ОРТАҒАСЫРЛЫҚ МӘДЕНИЕТТЕГІ МАХМҰД ҚАШҚАРИДЫҢ ДАНАЛЫҚ ІЛІМІ

 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

 

Садуов Бекзат Нұралыұлы

филос.ғ.к., доцент м.а.

 

РЕЗЮМЕ

         В данной статье рассматриваются роли средневековой культуры в учении тюркского мыслителя Махмуда Кашкари

 

SUMMARU

         The article deals with the role of medieval culture in the studies of turkie philosopher Mahmud Kashgari.

 

 

         Түркілік заманның ұлы тұлғалары қазіргі техногендік принципке, прагматизмге толы күрделі тарихи кезеңде өздерінің қандай қырларымен жұртшылық үшін маңызды? Әрине, бұл сауалға ең негізгі жауапты олардың даналыққа толы ілімдерінен, руханилықты шығармашылықтарына арқау еткендіктерінен табамыз. Сонымен қатар ғұлама бабаларымыз өмір бойы адамгершіліктің биік деңгейін, терең тамырларын іздеумен айналысқандықтан ғасырлардан өтіп келіп, қазіргі ұрпақты да тәрбиелеп. Болашаққа жол көрсетіп тұрғандай. Сондай даналыққа толы ілімімен танылатын түркілік заманның тарихи тұлғасына Махмұд Қашқариды жатқызамыз. Әрине, ол өзінің еңбегі мен даналығын адамдарды, халықтарды алаламай барлық түркі елдеріне, мәдениеттеріне ортақ рухани құндылық ретінде қалдырған болатын. Ол өзінің шығармашылығын таза Шығыстық сипатта сөз өнері, тіл білімі арқылы өнектей алғаны белгілі. Сол тұжырымдардан философиялық пайымдауларды сомдай білсек, онда өткен мәдениетіміздің, тарихи кезеңдердің рухани мұрасын игере түсеріміз анық.

         Әлемдік көркем әдебиеттің озық үлгілері әр түрлі тарихи кезеңдердің жағдаяттары мен даму үрдістері туралы біршама биік деңгейдегі философиялық түсініктер мен ұғымдар бере алады. Өйткені, тарих сынағынан өткен гуманитарлық сипаттағы ғылыми және әдеби туындылар қоршаған әлеуметтік ортаның нышандары туралы әжептәуір адекватты деңгейдегі ақпараттар беруге шамасы жеттеді. Ал ондай процестер арқылы өзкезегінде тарихи-философиялық тұжырымдар жасауға негіздер қалыптасады. Міне, сондықтан Шығыстық ойшылдардың даналық сөздерінен, әдеби мұраларынан терең философиялық ойлардың, дүниетанымдық жүйелердің негіздерін іздеуге талпынамыз. Қазақ даласының ойшылдарын әлемдік философия әлеміне осы тәсіл арқылы жақындатып қана қоймай, оларға тиісті бағалаулар да бере аламыз. Ал, енді Батыстық, әсіресе, неміс классикалық философиясы сипатындағы рационалистік философия түркі әлемінде кең тарай қойған жоқ. Тек бұл жерде әл-Фараби философиясының орны бөлек екенін жасыруға болмайды. Ол өзінің «Екінші ұстаз» атануымен түркі әлемінің өкілінің әлемдік философия тарихына қосқан үлесінің сүбелі екендігін білдіреді. «Екінші ұстаз» деген ұғымның шығу тегі туралы түсініктерді Қазақстанның ғалымы М.С.Бурабаев өз еңбектерінде терең талдап, философиялық түсініктемелер береді (1).

         Түркілік тарихтың тереңіне көз жүгірткен, тереңдеп зерттеген ғалымдар Кеңес дәуірінде біршама жетістіктерге жеткенін, ғылыми нәтижелерді оқырман қауымға ұсынғанын ескеруге тиістіміз. Сондай ғалымдардың қатарына И.В.Стеблеваны жатқызуға болады. Мәселен, ол өзінің зерттеулерінде әр түрлі мемлекеттік бірлестіктер құрамында болған түркілер арасында түркі тілдес әдеби процестің тарихи дәстүрі үзілмегендігін айтады (2). Осы жерде айта кететін жәйт: тек қана әдеби процесс қана емес, ойлау жүйесі, яғни ментальділік әлемінде де осыған ұқсас жалғасу, сабақтасу дәстүрлері орын алды. Жалпы түркі халықтарының көптеген сөздері біркелкі нақты түсініктерді беріп отырды және соның арқасында халықтар арасындағы байланыстар оңды және жеңіл формада қалыптасқаны байқалған болатын. Түркі тілдес халықтарда мақал-мәтелдер, аңыздар мен эпостық жырлар өте ұқсас сюжеттерге құралып, олардың бір-бірінің арасында жақсы таралып отырған. М.Қашқариге түркі тілдерін нәтижелі, сүбелі зерттеуге көмектескен факторлардың қатарына – Тұран ойпатын, Атырау мен Алтайдың арасын мекендеген халықтардың осы ділдік, фольклорлық, этникалық психологиялық, дүниетанымдық жақындығы жатуға тиісті. Бұл үрдістің арасында этникалық кірігу процестерінің біршама ұзақ уақыт жүргені де әсер еткені жатыр, яғни түркілік тайпалар өзара тығыз байланысты үнемі жалғастырып отырған.

