Педагог-психолог С.Н. Амангелдина
№30 жалпы орта
білім беретін мектеп Семей қ. Қазақстан Республикасы
Өзін-өзі
тануда ұлттық ойынның маңызы
«Ойын-күнделікті бала еңбегі, болашақ
өмірінің бастамасы. Ойын үстінде баланың ертеңгі
өмірге деген қабілеті байқалады» - деген еді К.А. Покровский.
Иә, ойын-адамның өмір тануының алғашқы
қадамы. Ойын өмірде өте ерте жастан басталып, адамның
кәсіпті толық меңгергенше жалғасады екен.
Қазақ халқының ұлт ретінде өмір
сүруіне оның тілімен қатар салт-дәстүрінің,
әдет ғұрыптарының маңызы айрықша.
Қазақтың ұлы ақыны Абай
Құнанбаевтың он тоғызыншы қара сөзінде :«Жас
кезінде жақсы сөз естіп өскен бала кейін есті адам болады,» -
деп атаған. Сондықтан бала ойын арқылы өссе,
жақсы тәрбие алады, ақыл- ойы дамиды [1].
Халқымыздың ұлы
перзенттерінің бірі, аса көрнекті жазушы М.Әуезов:
«Біздің халқымыздың өмір кешкен ұзақ
жылдарында өздері қызықтаған алуан өнері бар
ғой. Ойын деген менің түсінуімше көңіл
көтеру, жұрттың көзін қуантып,
көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір
ерекше мағыналары болған», - деп тегіннен тегін айтпаса керек.
Этнограф-ғалымдардың
зерттеулеріне жүгінсек, қазақтың ұлттық
ойындары аңға, малға байланысты, алуан түрлі заттармен
ойналатын, зеректікке, ептілік пен икемділікке, батылдыққа баулитын
ойындар деп бірнеше түрге бөлінеді. Кейбір ғалымдар
қазақ халқының ұлттық ойындарының
түрі жүзден асып жығылатынын айтады. Мұның
өзі - қазақ халқының ежелден-ақ
айрықша дарынды білімді болғанының дәлелі. Тағы
бір ерекшелігі, ұлттық ойындардың, әсіресе,
жасөспірім балаларға арналған түрлері әдетте
өлеңмен «өрнектеліп» те отырған. Өлең-жыр
арқылы ата-бабаларымыз ойынның эстетикалық әсерін
арттырып қана қоймай, бүлдіршіндердің
өлең-жырға деген ықылысын оятып, дүниетанымын
арттыра білген. Тіпті кейбір ойын арқылы жас ұрпақты
еңбекке баулып, шынықтыруды мұрат еткен. Демек,
халқымыз ұлттық ойындар арқылы жастарды өмір
сүруге дағдыландырып, қиындыққа төзе
білуге, қиын сәттен жол таба білуге машықтандыруды басты
мақсат еткен.
Әр ұлттық ойын
оған қатысушыны өмір сүруге бейімдеп ғана
қоймай, қиындықтан қорықпай, қарсы
тұра білуге де үйретеді. Мысалы, бір ойын шеберлік пен ептілікке,
енді бір ойын талғампаздыққа, ал енді бір ойын
қиын-қыстау кезеңде тез шешім қабылдап, оңтайлы
жол таба білуге баулиды. Адамның өзін-өзі тануда
ұлттық ойынның маңызы мынада: ол зеректікке,
білгірлікке баулиды, бабаларымыздың асыл қазыналарына деген
көзқарасын құрметтеуге, сөз
құндылығын сезінуге үйретеді. Батылдыққа,
өжеттікке тәрбиелейді. Ендеше, өзін-өзі тану да
ұлттық ойындар баланы жан-жақты дамытып,
өзінің ішкі дүниесін тану арқылы өмірдің
мәнін бағалай білуге
жетелейді.
Өзін-өзі тану
пәні рухани-адамгершілік білімінің қағидалары мен
ұлттық, жалпыадамзаттық құндылықтардан
негіз алады.
Қазіргі таңда жасөспірімдердің
көбі бос уақыттарында компьютерлік ойындармен
шұғылданады.
Компьютерлік
ойындардың зияны туралы айтылып-ақ келеді. Күн өткен
сайын балалардың аталған ойындарға деген тәуелділігі
көбейіп барады. Компьютерлік ойындардың бала санасына тигізетін
зияны жетерлік. Тапжылмай ұзақ уақыт көгілдір экран
алдында отыру, біріншіден, баланың ой-өрісінің дамуын
шектесе, екіншіден, оның мінез-құлқының
өзгеруіне әсер етеді екен.
Компьютерлік
ойындар баланың мінезін өзгертеді!
Шынында да, қазір қаланың кез келген
үйінде компьютер бар. Балалардың көпшілігі бос уақытын
осы көгілдір экрандағы ойынмен өткізеді. Уақыт
өте келе олар компьютерге қалай тәуелді болып
қалғанын аңғармайды. Компьютерлік ойындардың негізгі түрі- атыс-шабыс,
төбелес. Бұл алдымен баланың
мінез-құлқына әсер етеді. Өйткені ойынның
бас кейіпкері болған бала үнемі ұта бермейтіні анық.
