Баянбаева Ж.А.,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

 

ӘУЕЗОВТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым – филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Қауасқанұлы Майтановтың шығармашылық мұрасының біршама бөлігін әуезовтану саласындағы еңбектер құрайды. Қызметі мен шығармашылығына зер салсақ, ғалымның өмір жолына желі болып тартылған үлкен тақырыптардың бірі Әуезов екен. Ол М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына филология ғылымдарының кандидаты Д.А.Қонаевпен бірге жетекшілік еткен 1998-2000 жылдары осы саладағы біршама ауқымды жұмыстарды тындырымды түрде атқарып шықты. Бақытжан Қауасқанұлының тікелей жетекшілігімен мұражай қызметкерлері «Мұхтар Әуезов және әлем әдебиеті», «М.О.Әуезов шығармашылығындағы этномәдени дәстүрлер және ұлттық өрлеу үдерісі», «М.О.Әуезовтің көркемдік-эстетикалық ізденістері», «М.О.Әуезов дәстүрлері және қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдістері», «М.О.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» атты іргелі ғылыми-зерттеу  жобалары бойынша жұмыстар жүргізді. «Абай және М.Әуезов» ғылыми жобасының негізгі орындаушыларының бірі ретінде де едәуір еңбек еткені белгілі. Б.Майтановтың басқаруымен жүзеге асқан осындай ғылыми-зерттеу жобаларының нәтижесі «М.О.Әуезовтің этномәдени дәстүрлері» (2004), «М.О.Әуезовтің көркемдік-дүниетанымдық ізденістері» (2007), «М.О.Әуезов және қазіргі қазақ әдебиеті» (2009), «М.О.Әуезов шығармашылығындағы тәуелсіздік идеясы» (2009) атты ұжымдық еңбектермен көпшілік қауымға ұсынылды. Айтары бар, терең ғылыми толғаныстардан туған мазмұнды кітаптар.

Бақытжан Майтанов – «Мұхтар Әуезов» энциклопедиясы (2011) сынды бағалы еңбектің де дайындалып, жарық көруі ісіне қатысқан ғалымдардың бірі. Осы басылымның редакциялық алқасына төрағалық етуі әрі оның негізгі авторларының бірі болуы Б.Майтановтың әуезовтанудағы алар орнын айқындай түседі. М.О.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағының соңғы 50-томы 2011 жылы жарық көргені, осы жинақтың ТМД елдерінде теңдессіз, бірегей басылым ретінде көпшілікті дүр сілкіндіргені баршамыздың есімізде. Ал осы жобалық тақырыпқа 4-томнан 50-томға дейін жетекшілік еткен, басылым редакциясы төрағасының орынбасары міндетін абыройлы атқарып келген Б.Майтанов еді. Әдебиеттанушы ғалымның әуезовтану саласындағы еңбегі осындай маңызды тарихи мезеттермен ұштасып жатыр.

М.Әуезов тақырыбындағы зерттеулері ғалымның осы еңбегінде шоғырланып, қазіргі жалпы ұлттық әдеби үдеріспен біте қайнасқан күйінде ұсынылған. «Ұлттық мұрат және Мұхтар Әуезов поэтикасы» атты алғашқы тарауда ұлы жазушының шығармашылығы бойынша тың теориялық зерттеулер жүргізілген. М.О.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздерін саралау барысында ғалым этнос теориясы мен «қазақ» ұғымының терең тамырларына үңіліп, философиялық-эстетикалық толғаныстарымен бөліседі. Қазақ елінің ұлт ретінде қалыптасу жолы, тұрмыс-салт және мәдениет мәселелері тарихи-мәдени тұрғыда жан-жақты қарастырылып, ұлттық ділдің М.Әуезов публицистикасындағы көркемдік сипаты тақырыбьнда терең зерттеу жүргізілген. Ғалым ұлттық архетип, ұлттық мінез және бейне мәселелерін этнопсихология тұрғысынан қарастырып, тың тұжырымдар жасайды. Талдау барысында мәтіннен келтірілген үзінділер М.Әуезов прозасындағы этномәдени дәстүрлердің рухани-танымдық, эстетикалық маңызын айқындауға, ұлттық сөз өнеріндегі М.Әуезов дәстүрі жайлы толымды пікір білдіруге дәйекті негіз болған. М.Әуезов очерктеріндегі ұлттық мінез мәселесіне байланысты толғамдарды зеделеу барысында Б.Майтанов былай дейді: «Ұлттық рух – қолдан егіп, өсіруге қиын, табиғат, қоғам заңдылығы бойынша ұжымдық ырықсыздық түрінде сана мен жан түкпірінде түйін салатын құбылыс» (1, 43-б.). Зерттеушінің осы тектес тарихи-философиялық ірі ойлау қарымын танытатын мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Осы бөлімде М.Әуезовтің проза, драматургия жанрларындағы көркемдік-эстетикалық ізденістерін ғылыми саралауға кеңінен орын берілген. Жазушының драмалық шығармалары қаһармандық асқақтық, әсемдік, драматизм, трагизм эстетикалық категорияларының көркемдік сипаты, тұтас характер мен бейнені сомдаудағы рөлдері тұрғысында талдау нысанына айналған. Зерттеуші ұлттық сөз өнеріне тән рухани-адамгершілік мұраттарды көркем кестелеудегі романтикалық, реалистік эпистемологиялар сабақтастығына назар аударады. М.Әуезовтің жазушылық қарым-қабілетін танытқан алғашқы әңгімелері мен повестері шығарманың баяндау жүйесіндегі фольклорлық дәстүрлер мен мифтік сарын, интертекст историзм сынды категориялар аясында терең зерделенген. Осы орайда қаламгердің алғашқы туындыларының стильдік-көркемдік қырына ғалым былайша баға береді: «М.О.Әуезовтің 1920-30 жылдардағы әңгіме-повестерінде сол тұстағы ұлттық проза үрдістерінен өзгеше көркемдік-эстетикалық таным айшығы байқалады. Ол жазушының тақырып етіп алған өмір құбылыстарының бұрын көзге іліне бермейтін тосындығынан, қыр тұрмыс-тіршілігіне деген жаңа көзқарастан, шығарма нысанын бейнелеу, астарлы тұжырым түю және стиль поэтикасынан да аңғарылады» (1, 71). Зерттеу барысында М.Әуезов шығармашылығындағы эпикалық және психологиялық баяндаудың эпистемологиялық параметрлері, олардың арақатынасы мен шығарманың сюжеттік-композициялық құрылымындағы рөлі айқындалған.

