Право/11. Криминалистика и судебная медицина

 

Заң магистрі, Г.С. Рысжанова

                                    

Қазақ Гуманитарлық Заң Университеті

 

Қазақстан Республикасындағы сот төрелігі және оның принпицтері

 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет кұруда тек сот қана емес, сонымен бірге мемлекеттік биліктің басқа да құқық қорғау институттары кіретін барлық құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалауды талап ететіні даусыз.

Мақала аясында «Сот төрелігі» ұғымы «сот билігі» ұғымына жақын, бірақ олар өзара бір мағынаны бермейді. Сот билігі соттың көптеген әрекеттерінде көрініс табады, сондықтан ол сот төрелігіне қарағанда кең мағыналы болып табылады. Мысал келтіретін болсақ, облыстық соттар сот статистикасын жүргізеді, сот практикасын зерделейді, оны жинақтап қорытып облыс соттарының сот төрелігін жүргізу кезінде заңдылықты сақтауын қарайды.

Сот билігі сот төрелігінде жүзеге асырылады, соттың тиісті шешім қабылдауын көздейді. Сонымен «Сот төрелігі» терминін соттың құзырына жататын істерді сот отырысында талқылауды іс жүргізушілік тәртібінде жүзеге асыру және сот үкімдерін, шешімдерін, қаулыларын және т.б. орындаудан туындайтын мәселелерді шешу деп айтуымызға болады.

Сот төрелігі – мемлекеттік қызметтің сот билігінің мазмұнын құрайтын айрықша функциясы және соттардың азаматтық және қылмыстық істерді заңда белгіленген тәртіпте сот отырысында қарап шешу арқылы жүзеге асырылатын қызметі болып табылады.Сот төрелігі сот билігін жүзеге асырудың негізгі нысаны болады, сондықтан да сот отырыстарында судьялардың (соттардың)заңда белгіленген тәртіппен кылмыстық, азаматтық және өзге істерді сот ісін жүргізу нысанында қарауын және шешуін білдіреді.

         Жалпы сот төрелігіне түсінік беретін болсақ, сот төрелігі - бұл сот отырыстарында заңда белгіленген тәртіппен азаматтық, қылмыстық және өзге істерді заңдылық пен құқық тәртібін жан-жақты нығайту мақсатында қарау және шешу арқылы жүзеге асырылатын соттардың қызметі болып табылады. Бұл қағидат мемлекеттік билікті үш тармаққа бөлу, оның бірі сот билігі болып табылатыны туралы конституциялық ережеден бастау алады.

Сот төрелігі белгілі бір қағидаттарға негізделеді. Олар Конституцияда, сот жүйесі туралы Конституциялық заңда және басқа да нормативтік құқықтық актілерде бекітілген негізгі ережелерді, идеяларды басшылыққа алатын, мәні айкындалатын және сот төрелігі мен өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде сот қызметін ұйымдастыру мен тәртібінің мазмұнын білдіреді.

Сот төрелігін тек соттың жүзеге асыру қағидатының саяси-құқыктық зор маңызы бар. Ешқандай басқа органдар мен лауазымды адамдардың соттың құзырына жатқызылған азаматтық, қылмыстық және өзге істерді қарауға, шешуге немесе бақылауға алуға құқығы жоқ. Осыған сәйкес заңнамада қандай да бір атаулармен арнайы және төтенше соттар кұруға жол берілмейтіндігі көзделген.Тек сот қана сот отырысында адамды қылмыс жасауға кінәлі немесе кінәлі емес деп тануға және осыған байланысты тиісті айыптау немесе ақтау үкімін шығаруға, қаралған талап бойынша шешім қабылдауға құқылы. Тек соттың сот істері бойынша жаза және мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге шарасын тағайындауға айрықша құқығы бар.

Сот төрелігінің қағидаттарына анықтама беретін болсақ, олар мемлекеттік қызметтің елеулі жақтарын айқындайтын жалпы, басшылыққа алынатын, негізгі ережелер. Бұл ережелер сот төрелігін ұйымдастыру мен жүзеге асырудың барлық мәселелерін шешу, қоғамның мемлекеттік тетігі мен саяси жүйесінде оның рөлі мен орнын айқындауда негізі болып табылады.Қағидаттардың жиынтығынан соттардың қызметін реттейтін барлық құқықтық алғышарттардың негізі құралады. Бұл алғышарттар қағидаттарға қайшы келе алмайды, жоғары заңгерлік күші бар заңдар мен нормативтік құқықтық актілері ҚР Конституциясында, Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, конвенцияларда және басқа да халықаралық-құқықтық актілерде бекітілген.

Негізгі кағидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген, сондықтан да қылмыстық, азаматтық және өзге де істер бойынша сот төрелігін атқару саласындағы мәселелерді реттейтін салалық заңнаманы қабылдау кезінде негізгі бола отырып, олардың жоғары заңдық күші бар, сондай-ақ соттардың (судьялардың) ғана емес, сонымен бірге барлық азаматтардың, лауазымды және заңды тұлғалардың сақтауы әрі орындауы үшін де міндетті болып табылады.

Нақты заңнамалық алғышарттардан айырмашылығы қағидаттар онда қамтылатын ережелер заңдылықтың сақталуын қорғауда азаматтар, лауазымды адамдар мен органдар үшін ғана міндетті болып табылмайды, сонымен бірге заң органдары заңдарды жасай және оны түзете отырып, сол немесе өзге саладағы, атап айтқанда соттарды ұйымдастыру және оның қызметі саласындағы қолданылатын қағидаттармен немесе дәстүрлермен санасуы тиіс.