         Тіл – түркі әлемі үшін бірте-бірте құдіретті күшке айналғанын санасымен жете түсінген М.Қашқари өзінің негізгі шығармасында сөз бен ойдың өзара байланысын, немесе олардың әлеуметтік ортадағы диалектикасын төмендегідей тұжырымдармен жеткізеді:

                   Шақпақты жақса – от тұтанар

                   Сөз ұғындырылса – ой білінер (3).

         Яғни ғұлама жоғарыдағы нақты тұжырымдар арқылы белгілі іс-әрекеттің нәтижесі ретінде көрініс беретін рухани құбылысқа адамның ойын, ойлау жүйесін жатқызады. Шығыстың ойлау жүйесіндегі ерекшеліктер нақты тұжырымдарды осындай поэтикалық жолмен жеткізуінде болып тұр. Осыған орай Ә. Нысанбаев қазақ философиялық ойының тарихта өмір сүру тәсілін поэзиямен тіклей байланыстырып, «...қазақ поэзиясы философиялық ойдың бірден-бір өмір сүру формасы» екендігін пайымдайды. (4) Әрине, осындай ерекшелігіміз үшін еуропаорталықтағы түсініктегі әріптестеріміз қазақ болмысынан нағыз философиялық жүйелердің қалыптаса қоймағаны жөніндегі пікірлерді танытуға асығады. Біздің пікірімізше, әрбір халықтың әлемді тануда, бейнелеуде, өрнектеуде, пайымдауда өзіндік ерекше қатынасы ғасырлар бойы түзеледі. Бұл «Адам-Әлем» қатынасы тарихи-табиғи формада, үйлесімді сипатта зерделеу жүйесін қалыптастырады және олардың алуан түрлі болуы да жалпы дамудың заңдылығына сәйкес келетін көрініс болып табылады. Ал мәдениеттер бір-бірін әр түрлі сипаттарымен толықтырып жатса, онда тек адамзат мәдениеті өзіндік өркендеуге бағыттала ма?

         Ой ешқашанда кездейсоқ болмайды, ол адамды белгілі бір бағыттағы іс-қимылға бастайтынын түркілік ғұлама көрсетіп тұрғаны анық. Ал адам өзінің сөзіне де, ойына да жауапкершілікпен қарауы тиіс екендігін үнемі ескертумен болады. Әрине, бұл жерде түркілік әлемге тән негізгі басымдылық болатын этикалық құндылықтардың ойшыл дүниетанымында басымдақ күйде орын алғанын байқаймыз. Кейінгі қазақ мәдениетіне, оның философиялық ойына, халықтық дүниетанымына осы қасиеттердің тарихи сабақтастықпен берілгені туралы тұжырымдарды көптеген отандық беделді зерттеушілердің, қазіргі заманның өзінде мемлекет қайраткерлерінің еңбектерінен оқимыз (5).

         Сонымен, түркілік тілдік генезистің және ойлау жүйесінің астарында «Адам-Әлем» қатынасының мәдени-тарихи іргетасы жатқандығы пайымдалғандай. Түркі әлемінде қалыптасқан әр түрлі тілдік варианттарға салынып қалыптасқан сөздер мен ұғымдардың жүйесі қабылдаудың көптүрлі қадамдарының көрінісі болды. Олар экономикалық, мәдени, әдеби қарым-қатынастардың арқасында көрші елдерге, мәдениеттер мен өркениеттерге тарап отырды. Сондықтан түркілік сөздер славян халықтарында, парсы мен араптарда, моңғол мен қытайлықтардың түсініктерінде орын алып, кейбіреулері тілдік өзгерістерге ұшырап, сіңісіп кеткен. Бұндай процестер заңды құбылыстар қатарына жатады. Ол барлық мәдениеттерде орын алған құбылыс. Ал, енді өкінішке орай ғылыми әдебиеттерде көбірек айтылатын нәрсе түркілерге, олардың мәдени келбетіне араб пен парсылардың, орыс пен қытай мәдениетінің тигізген әсері мен ықпалы болып табылады. Ондай ықпалды айту мүмкін емес. Дегенмен, кез келген құбылыстың кемі екі жақты процеске, үрдіске бағынышты болатынын ескергеніміз жөн сияқты.

