Баймагамбетова А.А

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы,Қостанай қ, Қазахстан

 

 

А.Байтұрсынов дүниетанымындағы рухани даму негіздері

 

Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей – теңіз энциклопедиялы білім иесі, мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйенуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, Рухани көсем - Ахмет Байтұрсынов алдымен халқының өз тұсындағы рухани көсемі сөзімен айтсақ, «адамдықтың тұқымын себуші» парасатты президенті деп танылады. Сонымен қатар, ол Ыбырай Алтынсариннен кейінгі қазақ топырағында көрінген ағартушы – практик, ағартушы – теоретик, ағартушы – қайраткер.

Ахмет Байтұрсынов қалың халықты қалғыған ұйқыдан ояту үшін ең алдымен сауаттылықтан бастау керектігін, келер ұрпақтан үміт күтерін айта келе, барлық істі болашағымыз жас сәбиден, баладан, оның тәрбиесінен бастау керектігін айтты. Ол елдің санасын көтеруден бұрын сауатын ашу қажет екеніне мектепте сабақ беріп жүріп әбден көзін жеткізді

         А.Байтұрсыновтың  рухани мұрасында ұлттық төл тарихымыздың ең күрделі мәселелері, оның ішінде ұлт-азаттық күресінің бастауы, мән-мағынасын, түпкі мақсатын, өрлеу кезеңдері халықтың тарихи арнасында жан-жақты зерделенген, сонымен бірге, қазақ  халқының отандық атамекенінің қалыптасуы, осы жер шебінің бұзылмауы үшін жан пида күресі қазақ мемлекеттігінің іргетасының қалануы, құрылымдық нығаю барысы, ішкі және сыртқы саясат өрісі, қазақ қауымының әлеуметтік құрылымы, жер, шаруашылық, рухани болмыс салалары ғылыми негізде ауқымды да терең қаралған.

Жоғарыда ықшамдай тұжырымдаған және біз бұл жылы сөз етпеген Ахаң еңбектеріне арқау болған тақырыптар, сөз жоқ ұлттық төл тарихымыздың да күрделі мәселелері.

         Ахаңның: «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім, Ойлайтындар мен емес бір күнгісін. Жұрт ұқпаса-ұқпасын, жабықпаймын, Ел бүгіншілік, менікі, ертеңгі үшін», - деген зор сеніміне, асқақ арманынан, қазақ елінің тәуелсіздігіне бүгінгі ұрпақ біз жетіп отырмыз. Ендеше алдағы мақсат-ұлы бабамыздың асыл мұрасын зерттеуге, зерделеуге жасампаздықпен жұмылу болмақ.           Ресейдің саяси санаткерлері «мұсылмандық құлдығында» жүрген халықтарды «құтқару» арқылы ой-санасындағы босатып алған мәдени-рухани вакуумге орыс идеясын толтырғысы келді. Әрине, мұндай миссия мәжусилерге болмаса, салыстырмалы түрде дінмен ағарып үлгерген халықтарға жүрмейтін еді. Біз ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушылығын сөз еткенде, мына мәселелерді естен шығармауымыз керек: бірінші, іште бостандыққа мойынұсынбаушылық күші буырқанғанмен, ұлт зиялылары елінің болашақ дамуын Ресей шындығымен байланыста елестетті; екінші, рухани мәселеде империяның мұсылман милләттерінен шыққан қайраткерлер сол шындыққа сәйкес « орыс мұсылмандығы» идеясын көтерді; үшінші, ағартушылықтың күретамыры болып есептелетін әдебиет пен мәдениетте приоритет орыс руханияты арқылы Батысқа ауды, алайда Шығыстық тамыр ұмытылмады.

