Филологические науки/3. Теоретические и методологические проблемы исследования языка
Филол.ғ.к. Төлеуп М.М., филол.ғ.к.
Советова З.С.
Алматы энергетика және байланыс университеті, Қазақстан
Энергетика
терминдерінің жасалу ерекшеліктері
Тіл қоғам
өміріндегі құбылыстар мен өзгерістерге сай
жаңару, жандану, даму үрдерістерін бастан кешіруде. Әсіресе,
ғылым мен техниканың қарқынды даму сатысына
көшкен қазіргі таңда тіліміздің терминологиялық
жүйесінде ұлттық болмысымызды жаңғыртатын ұғым
атауларының белең алуы – қуантарлық жайт. А.Байтұрсынұлы
термин жасауда мынадай әдістерді басшылыққа алған: «Жаңадан
енген ұғымға атау беруде ана тілінің ішкі
заңдылықтары мен бай сөздік қорын пайдалану;
халықаралық терминдерді аударуда қазақ тілінің
барлық мүмкіншілігін пайдалану» /1/. А.Байтұрсынұлы
терминдерді «пән сөзі» деп атап, оның даярлығына
қызықпай, ана тілінен де қарастыруды ұсынады. Қазақ
тіліне енген халықаралық терминдер мен кірме терминдердің сол
тілдің грамматикалық құрылысы мен фонетикалық
жүйесіне қарай бейімделуіне баса назар аударған болатын. Осыған
байланысты ғылымның көптеген салалары бойынша
жүргізілетін ғылыми зерттеулерде, оқулықтар жазу
барысында қолданатын термин сөздер мен сөз тіркестерін
барынша ойластырып, сұрыптап барып пайдаланған жөн, сонда
ғана олар ғылымға еніп, тұрақты
қолданысқа түсері сөзсіз. «Техникалық термин жасауда ана тіліміздің барша
байлығын сарқа пайдалану керек» деген
қағиданың жүзеге аса бастағанын байқау
қиын емес. Бұндай атауларға энергетика саласының сараланған
терминологиялық жүйесіндегі қолданысқа
енген түйіспе (контакт), сақтандырғыш (предохранитель), қысым
(давление), санауыш (счетчик) т.б.
көптеген терминдер дәлел бола алады.
Орыс тіл білімінде термин
мәселесі Д.С.Лотте, Г.О.Винокур, В.В.Виноградов, О.С.Ахманова, Д.Н.Ушаков,
А.В.Суперанская сынды ғалымдардың еңбектерінде кеңінен
қарастырылса, қазақ тіл біліміндегі термин
мәселесінің зерттелуі А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Х.Досмұхамедұлы,
М.Дулатұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінен бастау алып, Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы,
Б.Қалиұлы, Ш.Құрманбайұлы,
Е.Әбдірәсілов т.б. ғалымдар еңбектерінде
ғылыми-теориялық тұрғыда жан-жақты қарастырылған
болатын.
Жалпы «термин»
ұғымына ғылыми-теориялық, анықтамалық
еңбектерде бірнеше анықтама берілген. О.С.Ахманованың
«Словарь лингвистических терминов» еңбегінде: «Термин – бұл арнаулы
саладағы білім мен іс-әрекетті білдіретін сөздер мен
сөз тіркестері. Олар жалпыхалықтық лексикаға тек қана терминдік жүйе арқылы ғана енгізіледі. Термин дегеніміз – арнаулы
ұғымдар мен арнаулы заттарды дәл белгілеу үшін пайда
болған тілдегі арнаулы (ғылыми, техникалық т.б.) сөздер
мен сөз тіркестері» /2, 474/, - деп берілген.
Қ.Аханов: «Тіл-тілдің
лексикасында ғылым мен техниканың түрлі салаларында
қолданылатын арнаулы сөздер бар. Олар терминдер деп аталады» /3, 161/,
- десе, Ә.Хасенов: «Терминдер – тілде ғылым мен техника,
мәдениеттің әр саласына қатысты белгілі бір
ұғымды дәл білдіретін арнаулы сөздер. Терминдер – нақты
бір ұғым атауы» /4, 102/, - деп тұжырымдаған.
