ф.ғ.к., профессор Шаяхметова М.Х.

 

«Тұран-Астана» университеті, Қазақстан

 

ӘДЕБИ ТІЛДІҢ ФОНЕТИКАЛЫҚ (ДАУЫССЫЗ ДЫБЫСТАР) ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Қазақ әдеби тілінің фонетикасында дауыссыз дыбыстар жүйесінде де өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі қазақ тілінің дыбыстық (фонетикалық) құрамын талдауға арналған оқулықтар мен ғылыми грамматикаларда тіліміздің дауыссыз  дыбыстар жүйесінде олардың жуан-жіңішке болып келуінде, айтылуында фонетикалық қасиет жоқ деп беріліп жүр, өйткені дауыссыздардың жуан я жіңішке болып айтылуының мысалы, сал-сал, ұн-үн, тұр-түр, бар-бер, тоз-төз т.б. параллель сөздердегі дауыссыз дыбыстардың акустикалық, артикуляциялық ерекшеліктері, қасиеттері бірдей емес: сәл дегенде с, л дыбыстары ә дауыстысының әсерінен жіңішке айтылады да, сал дегендегі с, л дыбыстарынан гөрі тіл ілгері қарай сүйірленеді. т.б.) сөз семантикасына әсері жоқ, сөз мағынасына ұйтқы болмайды, ал бұл параллель сөздердің әртүрлі мағынаға ие болып, әрқайсысы жеке-жеке сөз болып тұруы  дауысты дыбыстарға байланысты,  яғни бұл параллель сөздердің әр сыңарын жеке  мағынаға ұйтқы етіп тұрған – дауыстылар. Бұның өзі белгілі бір жүйе екенін басқа тілдермен салыстырып  қарасақ, айқын көреміз. Мысалы, орыс тілінде мел және мель, угол және уголь, кон және конь сияқты сөздердің мағынасы соңғы дауыссыз дыбыстардың жуан я жіңішке болып  айтылумен тығыз байланысты, яғни дәл осы дыбыстардың жуан-жіңішкелілігі мағына ажырату қызметін атқарып, фонематикалық қасиетке ие болады, сөйтіп, олардың жіңішке түрлері бөлек-бөлек фонема да, жуан түрлері бөлек-бөлек фонема.

Дәл осындай дауыссыз дыбыстардың фонематикалық қасиеті көне түркі тілінде де болған. Соған лайық жуан дауыссыз дыбыс жіңінкенің сыңарынан ажырататын өз алдына бөлек жеке таңбамен, әріппен белгіленіп отырған. Сондықтан көне түркі жазба ескерткіштерінде көбінесе сөз ішінде дауысты дыбысты  білдіретін әріптер жазылмай, дауыссыздың жуан-жіңішке болу ерекшеліктеріне қарай, оған сәйкес оқылады. Мысалы, Күлтегінге арналып қойылған ескерткіштегі жазба мына сөйлеммен басталатыны белгілі: «Тәңірі тег тәңірде болмыш түрік  білге қаған бу өлке өдуртын ».

Тәңіріде көкте (яғни жоғарыда) болған түрік білімді қағаны бұл орынға отырдым. Міне осы сөйлем таста былай қашалып жазылған (бұл сөйлем қазіргі орфогрмаммен беріліп, жіңішке дауыссыз дыбысты білдіретін әріптердің қасына  жіңішкелік белгісі ь қойылады да, жуан дыбысты білдіретін әріптер ешбір белгісіз қазіргі қолданып жүрген әріптермен берілді.

Қазірігі қазақ тілінде, бәлкім осы көне түрік әдеби тілінің қалдығы, әсері болар, қ, ғ, және к, г дыбыстары жеке-жеке фонема болып саналады. Шынында да қ, к және ғ, г қатаң және ұяң дыбыстар бір-бірімен тілдің қатысына қарай жуан және жіңішкелік қасиеттерімен ажыратылады. Сондықтан да қазақтың байырғы сөздерінде қ, ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен тіркесіп, көршілес келеді де, жіңішке дауыстылармен бір сөздің құрамында қатар я көршілес қолданылмайды. К, г дауыссыздары да бір сөздің құрамында жіңішке дауыстылармен көршілес айтылады да, жуан дауыстылармен көршілес айтылады да, бір сөздің құрамында жіңішке дауыстылармен көршілес айтылады да, жуан дауыстылармен қатар жұмсалмайды. Міне, бұл сияқты ерекшелік осы дыбыстардың бұндай қасиеті жоқ я сақталмайтын тілдерден енген сөздерді айтқанда да байқалып отырады және қ, ғ дыбыстарының жіңішкелік қасиеті сонша, олар көбіне сөйлеу тіліне көршілес жуан дауысты дыбысты жіңішкертіп жіберуге әсерін тигізеді: газет, киоск, кабель т.б. сөздер сөйлеу тілде газет, киөскі, кабель болып айтылады. Бұл ерекшелік соңғы буында осы дыбыстар бар.

Міне, осының өзі қазақ әдеби тілінде дауыссыз дыбыстардың  көпшілігі жуан-жіңішкелік жағынан фонематикалық қасиетінің болмауы, олардың көршілес дауыстының жуан я жіңішке түрінде қолдануына тәуелді болуы, өз алдына тұрақты жүйе, орныққан норма болып қалыптасқанын көрсетеді.

