Тұрғанбаева Б.Ш.

Семей мемлекеттік педагогикалық институты, Семей қаласы, Қазақстан Республикасы

Қазақтың ежелгі дәстүрлі заң жүйесінің пайда болуы

 

Қазақ халқының шыққан тегі, тарихы, құқықтық мәдениеті өте қызықты, әрі күрделі мәселе. Қазақ халқы тарих аренасына шыққаннан бастап қаншама қилы-қилы замандардан өткенімен адамгершілік қағидасын ұстануы негізінде қоғамдағы қолданыста болған әдет-ғұрып нормаларының қазіргі уақытқа дейінгі маңыздылығы жоғалмаған. Бұл нормаларды құрауда халық адам құндылығын, әділеттікті, теңдікті және адамгершілікті бірінші орынға қойғандығы көрінеді.

Қазақтың ежелгі дәстүрлі құқықтарының пайда болуын сөз еткенді біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірдегі патриархалдық қоғамдағы қалыптасқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, заң тәртібі ретінде қолданылған жол-жора, үкім-кесімдердің құқықтық өлшемдерін айтпай кетуге болмайды [54, 23б].

Кез келген қағида-ереже алтын қазына бола қоюы екіталай. Ал қазақ әдет-ғұрып құқығының өміршеңдігі ең алдымен өзге құқықтық жүйелерден өзгеше ерекшелігі барлығында әрі адам құқықтарын, еркіндік, бостандық, теңдік, әділдік, адамгершілік категорияларын бірінші орынға қоюында жатыр. Сондықтан да тарихта қоғамдық құрылыстың дамып не құлдырауына қарамай, құқықтық мәдениеттің беделі мен қызметі құлдырамай, өз өміршеңдігін көрсете алды[63, 10 б].

Табиғаттың өзі көшпенділердің танымдық сезімін, ой-өрісін ерекше етіп жетілдірді. Қоршаған орта, кең дала ой сезімдерінің шарықтап өсуіне қатты әсер етіп, адам мен табиғат, қоғам мен адам және олардың арасындағы қарым-қатынас, адам өмірі мен мәні, адам құндылығы, өмірдің мәңгілік емес екендігі, адам адаммен ғана адам екендігі жайлы ойлануға мәжбүр етті. Осыдан келіп әлемді жаратушы бар, ол Тәңірі деген иланымнан сенім қалыптасты. Мұндай сенім будда, зәрдем (зооастризм), яһуди, ислам діндері шықпай тұрып тұрақтануы көшпенділерге үлкен рух береді [63, 9 б].

Кез-келген адам ар-ұят, намыс, абырой сияқты адами құндылықтарға ие болулары қажет. Бұл құндылықтарды адамгершілік пен әділдік сақтайды. Осы адам бойындағы құндылықтар мен қасиеттер оның қоғамдық, құқықтық санасын қалыптастырады. Қазақ даласындағы әдет-ғұрып жүйесі осыдан бастау алатыны анық.

Қазақ халқының әдет-ғұрып нормалары ең алдымен адам құндылықтарын, еркіндікті, бостандықты, теңдікті әділдік пен адамгершілікті қолдаған. Осы қағидалардың өзінің тәрбиелік мәні белгілі.

Қазақ даласындағы заң жүйесі жер-су, көші-қон, жеке меншікті (малды таңбасымен және т.б.) анықтау, дауларды өз саласына бөліп, құн мен айып төлеудің мөлшерін, жаза түрлерін, отбасы қатынасын, сондай-ақ, жеке тұлғаны құқықтық және адамгершілікке тәрбиелеу шараларын қамтыған.

С.З.Зиманов қазақ әдет-құрып нормаларының ерекшеліктерін келесідей атап көрсеткен:

1. Бірқатар ережелерде феодалдық қоғамның қалыптасуының ежелгі сатыларының қауымдық-рулық құрылымының элементтері сақталған ерте феодалдық қатынастардың көрініс алуы;

2. Әлемге белгілі әдет-ғұрып құқық жүйелерінің көпшілігіне қарағанда қазақ Дала заңдарында «халықтық» демократиялық институттар мен қағидалардың басым сақталуы;

3. Қазақ ата заңдарының құрамындағы хандар мен әйгілі билердің атымен енген ережелердің орын алуы;

4. Қазақ Дала заңдары бойынша дау-дамайлар азаматтық, қылмыстық істер болып бөлінбеуінің тарихы мен себептері;

5. Басқа елдерде қолданылатын бас бостандығынан айыру, түрмеге, зынданға жабу, дене мүшелерін жарақаттау сияқты қатаң жазалардан қазақ Дала заңының бейхабар болуы.

