Ниеталина Ә.Н.
Б.Сүлейменов атындағы орта мектеп,
Қазақстан
Қазақ тілі мен әдебиет пәнін оқытуда
оқушылардың танымдық, шығармашылық
қабілеттерін дамыту
Қазіргі білім
берудің басты мақсаты – шығармашыл тұлға
қалыптастыру. Егеменді еліміздің ең басты мақсаты
өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке
жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның
алатын орны ерекше. Осы орайда оқушы бойындағы дарындылықты
дамыту – мектеп мұғалімдерінің алдында тұрған
жауапты міндеттердің бірі.
Оқушының
шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту
үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу
қажет. Мақсат - оқушылардың іскерлігі мен
дағдыларын қалыптастыра отырып, шығармашылық
жұмысқа баулу, ой-өрісінің дамуына мүмкіндік
тудыру. Міндет - оқушылардың шығармашылық
қабілетін дамыту, жан-жақты дамуына көңіл бөлу,
ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Алға
қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушы
жастардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты
өсіруге, дамытуға ден қою қажет.
Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының
білім деңгейін оқушылық деңгейден
шығармашылық деңгейге көтеруге жол ашады.
Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын
үш кезең арқылы жүзеге асыруға болады.
Бірінші кезең – жаңаны,
тың нәрсені дамыту, сезе білу, ойлау, түпкі идеяны
табуға ұмтылу, сезімталдық қасиетті оята білу.
Бұл кезеңде әдеби-шығармашылық тапсырмалар
беріліп, төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі.
- Шығарманың мазмұны, тақырыбы жайында пікір жазу;
- Кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеленісті түсіндіру;
- Шығарманы бөлімдерге бөліп, тақырып жазып келу;
- Шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу;
- Әңгіменің белгілі бір бөлімінің
көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу;
Екінші кезең –
қиял, ұшқыр ой қалыптастыру. Бұл кезең –
оқиға құрудың, образ жасаудың
мүмкіндігі бар кезең. Мұнда оқушыға ертегі,
әңгіме, мақалдарды жалғастырып жазу және
аяқтау тапсырылады. Оқушы қиялға ерік беріп,
оқиғаны дамыта отырып шығармашылық жұмыс істейді.
Өз бетінше іздену – шығармашылық қабілетті ашудың
көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар
арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз.
1. Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ,
ребус шешу, жұмбақ, мақал-мәтел, қанатты
сөздер құрастыру).
2. Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс
түрлері. (Мәтінді өңдеу, берілген мәтіннен диалог
құрастыру, мәтін бойынша шешендік сөз
құрастыру)
3. Өз ойынан еркін тақырып құрастыруға берілген
жұмыс түрлері. (Өлең, ертегі, әңгіме,
шығарма жазу).
Оқушылардың
шығармашылық қабілетін дамыту үшін басым міндетті
оқушының өз қолына беріп отырған дұрыс.
Бұл орайда сыныпты топқа бөліп, тақырыпқа
сәйкес өлең құрастыру, қанатты сөз
ойлап табу, шағын мөлтек сыр құрастыру тапсырылады. («Туған
жерге қарыздармыз», «Менің Отаным - Қазақстан»,
«Қыздарға әсемдік жарасады»).
Үшінші кезең –
тапқырлық пен шеберлікке шыңдалу кезеңі. Бұл
кезеңде оқушы белгілі бір шығармаға өзіндік
көзқарас білдіріп, пікір (рецензия) жазады, мәтінге
әдеби-теориялық толық талдау жүргізеді, кіші
ғылыми жұмыстар қорғайды, әңгіме жазады.
Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашыл
тұлға болып дараланады.
Қазіргі оқыту үрдісінде
баланың танымдық қабілетін дамыту басты назарда
ұсталады. Бала өзінің бұған дейінгі білетін
білігінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін
сезінетіндей жағдайға тірелуі керек. Сонда ғана ол білуге ықыластанады,
әрекеттенеді. Сабақ процесінде мұғалім
ұйымдастырушы, бағыттаушы
адам рөлінде болуы керек. Әр оқушыға өз ойын,
пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады.
Оқушы өз тұжырымын дәлелдеуге талпыныс жасайды.
Әдіскер-ғалым Қ.Тасболатов: «Проблемалық ситуация
тудыру – оқушыларға сұрақ қойып, оны шешу
ғана емес, мұндағы сұрақ әдетте
қойылып жүрген сұрақтардан мүлдем өзгеше.
Ол сұрақ оқушыға бейтаныс, өздігінен ізденіп,
өзінше қорытынды жасай білетіндей сұрақ болуға
тиіс», - дейді. Демек, оқушыға танымдық сұрақтар
қоюдың маңызы зор.
1. Автордың «Тортай мінер ақ боз ат менің тақымымда
кеткендей еді, иесіне қайтаруға кеш еді...» деген тұспалды
ойдың мәнін қалай ашар едің?
2. Соғыс кезіндегі балалар мен қазіргі балалар арасындағы
айырмашылықтар мен ұқсастықтар қандай?
3. Сен бұл шығарманы қалай аяқтаған болар
едің? Жазушы бағытына көзқарасыңды білдір.
Пәндік
бағыт бойынша оқыту, үйрету әдістері арқылы
оқушылар бойында мынадай дағды-әрекеттер қалыптасады:
- өз бетінше шығармашылық ізденіс жұмыстарын
жүргізеді;
- зерттеу тәсілін қолданып, көркем шығармаға
идеялық-көркемдік баға беретін дәрежеге жетеді;
- түрлі сайыстарға қатысу белсенділігі артады;
- пәндік теориялық білігі молаяды;
- ойын әдеби тілде көркемдеп жеткізе алады;
- көркем шығармаға әдеби-теориялық кешенді
талдауды меңгереді;
- барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт
ұстанады;
Бала бойындағы
қабілетті шыңдап, оны қамқорлыққа алу-жауапты
іс. Осы орайда оқушы бойындағы дарындылықты дамыту – мектеп
мұғалімдерінің алдында тұрған жауапты
міндеттердің бірі.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Тойбазарова. Н.А «Дамыта оқыту»
А., 2006
2. Шумакова Н.Б «Обучение и развитие
одаренных детей» М., 2004, 236-бет