Право/ 1.История государства и права.

 

Оқытушы, құқық магистрі Омар Б.М

Қ.А.Ясауи  атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Қазақстан Ресрубликасы

 

СОТ ОРГАНДАРЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТЕГІ  АЛАР ОРНЫ

 

В этой статье рассматриваются вопросы роли судебного органа в государстве

 

This article deals with the plase of judicial anthority in the state

 

Омар Бауыржан Мұсаханұлы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің оқытушысы,

құқық магистрі. Omar-1982 @E-mail.ru, Түркістан қаласы.

 

            Биліктің бөлінуі жағдайында жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғауда сот билігінің орны ерекше. Демократиялық елдерде адамның сотқа жүгінуі оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі құралы болып саналады.

            Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабының 1-тармағында,  «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады», - деп атап көрсетілген [1. 42].

Бұл арада құқықтарды соттың қорғауының артықшылығы анық көрініп тұр. Істі сотта қарағанда регламенттілік, жарысушылық, әділдікті процессуалдық нормалар қамтамасыз етеді

            Егер де осы екі форманы салыстырар болсақ, оның әрқайсысының жағымды тұстары мен артықшылықтары бар.

            Қазақстан Республикасында әркім өзінің құқықтары мен бостандықтары заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы. Барлық жеке тұлғалар өзінің бұзылған немесе талас тудыратын құқықтарын қорғауды өтініп, сотқа жүгінуге бірдей құқылы. Кез келген жеке тұлға сотқа өзі тікелей немесе өзінің өкілі арқылы жүгіне алады.

            Сот тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты құралы ретінде қарастырылады. Көптеген елдердің конституциялары сотқа жүгіну құқығын жеке тұлғаның  жеке және ажыратылмас құқығы ретінде тұжырымдайды. Ешкім де оның ісін сотта қарау құқығынан ажыратылмайды. Өзінің құқықтары мен бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау құқығы  жеке тұлғалар мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және азаматтардың кез келген заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне сотқа шағымдану арқылы жүзеге асырады.

Н.Фокина былай деп жазады: «Жеке тұлғаның құқықтарының тұжырымдамасы тұлға мен мемлекеттің қарама-қарсылықтарынан туындайды. Мемлекет жаратылысынан «жазалаушы қылыш» ретінде өзінің мәжбүрлеу органдарын пайдаланып, әруақытта адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеуге ұмтылып келеді. Жеке тұлғаның  құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін осы кезге дейін құзіретті, адал және турашыл соттан әсерлі жүйеден басқа дүниеден ештеңе де ойлап табылған жоқ. Тіпті біздің сот жүйеміз бұған дейін пісіп-жетілмегеннің өзінде де, ол принципінде бұл мақсат үшін жарамсыз дегенді білдірмейді. Сот-құқық реформасының барлық күші нақ осы сот жүйесінің құқық қорғаушылық функцияларын дамытуға бағытталуы керек» [2. 10-14].

            Өркениетті қоғамда сот бүкіл құқық жүйесінде орталық орын алады. Сот нағыз әділеттілікті бейнелейді. «Кеңес дәуірінде бірыңғай мемлекетті игіліктің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасқан сот билігі ұғымының өзі іс жүзінде оның ресми мемлекеттік саясатты жүргізуші және оның идеологияландырылуы деп түсінілді, бұл Қазақстанда әлі күнге дейін едәуір дәрежеде табылып отыр және жеке тұлғаның  құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда белгілі дәрежеде қайта қарауды және басқаша бағыттауды қажет етеді», - деп  Х.К. Халиков орынды атап отыр [3. 50].   

Сот төрелігін іске асыру жеке тұлғаның жеке, саяси, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық құқықтары мен барлық заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттің  заңды мүдделерін іске асырудың түбегейлі мәселелері бойынша шешім қабылдаумен байланысты. Нақ осы сот төрелігі нақты тұлғаны қылмыс жасауға кінәлі деп тануға және оған жазалау шарасын немесе заңда белгіленген басқа ықпал қолдануда, сонымен бірге заңсыз жауапқа тартылғандарды ақтауға шешуші роль атқарады. Сот сонымен бірге мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың араларында кәсіпкерлік әрекет барысында туындайтын және дауларды қарау нәтижесінде туындайтын құқықтық салдарларды анықтайды. Сот шешімдерінің ерекше сипаты бар. Олар баршаға міндетті сипатта болады және барлық құқық субъектілері орындауға тиіс.

            Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағында Қазақстан Республикасында сот төрелігін іске асыру қағидалары тұжырымдалған: жеке тұлғаның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі; бір құқық бұзушылық үшін ешкімді де қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартуға болмайды; өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды; сотта әркім өз сөзін тыңдатуға құқылы.

            Сот органдарының тәуелсіздігіне мемлекет кепілдік береді және елдің конституциясы мен заңдарында бекітіледі. Барлық мемлекеттік органдар мен басқа мекемелер де сот органдарының тәуелсіздігін сақтауға және құрметтеуге міндетті. Көптеген елдердің конституциялары тұлғаның әсерлі сот қорғауын іс жүзіне қамтамасыз ету үшін сот төрелігінің негізгі қағидаларын, сонымен бірге сот шешімдері мен үкімдерінің заңдылығы мен әділеттілігін қамтамасыз етудің процессуалдық кепілдіктерін белгілейді. Сот төрелігінің негізгі қағидаларына жататындар: соттың тәуелсіздігі, оның құзіреттілігі, төтенше соттарды құруға тыйым салу, мерзімділік, алқалық, сот талқылауының жариялылығы, сот актілерінің заңдылықтары мен дәлелділігі және олардың міндеттілігі. Соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге судьяның лауазымын басқа қызметпен қоса атқаруға рұқсат етілмейтіндігі ережесі де жәрдемдеседі.

Сот төрелігін атқару процесіне негізсіз және рұқсатсыз араласуға тыйым салынады. Әрбір жеке тұлғаның әдеттегі соттарда немесе белгіленген құқықтық рәсімдерді қолданатын трибуналарда сот талқылауына құқығы бар. Әдеттегі соттар мен сот органдарын ауыстыру мақсатымен заңдастырылған құқықтық рәсімдерді қолданбайтын трибуналдар құруға тыйым салынады.

Сот органдарының тәуелсіздігі қағидасы сот органдарына құқық береді және олардан әділ сот құрды және тараптардың құқықтарын сақтауды талап етеді.

ҚР Әділет министрлігі туралы ережеде ол мемлекеттік стратегия мақсаттарын, сонымен бірге өз қызметінің аясында мынандай басымдықтарды басшылыққа алады делінген:

адам мен азамат құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, Қазақстан қоғамы мен мемлекеттілігінің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін ұлттық заңнаманың жаңа ұрпағын қалыптастыру;

кадрларды жоғары кәсіби, отансүйгіш, ары таза тұлғалардан таңдау негізінде еліміздің тәуелсіз сот корпусын қалыптастыру;

заңдық қызметтердің қол жетімді өркениетті рыногын қалыптастыру;

халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру.

Жеке тұлғаның  азаматтық құқықтары мен бостандықтары сот жолымен қорғау әртүрлі мақсаттарды көздейді: бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіру, бұрынғы ахуалды қалпына келтіру, материалдық және моральдық зиянның орынын толтыру, мемлекетті орган немесе лауазымы тұлға қабылдаған және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын нормативтік құқықтық актіні түгелдей немесе ішінара бұзу, бұл құқықтарға қол сұққан тұлғаны кінәлі деп табу және оны жауапкершілікке Тарту.

Соттардың жұмысбастылығына байланысты заңды деңгейде шетелдік азаматтық сот атқару практикасын және дауларды шешу жөніндегі халықаралық мемлекеттердің практикасын бекіту қажет. Қазіргі кезде дауларды шешудің тек жеке және заңды тұлғаларға ғана байланысты емес, сонымен бірге халықаралық құқық субъектілерінің араларындағы қарым-қатынаста да тиімді қолданылатын келісу рәсімі деп аталатын әдісі кеңінен тарады. Дауды реттестірудің бұл әдісі дауласушылардың дау тудыратын немесе даудың шығуына алып келген нақтылы жағдайларды бағалауда пікір аралығы туған жағдайда қолданылады [4. 28].