Міне осының барлығы ежелгі қазақ әдет-ғұрып құқығының демократиялық ерекшеліктерінің көріністері еді [67, 64 б].

Осы ерекшеліктердің тәрбиелік мәні Дала Заңының адамгершілік, халықтық-демократиялық қағидаларына сүйенуі адамның адамгершілік-құқықтық санасы мен мәдениетін қалыптастырып, дамытады, заңдардың хандар мен билердің атымен аталынуы адамды адамның сыйлай білуіне баулыса, қатаң жазаның, зындан мен түрменің жоқтығы сол қоғамдағы адамдардың саналарының жоғары болғанымен сипатталады.

Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесі жер-су, көші-қонды бөлуді, малдың ен-таңбасын анықтауды, дау-жанжалдарды тарау-тарау, сала-салаларға бөліп, құн мен айып төлеудің жайы мен мөлшерін, жаза түрлерін белгілеуді ретке келтірумен бір қатарда отбасы қатынастарын, адамды адамгершілікке тәрбиелеу, имандылық шараларын да қарастырды. Қазақтың әдет-ғұрып нормасы бойынша құқық қылмыстық, неке, міндеттемелік, жеке меншік сынды салаларға бөлініп, осы құқық салаларына қатысты даулар билер сотымен қарастырылған.

Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесін «әдет-ғұрып», «ата-баба жолы», «ата салты», «жол-жоба», «жөн-жосық», «ата-баба реттері» деп жалпылама айта берді.

Қазақ даласындағы қылмыстық құқық саласына ұрлық жасау, адам өлтіру, адам зорлау әрекеттері жатқан. Адам өлтірген қылмыскер билер сотының шешімі бойынша жазаланса, мал ұрлығына барымта қолданылған. Қылмыскерлерді халық алдында масқаралау, елден қуу (жер аудару) ауыр жазаға жатқан.

Азаматтық және қылмыстық құқықтардың басты мақсаты тәлім-тәрбиеге негізделген. Кез келген дау-дамай,  қылмыстық іс-әрекеттер жариялы түрде, куәлер қатыстырылып шешілген. Жиналған халыққа бұл сот процестерінің  тәлім-тәрбиелік мәні зор болған. Бір ғана мысал, ата-анасын ренжіткен баланы қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне күйе, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдырған. Әрине, мұны көргендер бетіне түкіріп, ұрып-соғып, азаптаған. Өзгелерге мұны сабақ етіп, ата-анасына қарсы шықпайтындай үлгі болған.

Азаматтық және қылмыстық істерді қарау заңдылық пен әділ сот шеңберінде жүргізіліп, қоғамдық ой мен ұлттық сананы биікке көтеріп, халық тағдырының арашасы, қорғаушысы, тәлімгері рөлін атқарды. Сот шешімдері адамгершілік пен әділеттікті құрады. Бұл көшпелі қазақ қоғамының болмысынан берік орын алды. Әрине, бұл жетістік тәлім-тәрбие  бастауларын дұрыс таңдап, оның механизмдерін сәтті қолдана білулерінде жатыр. Сондықтан да ру ішіндегі және руаралық байланыстарды, мемлекеттік басқару қатынастарында шыншылдық, әділдік және адалдық секілді моральдық құндылықтарды тәрбиелеп, бекітуге ерекше көңіл бөлінді.

Қазақ даласындағы әдет-ғұрып нормалары қазақтардың ежелгі заң жүйесінің негізгі қайнар көзі болып табылады. Қазақ хандығы тұсындағы заң жүйесіне әдет-ғұрып нормаларымен қоса Дала заңдарына Шыңғыс ханның «Жасағы», Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы» және Тәуке хан дәуіріндегі қабылданған «Жеті жарғы» заңдары жатады.

ХҮ ғасырдан бергі уақытта қазақ даласындағы заңдарды жүйелеген нормалар - Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», және  «Жеті жарғы» заңдары болып табылады.

Шыңғыс ханның атақты «Жасақ» заңымен қоса, «Билік» нормативтік-құқықтық актісі қазақ даласында маңызды роль атқарған. «Билік» заңы елді басқару тәртібін, мемлекеттік билік органдарын, олардың құқықтары мен құзіреттерін, заң нормаларының орындалуын және олардың орындалмау жағдайында қолданылатын шаралар мен жаза түрлерін қамтыған. Ал, «Жасақ» заңында сот органдарының құзіреті, міндеттері және сот істерінің жүргізілу тәртібі, жаза таңайындау заңдылығы қарастырылған.

