Жумадилова Айнура Абугалиевна
Қазақ -
Интеллигенциясының «Ұлтшылдыққа» айыптаудың
қалыптасуы
М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университететі,
Тараз қаласы.
Қазақстан
тарихындағы ең өзекті мемлекеттік маңызы бар,
күні бүгінге дейін өзінің шынайы бағасын ала
алмай, кеңестік дәуір тұсындағы тұжырыммен
шектеліп қалған, ғылымда жаңаша зерттеле
қоймаған мәселелердің бірі 20-30 жылдардағы
мәдени құрылысты идеологияландыру, ондағы
интеллигенцияны «ұлтшылдыққа» айыптау.
Қазан
төңкерісіне дейін патша отаршылары шешіп-пішкен
«қазақтарда зиялы қауым болған жоқ» деген
қате пікір «сауатсыз қараңғы халық» деген
жалған тұжырыммен заңдастырылды. Ал, 20-30 жылдары,
большевиктер өмірге әкелген әміршіл-әкімшіл
жүйенің жалған идеологиясы қазақ
халқының санасын улап, жан дүниесін лайлап оларға
еркінен тыс зорлық жасап, ғасырлар бойы қалыптасқан
әдет-ғұрып, салт-дәстүр жораларын, мәдени
жетістіктерінен еріксіз айырып, кеңестік қалыпқа салып,
ұлттың бет-бейнесін, өзгертуге шұғыл кірісті.
Олар «көшпелі ел ХХ ғасырда өмір сүруге тиісті емес»
деген «теориямен» қаруланып, қазақтарды өз
«қамқорлықтарына» алды.
ХХ
ғасырдың басында қазақтардың 20 пайызынан астамы
оқи да, жаза да білген. Мұның ішінде мұсылманша
оқығандары да бар, олардың біразы Стамбұлда, Францияда,
Петерборда, Мәскеуде, Қазанда, Уфада, Омбыда оқығандар
еді, олардың көбі парсы, араб, орыс және басқа да шет
тілдерін білді. Ал, 1926 жылғы халық санағы мәліметі
бойынша республика халқының 25 пайызы сауатты болған [1].
Елдегі
мәдени саладағы қайта құрулар социалистік
құрылысты орнатудың маңызды буыны деп есептелді.
Оның ішінде әдебиет пен өнер саласындағы
өзгерістердің жаңа қоғамның адамдарын
тәрбиелеудегі рөлі баса көрсетілді. Сол кездегі Кеңес
елінің оның ішінде Қазақстанның идеялық
өмірінде БП (б) П Орталық Комитетінің 1925 жылғы 18
маусымдағы қаулысының ықпалы күшті болды.
«Көркем әдебиет саласындағы партия саясаты туралы» деген
қаулыда жат идеологияға қарсы күресті күшейту
қажеттілігі айтылды. Қаулыда «пролетариат жазушылардың
үстемдігі жоқ, партия бұл жазушыларға осы
үстемдікті алудың тарихи құқығын иемденуге
көмектесуі керек»- делінген [2]. Сонымен бірге партияның
Орталық Коммитеті жаңа әдебиеттің негізгі міндеттерін,
оның социалистік қоғам құрудағы
күресінің орнын белгілеп берді. Сөйтіп партия көркем
әдебиетінің еркін дамуына нұсқау салып, айтқанына
көніп, айдауына жүретін жағдайына бейімдеді. Оған
дәлел, буржуазиялық идеологияға қарсы күресу
мақсатында пролетариат жазушыларын біріктіретін ұйым-пролетариат
жазушыларының біріктіретін ресейлік ассоциациясы (РАПП) құрылды
да оның үлгісімен дереу 1926 жылы пролетариат жазушыларының
қазақ ұлттың ассоциациясы (ҚазАПП)
құрылды. Оның «Жыл-құсы» атты баспа органы болды.
Бұл альманахтың беттерінде маңызды теориялық
мәселелер бойынша қазақ совет әдебиетінің
«көрнекті» өкілдері мен әдебиет сыншыларының
мақалалары басылды. Партия тарапынан тапсырма бойынша жазылған
олардың бұл мақалалары өмір шындығынан
алшақ жатты. Ол мақалалардың басты мақсаты ұлтшыл-буржуазиялық
идеология өкілдерін мұқатып, талқандау болды [3].
Бұл
концепцияға орай, «пролетарлық әдебиетті тек пролетарлар
әулетінен шыққан жазушылар ғана жасай алады» деген бір
жақты бағыт ұстады. Ал ҚазАПП-шылардың
орталыққа еліктеген өз мақсаттары мен ұрандары
болды. Олар Абайды «енді туып келе жатқан қазақ
буржуазиясының идеологы» деп кемісті. [4]. М.Жұмабаев
сияқтыларға қара бұлт төндірді. «Пролеткулт»
идеологтері пролетарлық мәдениетін классикалық мұрадан
айырып алу ұранын, іздің революцияға дейінгі
мәдениетіміздің демократиялық дәстүрлерін
инглистікпен жоққа шығару ұранын жария етті.
Екі
революция арасындағы ұмытылмайтын ауыр жылдарда әдебиетке
қосылған жазушыларды түгелдей «Буржуазия жандайшаптары»,
«буржуазиялық ұлтшылдар» деп жаралап, өткеннен
қалған бай мұрадан біржолата аластап тастауға тырысты.