Сот төрелігі аясынан басқа сот билігі соттың басқа да функцияларды іске асыру барысында іске асырылады, атап айтқанда:

анықтау, алдын ала тергеу және прокуратура органдарының әрекеттері мен қабылдаған шешімдерінің заңдылығын бақылауда;

құқықтар мен заңмен қорғалатын мүдделерді қорғау туралы және жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын бұзушы әрекеттер мен шешімдерге шағымдарды тексеруде;

соттардың заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қолдану практикасын зерттеу мен қорытындылауда;

қылмыстардың орын алуына себеп болатын жағдайлар мен себептерді жою жөніндегі шараларды ұйымдастыруда және мемлекеттік органдарға жеке қаулыларды жіберуде.

Жоғарғы соттың сот практикасы мәселелері бойынша ноормативтік қаулылар қабылдауында;

Жоғарғы соттар тарапынан төменгі соттардың процессуалдық қызметіне сот қадағалауын іске асырғанда [5. 299].

Сот ведомстволық мүдделерге тәуелді емес және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Сот рәсімі ашық, талқыланушы мәселелердің кең түрде жариялылығын, барлық айғақтардын ауызша тексерілуін және барлық мүдделі тараптардың сот мәжілісіне тікелей қатысуын қарастырады. Жеке тұлға заң негізінде құрылған тәуелсіз және бейтарап сотта қарауға құқылы. Ол өзіне үш элементті біріктіреді: заң негізінде құрылған және тәуелсіздік пен бейтараптық критерийлеріне сай келетін соттың болуы; соттың дау мен айыптаудың барлық тұстары бойынша шешім қабылдау үшін жеткілікті түрде өкілеттілігі болуы; сонымен бірге кісінің сотқа қол жеткізуге құқығы болуы керек.

            Жеке тұлға мен азамат құқықтары мен бостандықтарын сындарлы сот қорғауын қамтамасыз ету, сонымен бірге сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту және нығайту үшін Республика Президенті «Қазақстан Республикасының тәуелсіз сот жүйесін күшейту шаралары туралы» жарлығы шығарылды, оған сәйкес Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанынан сот әкімшілігі жөніндегі Комитет құрылып, сот органдарының атқарушы биліктен тәуелділігінен арылуға мүмкіндік туды. Соттардың тәуелсіздігі бағыты «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» [6. 2] заңда да жалғасын тапты.

Осы аралықта сот жүйесі едәуір реформаланды, ең білікті заңгерлерден тұратын судьялар корпусы жасақталынады. Сот төрелігі саласында қол жеткен жетістіктердің бірі судьялардың ауыстырылмайтындығы мен қол сұғуға болмайтындығының кепілдіктерін Конституцияда бекіту болды. Сот билігінің автономиялық, дербестік және тәуелсіздігі сияқты құрауыштары жүзеге асырылды.

2006 жылдың 16 қаңтарында «Алқа билер туралы» Қазақстан Республикасының заңы және «Қазақстан Республикасының қылмыстық сот ісін алқа билерінің қатысуларымен жүргізуді енгізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне қосымшалар мен өзгерістер енгізу туралы» заңы қабылданды. «Қазақстан Республикасында алқа билерінің қатысуларымен сот жүргізуді енгізу сот ісін жүргізудің ашықтығы мен демократиялылығын қамтамасыз етуге, жеке тұлғаның сот билігіне сенімдерін арттыруды қалыптастыруды көздейтін сот реформасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

