Атабай Б.А.

Л.Будагов  сөздігіндегі  қазақ лексикасының келбеті

  Осы жылы түркітану ғылымында өзіндік орны бар Лазар Захарович Будаговтың   дүниеге келгеніне 200 жыл болды. Л.З.Будагов  1812 жылы 12-сәуірде Ресейдің Астрахань қаласында армян жанұясында дүниеге келген. Бастауыш білімді жергілікті армян училищесінде, орта білімді Астрахань гимназиясында алған ол, кейін Қазан университетіндегі филология факультетінің шығыс тілдер бөліміне оқуға түсіп, 1890 жылы «Мұхаммед және оның ілімдері» атты дипломдық жұмыс жазып, сол зерттеуі үшін алтын медальмен  марапатталып, университетті  ғылым кандидаты дәрежесімен бітіріп шығады. Қазан университетін бітіргеннен кейін, Тифлиске келіп ерлер гимназиясы мен қыздар институтында қатар ұстаздық қызмет атқарады. 1844 жылы  Санкт Петербург университетінің шығыс тілдері факультетіне  шақырылып, онда өмірінің соңына (1878жыл ) дейін  дәріс оқыған.

   Бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған Л.Будагов біраз еңбек те жазған екен, олар: «Турецко татарский словарь» Тифлис, 1844: «Практическое руководство турецко татарского, азербайджанского наречий». Москва. 1857 және  «Сравнительный словарь турецко татарских наречий» атты сөздігі.

      Л.Будаговтың аты аталған еңбектерінің қайсысы болсын, түркітану үшін сол заманда практикалық тұрғыда аса бағалы болғаны даусыз.

    Бірақ «Сравнительный словарь турецко татарских наречий» атты сөздігі солардың ішіндегі ең шоқтығы биік дүние болды және әлі күнге дейін құнын жойған жоқ. Осы кітапты түркітануға, оның ішінде қазақ тілі үшін аса қадірлі еңбектердің бірегейі деп  айтатын болсақ, еш қателеспейміз.

     Бұл еңбек екі томнан тұрады, біріншісі 1869 жылы, екіншісі 1871 жылы жарық көрген. Бір жарым ғасырдан кейін (1960 жылы)  фото көшірме түрінде бар болғаны 1000 данамен, аз тиражбен қайта басылып шыққан. Қазір бұл сөздік сирек библиографиялық еңбектер қатарына жатады. Бір қуантатын жағдай – осы сөздіктің электрондық көшірмесі  интернет жүйесіне тіркеліпті [1].

    Л.Будаговтың бұл еңбегі салыстырмалы- тарихи әдіспен түзілген. Атауы «Түрік татар тілдерінің салыстырмалы сөздігі»  (Сравнительный словарь турецко-татарских наречий) болғанымен, онда түркі тілдерінде жиі қолданылатын араб, парсы, моңғол, орыс және кавказ сөздері де көп келтірілген. «Татар» деген сөз бұл жерде шартты түрде алынған. Ол кезде «татар» деп бүкіл түркі халықтарын немесе  түркі халықтарының белгілі бір бөлігін атағаны тарихтан белгілі. Сондықтан сөздікте берілетін «тат» деген белгі жалпы түркі тілдерін білдіреді.

   Сөздікке барынша көрнекті деп, автор мынадай тізім ұсынған: азербайжан, алтай, башқұрт, қазақ, қырғыз, құмық, ноғай, ұйғыр, түрік, түрікпен. Жалпы, 24  тілге тән материалдар қатар беріледі де, олар өзара салыстырылып, жолма жол орыс тіліне аударылып отырады. Түркі тілдерінің кейбір диалектілерін жер атауларына қарай бұқарлықтардың, хиуалықтардың, фергандықтардың, қоқандықтардың, қашғарлықтардың тілі деп көрсетіп отырған. Сонымен бірге сөздікте түркі тілдерінің көне нұсқалары да жиі кездеседі. Бұл сөздер осман және шағатай тілідерінің сөздік қорынан алынған. Автор шағатай тіліне мысалды Рабғузидің «Қисасул анбия», Еділ бойы түркілерінің  және Орта Азия түркілерінің шығармаларынан берген.

    Қазақ тілі сөздікте «қырғыз тілі» деп беріледі. Қазақ тіліне қатысты материалдар Н.И. Ильминскийдің «қырғыз тілін оқуға арналған материалдарынан», В.В.Радловтың  «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері»  атты еңбегінен, Вамберидің «Шағатай  тілі сөздігінен», қазақ халқының даңқты жырлары «Ер Тарғын»  мен «Қозы Көрпеш- Баян сұлудан»  алынған.

