Дене тәрбиесі

Е.Ж.Балтабаев

Абай атындағы ҚазҰПУ «Сауықтыру дене мәдениеті » кафедрасының  доценті. Алматы.

 

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫН ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ДЕНЕ ЖАТТЫҒУЛАРЫНА ҮЙРЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ
           Оқушылар дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді. Жақсы денсаулық – адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Оқушылардың денсаулығына қамқорлық жасауға біздің қоғамымыз мейлінше мүдделі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.Табиғи қозғалыстың түрлері жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу, акробатика өмірге қажетті дағды және іскерліктерді қалыптастырады. Жас адамдардық денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілетін дамыту оқушылардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді.Дене тәрбиесі саласында ырғақ, жеке гигиена, дене шынықтыру мәдениеті, туризм, спорт ерекше орын алады. Дене тәрбиесі ең басты күн тәртібін, яғни, еңбек, демалыс, тамақтану, үйқы, бос уақыт ырғақтарын дұрыс ұйымдастыруда талап етеді. Күн тәртібін тиімді пайдалану балалардың ақыл-ойы мен дене құрылысының дұрыс дамуына, денсаулығын сақтауға көмектеседі.Күн тәртібін бұзбау міндет. Тәртіп дегеніміз - демалыс, тамақтану, жеке гигиена және күн мен түннің пайдалы сәттерін мазмұнды қолдану.
         Дене тәрбиесінің мазмұны, міндеттері және формалары әрбір мектептердің жағдайларына байланысты дене шынықтыру және сауықтыру жұмысының жүйесін жасауды қажет етеді.Дене тәрбиесінің негізгі құралдарына дене жаттығулары, гимнастика, ойын, туризм, спорт, табиғи факторлар жатады. Дене жаттығулары - бұл саналы түрде орындалған қимылдар және қозғалтқыш әрекеттер. Дене жаттығулары бұлшық ет жүйесін, қан айналымын және тыныс алу мүшелерін дамытады. Гимнастика. Түрлері: негізгі және гигиеналық гимнастика, спорттың гимнастика, акробатика, көркемдік гимнастика, өндірістік гимнастика және емдік гимнастика. Ойын оқушыларды жылдамдықда, төзімділікке тәрбиелейді.
Туризм - оқушыларды төзімділікке, ұжымдыққа, еңбек сүйгіштікке және қолайсыз сыртңы жағдайларда кездесетін қиындықтарды жеңуге тәрбиелейді.
Спорт - оқушылардың денсаулығын нығайтатын, дене күшін, қозғалыс дағдыларын және моральдық-еріктік қасиеттерін дамытатын дене тәрбиесінің құралы. Дене тәрбиесіндегі маңызды құралдарының бірі - табиғи факторлар: күн көзі, ауа, суға шомылу, душ қабылдау.Табиғат факторларын балалардың денесін сауықтыру жұмысы кезінде пайдалану өте тиімді. Дене тәрбиесінің маңызды мақсаттарының бірі - балалар мен ересек адамдарды дене шынықтыру ісіне
жұмылдыру.
          Дене тәрбиесі бойынша сыныптан тыс жұмыстардың міндеттері: баланың денсаулығын нығайтуға көмектесу; ағзаны шынықтыру, оқушылардың жан-жақты өсіп жетілуіне, дене шынықтырудық оқу бағдарламасын ойдағыдай меңгеруге көмектесу; балаларды дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылдануға әдеттендіру; қозғалыс дағдысын тәрбиелеу.
Дене шынықтыру мен спорт жөніндегі сыныптан тыс жұмыстың негізгі формалары: секциялары мен үйірмелердегі сабақтар спорт жарыстары, серуендер, туристік жорықтар, дене шынықтыру және спорт мейрамдары.
Серуендер мен жорықтарды балалардың табиғат туралы білімдерін  толықтыра алатындай тамаша адамдардық әңгімелерін ести алатындай жерде белгіленген жөн.
          Оқушыларды жүйелі түрде дене жаттығуларына үйретудің тиімді жолдарының бірі - олардың өз еркімен дайындалуы. Осыған байланысты оқу бағдарламасына дене тәрбиесінен үйге тапсырма беруді міндетті түрде енгізу керек.
         Отбасында өз еркімен орындалатын дене тәрбиесінің бір түрі -таңертеңгілік гигиеналық-бой сергіту жаттығуы. Ол адамның дене құрылысының ұйқыдан соңғы тіршілік қызметіне тез араласуына  әсерін тигізіп қана қоймай, адамды сергек жүруге және  көңіл-күйін көтеруге көмегін тигізеді. Таңертеңгілік бой сергіту жнттығуы тұлғаны дұрыс қалыптастыруға әсер ете отырып,тыныс алуды жақсартады, қан айналу жүйесі қызметін күшейтеді, зат алмасуға көмектеседі, оқушылардың зеректігін, мақсатқа жету ұмтылысын қалыптастырады, ақыл-ой қызметін арттырады. Ертеңгілік бой сергіту жаттығулары оқушыларды тәртіптілік пен бейімділікке, өзіне деген сенімділік пен белсенді қызмет атқаруға тәрбиелейді.  Қоғамның болашағы - оқушы-жастарға ұжымдық тәрбие беруде дене тәрбиесі сабағында ұлттық ойындарды өткізудің рөлі зор. Қазақстанның ұлттық ойындарының ішінде ұжымдыққа, ауызбірлікке тәрбиелейтін ойындарды оқу-тәрбие үрдісінде тиімді пайдалануға болады.
Әдебиеттер:
1.  К.Бержанов, С.Мусин. Педагогика тарихы. - Алматы: Мектеп, 1972.
2. Е.Сағындықов. Ұлттық ойындарды тәрбие жұмысында қолдану. - Алматы, 1992.
3.  К.Сейталиев. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1986.