Жалпы Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы халықтың, қоғам мүшелерінің құқықтарын, міндеттерін нақты атап өткені көрінеді. Бұл заң баптарының қаталдықпен құрастырылғаны әскер, салық, тәртіп мәселелріне басым көңіл бөлінгендіктер байқалады. Қоғамда тәртіп болмаса заңды әрекеттер орын алмас еді. Сол себепті болар Шыңғыс хан «Жасағы» қаталдықпен атағы шыққан заң жүйесі болып есептелінеді.

Қазақ даласындағы Шыңғыс ханның «Жасақ» заңынан кейін шыққан атақты заң жүйесінің бірі Қасым ханның билігі тұсына шықты. Ол «Қасқа жол» заңы еді.

Қасым ханның «қасқа жолы» заңын құрайтын иснтитуттарға қылмыстық, неке және отбасы, меншік, мұрагерлік салалары жатады. Бұл заң жинағында қарастырылған меншік құқығындағы мүліктік қатынастарды азаматтық құқық саласына жатқызуға болатындықтан, осы заңның тағы да бір институты азаматтық құқық болып табылады. Қазақ даласындағы заң жүйесінде нақтылап азаматтық құқық саласы қарастырылғанымен олай аталынбаған. Бір-ақ Қасым ханның осы заң жинағында меншік құқығын мүлік заңы деп қараған. Мүлік заңына мал, жер және мүлік дауларын шешу ережелерін, шаруашылық мәселелрге байланысты нормалар мен міндеттемелер кіріктірілген.

Қасым ханның «Қасқа жолы»:

- мүлік заңын (жер, мал, мүлік даулары);

- қылмыстық заңды (ұрлық, адам өлтіру және т.б.);

- әскери заңды (аламан міндеттемесін, ер құны, қара-қазақ және т.б.);

- елшілік жораларды (майталмандық, шешендік, сыпайылық, әдептілік, халықаралық қарым-қатынас);

- жұртшылық заңын (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бекеуіл және т.б.) қамтыған.

Қасым ханның «қасқа жолындағы» мүліктік заң қазақ даласының әдет-ғұрып заңдары негізінде құрастырылғаны көрінеді. Сонымен бірге қоғамда пайдалылып жүрген араб, монғол тілдерінің орнына қазақ, түркі тілдерін енгізіп, билер сотына көп көңіл бөлген.

Қасым хан дәуірінде заңға бағынбаған адамдар билер сотының үкімімен жазаланып отырған. Бұл қоғамдағы тәртіпті қадағалаушы, тәртіп орнатушы негізгі құрал Қасым ханның «қасқа жолы». Осы заң нормасынан кейін қазақ тарихының аренасынан Ұлы Дала заңдарының бірі - Есім ханның «ескі жолы» орын алады.

Бізге «Ескі жолдың» нақты тұрпаты беймәлім, бір ақ жалпы сұлбасы ХІҮ ғасырдың соңына дейін жеткені байқалады. Қасым ханның мемлекеттік заң жүйесі – «Қасқа жолдан» көп кейін шыққанына қарамастан, «Ескі жол» аталуына қарағанда, Есім ханның заңдарын ежелгі Алтын Орда тұсындағы низам-жарғыларға, одан бұрынғы Шыңғыс ханның «Жасақ» үлгісіне жақынырақ болған сияқты. Есім әсіресе ұлыстың әскери ұжымына қатысты мәселелерге ерекше мән берген деп шамалаймыз. Жеке тармақтары қандай болғанда да, негізгі ұстанымы Қазақ Ордасының мемлекеттік жүйесі, өзіндік құрылымы, ел билеу жорасына арналған азаматтың және құқықтық ережелер жинақталған «Ескі жол» бір ғасырдан астам ұзақ уақыт бойы Қазақ халқының ең негізгі заңы болып келеді.

Есім хан «Ескі жолды» Қасым ханның «Қасқа жолына» ұқсас және ол өз заңына билермен ақылдаса отырып, өтпелі кезеңге байланыстырып, көшпенділер өмірінің ерекше қиын жаңдайына сай келетін дәстүрлі әдет-ғұрыпты, құқықтық тәртіпті жетілдіру мақсатында жаңа құқықтық нормаларды енгізген. Енгізілген жаңа құқықтық нормаларға тәрбие мәселесіне байланысты жорғыларды,  құн жорғыларын, жесірлерге байланысты жорғыларды және жаза жорғыларын жатқызуға болады.

Есім ханның «Ескі жолы» - бұл Қасым ханның «Қасқа жолының» толықтырылған заң нормасы. Қазақ хандығындағы атағы шыққан заңдардың бірі «Жеті жарғы» заңы.

