Э.ғ.магистрі С.Н.Бегайдаров

Қызылорда көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжі, Қазақстан

ЭКСПО-17 – еліміздің тағдырына бұйырған бақыт

 

Бұл шараны өткізуге ынталы елдер көп еді. Қазақ жұрты алпауыт елдермен арадағы аламанда жеңімпаз атанды. ТМД кеңістігінде EXPO – ны өткізуге ешбір мемлекетке бұйырмаған бақыт біздің бағымызды жандырды, бақыт құсын қолымызға қондырды. Бақыт деуіміздің басты себебі бұл халықаралық  көрменің бізге берері көп.

1. Мыңдаған қазақстандық азамат жұмыс орнын табады.

2. Көрмеге қатысатын әрбір мемлекет дербес павильондарын тұрғызып, қаланы көркейтеді.

3. Астанада көрме-қалашығы орнап, көркімен оқшауланып тұрмақ. Сәні мен сымбаты келіскен павильондар нысандарының ең үздіктері бұзылмай, Астана меншігіне айналады.

4. Құрылысшы кадрлар іріктеледі, жергілікті құрылыс материалдарын сапалы өндіретін кәсіпорындар көбейеді.

5. Тас жолдан бастап, су жылу құбырлары, газ таралымдары, жарық желілері сонылық сипатқа көшеді.

6. Барлық мүмкіндік жұмылдырылады, барлық қақпа - әуежай, темір жол, автовокзалдар көрме ауанымен тыныстайды.

7. Қонақ үйлер, шағын мейманханалар сапалы әзірленеді.

8. Қоғамдық көлік мінсіз қызметке көшеді.

9. Қазақтың салт-дәстүрі барлық қырынан ашылады, себебі көрме тек Астананың ғана емес күллі қазақ елінің ду-думанды, шадыман-шаттықты, танысып-білісетін, арқа-жарқа араласатын, мәдени, әдеби өнер жетістіктерімізге де қозғау салады.

10. Қала тазалығы, әр тұрғынның өзін-өзі ұстау мәдениеті тәртіпке келеді. Жай емес, әлемдік көрмені даярлауға қалған төрт жарым жыл  ішінде ерекше дайындық керек.

Бұның бәрі Иманғали Тасмағанбетовтей ұлтжанды әкімнің  іскерлігіне тағы бір сын болмақшы. Талай халықаралық деңгейдегі саммит, форум құрылтай, отырыс, мәжілістер мен алқалы жиындарды өткізуге Астананы мінсіз дайындап, жахан алдында еліміздің иіні түспеуіне жүрек жылуын, іскерлік қабілетін, мінез қатулығын, тәртіп тегеурінін, болжағыш сезімін, тұйықтан жол тапқыш қасиетін жұмылдыра білетін азаматтан Қазақстанның күтері мол.

Астана көрмесінің ұраны – «Болашақтың энергиясы». Ғалымдар еліміздің бұндай қуат көзі етіп, желіккен желді, қуырған күнді, селдеткен суды алмақшы.

ЭКСПО – көрмесі олимпиада ойындарымен пара-пар көрме. Бүкіл дүниежүзінен өнерімізді, өмірімізді көруге келеді. Тіпті бұны ақыл-ой жарысы десе де болады. Әрбір ғалым, әрбір зерттеуші барын салып ізденеді.

Мұнай мен су қасиеттерін зерттей отырып ғалымдар сумен жүретін автокөлік ойластырмақшы.

Мысалы Қазақстанда алма сорттарының сапалы екеніне қарамастан шетелден алма алынады, сондай-ақ Қазақстанда металдың бар түрі болса да кәсіпорындар сырттан алады. Тіпті шикізаттың жетіспеуінен жабылып  жатады. Міне осының бәрі ой елегінен өтіп өзімізде бар мүмкіндік пайдаланылатын болады. Көрмеге дайындық барысында Қазақстанға заманауи техника мен жаңа технология келеді.

Еліміз тағы бір биіктікті бағындырды. Дүниежүзінің 161 мемлекеті мүше болып табылатын халықаралық «EXPO-2017» көрмесі өтетін іргелі орталық біздің Астана болып отыр. Жүзге жуық мемлекет өз жетістіктерін паш ететін бұл жахандық көрме Орталық Азия тарихында тұңғыш рет өткелі отыр.

Бұл – экономикалық ахуалы дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттер санатына қосылғанымыздың белгісі. Ғылымда да білімде де ілгерілеушілік бар. Ғалымдар 15 жыл бойы жанып тұратын лампочка ойлап тапқан. Шикізат түрі жеткілікті болғандықтан биотехнология, жасыл технологиялар ойластырылуда. Тіпті адам денесін жылытып тұратын батарея жасау мүмкіндігі қарастырылуда. Осындай жұмыстар еліміздің зертханасында қайнап пісіп «ЭКСПО - 17» көрмесінде әлемді таң қалдырмақшы.

Қазақтың қол өнері мақтануға тұрады. Қазірдің өзінде-ақ ұлттық бұйымдар, шебер жасаған заттар іріктелуде. Бүкіл қазақ елі, сырттан келген қандастарымызға дейін абырой үшін еңбек ететіні сөзсіз.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1. Ел дамуының өзекті мәселері (Егемен Қазақстан №312)

2. Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры алауыздықта.(Егемен Қазақстан №828)

3. «ЭКСПО - 2017» Айқын №218.