Бұл шабуылға алғашқылардың бірі болып
ұшырағандар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
М.Жұмабаев, М.Дулатовтар болды. «Алаш Орданың» басшысы
Ә.Бөкейхановқа қазақ әдебиетінің
ескі, күні өткен шығармаларын, Абылай, Кенесары, Наурызбай
туралы поэмалары басып шығаруды кеңінен жүргізді, діни
феодалдық-патриархалды тақырыптарға жазылған, хан мен
байлардың өмірін «мадақтайтын ертегілірді басып
шығарды» деп негізсіз айып тағады. «Алашордашылар мәдениет
пен өнер саласында өздерін қожайын санап, өздерін
қазақ халқының өкілетті өкілдеріміз деп сезінеді» деп кінә тағып,
оларды қудалады [5].
А.Байтұрсынов
ашық түрде былай деп жазады:
«Қазақтың қалам ұстаған отаншыл
қайраткерлері әрі интернационалист болып, өз Отанына
қарсы шығушылар қатарында қала алмайды. Олар сырттай
өзгеруі мүмкін, бірақ ішкі жан дүниесі
өзгермейді. Олар қазақ халқын
құрбандыққа апаратын, Отаншыл рухтағы емес
өкіметпен бірге бола алмайды» [6] («Қызыл Қазақстан»,
1927,№1,40 бет)7 Ал большевиктер партиясының халық мүддесінен
алшақ тұрғанын көре білген Мағжан коммунистерді
еңбекші халық деген атауда желеу еткен, түпкі мақсаты
бұлыңғыр, жалған идеологияның жалауын
көтеруші топ деп баға береді. Өлкелік партия ұйымы
«өшіп бара жатқан өмірді, пантюркизмді, «Алашты» , билерді
жырладың» деп кінә тақты. М.Жұмабаевтың Ташкентте
өлеңдер жинағының басылып шығуына байланысты
Шығыс коммунистік университетінің және рабфактоң
тыңдаушыларының 1924 жылдың басында ілешала «Еңбекші
қазақ» газетінде сол жиналысқа қатысушылардың
сөздері басылып ақынның шығармаларына баға
берілді. Бұл баға көпшілік оқырманның әділ
бағасы емес, партия ұйымдарының шындықты
бұрмалаған сұрқия саясаты еді. Осы жиналыста
әдебиет таптық ұғымнан жоғары тұратын
құбылыс саясатынан тыс болуы керек деген Мағжан
тұжырымдарына кеңестік идеологияның жанашырлары қарсы
шығып, ол саланы өздерінің қалауынша идеологияландырды.
«Мағжанның өлеңдері-байлардың әдебиеті,
кеңестік пиғылғы қарсы бағытта» деп сипаттама
беріледі. Мәскеуде өткен осы жиналыста қазақ
студенттерін М.Жұмабаевқа қарсы айдап салудағы
мақсат, сол кездегі партияның ұлттық әдебиеті
өз ықпалына түсірудегі кезекті әккі
әрекеттерінің бірі болатын. Бұл жиналыста студенттер
Жұмабаевтың поэзиясы формасы жағынан көркем
болғанымен, ол кеңестік саясатқа қарсы зиянды,
ұлтшыл делінген бірауыздан пікір «білдірді»[7].
Қазақ
әдебиетіндегі ұлтшыл-буржуазиялық ықпалды,
контрабандалық контрреволюциялық троцкистік концепцияны,
топшылдықты аяусыз әшкерелеу және кез-келген уклондармен
нақты күрес бұдан кейінгі ҚазАПП-тың басты
міндеті болуы тиіс. ҚазАПП күнделікті қызметінде
әдебиет пен өнерге жат ықпалды тықпалаған
кез-келген әрекетке большевиктік қырағылық және
идеялық ымырасыздық көрсетілуі қажет. Сынды
маркстік-лениндік деңгейге көтеріп, оны партияның дамуына
үлкен мән бере және мәдени тәрбие берудің
қуатты үгіт құралы (Ү пленумның
қарары) ретінде ҚазАПП басшылығына қазақ театрына
нақты көмек көрсетуді күшейтуді, социалистік
құрылыстың міндеттеріне лайықты идеологиялық
ұстамды репертуар құруды ұсынды. Әсіресе
ұлттық революциялық музыка шығаруға, осы
саладағы қандай да болмасын бұрмалаушылықпен (шовинизм,
жергілікті ұлтшылдық т.с.с) батыл күрес жүргізуге
ерекше назар аудару көзделді[8].
Әдебиеттер тізімі
1. Мусин Г.
Қазақстан тарихы. Алматы 2003, 831 б.
2. Шәріпов А.
Сұлтанбек Қожанұлы. Түрмеде сөнген шырақ.
Алматы 1994. 18 б.
3. Нүрпейісов
К.. Алаш һам Алаш Орда. Алматы 1996ж.; М. Қозыбаев. «Ақтаңдақтар
ақиқаты», Алматы 1999 ж; Қойгелдиев М, Алаш
қозғалысы. Алматы 1995 ж.; Омарбеков Т. 20 – 30,
Қазақстан қасіреті. Алматы 1997.
4. Қазақ
тарихы. 1993, №8, 38 б.
5. Омарбеков Т. 20–30
жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы. 1997 ж.
120б.
6. // «Қызыл Қазақстан»
1927, №1, 40 б.
7. Карр Эдвард.
Кеңестік Россияның тарихы. (14 томдық) 1,2 т. М. 1990, 104 б.
8. Олкотт Брилл.
Қазақстар //« Казахстанская правда», 1931 ж. №91, 29 қараша.