Жалпы термин
жөнінде ғалым Ш. Құрманбайұлы мыналарды атап айтқан
болатын:
1. Терминдер негізінен сөз немесе сөз тіркестері болады.
2. Терминдер негізінен тілдік бірліктер.
3. Термин – белгілі бір терминологияның мүшесі.
4. Термин деген – ұғым аты.
5. Терминнің міндетті түрде дефинициясы болады.
6. Терминдердің негізгі басым бөлігі жалпы есімдер, сөз табына
қатысы жағынан зат есімдер болады.
7. Терминдер атауыштық қызмет атқарып, негізінен ғылым
тілінде, арнаулы сала шеңберінде қолданылады /5, 7/.
Жоғарыдағы
терминге берілген анықтамалар бір-бірімен үндесіп келіп, терминдердің
ғылым мен техниканың белгілі бір саласына ғана тән
екендігін, сонымен қатар сөз немесе сөз тіркесі түрінде
де көрініс табатындығын атауға болады. «Термин – ғылыми
немесе өндірістік-технологиялық ұғым атауы болып
табылатын арнайы қолданыстағы дефинициясы (анықтамасы) бар
сөз немесе сөз тіркесі» /БСЭ, т.42, с. 302/, - деген пікірді белгілі дәрежеде қорытынды
түйін деп қарауға болады.
Алматы энергетика
және байланыс университеті, қазақ және орыс тілдері
кафедрасының «Сөздік жасау үшін
техникалық әдебиеттерден терминлексемдерді және
терминологиялық сипаттағы сөз тіркестерін іріктеу
принциптерін зерттеу» атты міндетті ғылыми-зерттеу жұмысының бірінші бөлімі
терминжасам мәселелерін теориялық тұрғыдан зерделеуге
арналғандықтан, ғылыми-техникалық терминдер, пән
сөздері, терминдердің сөзжасамдық тәсілдері,
сөздік түзудің негізгі ұстанымдары т.с.с.
мәселелер туралы ізденістер жүргізу барысында төмендегідей тұжырымдар жасалды:
- қазақша-орысша
және орысша-қазақша сөздіктерді түзу барысында
терминдер мен сөз тіркестерін сұрыптап алудағы басты
тәсілдер құрамы анықталды;
- терминденудің
сөзжасамдық тәсілдерін талдау арқылы терминдердің
қолданысын бір жүйеге келтіруге ұмтылыс жасалды;
- негізгі
ұстанымдар ретінде тілдік лексикалық бірліктің қолданым
жиілігі, тіркесімдік қабілеті, сөзжасамдық
мүмкіндіктері ұсынылды.
Оқу
сөздіктерін түзудегі басты мақсат – кәсіби
қазақ тілі пәнін меңгерту арқылы болашақ
маманның кәсіби білімін жетілдіру. Осы орайда орыс тілінде білім
алатын студенттерге тілді үйретуде оқу сөздіктерінің
маңызы зор.
Осындай
оқу сөздіктерін түзудің тиімді жақтары:
- біріншіден, студенттердің білім зерделеуінде
үлкен пайдасын тигізері анық;
-
екіншіден, келешекте жазылатын кәсіби
қазақ тілінен және арнайы пәндерден оқу-әдістемелік
құралдар, оқу құралдары мен әдістемелік
нұсқаулар үшін бірден-бір қажетті нәрсе.
Терминология –
ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір
күрделі қабаты, сондықтан да электр энергетика бағыты
бойынша терминдерді талдап, сұрыптау
басты мақсаты болып табылды. Терминжасам тілдің
сөзжасам жүйесінің бір тармағы
болғандықтан, ол сөзжасамның жалпы
заңдылықтарын сақтайды. Олай болса терминжасамда
сөзжасамның тәсілдері қолданылады.