         Махмұд Қашқари түркілердің 20 тайпасының тілдік құрылымы өз тарихи дәуірінде түркілер әлемінде негізгі тілдік-мәдени басымдық танытатын деңгейде екенін айтады. Ол сонымен қатар түркілік емес халықтардың да өмір салты туралы зерттеулер қорытындысын айтып кетуді артық көрмейді. Сөйтіп, ойшыл өзінің жеке ғалымдық ізденістері үшін түркілік шеңберде қалып қоймаудың маңызды екенін білдіреді.Өзінің өскен ортасы мен туған халықты сүйгіштігі көзқарасынан да жоғары қоятын принципі ретінде жалпы адамзаттың тұтастығын жоғары көтеру екендігіне меңзейтіндей әсер қалдырады. Шын мәнінде, әл-Фараби өз заманында араб елдеріне білім іздеп барғанда өзінің түркілік тілін ұмытты деп қалай айтуға болады. Ол туралы халық даналығын әдебиетші зерттеуші мамандар мен ғалымдар өз шығармаларында поэтикалық жолдарды жинақтайды [6]. Яғни әл-Фарабидің қыпшақтың ұлы болғанын танататын жыр жолдары келтіріледі.

          Ойдың тазалығы, қисындылығы, әдептілігі шын мәнінде қоғамда рухани дүниені үйлесімдендіруші қызмет атқарады. Жалпы “... ақылдылықтың қасиеті сол – ол ненің жақсы, ненің жаман екенін анықтай алады”[7]. Адымның тіл болмысы осы ойдың шартарапқа танылуына тетік болып табылады. Сондықтан бұл екі құбылыстың ортасындағы өзара байланыс үнемі әлеуметтік сала үшін танылып отыратыны белгілі. Ал, енді белгілі бір бағыттағы гуманитарлық ізденістердің түп негізінде этикалық, моральдік, адамгершіліктік негіздер қаланбаса, онда сөздің де, ойдың да адами ортаны рухани қызметі биік деңгейде болмақ емес. Осы тұрғыдан алғанда түркілік ойшылдардың даналыққа толы ілімдерінің іргетасы мықты руханилықтағы идеялық құрылымдардан бастау алғанына сенетіндей толық негіз бар.  

         Ахмед Иүгінеки ілімін алғашқы рет философиялық пайымдауларға үлес қосқан Қ.Ерғали оның тілінің көркемдігі мен бейнелі айшықтығын атап өткен болатын. Зерттеуші ойын әрі қарай төмендегідей сипатта жалғастырады: “Бұл тек Ахмед әдиб тілінің ерекшелігі ғана емес, ол бүкіл түркі халқының ойлау ерекшелігі болса керек. Керек десеңіз, бейнелілк – бүгінге дейін сақталған, бүкіл “шығыстық” ойлау ерекшелігі екенін тек біз ғана емес, өзгелерді де тәнті еткен құндылығымыз” [8]. Жалпы бейнелілікті суреттеу үшін өте шеберлікпен құрастырылған сөздер ансамблі керек. Яғни жай ғана айтыла салынған қарапайым сөздер шығыстыққа жатпайтыны анық. Сөздер білімділіктен туындаса, олар тек ақпар ғана емес, сонымен қатар терең мағынаны білдіріп, әлеуметтік ортада таратып отырсажәне адамаралық қатынастағы біріктіруші күшке айналса, онда бұл құбылыстың жасампаздық мәртебесі биіктегенін білдіреді. Міне, ондай тілден, ондай сөздерден ерекше сұңғылықты іздеуге әбден болады.

