Жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие берудегі ана тілінің алатын орны

Насиева Назым Қажымұратқызы, филология ғылымдарының кандидаты

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана

 

        Саяси, экономикалық жағдайдың тұрақсыздығы, тұрмыстағы күйзеліс, ұлтаралық қатынастардың шиеленісе түсуі, адамгершілік  құндылықтардың құлдырауы, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің бел алуы қазіргі қоғамның шынайы бейнесі, ол қоғамдағы рухани дағдарысты және жеке тұлғаның рухани, адамгершілік қасиеттерінің төмендегенін көрсетеді. Осыған сәйкес заманның өзі жастар тәрбиесіне жаңаша көзқарасты талап етіп отыр. Қазіргі қазақ қоғамы мен ұлттық санасы биік адамның өркендеуінің бірден-бір шарты болып табылатын рухани-адамгершілік тәрбие беру идеясына мемлекетіміз бен отандық білім жүйесінің түбегейлі бет бұруы кездейсоқтық емес, заман талабы.

Кеше ғана адам санасы үшін жат боп саналып келген қылықтар мен дағдылар бүгінгі күні норма, яғни қалыпты жағдай  болды. Көп нәрсені ақша шешіп, көп жағдайда өтірік - тапқырлық, жаман жолға түсу – ағзаның қажеттілігі, ал сатқындық – іскери қажеттілік деп есептелетін болды. Күш пен қатыгездікті дәріптеу, тиымдарды қаперіне де алмайтын, еркін махаббатты насихаттайтын жас жігіт пен қыздың образын мадақтау жас ұрпақтың рухани және дене саулығына орны толмас зиян әкеліп жатқаны жасырын емес. Азаматтық пен отансүйгіштік, махаббат пен жанұя, достық пен тазалық сияқты өмірлік құндылықтар жойылудың сәл алдында тұр. Қанша сақтанамыз десек те, жаһандық өзгерістер ұрпақты өз дегеніне көндіріп-ақ тұр. Біздің өмір сүріп отырған қоғамымыз да, онда өмір сүріп отырған адамдардың психологиясы да түбегейлі өзгерген. Жастардың таным-түйсігі, өмірге деген көзқарасы мүлдем басқаша. Қазіргі өнеркәсібі жоғары дамыған қоғам адамның ерекше түрін, яғни интеллектуалды дамыған және техникалық білімі жоғары, бірақ таза адами қарым-қатынастарға жоқ «кибернетикалық адам» дегенді ойлап тапты. Соның салдарынан ұлттық сана да тоқырауға ұшырады. Осыдан кейін болашақта жаһанданудың шырмауына түсіп, ұлттық болмысынан, тілінен, дінінен, құндылықтарынан жұрдай ұрпақтың өсіп шықпасына кім кепіл болмақ?!

Бұның алдын-алудың бір-ақ жолы бар, ол – білім мен тәрбиені қатар беру. Жастарымыздың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеу, сол арқылы білім беру – өркениетке жетудің бірден-бір жолы. Бүгінгі күні білім жүйесінің алдына қойған басты міндеті - бұл тек ақылды, білімі жоғары, әлемдік ой-өрісі биік жеке тұлға ғана қалыптастыру емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан, рухани бай, білімді, ел болашағын ойлайтын тұлға қалыптастыру. Себебі, әлемдік кеңістікте мемлекеттің дербестігін танытатын да, оны баршаға мойындататын да осы жастар. Әлемдік біртұтасудың аранына жұтылып кетпей, ұлттық болмысы мен бітімін сақтаған жастардың Қазақ елі болашағы үшін әкелері де, берері де мол.

Еліміздің егемендік алып, әлемдік кеңістікке енгеніне де жиырма жылдан аса уақыт өтті. Бұл жылдар оң-солымызды тануға, басқа елдермен терезесі тең, қатар өмір сүруге бейімдеді. Жаһандану деген ұғымды  танып, біліп, сезіне де бастадық, оны қаласақ та, қаламасақ та ол біздің өмірімізге ендеп кіруде. Бесігін енді-енді түзей бастаған қазақ қоғамы үшін бұл өте бір жауапты кезең болып табылады. Өйткені жаһанданудың басты ұстанымы – Батыс өркениеті. Ал Батыс пен Шығыстың қай жағынан алып қарамайық, бір-бірінен айырмашылығы жер мен көктей екені баршаға мәлім. Шығысқа тән бауырмалдық, ізгілік, кісілік, адамгершілік, тәрбиелік сияқты адами қасиеттердің Батыс өркениетіне жат екені жасырын емес. Батыстың ұстанымы - адами-мәдени құндылықтардың барлығын «тауар» ретінде  қабылдау, бастысы сату және пайда табу. Бірақ Батыс өркениетінен тек солақай жақтарды іздеу дұрыс емес. Батыстың технологиялық жаңалығы, білім саласындағы, нарықтық қатынастағы жетістіктері біздің қоғамға өте қажет, біз соған ғана ұмтылуымыз керек.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серік Пралиев жаһанданудың ұлтқа әсері туралы: «Жаһандануды әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алғанда ғана осынау қауіптілеу болып көрінетін құбылыстың игілігін көреді»,  - дейді. Сондықтан да ұлттық бітіміміз бен болмысымызды, кейпімізді сақтап қалу – бүгінгі күннің өзекті проблемаларының біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда тәрбиедегі ең маңызды мәселелердің бірі – бұл тұлғаның рухани және адамгершілік тұрғыдан қалыптасуы. Жастарға білім бергенде шынайы отаншылдарды тәрбиелеуді естен шығармағанымыз жөн, себебі, солар ғана еліне игілікті істер тындырып, келешекке сеніммен қарай алады, солар ғана жаһандану заманында өзінің келбетін жоғалтпай­ды. Ондай ұлттың да, мемлекеттің де болашағы жарқын.

