Жумадилова Айнура Абугалиевна

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің оқытушысы

Қазақтан және    бибітшілік  үшін    саяси  әріптестік

 

Қазақстан қауіпсіздігін талдау ісінде саяси жүйенің елдегі экономикалық базаға барабар келмеуінің ұлғаюы және осыған қоса ішкі-сыртқы саяси жүйеде барған сайын наразылықтардың өрши түсуі тұтқалы мәселе ретінде қалып отыр. Біздіңше, қазіргі жағдайда "саяси қатер" дейтін ұғымның өзі әлдеқайда кеңірек түсіндіруді тілейді. Саяси қатерді тек "кейбір саяси шешімдердің, оқиғалар мен жағдайлардың коммерциялық ахуалға инвесторлар пайдадан айрылып қалатындай әсер етуінің" ғана ықтимал көрінісі деп қарауға болмайды. Ол неғұрлым кең мағынада қоғамның экономикалық және саяси құрылымындағы құйқылжыма ара-қатынастың бұзылу мүмкіңдігін  де білдіреді.

Бүгінде Қазақстаңда өтпелі кезеңнің саяси жүйесіндегі өзгерістердің экономикадағы өзгерістермен үйлесімсіздігінен жүйелі дағдарыс өршіп отыр деп сеніммен айтуға болады. Мәселенің күрделілігі сонда, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы соңғы қаржы дағдарысы мен Индонезиядағы Сухартоның авторитарлық режимінің күйреуі Батыстың экономикалық стандарттарын Азияның саяси құндылықтарымен соқыр үйлестіруге тырысудың қан-шалықты дәрменсіз екендігін жарқырата көрсетті, мұның себебі Батысқа тән нарықтық экономика мен дарашыл мәдениет дәстүрлерінің Шығыстың топшыл және шенге бас ұратын дәстүрімен кереғар келуінде. Теориялық тұрғыдан, бір-біріне диаметральды қарама-қайшы құндылықтарды бұлайша үйлестіру ұзақ уақыт бойы әртүрлі саяси мәдениеттердің тоқайласуы жүрген елдер мен қоғамдарда ғана өмір сүріп кету мүмкіндігі бар.

Дегенмен, Батыс пен Шығыс өркениетінің қарама-қайшылығын түп-түгел орағытып өтудің қисыны жоқ, бұл жөнінде кезінде американдық ғалым Ф.Фукуяма бірнеше рет ескерткен болатын. Ол 1989-1991 жылдар оқиғаларынын саяси "дүмпулерінің" әсерімен мынадай тұжырымға келген: "Азиядағы саяси даму демократиям барар жолдан тайып, өзінің экономикалық жағынан қауырт өсіп-өркендеуіне қарамастан, өзінің бірегей жолымен кетуі мүмкін. Азиядағылар либеральдық демократияны қашанда Солтүстік Америкаға немесе Еуропаға қарағанда басқаша түсінеді. Дәстүрлі топтық иерархия Таиландтан Жапонияға дейінгі бүкіл конфуциялық қоғамдардың барша әлеуметтік құрылымдарын шарбыдай шырмап жатыр. Бұл өреде Жапонияның демократиялық әмбебаптық пен теңдік жолын ұстанатындығы жөніндегі формальды айқындамасы да есеп емес. Мұндай иерархиялар Сингапур тәрізді елдерде ап-айқын патерналистік автори-тарлық құрылыстың іргетасына айналады. Фундаментальдық ислам немесе коммунистік ұстанымдардан бір өзгешелігі, "жұмсақ" авторитарлық режимнің осынау азиялық түрі дамыған капитализммен, демек, технологиялық жаңғырудың ең жоғары деңгейімен толығынан үйлесе кетеді. Сингапурдың бұрынғы премьер-министрі Ли Куан Ю мұндай саяси жүйе Батыс демократиясының ми ашытатын дарашылдығынан гөрі конфуциялық мәдениетпен әлдекайда үйлес келеді дей алар еді. Ол ештеңе емес, бүгінде азиялықтардың басым көпшілігі авторитарлық режимнің мұндай түрі Батыстың либеральдық демократиясының дарашылдығынан артық, себебі ол дамыған, технологиялық, постиндустриялық қоғамға қол жеткізуге қажет білімдар, түрткі себебі бар және тәртіпті халық қалыптастырады деуге бейім".      

Қалыптасқан жаңа жағдайлар кезінде демократияға өтудің өзіндік зор қауіп-қатері бар, себебі, қалпына келтіру ісі рухани-имандылық бағдарды жаппай жоғалтып алып отырған кезеңге тұспа-тұс келді. Халықтың көпшілігі қарақан басын күйттеген, неше түрлі жарқыл-жұрқылымен көзге түсе білетін, тіпті экстремистік сарындағы ұраншыл бұйдагер - лидерлерге ықыласты. Ресей саясаттанушыларының егеске толы саяси мәдениет төзбеу салтын туғыза отырып, өтпелі кезеңдегі қоғамның тамыр-тамырын жайлап алатын-дығы туралы пікірін осы тұрғыдан түсіндіруге болады. Егер ке­шеу капиталистік қоғамдарда қайшылық негізінен терең бағытта туса, жөргекте жатқан капитализмнің басты ерекшелігі - орнықсыздық немесе көлбеу бағыттағы әртүрлі мүдделердің бытыраңқылығынан қоғамдық ахуалдың тайғанақ болуы. Сондықтан қазірде бүкіл күш-жігер әртүрлі және ымырасыз қоғамдық мүдделерді келісімге келтірудің шынайы және объективті алғышарттарын жасауға тереңдей жұмылдырылуы керек. Орнықты демократияға орнықты түрде көшу жаңғыру процесі ымыраға келу және сындарлы пікір алысу жолымен қоғамның объективті түрде бөлшектенуін жеңе отырып, қоғамдық мүдделердің саналуандығы арнасымен дамыса ғана мүмкін болмақ.

 

Қолданылған  әдебиеттер  тізімі.

1.     Н.Ә. Назарбаев Алматы Білім 2000 ж.  - 303 бет.

2.      Рахманберді Т. Біріккен Ұлттар Ұйымының реформалаудың негізімен басты бағыттары.Хабаршы заң  2007 25бет.

3.     М.Мұхамедов, Б. Сатершинов, Б. Сырымбетұлы “Саяси – құқықтық ілімдер  тарихы” Алматы, 2002 ж. - 154 бет.

4.     Егемен  Қазақстан  8 ақпан 2007 ж  № 22 

5.     М.Мұхамедов, Б. Сатершинов, Б. Сырымбетұлы “Саяси – құқықтық ілімдер  тарихы” Алматы, 2002 ж  168 бет.

6.     Әлемдік  саясаттану    анотологиясы   Алматы , Қазақстан 2005 ж. ІІ том. 222 – бет.

7.      М.Мұхамедов, Б. Сатершинов, Б. Сырымбетұлы “Саяси – құқықтық ілімдер  тарихы” Алматы, 2002 ж -174 бет

8.     М.Мұхамедов, Б. Сатершинов, Б. Сырымбетұлы “Саяси – құқықтық ілімдер  тарихы” Алматы, 2002 ж – 188 – бет.