          Түркі әлеміндегі бейнелілік формадағы әлемді рухани игеруге деген ұмтылыстарымен қатар өзара қарым-қатынас жасауды өнер деңгейіне дейін көтеруі байқалады. Осы  “Адам-Әлем” қатынасының маңызды бөлігі туралы қазақстандық философ Қ.Ш.Нұрланова тоталитарлық қыспақтың өрнегін тоқыған кеңес заманының өзінде терең ойлар пайымдаған болатын. Әсіресе, автор адамаралық қарым қатынастың қазақтарға тән ерекшеліктері туралы өз шығармаларында байсалды пікірлер білдіргенін атап өтуіміз керек [9]. Жалпы қарым-қатынас барысында сөз түріндебайланыс орнағандықтан көбінесе баяндаушының мәртебесін көтеруге бейім тұрамыз. Жоғарыдағы автор тыңдаушының ойды қорыта білуінде, өзінің қажеттілігіне айналдыруында екені анық.Даналардың айтылған сөздері ауада қалықтап қалмауы тиіс емес пе? Шығыста сөз өз күшін ғасырлардан асатындай деңгейде сақтайтын мәртебе көтерілген. Сондай сөздердің жеткізушісі Махмұд Қашқари болғандықтан оның дүниетанымының құдіреті қазіргі заман үшін де маңыздылыққа, мәнділікке ие болады. Мәселен, этикалық тағылылымдарға толы төмендегі жыр жолдары сөздің мәртебесін анықтап тұрғанын байқаймыз.

 

Күніне жаздың жайлы сеніп қалма,

Абайсыз жаман іске еніп, талма.

Бастайды ізгі ниет ерікті алға,

Сөйлеуге жақсы сөзді әдеттенгін  [10].

 

         Жақсы сөзге әдеттену үшін адам өз ниетін, пейілін түзеу керек, сонда ғана кез келген пендешілік деңгейінен көтеріліп, тұлғалық жүйесін қалыптастыра бастайды. Ал ақиқаттың ұлы заңына, адамгершілік принципіне сәйкес келуге ұмтылмай, адам нағыз тұлға бола алмайды. Міне осыларға қарай ұмтылу керектігіне түркілік ғұламаның мегзейтінін байқаймыз.

          Махмұд Қашқари өзінің даналығын кездейсоқ білдіре салған жоқ. Ол осындай биік деңгейге көтерілу үшін өзінің өмірін арнады, шығармашылыққа толы талай күндерін сарп етті десе де болады. Жалпы адамның бойындағы мүмкіндіктер жүйесі, тұлғалық дарыны жүзеге асуы да мүмкін, аспай қалуы да мүмкін. Халықтардың мақал-мәтелдерін, тілдік ерекшеліктерін ыждағаттылықпен жинақтаудың өзінен ләззат алған ойшыл, әрине, шығармашылықты өзінің өміріне тірек еткен. Осындай еңбектен рақат тапқан. Ал, енді халқына деген, ғылымға, білімге деген шынайы сүйіспеншілігі болмасатүркілік ғұламаның аты белгісіз болып қалар да еді. Өйткені, атқарылған істің ар жағында адамның ізгі ниеті болғаны, немесе болмағаны келесі ұрпаққа қалайда сезіліп тұрады. Үлкен шығармашылықта алдау, арбау, немесе көзбояушылық орын алмасы анық. Ол өзінің шынайылығымен, адалдығымен қазіргі заман үшін құнды.

          Әрине, М.Қашқари өз дүниетанымын бір күнде қалыптастырған жоқ болатын, ол әр қилы ізденістердің жемісі, халықтың өз рухани әлемінде қордалаған құрылымдарының көрінісі. Оған әр түрлі рухани бастаулар, қайнар көздер өзіндік ықпалын жасағаны белгілі. Яғни белгілі бір рухани негіздер болмаса дүниетанымдық жүйе қайдан бастау алмақ деген сауал заңды түрде туындайды. Шын мәнінде  “Қашқаридың дүниетанымдық көзқарасы әдеби-тілдік зерттеулерге арқау болған номад түркілерінің далалық лирикасында, түркі тілдес халықтардың классикалық поэзиясында, халық даналығының бай інжу-маржандарында, ежелгі түркілердің ауыз әдебиеті нұсқаларында, мақал-мәтелдері мен бәйіттерінде көрініс тапқан түркі мәдени дәстүрінен негіз алады” [11]. Міне, сондықтан түркілік философия дегенімізде түркілік әдебиетті еске түсіреміз. Соның әр түрлі қырларын анықтауға тырысамыз.