Қазақстан Республикасында сот төрелігін жүргізу тәртібі, сондай-ақ сот құрылымы мен судьялар мәртебесі Конституцияда, 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабылданған «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде анықталған.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабында және сот жүйесі туралы Конституциялық заңның 1-бабында Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот жүзеге асыратыны көзделген.

Азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында адамзат ғасырлар бойы сот төрелігін іске асыру үшін белгілі бір ережелер құрастырған болатын. Бұл әділеттілік бағытына негізделген ережелер – сот төрелегінің принциптері деп аталған. Принциптер қоғамдағы сот төрелігін жүзеге асырудың тиімді және әділді ұғымдарына сәйкес келеді. Сонымен сот төрелігінің принциптері дегеніміз – ол заңда тұрақтылығын тапқан, негізге алынатын құқықтық идеялар, ал сот ісін жүргізудің мазмұнын анықтайды.Қағидаттардың елеулі ерекшелігі олардың тұрақтылығына қатысты болып табылады. Негізгі заңдарында қалыптасатындығымен түсіндіріледі. Ал осы санаттағы актілерді соттардың қызметін реттейтін, соның ішінде конституциялық заңдарға қарағанда өзгерту, толықтыру немесе басқаша түзету күрделірек болып табылады.

Сот төрелігі қағидаттарының өздерінің мағынасы болады, яғни қағидаттар - сот төрелігінің негізгі қырларын айқындайды, сондықтан барлық басқа да сот төрелігі туралы нормалар оларға сай келуге тиіс;оны жүзеге асыруға қатысатын органдар мен адамдар үшін ғана емес, сондай-ақ сот төрелігі саласында нормативтік құқықтық актілерді қалыпастыруда  және шығаруда заң шығарушылар үшін де міндетті;нақты нормаларға қарағанда тұрақты және өзгерістерге анағұрлым жиі ұшырайды, сондықтан олар сот төрелігі саласындағы тұрақтылық пен сабақтастықты айқындайды;нақты құқықтық актінің мақсаттары мен нағыз бағыттары туралы ақпаратты қамтитындықтан, сот төрелігі туралы басқа да нормаларды дұрыс түсіндіру үшін зор маңызға ие.

Сот төрелігін жүзеге асырғанда қағидаттардың маңыздылығы олардың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекімін тапқандығымен анықталады. Конституцияның 77-бабының 3-тармағына сәйкес судья заңды қолданғанда бірнеше қағидаттарды басшылыққа алуға тиіс. Мысалы, бір принципті алып, талқылайтын болсақ: Сотта әркім өз сөзінің тыңдалуына құқылы. Бұл демократиялық сот төрелігінің жалпы танылған қағидаты. Сот - жазалаушы орган емес, кінәсін анықтап, мәселені әділ шешуге арналған  орган. Ал бұл, егер сот процесіне әрбір қатысушының   толық көлемде айтуға мүмкіндігі болса, мүмкін болады. Бұл сот процесінеқатысушының конституциялық құқығы болып табылады. Осындай және т.б. принциптерді судья өзінің басшылығына алады. Бұл принциптер Қазақстанның барлық соттары мен судьялары үшін Конституциялық және бірыңғай болады. Барлық принциптер бір-бірімен тығыз байланыста болады және олардың әрқайсысы басқасын іске асырудың кепілі болып саналады.

Сот төрелігінің принциптері заңдардың үстемдігі, адам құқығы мен бостандығын қорғау сияқты жалпы құқықтық принциптермен байланысты болады.

Сот төрелігінің жалпы принциптеріне тоқталатын болсақ, олар:

- Заңдылық;

- Сот төрелігін тек соттың жүзеге асыруы;

- Судьялардың тәуелсіздігі;

- Сот төрелігін заң және сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі негізінде жүзеге асыру;

- Әркімнің сотта қорғалу құқығын қамтамасыз ету;

-Кінәсіздік презумпциясы;

- Тараптардың бәсекелестігі және тең құқықтылығы;

- Сотта іс талқылаудың жариялылығы;

- Ана тілін пайдалану құқығын қамтамасыз ету;

- Адамның ар-намысы мен абыройын қорғау;

- Сот талқысының тікелей және ауызша жүруі.

         Осылардың ішіндегі заңдылық принципіне анықтама бергенімді жөн деп ойлаймын, өйткені бұл мемлекеттік және отандық тұрмыс-тіршіліктің, барлық салаларында қоланылатын құқық салаларының жетекші қағидаты ретінде санаймын.Жалпы әмбебап құқық қағидаты бола отырып, заңдылық -  азаматтардың,лауазымды және заңды тұлғалардың ҚР Конституциясы мен оның тиісті заңдарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді қатаң және бұлжытпай орындауды әрі сақтауды білдіреді.

Заңдылық принципі қызметті іске асырғанда барлық сот органдарының іргелі принципі болып табылады, сондықтан да Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабының диспозициясында маңызды конституциялық принцип келтірілген, сотты адам мен азаматтың құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді қолданбауын міндеттейді.

Қорыта келгенде, заңдылық принципі – ол демократиялық, құқықтық мемлекеттің негізге алынатын ережелердің жиынтығы және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын Конституцияда, заңдарда бекіткен, бұлжытпай сақтауға тиісті міндеттеулер деп атауға болады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Бектас Бекназаров Елбасы Жолдауының аясында стратегиялық жаңа саяси бағытқа негізделген еліміздегі сот жүйесі дамуының негізгі бес бағытын белгіледі. Олар: сапалы сот төрелігіне қол жеткізу, созбалаңға жол бермеу, халыққа қызмет ету, ашықтық, сыбайлас жемқорлықпен күрес. Сапалы сот төрелігіне қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз деп көрсеткен.