Қазіргі қазақ тілінде кейбір дауысты дыбыстардың сөз шенінде орын талғайтыны болады. Мысалы, орын жағынан м, п, т, к, қ, ш, с, ә дыбыстары универсал болып отырса, яғни бұлар сөздің барлық шенінде де: басында, ішінде, соңында қолданылып отырса, байырғы төл сөздерде басқа дыбыстар ондай қасиет көрсете алмайды. Сөз басында  сонор (р, л, н, ң, й, у - дауысты дыбыстар (й дыбысынан басқасы) кездеспейді, не себеп ұшырасады, ал сөз соңында ұяң дыбыстар (з және бірлі-жарым сөзде ш дыбысынан басқасы) айтылмайды. Бұл жағынан қарағанда қатаң дауыссыз дыбыстардың қолдаылуындағы позициялық мүмкіндігі мол. Бұлай болу кездейсоқтық емес.

Сондай-ақ дауыссыз дыбыстар комбинаторлық варианттарының болу-болмау жағынан да біркелкі емес. Мысалы, р, ң, ш, ж, с, з, х, һ сияқты дыбыстардың комбинаторлық варианттарда жұмсалады: л\д\т, н\д\т; м\б\п; г\к\ғ\қ. Бұны анық түсіну үшін бірнеше сөз бен сөз формасын алып қарайық: бала-лар, қыз-дар, хат-тар, бала-ның, қыз-дың, көр-ме, сүз-бе, кес-пе, бар-мақ, қаз-бақ, ұайт-пақ; іні-ге, мектеп-ке, бала-ға, жат-қа, шеге-ге, көз-де, тіс-те, тер-ле т.б. бұл берілген сөздер мен сөз формаларындағы –лар –дар) –тар, -ның-дың-тың, -ме, -бе, -пе, -мақ, -бақ, -пақ, -ге, -ке ,-ға, -қа, -ле, -де, -те, қосымшаларының өз ішінде бір-бірімен ешбір мағыналық, функциялық айырмашылық жоқ, бірі екіншісінің толық варианты. Сөздің (түбірдің) соңғы дыбысына байланысты қосымшадағы бұл дыбыстар (л\д\т,п\д\т, м\б\п, г\кғ\қ) бір-бірімен ауысып қолданыла береді. Міне, осындай дауыссыз дыбыстардың комбинаторлық варианттарымен дауыстылардың тіл қатысына топталып жіктелуінің негізінде тілімізде қосымша морфемалардың комбинаторлық варианттары қалыптасып тұрақтанады. Қазіргі қазқ әдеби тіліндегі сөз тудырушы, сөз түрлендіруші жұрнақтар мен жалғаулардың бірнеше варианты болуы міне осы фонетикалық ерекшелікке тығыз байланысты.

Дауыссыз дыбыстардың комбинаторлық ерекшеліктері негізінде тіліміздің екінші бір фонетикалық заңдылығы - дыбыс үндестік заңы (ассимиляция) қалыптасты. Дауыссыз дыбыстардың комбинаторлық варианттары қалыптасып, дыбыс үндестік заңының жүйелі түрде орнығуы дауыстылар сияқты дауыссыздардың да көршілес тұрғанда бір-біріне әсер етіп, өзіне жақындату қасиетіне сүйенеді. Сонымен бірге бұл құбылыс қосымшаның қалыптасу ерекшеліктерімен, тұрақталу дәстүрімен де тығыз байланысты болып келеді. Мынадай мысалдарға көз жіберейік: іні-лер, үй-лер, ер-лер, түн-дер, білім-дер, ел-дер, көз-дер, мектеп-тер т.б.

Дауыссыз дыбыстардың өзі дауыс қатысына қарай бірдей емес екендігі белгілі: кейбіреулері дауыс пен салдырдан тұрып, дауыс басым болса, кейбіреулерінде салдыр басым болады, енді біреулері жаппай салдырдан тұрады. Міне, осы ерекшеліктеріне қарап дауыссыздар үнді (сонор), ұяң, қатаң деген топтарға бөлінеді. Әрине, осы топтарға енетін дыбыстардың дауыс қатысы жағынан дәрежесі бірдей  емес. Мысалы, у (тау дегенде) й, р, м, н, ң, л дауыссыздары бір топқа үнді (сонор) дыбыстарға  жатқызылғанмен, даусы пен салдырдың қатысы  бұлардың бәрінде біркелкі  болып келмейді. Мүмкін, бұл дыбыстарға біткен сөздерге кейбір қосымша жалғанғанда  байқалатын әркелкілік   (бірінде үнді дыбыстан басталатын  қосымша жалғанса: үй-лер, көсеу-лер, ер-лер, т. б. екіншілерде ұяң дыбыстан басталатын қосымша үстеледі: түн-дер, көл-дер, білім-дер, жеңдер т.б.) осыған да байланысты болар. Осы сияқты кейбір түркі тілдерде (қазақ қырғыз) үнді, әсіресе л дыбысына аяқталған сөздерге қосымшаның  л дыбысынан варианты жалғануға тиісті болғанымен, ол өзгеріп, д дыбысына айналу немесе д дыбысынан басталатын қосымша вариантының жалғануы диисимиляциялық құбылыс деп аталыпжүр. Сонымен бірге бұл сияқты ала-құлалық дыбыстардың артикуляциялық-акустикалық ерекшеліктеріне, қосымшалардың қалыптасу, абстракциялау дағдысы мен дәстүрлеріне де байланысты  болып келеді.

Әдебиеттер:

1.     С.М. Исаев, М.Х.Шаяхметова. Әдеби тілдің нормалары туралы. - Алматы, 1987.

2.     К.Аханов. Тіл білімінің негіздері. - А., 1973.