          Ал, енді қазіргі замандағы жаһанданудың алып келген жойқын процестері этникалық әлемді нигилистеуге, адамың жеке келбетін жоюға бағытталғаны белгілі. Жаһандану адамзат мәдениетін біртұтастау, біріктіру мақсатын қоя отырып, ол ешкімнен ешнәрсені сұрамайды және әрбір ұлттың өткеніндегі інжу-маржандарды аса елемеуге тырысады. Ондау жағдай өзінің тарихи өткенін енді-енді дұрыстап жүйелеуге, тәртіпке келтіруге талпына бастаған біздің халқымыз сияқты этникалық топтарға, біртұтас ұлттарға өз ауыртпалықтарын алып келері анық. Өйткені, өткен тарихымыздағы көптеген рухани ахуалдар мен тарихи тұлғалардың дүниетанымдық жүйелері әзірше толық зерделеуден өте қойған жоқ. Көптеген ғылыми зерттеулер болашақтың еншісінде. Сондай тарихи тұлғаның қатарына Махмұд Қашқариды да жатқызуға болады.

          Кез келген тарихи тұлғаның даналыққа толы келбетін ашу барысында басшылыққа алатын негізгі тұрғымыз, ғылыми принципіміз оның уағыздаған ілімін барынша объективті түрде сараптаудан өткізу. Рухани әлемді дамытуға сіңірген еңбегін барынша ашып көрсету болып табылады. Қазіргі заманның талаптарына сәйкес келетін тағылымдарын қолдан келгенше дәріптеуден ешнәрсе ұтылмаймыз. Себебі жақсы нәрсенің не екенін тарихи сананың дамуында уақытылы айтылмаса, онда ол тарих доңғалағының көлеңкесінде қала бермек. Ал оның орнына жасанды, жалған құндылықтар жүйесі жайлап алуы да мүмкін. Ал ондай процестер тек жеке адамдарды ғана емес, түгел халықтарды да жалған бағыттарға, бағдарларға қарай бұрып жіберуі мүмкін. Мәселен, үлкен әлеуметтік апаттар әкелетін соғыстар мен әскери қақтығыстар осындай құндылықтар жүйесіндегі дағдарыстардан бастау алатыны анық. Сондықтан қазіргі адамзат үшін ізгілікке толы ілімдерге сұраныс арта түсуде. Ал Махмұд Қашқари ілімі өзінің адамилығымен, гуманистігімен, этикалық тереңдігімен тек қана түркілік, немесе қазақи әлемді ғана емес, жалпы дүниежүзін, әлем халықтарын тәнті ететініне сенімдіміз. Ал жоғарыда аталған рухани қасиеттер жеке тұлғада кездесетін болса, онда олар тек даналыққа ғана ілгетас болатыны белгілі.

 

Әдебиеттер.

1.     Бурабаев М.С. Фараби – Аристотельден кейінгі екінші ұстаз. Құран және Ахмед Яссауидің хикметтері. Ислам және Бекасыл Биболатұлының философиясы. Алматы: «Мария», 2006. 280-б. /21-23/

2.     Стеблева И.В. Поэтика древнетюркской литературы и ее трансформация в ранне-классический период. М.: Наука, 1976. С. 196. /166/

3.     Қашқари М. Түбі бір түркі тілі («Диуани лугат ат-турк»). Алматы, 1993. 243-б. /10/

4.     Нысанбаев Ә. Махамбет дүниетанымы // Глобализация и проблемы межкультурного диалога в 2-х томах. Алматы: Компьютерно-издательский центр Института философии и политологии МОН Республики Казахстан, 2004. Том.2-308с. /158/

5.     Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы: Ата-мұра, 1999. 240-б. /201-201/

6.     Ел аузынан. Алматы: өнер, 1989. 277-б. /49/

7.     Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы. Оқулық. Шымкент, 2005. 452-б. /128/

8.     Ерғали Қ.Е. Ахмед Иүгінекидің философиясындағы адам әлемі // Қазақ даласының ойшылдары (Х111 – ХVғ.ғ.) 2-кітап. Алматы: Философия және саясаттану институтының компьютерлік-баспа орталығы, 2001. 196-б. /18-19/

9.     Кочевники. Эстетика: Познание мира традиционным казахским искусством. Алматы: Ғылым, 1998. 432-б. /221/

10.  Қашқари М. Диуани лұғат ат-түрк. Алматы, 1986. 77-81-бб. (Х.Ж.Сүйіншалиевтің оқу құралы кітабынан. Аударған. Ф.Оңғарсынова).

11.  Әлжан Қ.Ұ. Махмұд Қашқари: дүниетаным айшықтары // Орта ғасырлық түркі ойшылдары. Жиырма томдық. 5 том. Астана:Аударма, 2005. 2-528 б. /203б/