Майқы бидің «Жеті Жарғы» заңының сол уақытта реформалық маңызы зор болған. Бұл заң жеті бөлімнен тұрғандықтан «Жеті Жарғы» аталынған. Осы заңдағы жеті бөлім келесідей бағытта құралған:

1-бөлім. Адам құны туралы;

2-бөлім. Жесірлер мен неке туралы;

3-бөлім. Жер иелігі мен жер бөлісі туралы;

4-бөлім. Ұрлық туралы;

5-бөлім. Барымта туралы;

6-бөлім. Дау-шаралар туралы;

7-бөлім. Мал құны туралы.

Майқы бидің бұл заң жүйесі ХҮІІІ ғасырдағы «Жеті Жарғы» заңының бірден-бір қайнар көзі екендігі анық. Майқы бидің «Жеті жарғысы» мен Төле би, Қазыбек би және Әтеке бидің Күлтөбе басындағы жиынында құрастырып, талқылап Тәуке ханның қолдауымен шыққан «Жеті жарғы» заңының арасы шамамен 4-5 ғасырды құрайды.

Жеті жарғыны жасау қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларын қазақтың феодалдық қоғамының жаңа қажеттеріне бейімдеу, бұл орайда ол нормалардың феодал шонжарлардың мүдделеріне сай келетіндерін ғана сақтау мақсатын көздеді. Сөйтіп, Тәуке ханның «Ережесінде» сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік және құқықтық нормалары заң жүзінде баянды етілді. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмысытық істер, азаматтық құқықтық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтары қамтылған.

«Жеті жарғы» заңы меншік, қылмытық, отбасы және неке, мұрагерлік құқықтарын, тәрбие мәселелерін, сот ісінің өту тәртібі мен билердің үкімінің орындалуын міндеттеу үдерістерін қамтыған.

Тәуке ханның қолдауымен Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің жазған «Жеті жарғы» заңының тәрбиелік маңызы зор. Мысалы, қылмыстық құқық бойынша құн төлеу және өлім жазасынан басқа да жаза түрлері қолданылған. Бұл жазалар христиан дініне кірген адамдардың мал-мүкін тәрлкілеумен, күйуін өлтірген екі қабат әйелді елден қуумен және ата-ана алдындағы парызын бұзған ұлын жұрт көзінше масқаралаумен сипатталған. Үшінші жаза туралы айтатын болсақ, ата-анасына тіл тигізген немесе қол жұмсаған ұл бала қара сиырға теріс мінгізіліп, оны ауыл-ауылды аралатып, ауыл адамдарының көзінше қамшымен дүре соққан. Егер осы тәртіпсіздікті қыз бала жасаса, онда оның аяқ-қолын байлап, анасына берген. Анасы оған не істеймін десе де ерікті болған.  Өз баласын өлтірген ата-ана жауапкершілікке тартылмаған. Ата-анасы қайтыс болған баланы қамқорлыққа алу тәртібі де орын алған. Бұл жағдайда жетімге қамқоршы ретінде жақын туыстары, егер олар болмаса сенімді адамдар тағайындалған. Күйеуінің немесе әкесінің ұрлық жасағанын біліп, оны айтпаған әйелі мен балалары жазаланбайды, себебі отбасындағы үлкеннің сыртынан сөз айтуға болмайды.

Сақ тайпаларының дәуірінен бастап би қызметінің маңызды роль атқаратыны ондағы ру, тайпа басшылары мен беделді адамдардың біріккен кеңесі қоғамдағы тәртіптің сақталуын қадағалап, сот қызметін атқарған. Үйсін тайпасында халықтың жағдайын жасап, тайпа қоғамындағы тәртіптің бұзылмауына қарап, сот қызметін атқаратын «Билер кеңесі» қызмет атқарған.

Қазақ билері дауларды шешуде қатаң жаза (қылмыскердің, жауаптының намысына тию, ел алдында масқаралау, онымен қоса руын да масқаралау) тағайындау арқылы халықтың қоғамдық, құқықтық мәдениеттеріне дұрыс әсер етіп отырған. Осыған байланысты фактілерді Н.Өсерұлының “Шариат” атты еңбегінен көре аламыз. Онда: “Қазақ әдет-ғұрып заңдары о бастан ақ кісі өліміне аса жауапкершілікпен қараған, осыған байланысты билер де қылмыскерлерді жазалап қана қоймай, мұндай қылмысты екінші рет болдырмау жағын да қарастырған. Кісі өлімі бүкіл қоғамға тән дерт ретінде қаралған. Сол себепті күнәні қылмыскердің бүкіл руластарына таңып, бәрін бірдей жауапты еткен. Ондай руларды “бүлінген ел” деп қғамнан шеттеткен. Олармен қарым-қатынас жасамай, қыз беріп, қыз алыспаған” делінген.

