Шаридияр ВАЛИХАНОВ,
филол.ғ.к., доцент,
Ы. Алтынсарин
атындағы
Арқалық
мемлекеттік
педагогикалық
институты
(Арқалық
қ. Қазақстан)
ҒАБИДЕН МҰСТАФИННІҢ «МИЛЛИОНЕР»
РОМАНЫ ТУРАЛЫ
Ғабиден
Мұстафиннің «Миллионер» романының елеулі мәні қазақ
кеңес әдебиетінің даму бағыттары жайлы әдеби
кеңес, жиындардың мінбесінен, жалпы оқушы, әдеби
қауым ой-пікірлерінен әрдайым сараланып отырды.
«Мен жоғарыда
қазақ совет прозасының социалистік өмірімізге
өктем араласып, бүгінгі күнімізбен бірге ертеңіміздің мәселелерін де көтере
бастаған бағыты барлығын ескерттім. Бұл сыяқты
болашағы нәрлі сезілетін игілікті бет бізде ең алдымен
Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ», «Миллионер» атты
еңбектерінен басталып, кейінірек «Сырдария», «Алғашқы айлар»,
«Болашаққа жол», «Кең өріс» сыяқты роман,
повестермен толықтанып келеді. Тұтас алғанда реалистік
өмір негізінде өрістеп келе жатқан қазақ совет
прозасының бұл бағыт жаңа бір қырқасы. Айта
кетуге міндеттіміз, бұл жаңалығымыз Ғабиден
Мұстафин романдарынан басталады.
Екі съездің
арасындағы он бес жылдың ішінде үш роман берген Ғабиден
Мұстафин осы дәуірдің ішінде қазақ совет
прозасынан өзінің тиісті орнын алумен бірге
әдебиетіміздің бетін бүгінгі өмірге
бұруымызға да үлкен жетекші болды. Бұл оның
творчестволық биографиясындағы елеулі ерекшелігі. Басқа
жаққа ауытқымай, бүгінгі совет шындығын жырлау
екінің бірінде кездесе де бермейді. Оның үстіне,
жазушының іздену талаптары тұтас бір бағытта болғандықтан
табысы да олқы емес. Ғабиден типтерді де, типтік жағдайларды
да өзіміздің совет шындығынан алып өсіп келеді.
Ғабиденнің
«Миллионері» көп тілдерге аударылып, халықаралық кең
арнаға шығып кетті», – деп Қазақстан совет
жазушыларының ІІІ съезінде жасаған баяндамасында Ғабит
Мүсірепов жазушы шығармашылығының өзіндік бетін
айқындайды [1, 64-б.].
«Миллионердің»
жазылу жайынан сыр шерткен мына бір ой иірімдері жазушы зертханасына тарта
түседі.
«Дала
университетінің дана шәкірті өзі ұстаз
тұтқан орыс-қазақ, шетел жазушыларының
бәрінен «қашып» «өз бойын көрсетуге бар ынтасын
салады». Сол шығармасы – «Миллионер» екен. Ал өмірмен
өкшелесіп, қазақ әдебиетін заман көшімен
жарыстырудағы талаптары да оның өрісіне өлшем.
Ғабең
жазушылық қызметті дәуір жыршысы деп бағалап,
қоғамдағы ірі өзгерістерді көре білуге,
көре тұра жазуға міндетті адам деп санаған,
әйтпесе борыш арқалап кетеді» деп есептеген.
Әрине, ол
заман, ол дәуір өзгерді, бүгінгі күн, бүгінгі
мақсат-мұрат мүлде басқаша. Алайда, Ғабең
армандаған, Ғабеңдер аңсаған халық берекесі
өзгеріссіз қалды, ол әлі де талай-талай таланттардың
қалам тартуын күтіп тұр. Тек бүгінгі жас пен аға
ұрпақты жаңа уақыт өзгерістерінің
тегерішіне салып қидалап, қинамаса екен. Олардың сол
бұрынғы биігінде тұрғаны, оларды содан көргеніміз
дұрыс. Ғабең университетінің тоқсан тарау жолы
тәуелсіздік жылдары жылнамасына бөлек бір арна болып
қосылмақ», – дейді журналист Серікбай Алпысов «Дала классигі»
толғамында [2].
Автор Ғабиден
Мұстафин шығармашылығының күрделі уақытта
қалыптасу шындығына бүгінгі ұрпақ назарын
нақтылы деректерді дәйек ете отырып аударады.
«Ұлы Абай: «Мен
ішпеген у бар ма?!» десе, Мұхтар, Ғабит, Сәбит,
Ғабидендер осы сөзге іштей күңіреніп отырып, өз
дәуірі алтын көзеге құйып ұсынған уды
саналы түрде сіміре беруге мәжбүр болды, сонда да
көкіректері қақ айырылып күрсінуге еркі болмады» [2].