            Алқа билер қатысқан сот ісін жүргізу түрінің артықшылығы неде? Істі тыңдауды бастар алдына көп алқа билерінің шақырылуы, тараптарың алқа билерге дәлелді, тіпті дәлелсіз қарсылық білдіру құқығы, әрбір іс бойынша алқа билер құрамын қайта жабдықтау соттардың қоғамнан тәуелсіздігі мен бейтараптыығын қамтамасыз етуге тиіс. Шешімдер кәсіби судьядан тәуелсіз және дербес шығарылады. Шешімдер қабылдау – судьяның айрықша құзіреті. Алқа билері алдын ала іс материалдарымен таныспайды, сотталушының жеке басын сипаттайтын жағдайларды, оның сотталғандығын (егер ондай жағдайлар орын алса) білмеулері керек. Алқа билер сотының негізіне сот талқылауы барысында анықталынған нақтылы істің фактілік жағдайлары алынуы керек. Алқа билері қылмыс орын алды ма; орын алса, оған сотталушының қандай қатысы бар; ол кінәлі болса, оған жеңілдік жасауға бола ма  деген мәселелер бойынша шешім шығарады, яғни арнайы білімдерді қажет етпейтін мәселелерді шешеді, құқық нормаларын емес, өмір тәжірибесі мен ақыл-ойды басшылыққа алады. Сотталушыға жаза мөлшерін анықтайтын үкімді алқа билерінің шешімінің негізінде судья шығарады.

            Алқа билері сотының едәуір қымбат рәсім екендігін ескеріп, оны аса күрделі оқиғаларда, мысалы, қоғамға аса қауіпті сотталушыға қатаң жазалау шарасын қолдануға тура келетін жағдайларды ғана қолданған абзал. Қазақстанда құрамында 9 алқа билері мен екі кәсіби судья бар алқа билер сотының континенттік үлгісі қабылданған.  

            Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенцияның 6-бабы азаматтық және қылмыстық істердің әділетті сот талқылауна құқығына кепілдік береді. Осы баптың 1-тармағында кез келген тұлғаның өзінің азаматтық және қылмыстық ісін сотта ашық қарау кепілдігін бекітеді. Әркімнің өзінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін анықтау кезінде немесе оған таңылған қылмыстық айыптауды қарастырарда істі ақылға қонымды мерзімде заңды негізде құрылған әділетті және тәуелсіз сотта әділ әрі жария қарауына құқығы бар.

Әркімнің құқықтары мен бостандықтарын сот жолымен қорғау кепілдігі беріледі. Қорғау құқығы кез келген тұлғаға қамтамасыз етіледі. Бұл құқық тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға да берілген. Кез келген құқық пен бостандық қай заңда бекітілгендігінен тәуелсіз қорғалуға жатады. Сот қорғауына бекітілгендігінен тәуелсіз қорғалуға жатады. Сот қорғауына конституциялық құқық бір жағында сотқа қорғау туралы арызданған  жеке тұлға, екінші жағынан осы жеке тұлғаның арызын қарауға және әділ әрі дәлелді шешім қабылдауға міндетті соттың араларындағы құқықтық қатынастар түрінде көрініс табады.

            Алқа билері қылмыс орын алды ма, егер орын алса, оған сотталушының қандай қатысы бар; ол кінәлі ме; егер кінәлі болса, жеңілдік жасауға тұра ма деген мәселелер бойынша ұйғарым шығарады, яғни арнайы бөлімдерді талап етпейтін мәселелерді шешеді, құқық нормалары емес, өмір тәжірибесі мен ақыл-ойды басшылыққа алады. Үкім шығару, қылмыстық және қылмыстық процессуальдық заңды қолдану, сотталушыға жазалау шарасын белгілеу – соттың ісі [7. 5].

            Жеке тұлғаның құқықтарын қорғау механизмінде алқа билерінің сотын бірнеше тұстан қарастыруға болады: 1) айыпталушының, сотталушының өзінің ісін заң нормалары емес, әділдік өмір тәжірибесі мен ақылға қонымдылық ұғымдарын басшылыққа алатын қоғамның тәуелсіз өкілдерінің алқасының қарауына құқығы; 2) егер оған өлім жазасы қаупі туғанда, өмір сүруге құқығына кепілдік; 3) жеке тұлғаның сот билігін іске асыруға құқығы; 4) жеке тұлғаның алқа биі ретінде сот мәжілісіне қатысу міндеті. Айыпталушы өзіне тергеу орындары таңып отырған қылмыстың жасалуында өзін айыптымын деп мойындамаса, егер де ол оған жаңа рәсім бойынша қорғау құқығын іске асыруда көбірек мүмкіншіліктер пайдаланғысы келсе; оған кінә ретінде тағылған әрекет іс жүзінде қоғамдық қауіптілігін жойса және оның заң нормалары мен қызметтік борыштан азат соттардың мейірімінен үміті болған және басқа да жағдайларда өзінің ісін алқа билерінің сотына қаратуға құқығы бар [8. 217].