       Сөздікте барлығы 16694 сөзтізбе (реестр) бар, І томда-11231, ІІ томда 5463 сөзтізбе.  Бұл сөздікте қазақ сөздерінің алар орны ерекше. 1225 беттен  тұратын бұл еңбекке 6000- дай қазақ сөзі, 205 мақал- мәтелі және  1 жұмбағы енген. Сөздіктегі тек қазақ сөздері берілген  тұстарын зерттегенде, ондай сөзтізбе саны 1049 екені анықталды. І томның алиф тарауында 201, ба тарауында  97, п тарауында  14, Т тарауында  66, джим тарауында 114, ч тарауында 11, дәл тарауында 30,  Ра тарауында 2, Зәйн тарауында 4, Ж тарауында 3, Син тарауында 28, Шин тарауында 78, Сад тарауында 77, Дад тарауында 1, Айн тарауында 2, ғайн тарауында 1 сөзтізбе бар. Толықтырулар бөлімінің алиф тарауында -16 сөзтізбе. ІІ томның  Қаф тарауында  115, Ха тарауында  58, ләм тарауында  6, мим тарауында  52, Нун тарауында  12, уау тарауында  1, йа тарауында  12, уау тарауында   сөзтізбе бар.  Толықтырулар бөлімінің алиф тарауында  76, ба тарауында 35, та тарауында 39, джим тарауында 15, дәл тарауында 17, зәйн тарауында 7, Син тарауында 16, Шин тарауында 31, Сад тарауында 25,  айн,та тарауларында 12, қаф тарауында  51 сөзтізбе ба. Зәл, ха, сә, за, фа, тарауларында қазақ сөздері жоқ.

   Бұл еңбек  түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігі болғандықтан, қазақ сөздері басқа түркі сөздерімен салыстырыла да берілген, ондай сөзтізбелер саны 1183.  І томда 715 реестр, оның ішінде алиф таруында 277, ба тарауында 133, п тарауында 13, тә тарауында 107, джим тарауында 44, ч тарауында 101, ха тарауында 1, Ха тарауында 9, дәл тарауында 33, ра тарауында 1, зәйн тарауында 5, син тарауында 52, шин тарауында 19, та   тарауында 36, айн тарауында 2, толықтырулар бөлімінде 3 сөзтізбе  сөзтізбеде қазақ сөздері өзге түркі сөздерімен қатар берілген. ІІ томда мұндай сөзтізбелер саны 478: қаф тарауында 180, кәф тарауында 89, ләм тарауында 9, мим тарауында 26, нун тарауында 13, уау тарауында 1, йа тарауында 160. Араб алфавитінің сә, зәл, дад, та, фа  уау тарауларында қазақ сөздерінің басқа түркі сөздерімен салыстырылып берілген сөзтізбелер  жоқ.

   Сөздікте берілген сөздердің сандық үлесін есептегенде, бірінші орында қ  әрпімен басталатын сөздер тұратыны байқалды. Екінші орында б, үшінші орында а,т,төртінші орында  к, бесінші орында с, алтыншы орында м, жетінші орында и, тоғызыншы орында ж, оныншы орында ч/ш әріптері тұратыны анықталды. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөздігінде де қ әрпі бірінші орында екенін ескеретін болсақ, Л.Будаговтың қазақ сөздерін тіркеудегі тиянақтылығына шүбә болмаса керек. Сөздердің сандық  үлесінің сәйкестігі алдында аталған 9 әріптің орнынан да байқалады. Түсіндірме сөздікте де осы әріптер алғашқы орында есептеледі [2. 23].

    140 жылдан астам ғұмыры бар  бұл сөздіктегі қазақ сөздерінің басым көпшілігі қазіргі қазақ сөздіктерінде бар екені салыстыру барысында анықталды. Л.Будагов түзген қазақ сөздері лексика-семантикалық тұрғыдан қарастыратын болсақ, олар: адамның дене мүшелері, тағам атаулары, тұрмыстық бұйым атаулары, туыстықты білдіретін сөздер, аспан денелерінің атаулары, табиғат құбылыстарының, аң-құс, балық, жәндік, үй жануарларының, асыл тастардың, адам және мал ауруларының атаулары, қазақтың ру атаулары, жер-су, календарь және уақыт, әртүрлі өлшем атаулары. 

           Қазақ тілінің сөздік қорында бар, алайда қазіргі сөздіктерге (түсіндірме сөздіктерге де, диалектологиялық сөздіктерге де, аударма сөздіктерге де) кірмей қалған сөздер көп, солардың арасында асқа қатысты сөздер де бар. Кейбір баламаларда аздап айырмашылықтар  бар болғандықтан, оларды ғылым сүйер қауым назарына  ұсынғанды  жөн санап отырмын.