Б.Майтановтың ғылыми стиліне тән бір ерекшелік – ғалым зерттеу нысанына алынған материалды құрғақ шолып шығуды көздемейді, мәтіннің ішкі-ысртқы сипатында басымдық танытқан  көркем ерекшелікті тани біліп, оны теориялық өзекті мәселе деңгейіне көтереді. Сөйтіп, жеке жазушының творчестволық ізденісі аясында қалып қоймай, тұтас әдеби үдерістің заманауи сипат-белгілерін ашуға ден қояды. Осы орайда белгілі ғалым филол.ғ.д., профессор А.Б.Салқындайдың Б.Майтанов ғылыми стилі жайлы мына бір сөздерін келтіріп өткіміз келеді: «М.Бахтиннің автор мен көркем шығармаға қоятын талаптары мен тілектерін теориялық тұрғыдан тереңдете отырып, Б.Майтановтың өзі де қазақ әдебиетінде М.Бахтин деңгейіне көтерілді. Ғылымның даму эволюциясына синергетикалық заңдылық орындалатынын еске алсақ, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Майтановтың қаламынан шыққан ғылыми зерттеулер де қазақ әдебиетінің сыны мен теориясынан өзінің ойып орнын алатыны даусыз» (2)

Эпитет теориясы, әдеби нормалар, пейзаж семантикасы сынды мәселелер төңірегіндегі ғылыми пайымдар автордың терең талдаулар негізінде түйінделген дербес ой-толғамынан шығып отырады. Жалпы М.Әуезов творчествосы бойынша автордың қалам тербемеген саласы жоқтың қасы деуге болады.   

Қазақ әдебиетіндегі пейзаждық суреттемелердің гносеологиялық және эстетикалық деңгейлеріне, шығарма мәтіндерінің сюжеттік, графикалық, интонациялық, стилистикалық қырларына жүргізілген тиянақты талдаулар поэзиядағы Махамбеттен бергі, ал прозадағы М.Әуезовтен бергі көркемдік даму сатылатын айшықтайды. Осы орайда көркем сөз зергерлерінің шығармашылығы уақыт пен кеңістік, архетип, автопортрет сынды нақты категориялар аясында зерттеліп, ұлттық әдеби-көркем үдерістің бет-бағдарын танытты.

Зерттеуші арнайы тарауда эпитет теориясына тоқталып, оның М.Әуезов стилінде көркем игерілу үдерісін жан-жақты қарастырады. Әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының эпикалық-психологиялық баяндау жүйесіндегі  қаламгер шеберлігі осы эпитет теориясы негізінде ғылыми сараланады. Талдау барысындағы ғалым тарапынан келтіріліп, тиек тиек етілетін айшықты мысалдар жаңашылдығымен ерекшеленеді. М.Әуезов шығармашылығы мен қазіргі прозадағы эпикалық дискурстер, ұлттық сөз өнерінің көркемдік-стильдік табиғаты, реалистік, модернистік бағдарлар мәселелері тығыз сабақтастықта бағамдалады. Б.Майтановқа тән ғылыми зерденің тағы бір ерекшелігі – ізденімпаздығы. Әдебиеттануда тұжырым тауып, бейне бір шешімін толық тапқандай көрінетін мәселелерді жаңаша зерделеп, міндетті түрде тың ойларға қозғау салатындығы. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын мотивтегі препозиция мен постпозицияның көркем көрінісі, уақыт пен кеңістік, баяндау дискурсы аясында Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», М.Мағауиннің «Аласапыран», т.б. романдарымен салыстыра зерттеу ыңғайын біз осындай ғылыми ізденімпаздықтың көрінісі деп бағалаймыз.

Біз бұл мақалада Бақытжан Майтановтың әуезовтану саласындағы бірсыпыра еңбектерін атап өттік. Мұның сыртында ұлы жазушының мұрасын зерттеп-зерделеу, жарыққа шығару, насихаттау бойынша айталмай кеткен қоғамдық, мәдени, ғылыми еңбектері қаншама. Мұхтар Әуезов творчествосын бүгінгі ғылыми әдіснама тұрғысынан жаңаша зерттеуге арналған «М.Ауэзов в литературной жизни Литвы» («Керуен», 2007), «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы: «еркіндік» архетипі» («Ақиқат», 2010), «Абай жолы» және тәуелсіздік рух: автор және адресат» («Ақиқат», 2010) сынды көптеген мақалаларының соңғы уақыттарда баспасөз беттерінде үзбей жарияланғанының өзі Б.Майтановтың әуезовтануға деген адалдығының белгісі деп топшылаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Майтанов Б.Қ. Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер: зерттеулер, эсселер. – Алматы: Жібек жолы, 2009. – 544 бет.

2 Салқынбай А. Қазақ әдебиетінің Бахтині // Ақиқат, №3, 2012 ж., наурыз.