Осы тұрғыда жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруде ана тілінің алатын орны ерекше екенін естен шығармаған жөн. Тіл - ойлау, қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге ол ұлттығымызды, елдігімізді көрсететін бірден-бір көрсеткіш. Ұлттың өзінің ішкі тұтастығын сақтауының негізгі кепілі де тілі болып табылмақ. Сонымен қатар болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеудегі маңызды көрсеткіштердің бірі болып қала береді.

Кез келген адамның санасында қай тіл қалыптасады, ол сол тілде сөйлейтін, сол тілде ойлайтын болады. Өмірді де тек сол тіл арқылы қабылдайды. Бұл дәлелденген дүние. Медицина және Педагогика ғылымдарының докторы Совет‑Хан  Ғаббасов осыған қатысты ана тілінің 10 түрлі қасиетін атап өтеді: «Ата-баба зердесімен байланыстыратын тек ана тілі екен. Оны ғылымда филогенетикалық жад дейді, халықтың менталитеті, ділі де, тек қана ана тіл арқылы беріледі. Тілі бұзылған халықтың менталитеті де, рухы да жойылады. Ана тілін білмеген адам, халықтың рухани байлығын жасай алмайды. Имандылық, ар-ұят та тілден пайда болады, таным мен талғамды да тіл қалыптастырады. Ана тілін білмейтін қазақтың талғамы – мүлдем басқа талғам. Мейірім, рақым дейтін қасиеттерді де ана тілі сіңіреді».

Шынында да туғаннан өзге тілді ана тілі деп қабылдаған баланы қанша ұлтжанды қыламын десең де, бәрбір оның түпкі санасын, болмысын ұлтжанды қыла алмайсың.  Себебі белгілі бір ұлтқа тән ұлттық болмыс та, ұлтқа тән қасиеттер де ана тілімен бойға сіңуі қажет. Ол сонда ғана нәтижелі болмақ. Ал өзге тіл арқылы сіңген ұлттық сана да бәрбір өзінің «өгейсіп» тұрғанын байқатады. Олай дейтінім, бүгінгі қазақтың көпшілігінің кез келген нәрсеге өзінің көзімен емес, өзгелердің көзімен қарауы, яғни өмірдің мәнін қазақша емес, басқаша ұғатындығы ащы да болса шындық, бүгінгі күннің ақиқаты. Оған дәлелді жүздеп емес, мыңдап келтіруге болады. Ана тіліміздің сырттан келген жағдайларға байланысты емес, өзіміздң немқұрайлығымыздан өркендей алмай жатқанын да мойындайтын кез жетті. Ұлт ретінде бірегейлігімізді, елдігімізді сақтаймыз десек, оны ана тілі арқылы ғана жүзеге асыра алатынымызды ұмытпаған жөн. Жастардың бойына рухани-адамгершілік қасиеттерді дарыта білгенде ең алдымен осы ана тілінен бастау керек.

        Кез келген адамның туған еліне, өз ұлтына деген құрметі мен сүйіспеншілігі өз ана тілін білуден, оны құрметтеуден, қадірлеуден басталатыны ежелден белгілі. Тіл ана сүтімен бойға дари отырып, тұлғаның бойына ұлттық сана-сезімді қалыптастырады, ұлттық рухты дарытады,  ұлтқа тән адамдық қасиеттерге жетелейді. Өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана рухани-адамгершілік тұрғысынан жоғары болмақ. Қазақ жастарының бойына біз осы қасиеттерді дарытуымыз қажет. Олар ұлтжандылығымен, өздеріне тән ұлттық болмысымен және  рухани  тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Ар-намысын жоғары ұстаған, ұлттық құндылықтарын дәріптеген, ана тілінің мүддесін бәрінен жоғары қойған ұрпағы бар ел ғана басқа ел алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болмақ.

        Қорыта келе айтарым, тәрбие отбасынан басталады, ал оны адамның бойына дарытатын баға жетпес құрал – тіл. Сондықтан да отбасы тәрбиесіндегі ана тілінің жағдайына көңіл бөліп, жастардың бойына адамгершілік, ізгілік, тәрбиелік, сыпайылық, қарапайымдылық сияқты қасиеттерді өз ана тілі арқылы сіңдіре білсек, бізге рухани тоқыраушылық та, рухани дағдарыс та қорқынышты емес.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Айтбаев Ө.А. Ана тілі – ұлттық тәрбиенің алтын діңгегі. – Ұлттық тәрбие. №1, 2010. 43-49 б.

2. Сейсенбаева Ж.А. Ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі: Оқу құралы - Алматы, 2011 -104 бет.

3. Пралиев С.Ж. «Ұлттық тәрбие және жаһандану» // Егемен Қазақстан, 25 желтоқсан 2009 .