Кейде жеңеді, кейде жеңіледі. Ал ұтылған сайын
оның ойынға деген құмарлығы арта түседі.
Өзі сол әлемнің батыры болуға ұмтылады. Сырттағы
дүниені ұмытып, қым-қиғаш соғыс
алаңында немесе сатырлаған төбелестің ортасында,
әйтеуір, жарыс алаңында жүреді. Бұндай кезде
баланың жүйке жүйесі бұзылып, ашу-ызаға жол
береді. Ұтылып қалса, көңіл күйі болмайды. Тіпті
осындай кезде айналасындағы адамдардың сөзін тыңдамай,
ренжісіп қалуы мүмкін. Компьютерлік ойындардың
көпшілігі атыс-шабысқа негізделгендіктен, бұндай ойынға
әуес балалардың бойында мейірімділік, ізгілік қасиеттері
азаяды [2].
Осындайда
бала өзін-өзі танып біле
ала ма? Жан дүниесінің жақсы қасиеттерін оята ала ма?-
деген сұрақтар туындайды. Ол үшін не істеу керек? Енді
осының жолын іздеу керек сияқты. Осы жайға тереңірек
үңіліп көрейікші. Олай болса, ұлттық
ойындардың қандай пайдасы бар? Назар аударайық.
Қазақтың
ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар:
аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен
ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін,
соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың
негізгілерінің өзі жүзден астам. Бұл ойындардың
көбінің ежелден қалыптасқан арнайы шарттары бар.
Қойылған шарт ойынның танымдылық әсерін арттырып,
балалардың өлең-жырға деген ыстық ықыласын
оятып, көңілін көтереді, дүниетанымын арттырып, еңбекке
баулиды, ширықтырып, шынықтырады.
Қазақтың
ұлттық ойындарының арасында дене мен қимыл-қозғалысты
ширатумен қатар, адамның танымын, ойын жетілдіретін түрлері
де жоқ емес. Сауық кештерде жастар білгенімен ой-өрісін
шыңдау мақсатында бір-біріне жұмбақтар жасырып, табан
асты айтыстар ұйымдастырып, сөз және күймен
тартысқандары белгілі. Адамның өзін-өзі тануда осындай
ойындардың рөлі айрықша.
«Хан алшы» - қазақ
халқының ұлттық ойыны, асық ойынының
түрлерінің бірі. «Хан алшы»- ойыны ауызбірлікке, ептілікке,
зейінділікке, төзімділікке, достыққа тәрбиелеп,
асықтың алшы, бүк, шік, тәйкі, хан деген
ұғымдарын қалыптастырып, есте сақтау қабілетін
арттыруға арналған және мергендікке баулиды.
«Тоғызқұмалақты»
«Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі бұл ойынды
алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар
ойнайтын болған. «Тоғызқұмалақ» ойыншының
жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне
ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар
болмағанына көз жеткіземіз [3].
Ақыл –
ойды дамытатын «Он бір қара жұмбақ» деген тәрбиелік
маңызы зор тағы бір ойын түрі бар. Оның басты
ерекшелігі – есеп сұрақтарын қою арқылы баланың
ойлау қабілетін дамытады.
Қазақтың
ұлттық ойындары адамның талдау, таңдау қабiлетiн
шыңдайды, ортамен тiл табысуға, қарым-қатынасты
жетiлдiруге, жұмысын мазмұны етуге, жеңiске жетудiң ең
тиiмдi түрлерiн қарастыруға, адамның бойындағы
қасиеттi әлеуметтiк күшке және
қозғалысқа айналдыруға итермелейдi.
Бала
ұлттық ойындарға қатысу арқылы жалпы білімдер
жүйесін меңгереді. Сондықтан да ұлттық ойындарды
баланың өзін-өзі тануында ақыл – ойын шыңдауда,
сондай-ақ, әр түрлі танымдық процестерді дамыту
үшін қолданылуы керек.
Сонымен,
ұлттық ойындардың өзін – өзі тану процесіндегі
рөлі мынада:
1.
Ұлттық ойындар баланы өз бетімен шешім қабылдауға
жаттықтырады;
2.
Шығармашылыққа
баулиды;
3.
Есте сақтау қабілетін
жетілдіреді;
4.
Өзіндік ой – пікірін шыңдауға
жетелейді;
5.
Тәртіпке, жинақылыққа, әділдікке, өжеттілікке,
ұйымшылдыққа тәрбиелейді.
6.
Өзіне деген сенімі, өзін - өзі тану қасиеті
күшейеді;
7.
Өзін – өзі тану пәніне деген
қызығушылығы мен ынтасы
артады;
8.
Ұлттық өнерді бағалауды, құрметтеуді
үйренеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Құрманбаева С.К. «
Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі», Қазақстан мектебі – Алматы, 2004.
2. Несіпбаев Б.К. «Ұлт мәдениеті мен өнері»,
« Білім»– Алматы, 2003.
3. Атабаев А.С. «
Ұлттық ойындар – халық мұрасы», «Ұлт тағылымы»
Алматы, 2006.