С. Алпысов 1946 жылғы «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы
атышулы қаулының қазақ әдебиетін де жайпап
өткендей ықпалын баяндай келіп, бұл тұста Ғабиден
Мұстафин шығармашылығының елеулі сынға
ұшырағанына тоқталған.
Осы мәнде 1949
жылы жазылған Қайнекей Жармағамбетовтің «Миллионер»
туралы» атты сын мақаласының мазмұны мәселенің
жайын айқындай түседі.
«БК(б)П
Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі
тарихи қаулылары мен А.А. Жданов жолдастың «Звезда» және
«Ленинград» журналдары туралы баяндамасы Ұлы Отан соғысынан кейінгі
дәуірде совет әдебиеті мен көркем өнерінің даму
жолдарын белгілеп берді. Әдебиетіміздің келелі міндеттері
жөніндегі партия нұсқауларымен қаруланған совет
жазушылары, оның қазақстандық отряды да,
халқымыздың өскелең өмірі мен совет адамдарының
ерлік істерін көрсетерлік көркем шығармалар жазуға
жұмылды. Қазақ совет әдебиетінің
соңғы жылдардағы елеулі табысының бірі жазушы
Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» атты повесі» [3].
«Миллионердің»
жазылу тарихында осындай бір мән жатқаны да рас. Сонымен бірге
қаламгер жасампаз еңбек жайлы өзі де мейлінше
құштарлықпен, қуанышпен жазғаны белгілі.
«Миллионерде» жазушы
П. Кузнецовтың «Шығанақ» романын сынаған
сыңаржақ, білімсіз, ұр да жық, астам көңіл,
ұлтшылдық пиғылмен айтылған ойларына
қосылмағанын, «Миллионерде» де өз бағытынан
таймағанын көреміз.
Қазақ
халқының мүмкіндігін шектеп сөйлеген сын
қаламгерді қайрай түсті. Ол жаңа заманды өз
қалауымен, білім мен ғылымға сүйеніп өрістетіп
жатқан жаңа типтегі Жомарт, Жанат, Ахметтердің бейнесін
әкелді әдебиетке.
«1948 жылы «Дружба
народов» альманағында (№18) Мих. Никитин «Шығанақ» повесіне
жақсы баға берді. Ал 1950 жылғы 20 тамызда Австралиядан,
Ральф де Буасье деген жазушыдан хат келді. Ол хат «Миллионер» повесіне
байланысты жазылыпты. Бұл хат қалың көпшілікке жете
мәлім болмағандықтан, оны ықшамдап аударып беруді
жөн көріп отырмыз.
49. Мэри стрит,
Эссендон В 5
Виктория, Австралия
Август 10. 1950.
Қымбатты
Ғабиден Мұстафин!
«Миллионерді» мен
енді ғана оқып шықтым. Бұл кітап мені күнделікті
тіршіліктің батпағынан құдайлар аспанына алып
шықты. Мен бірнеше ғана советтік романдар оқыған едім.
Олардың бір де бірі Сіздің кітабыңыз бергенді бере
алған жоқ. Кітаптың қарапайым жазылғаны
соншалық, оны әркім-ақ түсіне алады, әрі осынау
қарапайымдылық поэзияға толы.
Мен Сіздің
еліңізді білмеймін, егін шаруашылығынан да ештеңе біліп
жарымаймын, алайда, Сіздің кітабыңыздан оқығанымдай
колхозшы бола қалсам, Жомарт істегеннен екі есе артық
нәтижеге ұмтылар едім. Шолохов сөзді тым көп
қолданады, не болса содан керемет жасағысы келеді. Сіз аз
сөзбен қарапайым жазасыз, халқыңызбен ашық
сөйлесесіз, содан да таңғажайып бейнелер – рух алыбы Жанат
сияқты нағыз адамдар мінезін сомдапсыз. Сіздің
кітабыңызда Тургеневте де, Горькийде де, Л. Толстойда да, басқа да
ондаған ірі жазушыларда жоқ нәрселер бар. Ол – юмор.
Адам жанының
осындай жақсы инженері болу, достым, бұл ғаламат. Мен
бұл кітаптан көп ғибрат алдым. Өз кітаптарымның
күдік туғызған бөліктерін дереу алып тастауға
бекіндім (мен де жазушымын, бірақ әлі күнге дейін кітаптарым
басылмаған).
Сізге әлем
туралы жазған әңгімемді сыйға беріп отырмын. Оны
«Миллионердің» авторына деген құрметімнің белгісі
ретінде қабылдауыңызды өтінемін.