Қазақ құқығы бойынша адамгершілік қағидасын ұстанып сот әділдігін іске асыршы және дауласушы жақтарды татуластырушы би болып табылады. Дауды қарастырудағы қарапайымдылық сот әділдігімен дәлелдеу бостандығының қамтамасыз етілуі, тараптардың және процеске қатысушылардың әрқайсысының өкілдерінің іске қатысу мүмкіндігінің шектелмеуі, тараптарды татуластыруға тырысу және соттық шешімдердің, тіпті кінәлі тарапқа қатаң жаза тағайындалған кезде де қоғамның алдындағы әділеттігі мен дала заңдарына сай болуын қамтамасыз ету билер сотының нысаны мен мазмұнын құрады.

Ар, ұят, намыс, еркіндік, теңдік қазақ қоғамында басты принципке айналып, құқықтық саласында бірінші орында тұрды. Сот процесін билер осы принципте талдап, талқылады. Екінші принцип бітімгершілік, татуластыру, ел бірлігіне сына түсірмеу болды.

Шындық пен әділдікке жету билердің соттық шешімдерінің түпкі негізіне айналды. «Дауды қарастырудағы қарапайымдылық, сот әділдігі мен дәлелдеу бостандығының қамтамасыз етілуі, тараптардың және процеске қатысушылардың әрқайсысының өкілдерінің іске қатысу мүмкіндігінің шектелмеуі, тараптарды татуластыруға тырысу және соттық шешімдердің тіпті кінәлі тарапқа қатаң жаза тағайындалған кезде де қоғамның алдындағы әділеттігі мен логика заңдарына сай болуын қамтамасыз ету билер сотының формасы мен мазмұнын құрады».

Қазақ хандығы тұсындағы заңдар жүйесі көшпелілердің рухын көтеріп, сана-сезімін жоғарылатты. Бұл нормалар мен оны жүзеге асырушылар хандықтың да, халықтың да мүддесін қолдай білді. Нақтырай айтатын болсақ, хандықтың ішкі және сыртқы мәселелері, соғыс пен бейбітшілік, көші-қон тәртібі, ел ішіндегі дау-дамайлар мемлекетті басқарушыларға да, халыққа да өте маңызды мәселелер болды. Бұлардың көкейге қонымды түрде шешілуі қоғам ішіндегі ауызбірлікті нығайтып, халық бірлігін күшейтуге, туысқандық, бір қаннан таралғандықтарын терең түсінуге, ең бастысы жарық дүниеге келгеннен соң тату-тәтті, адамдық қасиеттерді сақтай отырып өмір сүруге жетеледі. Сол себепті де сол уақыттағы заң нормалары және оны жүзеге асырушылар жауапкершілігі арта түсті. Ол жауапкершіліктің салмағы әділдікке сүйенуде еді.

Сонымен, құқықтық жүйеде ел бірлігін, адамгершілікті сақтауға бейімделген ережелер басым болды. Қазақ әдет-ғұрып құқық жүйесі қарапайым, мағынасы, құрылымы халықтық сипатта болды.

Бұл тақырып мемлекеттің, қоғамның өзекті мәселесі болып қала бермек. Жаңа дәуір азаматын, сондай-ақ мемлекеттің өтпелі кезеңге қарай азамат тұлғасын қалыптастырып, дамыту мәселесінің көкейкестілігі ешқашан маңызын жоғалтпайды.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Қазақтың ата заңдары. Т.І. Алматы, 2005. -  б.

2.     Зиманов С.З. Қазақ құқығын бағалау тарихы туралы // Қазақтың Ата Заңдары. 10 т. – Алматы: Жеті жарғы, 2004. – Т. 2. – 460 б.

3.     Кенжалиев З. Көшпелі қазақ қоғамындағы дәстүрлі мәдениеті. – Алматы: Жеті жарғы, 1997. – 192 б.

4.     Смағұлова А. Қазақ әдет-ғұрып құқығындағы мұра мен мұрагерлік. –Алматы, 2005. – 168 б.

5.     Нурлин А.Қ. Қазақ әдет-ғұрып құқығы жүйесіндегі билер институты (ХҮІІ-ХҮІІІ ғасыр). Заң ғ.к. дисс. - А.,2004. – 136 б.

6.     Нукетаева Д.Ж. «Қазақ хандығы тұсындағы заң жүйесі негізінде оқушыларға құқықтық тәрбие беру» Пед.ғ.к. – А., 2010 – 117 б.