты жетістік – тәуелсіздік.

Сана бостандығының нәтижесі ретінде туындаған тәуелсіздік жылдарынан кейінгі әдебиеттің біз үшн ерекшелігі мол, құны жоғары. Егемендік қоғамдық санаға ерекше cepпіліс әкелді. Оларды азаттық таңы туралы жазылған өлеңдерден байқауға болады.

Мұз кұрсанған ақ көрпеге оранған,

Қиын-қыстау, сары аяздан, бораннан,

Қорықпастан менің туған бөбегім -

Мемлекетім азаттығым оралған, - деп, Ғафу Қайырбеков жырлаған тәуелсіздік иci қазақты ғасырлар бойғы толассыз күрестерге жетелеген болатын [2, 4 б.].

Әдебиетке 80-жылдардың соңы 90-жылдардың басында араласқан буын өкілдері қазақ әдебиетіне нағыз тәуелсіздік рухын алып келді десек, қателесе қоймаспыз. Ол буыннан бөле-жарып Т.Әбдікәкімұлын, Н.Мәукенұлын, С.Нұржанды, Г.Салықбайды, Ж.Әскербекқызын, М.Райымбекұлын, одан кейінгі толқыннан Ж.Сәрсекті, Б.Бабажанұлын, Б.Алдиярды, Д.Берікқажыұлын атауға болады. Бұл буын Кеңестік дәуірдің соңғы қыспағын көрді және тәуелсіздік отынын тұтануына ортақ болған желтоқсан оқиғасына кейбіреулері куә болса, ал көрмегендері лебін сезінді. Шығармашылық қуаттарының енді қалыптаса бастаған шығында қоғамда болып жатқан өзгерістердің аталған буынның ақындық амбициаларын ұштап, жаңа бастауға жол ашқаны анықталды.

Tayeлсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясының поэтикалық тұлғасын жасайтын әдеби көркемдіктердің тұтастығы ақындарымыздың өзіндік сөз қолдану, түрлендіру, құбылту, ауыстырудағы жетістіктерімен ерекшеленетінін айту керек. Олар поэтикалық тіліміздің бай қорын, тілдік мүмкіндігіміздің терең құбылысын жасап отыр. Бір өлеңнің бойында қолданатын бірнеше көркемдіктің тұтастығы өлеңнің баяндаушылық немесе қарапайым ауызекі қолданыстағы бос сөздерден айырылып, суреттілікке, образдылыққа, терең мағынаға мән беруге итермелейді. Демек, тәуелсіздік кезеңіндегі шығармалар осы кезеңнің тарихи-әлеуметтік мазмұнының көрінісі ғана емес, әдеби-тілдік қазынамызды байытушы қор қызметін де қатар атқарады. Ой еркіндігінің жаңа ой, сөз тудырудағы мүмкіндігі мол.

Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясы өзіне дейінгі ұлттық әдебиетіміздің ең асыл, аса озық дәстүрін жалғастыра отырып, дәуірге сай жаңа көркемдік танытып отыр. Тәуелсіздік идеясы қазақтың ауыз әдебиетінде, жыраулар әдебиетінде, одан бергі әдебиет өкілдерінің туындыларында жалғасын тауып келеді.

Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиялық шығармалардың көркемдік сипатына басты арқау болған - азаттық идеясын көтерген тарихи-рухани құндылықтардағы сарындар мен көркемдік әдіс-тәсілдер екенін көруге болады. Егемендік жарияланған күннен кейінгі поэзиялық шығармаларда көне түркі сарыны, жыраулар әдебиетінің үлгіci, Мағжан Жұмабаев бастаған романтикалық-символистік бағыт көптеген шығармашылық иелерінің айқындаушы cтилі ретнде қалыптасты.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. – Алматы: Жалын, 2001. – 464 б.

2.     Қайырбеков Ғ. Мемлекетім менің // Қазақ әдебиеті. – 1996. – 17 желтоқсан.

3.     Салықбай Г. Аспандағы аңсарым. – Алматы: Жазушы, 2001. – 192 б.

4.     Алдияр Б. Өмір өзен. – Алматы: Жазушы, 2005. – 117 б.

5.     Берікқажыұлы Д. Көңіл құпиясы. – Алматы: Жазушы, 2006. – 156 б.