     «Ас  адамның арқауы» демекші, бірінші тағам атауларына зер салып көрейік. Автор қазақтың  «айранын»  былай түсіндірген: «айран- кислое молоко, разведенное водою, которым прохлаждаются в летние жары, а киргизы часто им питаются». Л.Будагов бұл жерде сәл қателескен не материал жинау кезінде мәліметті қате бергендер де болуы мүмкін. Айранға су қосып ішкенді қазір шалап деп атайды. «Іріткі»  сөзін «кумысная закваска» деп аударыпты, мұндай мағынадағы сөз қазіргі тілімізде кезікпейді, еш сөздіктен таппадық та, ал түсіндірме  сөздікте «ірітіп жіберетін нәрсе» деп түсіндірілген. Бұл- диалектологтардың назарынан тыс қалған жергілікті ерекшелік те болуы мүмкін. Дәл осындай ауытқуды «қымыран» сөзінен де аңғаруға болады: «қымыран –смесь кумыса с коровьем молоком (это делается в случае недостатка дойных кобыл),  ал түсіндірме сөздікте «ашыған айранға піскен сүт қосып қосып сұйытылған сусын», дилектіде-«түйе сүтінен ашытылған сусын, шұбат» деп берілген. Сүтке қатысты тағы бір мысал - «қойыртпақ» сөзі. Бұл сөзді біз зерттеген еңбектен «майы алынған сүтті қымызбен араластырып жасаған сусын» деп тапсақ, қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде  айранға сүт қосып араластырғанда осылай аталатыны айтылған. Сөздікте жырға сөзі қазақ және татар тілдерінде «кислое молоко» деп аударылыпты. Бұл сөздің де баламасы қазіргі қазақ тілінің де, татар тілінің де сөздіктерінде жоқ. Соған қарағанда көне  сөз болуы мүмкін.

   Ет - қазақтың негізгі асы. Осы сөзге қатысты Л. Будагов екі түрлі тіркес берілген: Қақталған ет- провесное или копченое мясо, сүр ет тоже копченое, прошлогоднее [3.177]. Қазіргі сөздіктерде етті бұлай жіктеп түсіндірілмеген: Сүр ет- тұздап кептірілген ет [4. 461]. Ал   қазақша –орысша сөздікте қақтаған ет-вяленое мясо сүр ет- вяленое мясо [5.177]. Шынымен де бұл екі тіркесте мағыналық алшақтық бар ғой. Қазақ бірдеңені ұзақ ұстаса  «сүрлейсің бе?» демей ме?! Етке қатысты қазір тілімізде қолданылмайтын  тағы бір сөз назарымызға ілікті, ол- сарсым. Бұл сөзге автор былай түсініктеме берген: Сарсым это выражение относится к хорощо провяленному и прокопченному мясу и говорят «сарсым болып тұрады екен» [3. 685].

    Сөздікте ботқа мағынасын білдіретін «топ»  сөзі  бар, автор оны «каша» деп қана аударған. Диалектологиялық сөздікте сөктен жасалған ботқа, сүтке пісірілген көже деп берілген, көнетүркі сөздігінде бар: top- кушанье, приготовляемое  из пшеницы и овсяной муки. Шөлен сөзі туралы  біз әңгіме етіп отырған  еңбекте екі түрлі түсіндірме берілген, біріншісі шағатай тіліндегі нұсқасы, онда  бұл  қара халыққа  арнап дайындалатын ас делінсе, екіншісі қазақ тілінде шөлен немесе шөйлен  ханның жұма күні қызметкерлері мен әскеріне беретін асы деп түсіндірілген. Сонымен  қатар басқаларда ( түркі тілдес өзге халықтарда)   тарыдан дайындалатын ботқаны шуйла, шилан деп аталатыны жазылған [3.676].  Бұдан шығатын қорытынды шөлен барлық  түркі халықтарына ортақ көнеден келе жатқан ең қарапайым тағам түрі. Бұл пікіріміздің дұрыстығына  Т.Айдаровтың еңбегіндегі дерек те дәлел бола алады. Өзбекстанда тұратын қазақ говорларының арасында осы тағамға ұқсас ас туралы жоғарыда аты аталған автор жазған. Бұқараға жақын орналасқан Кенимех ауданының  қазақтарында тәжіктер тағамының әсері бар деп,    сол тағамдардың ішінде шөле,  шәуле (палаудың езіліңікіреп піскен түрі) деген атауларды берген [6.98]. Сөздіктегі баша сөзі де назарымыздан тыс қалмады, автор оны былай түсіндіреді: нижняя часть ноги, ножки бараньи и других животных,  употребляемые в пищу [3.307]. Мағынасына  қарай сирақ деген ұғымға мегзейді. Будагов башаны парсы тілінен енген сөз деп көрсеткен. Қазақ тіліндегі башай сөзі мен сөздіктегі баша сөзінің арасында семантикалық  байланыс бар.