Сізге шын берілген
Ральф де Буасье. (Хат 22.08.50 жылы «Халықаралық кітаптар
ұйымы, Малков арқылы алынған. Ағылшын тілінен Л.
Нечаева аударған, көшірме)» [2].
Әрі
қарай С. Алпысов осы «Дала классигі» мақаласында «Миллионер»
романының кейіпкерлері туралы не білеміз деген әңгіме
өрбітеді. Осында жазушының шығармашылық зертханасына
тарта түсер мәнді деректер бар.
Көпей
Жұмашев атты адамның «Миллионер» кейіпкерлеріне қатысты
айтқандарын келтіру арқылы С. Алпысов қалың
оқушыға белгісіз шығармашылық сырдың
беймәлім беттерін парақтайды.
Мұхтар
Әуезовтің атақты аңшы Дос жайлы әңгімесі
Ғабеңмен сөзбе-сөз ұғынысуды негіз еткен.
«– Ғабиден,
сенің романыңда «Солтүстікте, өзеннің арғы
жағасында қатарласқан Жауыр, Мырзашоқы, Тақтай,
Қожыр көзді басынан асырмай, тек өз беткейлерін ғана көрсетеді.
Қызыл сүйір Жауырдың дәл басында қолына
бүркіт ұстап сексеннен асқан атақты аңшы
Қырбастың Досы тұр» деген жолдар бар ... Үлкендер:
жүйрік атыңды, ұшқыр тазыңды, қыран
құсыңды сынатамын десең, Досқа бар деуші еді.
Сол Досқа осы
Достың қатысы бар ма? – депті.
– Дәл
соның өзі, – депті Ғабең» [2].
С. Алпысов Дос
қария туралы естіген әңгімесін толықтыра баяндап,
«Миллионер» жазылар тұстағы жазушы ізденістеріне егжей-тегжейлі
тоқталған.
«Тегісжол» колхозы,
оның басшысы Ақмыш Үдіұлы, басқа да еңбек
адамдары жайлы мәліметтер, «Миллионер» қаншалықты
қиялдан туған дегеннің өзінде, өмірлік негізі
бар, нені жазса да қазбалап, арғы-бергісін түгендеп барып
жазуды дағды еткен қаламгер Ғабиден Мұстафиннің
мұнда да тақырыбына көп дайындық, еңбекпен
барғанын көрсетер еді.
«– Мен еңбек
жолымды осы колхозда есепшіліктен бастадым ғой, – дейді Көпей
ағам, – сонда Ғабеңнің осы ауылға келгенін,
колхоз басқармасымен әңгімелескенін талай көрдім.
Ғабеңнің қолында қағаз, қалам
болмайды. Ахаңның әңгімесін үнсіз тыңдайды
да отырады. Ол кісінің құйма құлақ
зеректігіне таң қаламын. Міне, «Миллионердегі» Жақып бейнесіне
осы Ақмыш Үдіұлы алынған. Бұл кісі менің
туған қайынатам, бәйбішем Тілеукен оның екінші
қызы. Ал Жанаттың прототипіне үлкен қызы Ләззат
алынуы да ықтимал. Ол жағын кесіп-пішіп айту қиын, дегенмен,
«Миллионердің» заманында қазақтан оқыған
қыздар аз шыққан жоқ» [2].
Көпейдің
әңгімесі арқылы С. Алпысов тағы да көкейде
жүрген көп сауалға жауап бере түседі. «Миллионердегі»
еңбек адамдарының ел мен жер көрінісінің өмірлік
негізі, жазушының алға асыққан, жақсы
күндерге жақындата түскен жан мұраты жайлы
толғаныс жан қозғайды. Ұлы даланың ұлдары
жүріп өткен жолдың келешекпен жалғасып жатқан
өткелінде тұрғаныңды сезіне түсесің.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1. Мүсірепов
Ғ. Қазақ совет прозасы туралы // Әдебиет және
искусство. – 1954. – № 8. – 58-76-б.
2. Алпысов С. Дала
классигі // Қазақ әдебиеті. – 2002. – 15 қараша.
3.
Жармағамбетов Қ. «Миллионер» туралы // Социалистік
Қазақстан. – 1949. – 16 ақпан.
Резюме
Мақалада
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің
көрнекті өкілі Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер»
романының көркемдік құндылығы бүгінгі
күн тұрғысынан қарастырылады.
Өз
дәуірінің көкейкесті мұраттарын көтерген романның тақырыбы мен айтар ойы,
образдар тарихы сөз болады.
Резюме
В статье рассмотрена
художественная ценность романа «Миллионер» видного представителя казахской
литературы ХХ века Габидена Мустафина.
Показано
историческое значение темы, идеи и образов романа, в котором он рассмотрел
идеалы своего времени.