Энергетика саласына
байланысты терминдердің синтетикалық тәсілі, яғни сөз тудырушы жұрнақтар арқылы термин
жасау маңызды орын алады. Сол себептен энергетика
бағытына негізделген Ж.Әміров пен Р.Шидерованың «Айнымалы
токтың электр машиналары», П.Сагитов, К.Жумагулов және
Ж.Тойгожинованың авторлығымен құрастырылған
«Айнымалы токтың электр машиналары» атты оқу құралдарынан
іріктеліп сұрыпталған терминдерге техникалық сала
қолданысындағы қазақша-орысша және
орысша-қазақша сөздіктер негізінде қарастырдық. Энергетика
бағыты бойынша пайдаланылатын мәтіндерде кездесетін терминдерді
жинақтап, сараптау барысында ғылыми-техникалық мәтіндер
құрылымындағы терминденудің сөзжасамдық
тәсілдерін, соның ішінде синтетикалық тәсілді
талдауды міндет етіп қойдық.
Энергетика
саласындағы терминдерді тудырушы жұрнақтардың
белсенділік деңгейі әртүрлі. Мәселен:
-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш жұрнақтары
арқылы көптеген терминдер қалыптасқан. Бұл
жұрнақтар термин жасауда өнімді
жұрнақтардың қатарынан табылды. Мысалы: қозғалтқыш (двигатель), өткізгіш
(проводник), ажыратқыш (выключатель), сақтандырғыш
(предохранитель), көрсеткіш (показатель), араластырғыш (смеситель),
қыздырғыш (нагреватель), түзеткіш
(выпрямитель), салқындатқыш (охладитель), дірілдеткіш (вибратор), күшейткіш
(усилитель), үдеткіш (ускоритель), түрлендіргіш (преобразователь) т.б.
Атаулы жұрнақтардың көмегімен жасалған терминдер
жоғарыда келтірілген мысалдардан орыс тіліндегі -тель суффиксімен жасалған қосымшаларға
сәйкес келетінін байқау қиын емес. Ғалым Ш.Құрманбайұлының
сөзімен айтқанда, «...Біріншіден, мұнда бірізділік бар.
Екіншіден, тіларалық сәйкестік сақталған. Орыс
тіліндегі құрал-саймандар мен жабдықтардың,
механизмдердің атауын жасауда жиі қолданылатын суффикс арқылы
жасалған терминдер біздің тілімізде дәл сондай мағына
беретін жұрнақ арқылы туындаған. Үшіншіден, бұл
көмекші морфема арқылы жасалған терминдердің
ықшамдылығымен, қолдануға қолайлылығымен де
ерекшеленетіндігін айту керек» /5, 128/.
-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары
арқылы жайма (развертка), сынама
(проба), ысырма (задвижка), қоспа (смесь), сырғыма (скольжение),
түйіспе (контакт), қаптама (кожух), серіппе (пружина), орама
(обмотка) т.б. терминдер қолданысқа енген. Бұл
жұрнақтардан құралдық және іс-әрекет,
үдеріс нәтижесінде туындаған мағынаны білдіретін атаулар қалыптасқан.
-ым, -ім, -м жұрнақтары арқылы төсем (настил), өлшем (мера),
орам (виток), айналым (оборот), құрылым (структура), тартым (тяга),
қысым (давление) т.б. терминдер жасалған. Етістік
тұлғалы сөздерге жалғанып, зат есім тудыратын бұл
жұрнақтардан энергетика саласында ұғым, зат атауларын
білдіретін термин атаулары қалыптасқан.
-ық, -ік, -қ, -к жұрнақтары арқылы сызық (линия), үзік (разрыв),
ойық (паз), түтік (трубка), тізбек (цепь), тірек (опора), елек
(грохот), т.б. терминдер қолданысқа енген. Бұл
жұрнақтар «тілдің тарихи бастауында қимыл есім
қызметін атқарып, қызметтік-семантикалық
құрылымы дамуы нәтижесінде сөзжасамдық
тұлғаға өзгерген» /6, 440/.