  Киім- кешек, үй жиһаздарының атауларынан Л.Будагов сөздігіндегі күмі (күмү), күйә (күйе), жамшы, жиғамыт, қатырма, тозлық, әсер, самқал сияқты сөздер жоғарыда берілген мысалдар сияқты қазіргі қазақша-орысша, түсіндірме, диалектологиялық сөздіктерге енбей қалған. Қазіргі сөздіктерде енбей қалуы заңды да, себебі олар көнерген сөздер. Бұл атаулар бүгінгі жаңарған қазақ қоғамында қолданылмайды. Күйә- стеганый халат, надеваемый сверху [7.71]. Көппе- шерстяно ваточный кафтан жабағы тон  [7.142].

   Сөздіктегі күмү (кафтан подбитый овечью шерстью жабағы [7.164]) сөзі қазіргі сөздіктерде бар. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде 1) ішіне жабағы жүн салып тігілген сырт киім, шапан; 2) жеңіл сырт киім, плащ деп берілсе  [4. Ү том.350], диалектологиялық сөздікте Қостанай облысында күмпі жүн салған шапан деп берілген. Қазақ тілінде күпі сөзі болған, ол осы күмү, күмпілермен мағыналас сөз, шапанның атауы. Кең байтақ қазақ жерінде тігілу технологиясы бір бұл киімнің атауында аздап алшақтық болуы заңды құбылыс. Немесе Л.Будаговтың жазуда жіберген қатесі де болуы мүмкін.

    Киім атауларының арасынан жұтпар тон деген сөз назар аудартады, ол алтынмен кестеленген тон екен [3.753]. Мұндай киімді көркем әдебиеттен зерлі шапан деп оқып келгенбіз. Жұтпар тон деген сөздің қазақтың қай өңірінде қолданғаны немесе қолданылатыны туралы Л. Будагов еш белгі бермеген.

       Тіліміздің тарихында осындай қомақты орны бар  бұл сөздік бүгінгі күнде құнды мұра, қазақ тілінің сөздік қорының байлығын айқындайтын нақты дерек көзі. Оған дәлел, қазақ тілінің сан салалы мәселелерін ғылыми тұрғыдан қарастырған ғалымдардың осы еңбекке сүйенулері. Мысалы, Ә.Құрышжанұлы «Исследования по лексике тюркско- арабского словаря» атты зерттеуінде  Л.Будагов сөздігінің септігі тигенін атап көрсеткен. Этимологиялық зерттеулерде  бұл сөздіктің орны ерекше екенін Р.Сыздық, Ә.Нұрмағамбетов, Е.Жанпейісовтердің еңбектерінен, қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінен аңғаруға болады. Л.Будагов сөздігінің диалектология саласына да тигізген әлі де болса тигізер пайдасы зор. Диалектолог ғалымдар Т.Айдаров, Ш.Сарыбаев, О.Нақысбеков, А.Тасымов өз еңбектерінде аталмыш сөздікті барынша қолданған.

   Қазіргі кезде мақалдап сөйлеймін, мәнісін түсінбей бұрмалап сөйлейтіндер жиі ұшырасады. Мақалдың мағынасын түсінбей басқа тілге қате аударатындар да аз емес. Осындай олқылықтардың орнын толтырарда Л.Будагов сөздігінің кәдеге асатынан күмән жоқ, себебі мұнда берілген қазақ мақал-мәтелдері мен олардың  аудармасы бүгінгі күннің талабына сай берілген.

      Кеңестік саясаттың салдарынан ұлттық нышан, көптеген әдет ғұрып, салт дәстүрлеріміз де ұмытылардай  халге жеткен кездер болған. Әрине, тәуелсіздік алғалы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға мүмкіндік туды. Халқымыздың мәдени құндылықтарын тереңірек түсінуде Л.Будагов сөздігіндегі материалдардың  берері көп.

Әдебиет

1.     rutracker.org.

2.     Қалиев Б. Қазақ тілінің он томдық  түсіндірме сөздігін статистикалық  жағынан сипаттау. (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігін жасау тәжірибелері) Алматы,1989.

3.     Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. І том. Спб. 1869.

4.     Қазақ тілінің  түсіндірме сөздігі. І-Х том. Алматы. 1974.

5.     Махмудов Х., Мұсабаев Ғ. Қазақша-орысша сөздік. Алматы 1989.

6.     Айдаров Т. Қазақ тілінің диалектілік ерекшеліктері. Алматы, 1975.

7.     Будагов Л.З. Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. ІІ том. Спб. 1871.