Филологический науки/

7. Язык, речь и речевая коммуникация

 

Оқытушы Байменова Т.Б.

Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің оқытушысы, Қазақстан

КӘСІПТІК ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДА КОММУНИКАТИВТІК  ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ ЭЛЕМЕНТТЕРІН ҚОЛДАНУ

         Қазіргі таңда техникалық мамандықтардың студенттеріне қазақ тілін үйретудің өз ерекшелігі бар. Типтік оқу бағдарламасына сәйкес оқушылар мамандықтары бойынша кәсіптік лексиканы болашақ қызметін атқара алатын көлеміндей меңгеру тиіс. Бірақ, әрбір техникалық мамандыққа кәсіптік қазақ тілі оқулықтардың жоқтығы үлкен қиындық туғызып, әрбір оқытушының ізденіп жұмыс істеуін талап етеді. Еңбегі нәтижелі болу үшін оқытушы материал іздеу жағынан да, тиімді әдістерді қолдану жағынан да шығармашылықпен жұмыс істеу керек. Бұл орайда мен сабақ беруде коммуникативтік оқыту технологиясының элементтерін қолдану тәжірибесімен бөліскім келеді.

         Тілді оқытуда ең бастысы мотивация болу қажет. «Тілге үйретуге болмайды, тілге үйренуге болады» деген сөзді ескере отырып, алғашқыда оқушыға кәсіби қазақ тілін білу аса маңызды екенін жеткізу қажет. Мотивацияның екі түрі бар: инструменталдық және интегративтік. Қазақ тілін оқытуда басты назарда интегративтік мотивация  - тіл арқылы елді білу – болса, кәсіби қазақ тілін оқытуда инструменталдық мотивация – тілді кәсіби қызметін атқарудағы негізгі құрал ретінде оқу - негізге алынады. Екі мотивацияның өзара байланысы оқушының мақсатқа жету мүмкіншілігін туғызады.

         Кәсіби қазақ тілінің басқа пәндерден ерекшелігі: тіл - бір жағынан мақсат, екінші жағынан құрал да болып табылады. Сондықтан, оқыту процесін нәтижелі етудің бір жолы - коммуникативтік оқыту технологиясын қолдану. Коммуникативтік оқыту технологиясы дегеніміз - қарым-қатынас жасау негізінде оқыту.

         Коммуникативтік оқыту технологиясының кейбір принциптеріне тоқтала кетейін:

1. Ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы. Бұл сабақтың практикалық түрде өтуі. Барлық тапсырмалар тиімді болу үшін кәсіби қарым-қатынасқа өте жақын болуы және сабақ сайын сөздік қорында терминдердің көбеюі. Мысалы: «Менің мамандығым» тақырыбында мемлекеттік стандарт бойынша мамандық атауы, біліктілігі, қызмет түрлері, қызмет нысандары(объектілері) туралы түсінік, қажетті сөздік қоры беріледі. Келесі сабақтарда сол материалды қолдану арқылы бағдарлама бойынша берілген тақырыптарға түрлі тапсырмалар орындалады. Берілген тапсырманы орындау үшін оқушы барлық терминдерді қолдануға мәжбүр болады. Мысалы «Газ-мұнай құбырлары мен газ-мұнай қоймаларын салу және пайдалану» мамандығы бойынша «Жұмыс орным» тақырыбында алдын-ала қызмет нысандарына (мұнай базасы, компрессорлық стансасы, сораптық стансасы, газ-мұнай құбырларын салуымен айналысатын басқармалар т.б.) сипаттама береміз (нысан міндеті, жабдықтары, жұмыс түрлері). Содан кейін әрбір оқушы бір нысанды таңдайды, берілген сипаттамаға сүйеніп, жұмысы туралы әңгімелеп береді. Тапсырманы орындау үшін оқушы арнайы пәннен берген материалды оқып, дайындалып келеді. Бұл тапсырманы екі-үш оқушы бірігіп орындаса, бір-бірінің ойын толықтырып, қарым-қатынаста ауызекі сөйлеу дағдыларын дамытып отырады.

2. Ситуациялық жағдаят туғызу, оқу процесін рөлдік ұйымдастыру. Тақырыптар тізбесінде мұндай жұмысқа мүмкіншілік өте көп және әртурлі. Мысалы: «Мамандық иелеріне қойылатын талаптар» тақырыбында жұмыс беруші мен жұмысқа орналасуға келген маман арасында рөлдік ойын. Оқушылар екі-екіден бөлініп, біреуі, мысалға, мұнай базасының директоры, біреуі жұмыс іздеуші. Алдын-ала стандартқа сай әрбір нысанда не істей білу тиіс екенін білетін оқушы өз білімін дәлелдеп, жұмысқа орналасуға тырысу керек, ал жұмыс беруші оның кәсіби құзыреттілігін жан-жағынан тексеру керек.

3. Жаңашылдық. Бұл сабақтың әртүрлі компоненттерінде қолданылады. Мысалы, ауызекі сөйлеу жағдаяттарының жаңашылдығы (тақырыптың, жағдайдың, серіктестердің өзгеруі). Сабақ өткізуде әртүрлі тәсілдерді қолдану. Мысалы, кейбір сабақтарды бейнефильм арқылы өткізу, мультимедиа слайдтар арқылы ситуациялық жағдаят туғызу, экскурсия түрінде т.б. Мультимедиа арқылы әртүрлі жұмыс түрлерін өткізуге болатыны бәріңізге мәлім: мәтінмен жұмыс, сөздік жұмысы, материалға суреттер, диаграмма, кестелерді қосу, жабдықтар түрлерімен танысқанда өте ыңғайлы.

4. Қарым-қатынастың жеке тұлғаға бағытталуы. Әрбір адам табиғи қабілетімен, қасиеттерімен, мінез-құлқымен, сөзімен т.б. ерекшеленеді. Соның бәрін ескере отырып, қарым-қатынасқа жағдаят туғызып, әр оқушыға жеке-жеке тапсырмалар беру. 

         Коммуникативтік оқыту технологиясын қолдана отырып оқытудың қиындықтары да жеткілікті. Біріншіден, оқулықтардың жоқтығы. Екіншіден, кәсіптік қазақ тілінің оқытушысы сабақ беріп жүрген мамандықтарды жақсы біліп, көп терминдерді білу керек. Үшіншіден, ізденіп, өте көп материал дайындау қажет. Сондықтан кәсіптік қазақ тілі оқытушысы арнайы пәндер оқытушыларымен тығыз байланыста жұмыстануы міндетті. Сонымен қатар, кәсіптік қазақ тілін оқытудағы үлкен қиындық – оқушылардың үйренген сөздер мен сөз тіркестерін үйдегі немесе көшедегі адамдармен бекітуге мүмкіндіктерінің жоқтығы. Сондықтан ғылыми тұрғыдан да, адами тұрғыдан да өз-өзімізді үнемі жетілдіруге міндеттіміз және еліміздің жастарын қоғамдық ортада кәсіби маман ретінде өз жұмысын сауатты атқаратын деңгейде тәрбиелеуіміз керек.

Қолданылған әдебиеттер

1.     Г.К.Селевко «Современные образовательные технологии», 1998 г.

2.     М.Т.Әділханова «Орта кәсіптік оқу орындарында қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытудың әдістемелік негіздері», 2011 ж.

3.     «Ұлағат» - республикалық ғылыми-психологиялық және педагогикалық басылым, 2013 ж