-ғы, -гі, -қы, -кі жұрнақтары
да термин сөздер жасауға қатысады. Мысалы: сүзгі (фильтр), сорғы (насос), құрылғы
(устройство), соққы (удар), қондырғы (установка)
т.б. терминдер қолданысы соның дәлелі. Термин атауларынан жұрнақтардың
етістік тұлғалы сөздерге жалғанып, зат есім тудыратын
бұл жұрнақтардың энергетика саласында негізінен
құрал, құрылғы немесе жабдық атауы
қалыптасқанын байқаймыз.
-лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнақтары арқылы жиілік
(частота), беріктік (прочность), дәлдік (точность), кернеулік
(напряженность) т.б. терминдер қалыптасқан. Бұл
жұрнақтар зат есім, сын есім тұлғалы сөздерге
жалғану арқылы жаңа термин атауы жасалып тұр.
-ын, -ін, -н жұрнақтары арқылы толқын (волна), ағын (поток),
құйын (вихр), түйін (узел) т.б. терминдер жасалған. Мысалдардан
жұрнақтардың етістік тұлғалы сөздерге жалғану
арқылы термин атауы қалыптасқанын
байқауға болады.
-ыс, -іс, -с жұрнақтары арқылы тербеліс (колебание), үйкеліс
(трение), қозғалыс (движение), байланыс (связь), айналыс
(вращение), ағыс (течение) т.б. терминдер қалыптасқан.
Атаулы жұрнақтар етістікке жалғанып, өзінің зат
есім тудырғыш қызметін атқарып тұрғанын
көреміз.
-уыш, -уіш жұрнақтары арқылы реттеуіш (регулятор), тежеуіш (тормоз), өлшеуіш
(измеритель), дәнекерлеуіш (паяльник), тіркеуіш (регистратор), санауыш (счетчик) т.б. терминдер
жасалған. Атаулы жұрнақтардан ұғым атауларын
білдіретін терминдер қалыптасқан.
Қорыта келе, энергетика
мамандығына байланысты терминдерді жасауда жұрнақтар арасында
-ғыш, -гіш, -қыш, -кіш, -ма,
-ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнақтары өнімді екендігін
байқадық. Келтірілген атаулар мен ұғымдардан энергетика
саласындағы терминдерді қалыптастыруға белсенділік
деңгейі жоғары жұрнақтарды анықтауға,
олардың түбір сөзге жалғану арқылы оған
үстейтін мағынаға сай қандай ұғымға
атау болатындығын анықтауға мүмкіндік берді.
Әдебиеттер:
1. Байтұрсынұлы
А. Тіл тағылымы. –Алматы: Ана тілі, 1992.
2. Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. -М., 1966.
3. Аханов Қ. Тіл білімінің негіздері. -Алматы: Санат, 1993.
4.
Хасенов Ә. Тіл білімі. -Алматы: Санат, 1996.
5. Құрманбайұлы
Ш. Терминқор қалыптастыру көздері мен терминжасам
тәсілдері (Барлық сала мамандарына арналған әдістемелік
құрал). -Алматы: Сөздік-Словарь, 2005.
6. Салқынбай
А. Қазіргі қазақ тілі. –Алматы: Эверо, 2008.
7. Қазақ
грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. -Астана, 2002.
8. Насыритдинова
Ә. Ғылыми-техникалық аударманың терминологиялық
аспектісі: Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми
дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты. -Алматы, 2010.
9. Қазақша-орысша,
орысша-қазақша терминологиялық сөздік: Энергетика /
жалпы редакциясын басқарған п.ғ.д., профессор
Құсайынов А. -Алматы: Республикалық мемлекеттік Рауан баспасы, 2000.
10. Әміров Ж., Шидерова
Р. Айнымалы токтың электр машиналары: Оқу құралы.
-Алматы: АЭжБИ, 2005.
11.
Сагитов П., Жумагулов К., Тойгожинова Ж. Айнымалы токтың электр
машиналары: Оқу құралы. -Алматы: АЭжБУ, 2012.