            Тәуелсіз алқа билерінің соты Қазақстан қоғамын демократияландырудың маңызды кезеңі, ал алқа билер сотының қызметі халық билігі конституциялық қағидасының көрініс табуының элементтерінің бірі. Алқа билер институты сот процесінің барысына ықпал жасай отырып, бір мезгілде жаппай құқықтық мәдениеттің тамыр жаюына, қоғам мен мемлекет араларында кері байланыс орнатылуына жәрдемдеседі. Осыған байланысты оларда азаматтық, мемлекетте атқаратын қызметі мен ролінің маңыздылығын сезінуі нығая түседі.

            Алқа билері өздерінің адамгершілік категорияларын түсіндірулеріне байланысты құқықтың мән-мәнісін түсініп, адам құқықтары идеяларын бойларына сіңіреді; құқыққа қарсы мінез-құлықтар үшін жауап беру процесін тікелей бақылауға мүмкіндік алады. Осыған байланысты азаматтықты, мемлекетте орындайтын қызметінің маңыздылығын түсіну сезімі артады. Алқа билер сотын енгізу судьялар корпусының сыбайлас жемқорлыққа табындығы туралы аңызды да сейілтуге мүмкіндік туады.

            Құқықтық реформалар жағдайында сот билігіне қылмыстық қудалау органдары қабылдаған шешімдерге байланысты соттық бақылау формасы белгіленген. Бұл мәселе «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық сот ісін жүргізуді процессуальдық бақылау: қазіргі проблемалары мен даму болашағы» конференциясында жан-жақты және объективті талқыланған болатын.

            Сот – құқықтық реформа мен қылмыстық процесті реформалаудың маңызды тұсы қылмыстық сот жүргізу сатысында сот бақылауы институтын енгізу болды. Бұл проблема үш мемлекеттік органның: соттың, прокуратураның және алдын ала тергеудің дәстүрлі қарым-қатынастарына тиді.

            Тұлғаның мүдделерін қорғаудың нақ осындай механизмі баяғыда-ақ уақыт сынынан өткен барлық өркениетті елдерде өзінің әсерлілігін көрсетті. Оның пікірінше, алдын-ала тергеуді прокурорлық қадағалау ведомстволық сипатта. Сот бақылауы және тергеу органдарының шешімдерін тексеру институтының енгізілуі, біріншіден, ұлттық заңдарды жалпы жұрт таныған халықаралық нормаларға сәйкестілікке келтіру және сот билігін жеке тұлғаның  құқықтары мен бостандықтарының кепілі ретінде конституциялық ұйғарымды іске асыруға байланысты. Екіншіден, бұл мемлекеттік биліктің атқарушы, заңшығарушылық және соттық болып бөлінулеріне байланысты. Үшіншіден, заңшығарушы соттың алдын ала тергеу сатысындағы нақтылы өкілеттіліктерін енгізе отырып, сот билігі қылмыстық қудалауды іске асырушы органдардың зорлық-зомбылығына тосқауыл болар деп ойлаған болуы мүмкін [9. 141].

Қазақстанның сот реформасын ары қарай дамыту, құқық жүйесін жетілдіру мәселелерін шешу сұрақтары ғалымдар мен практиктердің тығыз ынтымақтастығына негізделу керек. Мұндай әріптестік заң жобаларының жоғары сапасын қамтамасыз ете алады.

            Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту-Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында да сот жүйесіне қатысты мәселелер қарастырылған болатын. Атап айттсақ Президент Н.Ә.Назарбаев былай деді, ол жолдауда:

            «Судьялар сот төрелігін тек заң мен ар-ожданды басшылыққа ала отырып шығаруға тиіс. Судьялар жасағын қалыптастырудың тәртібін түбегейлі түрде қайта қарау қажет. Аппеляциялық инстанциялардың істерді қарауға төменгі соттарға қайтару жөнінде негізсіз шешімдерінің мүмкіндігін заң жүзінде шектеу керек.

            Жоғарғы Соттан бастап, бүкіл сот жүйесіне өздерінің жауапкершілігі мен біліктілігін арттыру, сөйтіп өз жұмысын жетілдіруді өздері бастау талабы қойылады. Судьялардың заңды бұзуы жұрттың бәріне жария етілетіндей төтенше оқиға болуға тиіс. Арбитраждық және аралық соттар жүйесін нығайту керек», -деді Президент Н.Ә.Назарбаев [10. 1].

Бұл өте дұрыс бастама болды. Жеке өз басым Президент жолдауын қолдай отырып, сот жүйесіне қатысты бұл бастамаларды өте дұрыс деп санаймын.

Жоғарғы Соттың төрағасы Бектас Бекназаров сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басты бағыттардың бірі және бірегейі – соттың ашықтығы, жариялығы, халық пен сот арасындағы екі жақты бекемдеудің, халықтың сотқа деген сенімін арттыру үшін қыруар шаралар ұйымдастырылып жатыр. Елбасы: «Әділ және адал сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің маңызды негізі», десе, ал  Жоғарғы Соттың төрағасы Әбдіханұлы : «Сот жүйесіндегі рухани өзгерістердің тереңдеуіне зор мән береміз, судья заңға қалай адал болса, адамгершілік ұстанымы алдында да, сондай таза болуы керек. Отан сүйген, ел алдындағы борышын түсінген судьялар ешқашан да ар-ұяттан аттап, сот беделіне селкеу түсірмейді. Қазақтың «Тура биде туған жоқ» деуі тектен-тек емес. Сондықтан осы қағиданы әрбір судья берік ұстанғанда ғана халықтың сотқа деген сенімі ұлғая түседі», - деп, сот корпусына қатаң талаптар қойып отыр.

Әрине, судья болып қызмет атқару тек әр азаматтардың ғана арманы емес, барлық заңгерлердің де арманы деп айтсам артық кетпейтін шығармын, сондықтан судьялық қызмет жалпы заң саласының шыңы деп батыл айтуға болады. Бабаларымыздың да: «Ханда қырық кісінің ақалы, биде қырық кісінің ары мен білімі бар», «Би бол, не би түсетін үй бол», «Елге бай құт емес, би құт», «Би айтқан сөзді, құл да айтады, бірақ құлдың аузының дуасы жоқ», деген аталы сөздері соның айғағы болар.

Бұрыннан да талай айтылып жүргендей, сот жүйесіндегі ең бір көкейкесті мәселе – кадрларды іріктеу, қызметке білімді де, білікті судьяларды таңдап алу болып саналады.

Сот төрелігінің жариялылығы судьялардың ешкімнен де жалтақтамай, заңды да әділетті сот шешімдерін қабылдауларына септігін тигізеді. Істі қараудың нақты тетіктерінің бірі – жариялылық. Тіпті, осы орайда, біздер дамыған мемлекеттерден озып, алға шытық десек те болады. Себебі – ашық сот процестеріне еркін түрде кәмелетке толған кез келген азаматтармен бірге, ақпарат құралдарының өкілдері де қатысып, жазу құралдары арқылы жазбалар жасауға мүмкіндік алған. Қазіргі кезде озық технологияларды игеруде сот саласының қызметкерелері, еліміздің басқа басқару салаларына қарағанда көш алда келе жатыр. Атап айтқанда, барлық облыстық соттарда «Сот істерінің анықтамалығы»  іске қосылды. Облыстық соттардың сайттары арқылы ашылған аталмыш анықтамалық арқылы мемлекеттік айыптаушы, іске қатысушы мен қорғаушы, басқа да мүдделі адамдар сот ісінің қозғалысы, қаралу уақыты, процессуалдық мерзімдері туралы деректерді және өндірістің, сот шешімдерінің электрондық мәтіндерін әлемнің кез келген нүктесінен ғаламтор арқылы ала алады.

