“Педагогические науки”/

2.Проблемы подготовки специалистов.

 

Оқытушы А.С.Кимашева

Орал газ,мұнай және салалық технологиялар колледжі, Қазақстан

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАРЫНДЫЛЫҒЫ МЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ.

Қазақстан Республикасының “Білім туралы” заңының 5-тарауындағы 41-баптың 1-бөліміндегі “педагог қызметкерлер өз біліктілігін арттыруға міндетті” деп көрсетілуі, “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасында елбасының “біз балаларымызғаөзіміздің жақын және алыс көршілерімізбен достық қарым-қатынасымызды мұра етіп қалдыруымыз керек” деген сөзі бүкіл ағартушы қауым алдында “Оқу тәрбие үрдісіне жаңа педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыру, шығармашылық қабілетін дамыту” өзекті мәселелер енгізіп отырғаны белгілі. Осы мақсатты жүзеге асыруда мектеп басшысы, ұжымдағы мұғалімдердің кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісін дамытуға аса мән беру қажет.[1]

 Ел президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында “Біздің болашақтағы жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет” деген сөздері бар.[5] Демек, оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығуын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы тиімді пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу – мектептің және жоғары оқу орындарының басты бағыттарының бірі. 

“Баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін ең бастысы жағдайлар жасау қажет”.[2]

 Көбінесе “дарынды оқушы – бұл жақсы оқитын оқушы” деген пікір қалыптасқан. Белгілі ағылшын психологі П.Торранстың зерттеулері бұл пікірдің мұғалімдер арасында жиі кездесетінін анықтады. Оларға оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды.  Жаңашыл педагогтер оқушының жеке тұлғалық абыройын барынша құрметтеуге, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін дамытуға, жағымды эмоциональдық педагогикалық үрдісті қалыптастырып, одан педагогикалық зорлықтың барлық түрін аластатуға бағытталған ізгіліктік стратегиясымен сипатталады.

Олардың тәжірибесі мына ережелерге негізделеді:

·     оқытуды мұғалім мен оқушының өзара шығармашылық қарым-қатынасы ретінде қабылдау.

·     күрделі мақсат идеясы (оқушының алдына барынша күрделі мақсат қойылып, оны орындай алатындығына сенімін нығайту);

·     өзіндік талдау (оқушылардың жұмыс нәтижелерін жеке және ұжымдық талдау);

·     ерікті таңдау (мұғалімнің оқу материалының жақсы меңгерілуі мақсатында сабақ уақытын өз бетінше пайдалануы);

·     оқушылардың өзін- өзі шығармашылық басқаруы;

·     тәрбиеге жеке тұлға тұрғысынан қарау;

·     ата- аналармен ынтымақтастық құру;

Мұғалімнің іскерлігіне қойылатын талаптар:

·     дарынды оқушыны анықтау әдістерімен жұмыс жасай алуы;

·     дарынды оқушыларды (жекелей және топпен)оқытуға арналған бағдарлама құрастырып, сонымен тұрақты жұмыс істей білуі;

·     оқушы дарындылығын дамытуға қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізе алуы;

·     дарынды оқушыны оқытудың нәтижесін нақты бағалай білуі;

·     дарынды оқушының ғылыми –ізденіс жұмыстарымен айналысуына жетекшілік етуі;

·     дарынды оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасауы.[4]

Сондай-ақ дарынды оқушылармен нәтижелі жұмыс жасайтын мұғалімнің кәсіби “бейнесі” мынадай қасиеттерден тұрады: жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зерттеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық.

 Ұлы ойшыл Плутарх кезінде былай депті: “Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады”. Міне, ұстаз осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек.

Оқушылардың шығармашылық қабілетін арттырып, ынталандыру үшін сабақтарды мынадай жолдармен өткізуге болады:

1. Сабақта кең көлемде көрнекі құралдарды пайдалану;

2. Сабақты түрлендіріп өткізу;

3. Сабақта оқушылар өздері жасаған суреттер, схемаларды пайдалану;

4. Техникалық құралдарды тиімді қолдану;

5. Сабаққа қатысты бейнетаспаларды, фильмдерді көрсету.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.   ҚР Білім туралы Заңы. Астана. 2004 жыл.

2.   Н.Назарбаев “Біздің халқымыз жаңа өмірге бейімделуі керек”.//”Егемен Қазақстан”. 31 мамыр. 2000 ж.

4. ХмельН.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки учителя.   Алматы. “Ғылым”. 1988г.

5.Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Астана.14 желтоқсан 2012ж.