         А.Байтұрсынов XVIII - XIX ғасырдағы тарихи – рухани процесті былайша түсіндіреді: Әдебиетті молдалар дін бесігіне бөлеп, таңып тастаған себепті, әдебиет көпке дейін өңдеп, өсе алмай, мешел болып аяғын баса алмай жатқан. Сол күйінде тұрғанда патша үкіметінің саясаты келін килігеді. «Қазақ – діні шынығып жетпеген, шала мұсылман халық. Мұны мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай» деген пікірмен, патша үкіметі қазақ пен ноғай арасында жік салып, екеуін айырғысы келді.  ...Орыс өзіне тартып, ноғай өзіне тартып, екеуі екі жаққа сүйреп жүргенде қазақ орыс әдебиеті арқылы Еуропа жұрттарының әдебиетімен танысады». Міне, кездейсоқтықтан гөрі заңдылыққа сәйкес осы құбылыс, яғни сапалық өзгеріске  бағытталған рухани күш сұранымы, Ахметтің логикасы бойынша, Шоқан, Ыбырай, Абайларды дүниеге келтірді. Мұны ағартушы былай тұжырымдайды: «Өнерпаз Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған. Қазақ әдебиетінің асылдануына, әсіресе әсері күшті болған – Абай сөздері». Ахмет Байтұрсынов көбіне әдебиеттегі сапалық өзгерістерді айтқанымен, оның осы ойын ғылым, оқу – аағарту ісіне қатысты да қарастыру ақылға қонады. Сондықтан А.Байтұрсыновтың пайымын ХІХ ғасырдағы шындықпен байланыста түйсіну жөн болмақ. Сонда ғана «молдалардың дін бесігі», «діні шынығып жетпеген», «екі жаққа сүйреу», «сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзету» ұғымдарының мәні ашылады. Осы тұста бастапқы ағартушылардың өзінен кейінгілерге танылу мәселесін айналып өтуге болмайды. Баспа–басылым ісінің өрістемеген шағында, яки ақпарат кеңістігінің шектеулі кезінде ақын–қаламгерлер еңбегінің құны таралымына қарап емес, бір дана болып бір адамға жетсе де маңыздылығымен өлшенсе керек. Мысалы, «Қазақтың бас ақыны» зерттеуінде Ахмет: «Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады», -деп, көрмей сенбегенін, оны қолына алғаш 1903 жылы (яғни, 30 жасында) түсіріп, жақын танысқанын, сөйтіп талантын мойындағанын жазады.

Болашағымызға тілді, тарихты, заңдарды меңгерген экономикалық географиялық мүмкіндіктер, ғылыми-мәдени ауыс-күйіс, әлеуметтік-нарықтық қатынастыр, ғылыми-техникалық прогресс жайында өмір сүруге бейім іскер адамдарды дайындау өте қажет.

         «Оқи берсең ғалым боласың, көре берсең көсем боласын»- деген халық нақылы. Осы идеяны өзінше жалғастырып, қазақ елінің бостандығын аңсаған, сол жолда күрескен Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі көсемдерінің бірі болған ақын, әдебиет зерттеушісі, ғалым, қазақ тілі ғылымының атасы, түріктанушы, публицист, педагог, ағартушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, 1911 жылдың өзінде – ақ:

                            «Сондықтан заман жүйрік, біздер шабан,

Артына ілесе алмай жүрміз әман.

Күн сайын өзгеріліп, өнер артып,

Бәрі де бара жатыр алға таман»- деп замана ағымын, болашақ жайын суреттеп, болжай білген тұстары заманға сай келеді және күні бүгін де мәнін жоғалтқан емес.

         А. Байтұрсыновтай біртуар азаматтарымыздың арқасында бүгінгі тәуелсіздігімізді алдық, егемендікке қол жеткізген тұста «Бұл – менің отаным, ол – менің республикам. Отан – менің өмірім. Оның өркендеуі үшін еңбек етсем, өзімнің, өзімді өсіріп отырған қауымның келешегі үшін еңбек еткенім» деген дүниетанымдардың қазіргі заманда аса қажетті қағида, ұстаным деп түсінген абзал.

Қорыта келе, әрбір ұлы тұлғаның тұғырлы бейнесі ол өмір сүрген ортаға, тарихи кезеңге тереңірек көз жібергенде ғана шынайы аңғарыла бастайды. Ахмет Байтұрсынов – заманына сай туып, дәуірдің жарығы мен қараңғысын бірдей бағдарлап, жамандығынан жерініп, жақсылығынан үйрене білген жан. Ол – бір басында сан-салалы өнер тоғысқан, телегей теңіз энциклопедиялық білім иесі болған, қиындыққа толы тартысты ғұмырында қараңғылықта қалған қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген бірегей тұлға. Ахмет Байтұрсыновтың азаматтық тұлғасын, ұлттың рухани ұстазы ретіндегі көшбасшы көсемдігін бәрінен бұрын оның қоғамдық-әлеуметтік қызметтері айқындайды. Солардың бастылары – ұлт санасын ояту, халықты өнер-ғылымға үндеп, өркениетті елдердің қатарына қосуды көздеген ағартушылық, отаршылдыққа қарсы ымырасыз күрес.

 

                      Пайдаланылған әдебиеттер

1.Ахмет Байтұрсынов және ұлттық таным мәселелері.

2. Байтұрсынұлы А. Шығармалар жинағы. Алматы: Алаш, 2006

             3. Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет.- Астана «Фолиант», 2002