 Судьялардың тәуелсіздігі жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттарға қол жеткізуге ұмтылатын кез келген мемлекеттің дамуының маңызды көрсеткіші болып табылады, оның негізгі принциптерін БҰҰ-ның Қылмыстың алдын алу және құқықбұзушылармен қарым-қатынас жасау жөніндегі жетінші Конгресі қабылдаған (Милан, 1985 жыл) және БҰҰ Бас Ассамблеясының 1985 жылғы 29 қарашадағы 40/32 және 1985 жылғы 13 желтоқсандағы 40/146 қарарларымен, сондай-ақ Судьялардың мәртебесі туралы заң бойынша Еуропа хартиясымен (Лиссабон, 1998 жыл) мақұлданған.  Мемлекеттердің аталған принциптерді сақтауы елдердің бәсекеге қабілеттілігінің Жаһандық индекісін есептеген кезде өлшем ретінде пайдаланылады. Оны жақсарту мақсатында Жоғарғы Сот индекстер индекстерінің есептерінде сот жүйесі тәуелсіздігінің объективті көрсеткіштерін пайдалауды қамтамасыз ету жөніндегі белгілі бір жұмыстарды жүргізіп келеді.  

«Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» жаңа Заңның қабылдануы судьялардың тәуелсіздігін және оларға ешкімнің тиіспеуін, Жоғарғы Сотпен байланыс жасай отырып, кадрларды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету жөніндегі аталған органның өкілеттіктерін кеңейтеді. Бұл, аталған мәселені шешуде оң әсерін тигізетін болады. [11. 4].

            Қазіргі кезде судьяларға ешкімнің тиіспеуі өзекті мәселе ретінде күн  тәртібінен түспей отыр. Бұл дегеніміз, сот органдарын заңсыздықтарға барудан қорғайтын маңызды мемлекеттік кепілдік болып табылады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Қазақстан Республикасының 30.08.1995 жылғы Конституциясы (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1996 ж., №4,217-құжат), Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 7 қазандағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 1998 ж., №20,245-құжат),  Қазақстан Республикасының 2007  жылғы 21 мамырдағы Заңымен енгізілген өзгертулер мен толықтырулары (Қазақстан Республикасы Парламентінің 2007 ж., №10,  68-құжат). –Астана: «Елорда» баспасы, 2009. – 42 б.

2. Фокина Н. Нужны ли прокуратуре правозащитные функции? // Сборник материалов научно-практической конференции. - Алматы,   2002.  -С.10-14.

3. Халиков К.Х. Проблемы судебной власти в Казахстане: Автореф. дисс. д-ра юрид.: 12.00.09; 12.00.11 -Алматы, 1998.

4. Мурзаев К.Б. Конституционно-правовые основы организации деятельности судебных органов в обеспечении прав и свобод граждан. Автореф. дисс. канд. юрид. наук: 12.00.02. -Алматы, 2006.

5. Конституционное право зарубежных стран. /под ред Б.А. Страшуна.-М., 1996.

6. Қазақстан Республикасының 2000 жылдың 25 желтоқсанындағы N132-11 «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Заңы (2008.17.11. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен). Егемен Қазақстан. - 2000. - 26 желтоқсан.

7. Закон Республики Казахстан О присяжных заседателях от 16 января 2006 года. Справочная правовая система Юрист. 12.02.2007

8. Констанция Хассел. Концепция прав человека при реформе судебной и пеницитарной систем». - Алматы, 1996.

9. Чиняев Н.К. Процессуальный контроль в уголовном судопроизводстве Республики Казахстан: современные проблемы и перспективы развития. - Алматы, 2003. - С.

10. Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҢҒЫРТУ -ҚАЗАҚСТАН ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.

e.gov.kz/wps/portal/Content?.../3.../president/...kk

11. «Қазақстан дамуындағы жаңа кезең» «Егемен Қазақстан» газеті. 10.02.2012 ж.